Комиссия жұмысы Президенттің жіті бақылауында
Өткен аптада Президент Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Айта кетер жайт, Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша бұған дейін атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді.
Эльвира Әзімова халық қарауына ұсынылған жаңа Ата Заң жобасы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, eGov және e-Otinish порталына жұртшылық тарапынан келіп түскен ой-пікірлер саны 4 мыңнан асқан. Азаматтар жобаны бүгінгі талап-тілектер мен қоғам мүддесіне сай келеді деп танитынын жеткізді. Саяси партиялар, республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірген.
Сөз орайында Президент Конституциялық комиссия жұмысы ашық форматта жалғаса беруге тиіс екенін атап өтті. Бұл азаматтардың талқылау барысынан хабардар болып, жоба мазмұнымен егжей-тегжейлі танысуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мен қоғам өкілдері жолдаған ұсыныстардың барлығын жіті талдауды тапсырды. Эльвира Әзімова болса Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының жекелеген баптары мен тармақтарын редакциялап жатқанын еске салды. Және комиссияның кезекті отырыстары алдағы аптада да жалғасатынын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды Конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам әрі қоғамның саяси жүйені жаңартуға деген сұранысына берілген жауап екені даусыз. Бұл өзгерістер жекелеген салаларды ғана емес, мемлекеттік модельдің мазмұны мен жұмыс істеу қағидаттарын түбегейлі қайта қарауды көздейді». Бұл қоғам қайраткері Әділ Ахмет мырзаның Сенатта өткен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның Конституциялық моделі» тақырыбындағы отырыста айтқаны.
Қалай десек те жаңа Конституцияның жыры таусылар емес. Ел талқысына шығарылғаны сол еді, қолдап жатқандар да, тіл тигізіп қорлап жатқандар да төбе көрсетуде. Әрине, әдеп, әдет керек-ақ. Ашу-ыза орға жығады. Ұлт мүддесі талқыға түсіп жатқанда қызбалық ешкімге абырой әпермейді. Ұлы Абай жарықтық адамның негізгі үш қасиетіне ыстық қайратты, жылы жүректі, нұрлы ақылды жатқызады. Салқын жүрек, суық ақыл орын тепсе, дүниенің оңбайтынын ескертеді. Осы айтқандардан сабақ алған адам ұтады негізі...
Сөзіміз айқын болсын, шектен шыққандарға Премьердің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үндеу жасап, қоғам тыныштығын бұзғысы келетін арандатушылардан сақ болуға шақырды. Вице-премьер мәлімдемесінде ел азаматтары тарихи кезеңді бастан кешіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасын талқылау мемлекеттің алдағы онжылдықтағы даму бағытын айқындайтын аса маңызды саяси процесс.
«Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде кейбір пиғылы теріс адамдар белсенді әрекет етіп, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға тырысуда. Олар жалған аккаунттар мен парақшалар ашып, қоғамды адастыруға, жалған ақпарат таратуға кіріскен», – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, арандатушылардың арасында белгілі тұлғалардың атынан жалған аккаунт ашып, жұртты шатастырушылар көбейген.
«Мысалы, әлеуметтік желілерде Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және басқа да танымал адамдардың жалған аккаунттары пайда болып, сол арқылы тіл мәселесі, жер сату секілді сезімтал тақырыптарға қатысты арандатушы жазбалар мен үндеулер таратылуда. Сонымен қатар, елде ірі митингтер мен наразылық шаралары өтіп жатқаны туралы да өтірік ақпараттар тараған. Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап талқылау әрекеті де орын алуда», – деп атап өтті вице-премьер.
Оның айтуынша, БАҚ өкілдері мен танымал пабликтерден техникалық шабуылдар жөнінде де шағымдар келіп түскен. «Қазір біз уәкілетті орган ретінде бұл жағдайды жан-жақты зерттеп жатырмыз. Сондықтан баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырамын», – деді Аида Балаева. Вице-премьер жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік барын еске салды.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне жаңа Конституция жобасына қатысты жалған ақпарат таратқандарға қатаң шара қолдануды тапсырған еді. Артынша Ата Заңның кейбір баптарын сынаған белсендінің үстінен іс қозғалып, оған 85 мың айыппұл салынған болатын.
Жай күндердің өзінде арнасынан асып, тулап, дөңбекшіп қоятын әлеуметтік желі қазір бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Рахат қой. Кім не айтамын десе де еркі! Демократия. Басында мемлекеттік тілдің қамын жеп, жанайқайға басқандар, енді жаңа Конституциядағы кейбір баптарға өз көзқарастарын ашық айтуда. «Бақсам, бақа екен» демекші, бақсақ, жаңа заң жобасында түйткілді мәселелер шаш етектен секілді. Салақ адамның күпісінің астарына жабысқан биттей шығып жатыр ақырындап...
«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері күнде бас қосып, халықтың пікірі мен ұсынысын талқыға салып, әбігерге түсуде. Ең қуанарлығы, бұл жолғы Ата Заң қазақ тілінде жазылуда.
Иә, өзгеріске түсіп жатқан Ата Заңға тағы айтамыз, сын айтушылар жетерлік. «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген ұлы Әуезовтың пікірін осындайда еске алған жөн.
– Біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз. «Кімбіз? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз. Бұған дейін 1995 жылғы Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегенін айтқан едім. Сондағы 12 адамның үшеуі – шетелдік сарапшылар. Әрине, олар әлемдік құқық нормаларын жақсы білген мамандар шығар. Бірақ біздің елдің тарихын, мәдениетін, болмысын қаншалықты жетік білетінін кесіп айта алмаймыз, – дейді Мемлекеттік кеңесші. Жаңа Конституцияны 30 жыл бұрынғыдай 12 адам емес, 130 адам әзірлеп жатқанын Қарин мырза қадап айтты.
Демек, қазақтың оң жамбасына келетін заң дайындалуда деп сеніммен айта аламыз ба? Әй, қайдам?! Көптің көңіліне жақпайтын заң жобалары да қылаң беріп қояды. Ұлттың болмысын анықтайтын кей баптарға комиссия мүшелерінің тісі батпай отырғандай. Мысалы, құдіреті күшті ана тіліміздің дәрежесін биіктетуге дәрменсіздік соның көрінісі емей не?
9 бапта:
1. ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзі-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Ұлардай шулаған елдің қарқынынан қаймықты ма, әлде шынымен-ақ ниеттері оң ба, Конституциялық комиссияның соңғы отырысында 9 баптың 2 тармағындағы «Тең қолданылады» деген сөзді «Қатар қолданылады» деп өзгертіпті! «Қажет кезде ғана қатар қолданылады» дейтін біреу болмаған ба?!
Былай қарасаңыз «тең», «қатар» сөздері синоним сөздер. Қазақта «терезесі тең» деп те, кейде «қатар», «деңгейлес» деп те айтыла береді. Не ойлағандары барын бір Алла ғана біледі. Осы жерде қазақ халқының даңқын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі әнші Қанат Құдайбергеновтің: «Мемлекеттің өзегі, тұғыры, біріктіруші күші – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді үйрену, қастерлеу, білу – мемлекеттің әрбір азаматының парызы және қасиетті міндеті. Бұл заңмен бекітілуге тиіс» деген пікірін айтпай кетуге болмас.
ЗАҢДАҒЫ КЕЙБІР ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ХАЛЫҚ НЕГЕ ҚАРСЫ?
Жаңа Конституциядан мін іздеушілер «Көршілер тіл мәселесін, ұлттық намысын заңмен шегелеп алды! Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан – бұл елдердің Ата Заңында «орыс тілі» деген сөз атымен жоқ! Олар тілдік тәуелсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. Ал бізде ше? Билік әлі де жалтақтап, Конституцияның 9-бабымен Ресей елінің тілін төрге шығарып қойды. Бұл құлдық сана емей немене? Қазақ еліне тек ҚАЗАҚ ТІЛІ қожа болуы тиіс!» – деп жазыпты біреу ФБ желісіне.
«Мысалға келтірілген елдерде орыс ұлтының үлесі қанша екенін білесің бе? КСРО-ның құрамында болған елдердегі орыстардың үлесін, Ресеймен ортақ шекараның ұзындығын талдап, содан кейін дәлелмен сауатты пікір жазсаңшы, бауырым», – депті екіншісі оған. Міне, талас-тартыстың шегі осылай жалғаса береді. Қанша адам болса, сонша пікір жазылуда. Бәлкім, бұл да керек шығар. Жаңа Конституцияның әбден жетіліп, пісуі үшін!
Ел арасында халықты дүрліктіріп, «жаңа заңда мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылыпты» деп жатқандар барын жоққа шығармаймыз. Бұған да жауап берілді күні кеше.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:
– Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек: «тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ – «азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталғанын да өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы орайда, құжаттың 32 және 33-баптарында азаматтарымыз үшін ақысыз негізде медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтарының бекітілуі шын мәнінде жоғарыда аталған адами капиталды дамытудың негізі екені сөзсіз. Сонымен бірге, бұл баптардың 3-тармағында көрсетілген ақылы көмек алу құқығы да азаматтардың денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктерін арттыратын маңызды норма. Бұл тұрғыда ұсынылып отырған құқықтық тұжырым орынды деп санаймын, – деді министр.
Жаңа Ата Заң клептократияға жол бермейтін болады. Бұл енді үлкен жаңалық. Бұған дейін Президенттің туған-туыстары ойларына келгенін істегені белгілі.
Енді жоғары лауазымды бірқатар қызметкерлер үшін бірыңғай мерзім белгіленбек. Бұл – Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Президенттен бөлек, Бас прокурор, Жоғарғы соттың төрағасы және Конституциялық соттың төрағасы бір ғана мерзімге сайланады. Бұл басқарушы элитаның жаңаруына, жаңа кадрларды тартуға ықпал етеді деді Мемхатшы Ерлан Қарин.
«Мұндай норма барлық Конституцияларда кездесе бермейді және басқа елдер үшін үлгі бола алады. Сондай-ақ ол 2022 жылғы референдумда енгізілген, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдарды атқаруына тыйым салатын нормамен өзара үйлеседі».
Айнұр Бекова атты қоғам белсендісінің әлеуметтік желідегі жазбасы да адамды түрлі ойға итермелейді. «Кеше мәжілісте депутат, журналист Мақсат Толықбай Конституция жобасын қолдап сөйлеген, дұрысы, оқыған сөзінде жаңа жобада цифрлық қауіпсіздік туралы жазылғанын, ал 1995 жылғы Конституцияда ол туралы жазылмағанын тілге тиек етті. Осыны тыңдап отырып, еріксіз күлдім. Жаңа құжаттың жобасында цифрлық құқық туралы бар, ол рас. Не дұрыс емес дегенге келсек...
Бұл – саяси риторикадағы ең көп кездесетін анахронизм, яғни уақытты шатастыру және «логикалық манипуляция» әдістерінің бірі. Толықбайдың бұл салыстыруы логикалық тұрғыдан «арба мен ұшақты салыстырғанмен» бірдей. 1995 жылы әлемдік деңгейде де «цифрлық құқық» деген ұғым Конституциялық деңгейде қалыптаспаған еді. Өйткені сол жылы дүниежүзінде Windows 95 енді ғана шығып жатқан, ал Қазақстанда интернет тіпті мемлекеттік органдардың өзінде жаппай қолданыста болған жоқ.
Неге манипуляция дерсіз? Ол жаңа жобаның заманауи екенін көрсету үшін ескі құжатты ескірген етіп көрсеткісі келеді. Алайда ол Конституция техникалық нұсқаулық емес, ол бостандық, теңдік, құқық сияқты фундаменталды құндылықтар құжаты екенін естен шығарғандай».
Яғни, Конституция бұл «Смартфонды қалай қолдану керек?» деген заң емес. Конституцияның базалық принциптері жеке өмірге қол сұқпау, ақпарат алу еркіндігі сияқты цифрлық дәуірді де, қағаз дәуірін де қамтиды. Мысалы, 1995 жылғы Конституциядағы «хат-хабардың құпиялығы» нормасы автоматты түрде бүгінгі мессенджерлер мен электронды пошталарға да қатысты. Ол кезде электронды пошта мен мессенджерлер болмады.
Сонда жаңа технологиялар пайда болған сайын Конституцияға енгізіп, оны ерекшелік ретінде айта бере ме? Бұл құқықтық тұрақсыздықтың белгісі емес пе? Мәселен, ертең «нейроинтерфейс» немесе «метағалам» пайда болса, тағы да Конституцияға жазамыз ба? Ондай мәселелер салалық заңдармен (мысалы, Цифрландыру туралы немесе ЖИ туралы заң) реттелмей ме?
Журналист ретінде бұдан насихаттағы «жарқын болашақ» бейнесін көруге болады. Халықты мазалайтын тіл статусы, жер мәселесі, сөз бостандығы, билік тармақтарының тепе-теңдігі сияқты нақты мәселе бар. Депутат назарды осы өткір тақырыптан алып қашып, «біз цифрлық құқықты енгізіп жатырмыз, біз заманауимыз» деген жылтырақ тақырыпқа бұрады. Яғни, назарды басымдықтан екінші деңгейлі мәселеге аудару.
1995 жылы цифрлық құқық ұғымы болған жоқ, ал жоқ нәрсенің Конституцияда болмауын кемшілік деп санау қисынсыз. Қазіргі риторика – жоба заманауи, ал заманауилық тек жаңа технологиялармен емес, адам құқығының қорғалу деңгейімен де өлшенеді. Меніңше, техникалық термин Конституциялық құндылықтан жоғары қойылғандай.
Сондықтан депутаттың бұл теңеуін кәсіби пікір деп емес, популистік мәлімдеме деп қабылдадым. Мемлекеттік тілдің мәртебесі, биліктің бір қолда шоғырлануы, арнайы құқықтық статусы бар қала сияқты сияқты саяси маңызды мәселелер көтерілгенде, «біз заңға интернет деген сөзді қостық» деп мақтану қоғамды алдарқатудың бір түрі емес пе? Бұл «үйді су алып жатыр» деген адамға «бірақ біз үйге заманауи WiFi роутер орнаттық» дегенмен бірдей...
Жасыратын несі бар, кейбір саясаткерлер мен Мәжіліс депутаттары, кейбір Үкімет мүшелері мемлекеттік тілге қатысты көзқарастарын көршілердің қас-қабағын бағумен түсіндіруде. Бұған халық наразы.
ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ РЕСЕЙДЕН ҚОРҚУҒА НЕГІЗ БАР МА?
Депутат Ермұрат Бәпи Мәжіліс отырысында қазақстандықтарды қазақ тіліне қатысты ой, талаптарын өзгелерге тықпаламауға шақырды. Айтуынша, тілді ерегісу құралына айналдырудың қажеті жоқ.
Депутаттың пікірінше, соңғы алты айда жаңа Конституциялық өзгерістерге қатысты бір жақты сындар көп айтылып жүр. «Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауға тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!
Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты біраз сындар айтылып жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайды», – деді ол.
Бәпи осы тұста «басқа пәле – тілден» дегенді алға тартып, халықты абай болуға шақырды.
«Қазіргі халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз ешкімге мойын бұрып, қорқып жүретін ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті», – деп қосты ол.
«Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге абырой әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу естінің ісі болмайды», – деді ол.
Ал саясаткер Жанат Момынқұлов тіл мәселесіне басқа қырынан келеді. «Тілге босқа алаңдаймыз ба? Украинаның бізге қатысы бар ма? Украинадағы соғысты «тіл мәселесінен басталды» деп түсіндіру саяси ыңғайлы шығар, ғылыми дұрыс емес. Соғыстың басты себебі тіл болған жоқ. Украинадағы қақтығыс – көпқабатты, күрделі процесс. Оның түпкі негізінде Ресейдің империялық ревизионизмі, украин мемлекеттілігін мойындамауы, НАТО мен Батысқа қарсы геосаяси текетіресі, сондай-ақ Украинаның ішкі элиталық және аймақтық қайшылықтары жатыр. Бұл ретте тіл мәселесі себеп емес, агрессияны ақтау үшін сылтау ғана болды. Ресей өзінің әскери басқыншылығын ақтап алу үшін «орыстілділерді қорғау» сөйлемін қолданды. Егер тіл соғысқа тікелей себеп болса, онда Балтық елдері әлдеқашан соғыс алаңына айналар еді. Бұл тілдің қауіптендіру үшін қолданылатын ыңғайлы құрал екенін көрсетеді.
Бірақ Қазақстан мен Украинаны теңестіруге болмайды. Иә, Қазақстан да посткеңестік, көпэтносты ел; орыс тілі кең таралған; Ресеймен ұзын шекарасы бар. Алайда айырмашылықтар үлкен: Қазақстанда тіл саясаты эволюциялық сипатта жүріп келеді, этникалық-саяси қозғалыстар жоқ, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, орыс тілі іс жүзінде шектелмеген. Ең бастысы – Қазақстан Ресейдің ішкі саяси дағдарысының алаңына айналған жоқ. Украинадағы қақтығысқа алып келген негізгі фактор – оның егемен сыртқы саясатының Еуропаға түбегейлі бет бұруы болды. Қазақстан әзірге мұндай геосаяси бұрылыс жасаған жоқ, сондықтан «Украина сценарийін» тіл мәселесімен тікелей байланыстыру – шындықты қарабайыр түсіну әрі қате қорытынды.
Билік өкілдерінің тіл мәселесін қауіппен байланыстыруының бірнеше саяси себебі бар. Біріншіден, сыртқы қауіп бейнесі – қоғамды жедел мобилизациялаудың ең тиімді құралы. «Қазір таласатын уақыт емес» деген риторика даулы мәселелерді кейінге ысырып, саяси шешімдерді жеңіл өткізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл ішкі проблемалардан назарды сыртқа бұру тәсілі. Әлеуметтік әділетсіздік, институттардың әлсіздігі, жауапкершілік мәселелері талқыланбай, бәрі «геосаяси қауіпке» тіреледі. Үшіншіден, элитаның ішкі алаңдаушылығы бар. Тіл – халықтың субъектілігімен тікелей байланысты. Қазақ тілі күшейген сайын сұрақ көбейеді, сұрақ көбейген сайын билікке қысым артады. Сондықтан тіл кейде мәдени емес, саяси қауіп ретінде қабылданады.
Ал қоғам реакциясының бұл жолы өткір болуы – кездейсоқ емес. Бұл жай алармизм емес, ұзақ уақыт қордаланған көңіл қалудың көрінісі. Қазақ қоғамы үшін тіл – тарихи әділеттің, символдық теңдіктің және «бұл ел кімнің елі?» деген сауалдың жауабы. Сондықтан эмоцияның болуы табиғи құбылыс. Қауіптісі – эмоцияның радикалдануы, алайда қоғам ол шекке әлі жеткен жоқ. Шын мәнінде, тіл мәселесін көтеру ешкімге қауіпті емес. Қауіптісі – тілді саясиландыру және оны қоғамды бөлудің құралына айналдыру. Егер мемлекет тіл мәселесін қауіп ретінде көрсе, бұл тілге емес, қоғамға сенімсіздіктің белгісі. Сондықтан бүгінгі билік «тіл – геосаяси қауіп» риторикасын азайтып, рационал диалогқа көшуі керек; Украина мысалын қорқыту үшін емес, сабақ алу үшін қолдануы қажет; ашық пікірталастан қашпау маңызды. Украина тәжірибесі бір нәрсені анық көрсетті: соғыс тілден емес, сенімсіздік пен әлсіз институттардан басталады. Ал тіл ондай қақтығыстың құрбаны болмауы тиіс.
PS: Төменде әлеуметтік желіге өз пікірлерін жазған азаматтардың көзқарастарын беріп отырмыз. Ондағы мақсат, Президентіміз айтқандай, Конституциялық комиссия мүшелері қалың бұқараның пікірімен санасуға тиіс!
«Халық айтса қалып айтпайды». «Халықтан биік ешкім жоқ».
Конституциялық комиссия мүшелері жан-жақтан түсіп жатқан Ата Заңның жобасына қатысты ұсыныстардың өздеріне қажетін алар, керек емесін күресінге тастар. Шүкір дейік, халық саяси жағынан оянып келеді. Демократиялық өсім де елдің еңсесін тіктеуде. Бүгінгі таңда елімізде жергілікті халық 80 пайызға жетіп қалды. Бұл билік санасуға тиіс үлкен күш!
Қалай десекте ұлттық мүдде мәселесі талқыға түсіп жатқан кезде «әу» демеу арға сын! Сүйекке таңба. Оянған халық осыны біліп отыр. Халықты алдай алмайсың.
Ата Заңымыздың жаңа нұсқасы елдің талқысынан өтіп, тұғыры биіктесе, елдің қолайына жақса, болашақтың алдында жүзіміз де жарқын болары сөзсіз!
Президент Конституциялық комиссия жұмысы ашық форматта жалғаса беруге тиіс екенін ескертті. Осыған орай біз бүгін азаматтардың пікірлер тоғысын ұсынып отырмыз.
КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА КЕЗЕКТІ ҰСЫНЫСЫМ
9-БАПҚА ТІЛ ТАҒДЫРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

Оразалы Сәбден, академик:
– «Мен 1993 ж. ҚР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшесі, комитет төрағасы, депутат ретінде 1-ші Конституцияны жазушы жұмысшы тобының мүшесі болып, С. Зиманов, С. Сартаев, Н. Акуев тағы басқалармен бірге жаздық. Төраға Н. Назарбаевтың өзі болды. Сол жақсы жазылған 1-ші Конституциядағы бірпалаталық Парламент, вице-Президент, Конституциялық сот қазір де кіріп отыр, алуға болатын тағы да жақсы жерлері бар еді.
ТІЛ мәселесіне халықтың басым көпшілігі аса мән беруде. Бұл жерде салқынқандылық керек етеді, құр айқайдан ештеңе шықпайды, бауырларым. Ашығын айтайын, қазір әлем астан-кестең, ертең не болары белгісіз. Шекарамыз анау – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны мынау, қауқарымыз белгілі. Бізді өзімізден басқа ешкім құтқармайды. Геосаяси жағдай осындай. «Көрпеңе қарай көсіл» дейді кемеңгер халқым.
Иә, рас, ә дегенде егемендік алғанда Жоғарғы Кеңес мүмкіндікті (шансты) жіберіп алдық. Сол уақытта «Қазақ Республикасы», «мемлекеттік тіл – тек қазақ тілі, басқа тілдерге жағдай жасалады» деген ұсыныстар болды. Шерхан Мұртазаның «Екі тіл тек жыланда ғана болады» деген сөзі де өтпеді.
Болар іс болды, енді «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» мынау тағдырлы қиын өткелден алып шығатын жол іздеу керек. Ащы шындық осы, бауырларым.
Нақты ұсынысқа келсем.
9-бап былай жазылған:
ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Бұл – күшейтілген мәтін. Себебі бұл жағдайда енді ғана дамып келе жатқан қазақ тілінің дамуына серпіліс бермейді, ал екінші жағынан онсыз да басым орыс тілін күшейтеді. Басқа мемлекеттердің Конституциясында мұндай жазу жоқ.
Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді. Бұл сөйлем дұрыс.
Бүгінгі таңда 9-баптың 2-тармақшасын былай жазу керек:
«Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады».
Бұл формулировка 1993 жылғы ҚР Конституциясының ең басында, 8-тармақта тұрған. Бұған Қазақстан халқы келіскен.
9-бапқа қосымша төртінші тармақты ұсынамын:
«4. Мемлекеттік органдарда Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті және оған мүмкіндік беріледі».
Себебі егемендік алғалы 35 жыл өтсе де, лауазымды қызметте жүрген біраз өз азаматтарымыз да қазақша білмейді, білгісі де келмейді. Қашанға дейін созыла береді? Осы жолы шектеу қояйық. Осылай қазақ тілінің ауқымын кеңейтейік. Сіздер мені дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
XXI ғасырда тек білімі жоғары, бірлігі мен ынтымағы, рухы күшті ел алға шығады».
АТА ЗАҢДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ
АЙҚЫН КӨРСЕТІЛУІ КЕРЕК!

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
«Парламентте бірнеше рет көтергендей, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! Қазыбек Иса Парламентте қай кездегідей қазақ тілін қолдады. Қазыбек Исаның сөзінде «орыс тілін қолдаймын» деген бір ауыз сөз де жоқ қой! Сондықтан жала жабушылар дәлел ретінде ешқандай видео, сөзден үзінді қоя алмай отыр. Видео да, сөзінен үзінді де сала алмайды. Өйткені салса, видеода Қазыбек Исаның Парламентте айтқан:
– «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды тағы да қайталап айтамын!»
– «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті болу керек!»
– «Ата Заңымызда Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі айқын тілге айналуы қажет!» деген сөздерін ел көріп, жалақорлардың оның «орыс тілін қолдады» деген қып-қызыл өтіріктері әшкереленіп қалады.
Мен өзім ақын Қазыбек Исаның Парламентте мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап сөйлеген сөзін түгел көрдім. Қорытындысы мынандай:
1) «Бұрын Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды бірнеше рет ұсынғанмын. Осы Парламент мінберінен Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды тағы да қайталап айтамын!» – деп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға шақырып тұрғанын неге айтпайсыңдар, егер тілді қолдаушы болсаңдар, тілге қарсы болмасаңдар?
2) «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті болу керек!» – деп шегелеп айтты. Мұны неге айтпайсыңдар?
3) Ең бастысы, сөзінің түйіні ретінде:
«Қорыта айтарым, Ата Заңымызда Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі айқын тілге айналуы қажет!» – дегенін неге, не үшін, қандай мақсатпен жасырып қалдыңдар?!
Яғни, «Ата Заңда Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі айқын болуы керек» деп, 9-баптың 2-тармағын өзгертуді айтып тұр ғой?!
4) Ал 100-ге жуық бабы, 370-тей тармағы бар Конституция жобасында Қазыбек Исаның «7-баптың 2-тармағын алып тастау» туралы Конституция жобасын қарайтын комиссияға жіберген ұсынысы өтпей қалғанмен (ол ұсыныс фейсбук парақшасында және «Қазақ үні» сайтында тұрғанына екі ай болды), «Ақ жол» партиясының басқа да көптеген маңызды ұсыныстары Ата Заң жобасына өткесін, жалпылама түрде неге қолдамасын өз партиясының ұсыныстарын?
Қазыбек Иса Парламентте тек өз атынан сөйлеген жоқ, «Ақ жол» партиясы фракциясы атынан сөйледі ғой. Ол бұл жерде 9-баптың 2-тармағын қолдап тұрған жоқ қой!
5) Сендер өздерің Қазыбек Иса ұйымдастырған «Қазақ үні» ұлттық порталындағы Конституцияның 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған 132 335 адам қол қойған Ашық хатқа қол қойдыңдар ма? Жоқ, қойған жоқсыңдар!
Яғни, саусақтарыңды да қимылдатқан жоқсыңдар! Тағы тіл туралы ақыл айтып отырсыңдар, диванда жатып! Алдымен өздеріңнен бастаңдар!
Қазыбек Иса 2011 жылы қоғамда, 2019 жылы Президент жанындағы Ұлттық кеңесте, 2022 жылы Парламентте Конституцияның 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, елді дүр сілкіндірген депутаттық сауал жасағанда, қайсысың қолдап жаздыңдар?
Кілең еркек жалақорлардың айтағына еріп отырғанын көріп, әйел басыммен ердің сөзін, елдің сөзін айтуыма тура келді. Қазыбек Исаға ұқсап, қайсың, қай депутат тіл туралы осыншама жыл күрестіңдер? Қанша жыл болды айқасып келе жатқанына?!
«Айтуға оңай…»
Азаматтың, ұлттың, қазақ тілінің мүддесін қорғап жасаған 100 жақсылығын енді неге әдейі ұмытып кетіп жатырсыңдар? Бір үйде отырып, бір-біріңе қарсы шабуылдап не болды? Әттеген-ай, қайда барамыз?!
Аз қазақпыз, жауласпайық, ағайын! Бірлігіміз керек, тыныштығымыз керек. Өмір мұнымен бітпейді, тыныштық болсыншы, айналайындар!»
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАҒА ҰЛТТЫҚ ҰСЫНЫСТАР

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев), жазушы-публицист:
«Ел өмірінде аса елеулі өзгерістер орын алып жатыр. Қос палаталы Парламенттен жалқы палаталы Парламентке көшу Конституциялық жаңа қадамдар жасауға итермеледі. Қарап отырсақ, бұл Конституциялық өзгерістер 99 баптан тұратын қолданыстағы Ата Заңымыздың 77 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мәжбүрлейді екен. Сондықтан мүлде жаңа Конституция жобасы қолға алынуы табиғи дүние.
Қазақ халқының зиялы қауымы ұлт мүддесін бәрінен жоғары қояды. Бодандықта болған үш ғасырға жуық уақытта қазақ халқы патшалық билікке қарсы 400 реттен астам бас көтеріп, қарулы қақтығыстарға барған. Кешегі алаш арыстары да ұлт мүддесі үшін күресті. Қазіргі Қазақстан Республикасы – сол күрестердің жемісі.
Референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасы 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның» 2-бабында көзделген: «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» делінген қағидаға сәйкес ұлттық мемлекеттігімізді нығайтуға бағытталуға тиіс.
Ұзақ жылдардан бері Ата Заң тақырыбымен айналысып келе жатқан қаламгер, Конституциядан дәріс берген ұстаз, «Заң газетін» алғаш құрып басқарған журналист ретінде өз пікірімді ортаға салғанды жөн санаймын. Қолданыстағы Конституциядағы олқылықтардың орнын толтырып, енді жаңа Конституциямызда қазақ халқы мұқтаж болып отырған қағидаларға жол ашылуы керек.
Ең алдымен преамбулада Қазақстан мемлекет құраушы қазақ халқының мемлекеті екендігі, түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтары қамтамасыз етілетін ұлттық мемлекет екендігі көрсетілуі керек.
Сондай-ақ Конституция жобасының 1 бабының «Қазақстан Республикасы өзін, –» дегеннен кейін «ұлттық, –» деп ары қарай мәтін бойынша «– демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп айқындалуы өте маңызды.
Конституцияның 6 бабының 1 тармағында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады» деген көне қағида көзделініпті. Ол еліміздің ортақ идеологиясының қалыптасуына кедергі болып келеді. Сондықтан осы бап: «Қазақстан Республикасының өзіндік ұлттық идеологиясы болады» деген қағидамен толықтырылуы қажет. «Ұлт мұраты – ұлттық мемлекет, әділетті азаматтық қоғам!» Мұндай ұлттық идеология экономика, банк, өндіріс саласынан бастап мәдениет, әдебиет, туризм, күллі руханият саласы жылдар бойы күтіп отырған қажеттілік.
8-баптың 3 тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, ... басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» делінгені өте дұрыс. Алайда бұған «жер асты қазба байлықтарды игеруден түскен қаражат ортақ қор арқылы әрбір қазақстандықтың үлестік есепшотына түсуге тиіс» деген қағидамен толықтырылғаны жөн болады.
Мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігі туралы 9 бап алғашқы 1 тармақпен ғана шектелгені дұрыс. Өмір көрсеткеніндей, қалған екі тармақ үнемі құқықтық шатасулар туғызып келеді. Осы арқылы ғана біз мемлекеттік тілді өз мәртебесіне көтере аламыз.
Конституция жобасының 16-бабының 1 тармағында: «Заң мен сот алдында бәрі тең» делінген. Ал Ата Заңның 48 бабының 3 тармағында: «Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады» дейді. Жақсы, іс басындағы Президентке бұл лайық. Ал 4 тармақта: «Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне де қолданылады» дейді. Экс-Президент кезінде қызметін атқарды, мол жалақысын алды, қазір ай сайын 8 млн теңге зейнетақы тағайындалған. Енді ол неге мемлекет мойнында отыру керек? Бұл 16 баптың бірінші тармағындағы «Заң мен сот алдында бәрі тең» делінген қағидаға қайшы!
Дәлірек айтқанда, Қазақстан мемлекеттің орасан қаржысын тонаған Н. Назарбаевты не үшін асырау керек? Оның байлығы өзіне жетіп жатыр. Сондықтан 48 баптың 4 тармағын алып тастау қажет.
Конституция жобасының 36 бабының 2 тармағында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар» делінген.
41 баптың 3 тармағында: «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен кез келген шектеуге жол берілмейді» дейді.
Енді қараңыз, жобада 53 баптың 1 тармағында Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен сайланатыны былай тұспаланған: «Құрылтай Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады». Мұндай формулировка ешқандай партияға мүше емес 12 млн қазақстандықтың сайлану, өзін өзі ұсыну құқығын шектейді. Сондықтан осы Конституция жобасының 36 бабының 2 тармағына, 41 баптың 3 тармағына сәйкес мұндай шектеу жойылып, азаматтардың кемінде 50 пайызы мажоритарлық әдіспен сайлануына мүмкіндік берілуі керек.
Халық кеңесіне Қазақстанда тұратын 42 этностың өкілдерін енгізу туралы Пономарев ұсынған қағида әсіре этносшылдыққа ұрынған. Елдегі мемлекет құраушы қазақ халқы қазір кемінде 73-75 пайызды құрап отыр. Елде диаспоралардың ішінде саны 100 мыңнан асатын небары тоғыз ғана этнос бар. Құрылтайдың өзіне әр 145 мың адамнан бір депутат сайлануы ықтималдығы алға шығып тұрғанда, саны мүлде аз этностардың өкілдерін Халық кеңесі құрамына қосудың мүлде қажеті жоқ. Халық кеңесінің құрамы Қазақстанда тұратын қазақ халқы мен түрлі ұлт өкілдерінің пайыздық үлес көрсеткіштері бойынша жасалғаны жөн болады.
92 бапқа сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар бұрынғыдай Парламент арқылы емес, жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілетінін де өте оңды өзгеріс ретінде атап өткім келеді.
Қазақстанның сот жүйесін Президенттік тағайындау арқылы емес, бүкілхалықтық – сайлау жолымен қалыптастыру да маңызды».
ЖЕКЕЛЕГЕН ӘКІМШІЛІК БӨЛІКТЕРГЕ АРНАЙЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖІМ
ЕНГІЗУГЕ ҚАРСЫМЫН!

Тұрсынхан Зәкен, профессор:
«Конституция жобасының І бөлім, 5-бап, 6-пунктінде төмендегідей жазылыпты. Назар аударыңыздар:
«Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында Конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін».
Депутаттардың айтуынша, бұл норма Астана қаржы орталығы мен Алатау сити қаласына қатысты екен.
Сонда Конституция қабылданысымен елімізде кезінде Қытайға бағынбайтын Гонконг сияқты жаңа қала пайда бола ма? Немесе қаланы қытайлар салады, қытайлар басқарады дегенге бара жатқан жоқпыз ба? Бұл – еліміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қауіпті таңдау.
Бүгіннің өзінде қазақстандық Сингапур болады деп мақтанышпен айтылып жатқан қала ертең нақ Сингапур болып, мемлекет ішіндегі мемлекетке айналса, кеше осы жерлерді қан мен терін төгіп қорғаған Райымбек батырлардың аруағына не дейміз!!! Онсыз да көрші Қытай Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі «440 мың шаршы шақырым жерінен айырылып», есесі кеткендей болып жүрген жоқ па?! Тарихшы ретінде мен қытайлық тарихнамадағы бұл айтылымның түп-төркінін жақсы білемін.
Сондықтан қандай да бір жекелеген әкімшілік бөліктерге арнайы құқықтық режим енгізу деген ұсынысты қабылдауға, Конституцияға енгізуге мүлде болмайды!!!»














