Көкшетау қаласында Ақмола облысы ұстаздарының дәстүрлі тамыз конференциясы «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында болып өтті. Конференцияға онлайн форматта 5 мыңнан астам, оның ішінде 60-қа жуық ұстаз офлайн қатысты.
Конференцияда жаңа Конституция құндылықтарын білім беру жүйесіне енгізу, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын ықпалдастыру, «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттарын іске асыру, білім сапасын арттыру, цифрландыру және адами капиталды дамыту тақырыптары қозғалды. Конференцияға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Әкім құттықтау сөзінде:
– Мемлекет басшысы қоғамдағы педагогтің айрықша рөлін үнемі атап жүреді. Өйткені өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде педагог басты әрі шешуші фактор болып табылады, – деді.
Конференция барысында білім беру жүйесінің педагогтері мен басшылары өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, облыстық білім басқармасының басшысы А. Балташева өңірдің білім беру жүйесінің алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. Ал Ақмол ауылының мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі З. Едрес цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы педагогтердің кәсіби дамуын жетілдіру тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесін таныстырды. Іс-шараға шетелден арнайы шақырылған өкіл де қатысып, білім беру саласындағы халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Канаданың Olds College of Agriculture and Technology колледжінің вице-президенті ақмолалық колледждерді өзара ынтымақтастық орнатуға шақырып, «2+2» оқыту моделін ұсынды. Бұл модельге сәйкес студенттер екі жыл Қазақстанда, кейін екі жыл Канадада білім алады. Мұндай әріптестік жастардың халықаралық тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін арттыруына жаңа мүмкіндік береді.
Конференция соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады. Атап айтқанда, білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқулықтарды жаңарту, инклюзивті білім беруді қолдау, цифрландыруды жеделдету және педагогтерге қажетті жағдай жасау бағыттарына басымдық берілетінін атап өтті.
Білім – ел болашағының берік іргетасы. Ал сол іргетастың сапалы қалануы ең алдымен ұстаздың біліміне, кәсіби шеберлігіне және қоғам алдындағы жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан жаңа оқу жылындағы басты міндет – заманауи талаптарға сай білім беріп қана қоймай, елдің ертеңін қалыптастыратын бәсекеге қабілетті, білімді әрі тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу.
Әкім Марат Мұратұлы:
«Бүгінде 5 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, 10 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған, мектеп кітапханалары жаңартылуда. Цифрландыру аясында білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен және жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Цифрландыру тек техникалық құралдармен шектелмеуі керек, ол оқу мазмұнына тікелей әсер етуі қажет. Келесі кезең – осы мүмкіндіктерді нақты нәтижелерге айналдыру керек», – деді.
Шара барысында білім саласындағы еңбегі еленген 13 педагог Оқу-ағарту министрлігінің медальдары, төсбелгілері және Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстанның олимпиадалық бағыттағы үздік 100 мектебінің қатарына енген облыстағы төрт мектепке 5 млн теңгеден ақшалай сертификат табысталды. Ал облыстық байқаудың «Мектепке дейінгі үздік ұйым» және «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» аталымдарының жеңімпаздары 10 млн теңгеден сертификатпен марапатталды.
Жаңа оқу жылында Ақмола облысының 1270 білім беру ұйымында 23,8 мыңнан астам ұстаз өскелең ұрпаққа білім беріп, тәлім-тәрбие беруді бастайды.
Дахан ШӨКШИР,
Ақмола облысы















