Өңірдің өндірістік қуаты – оның экономикалық тұрақтылығы мен болашақ даму бағытын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Соңғы жылдары Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өнеркәсіп саласының қарқынын үдете түсіп, жаңа өндіріс орындарының көбеюіне жол ашуда. Осындай маңызды жобалардың бірі – Жібек жолы ауданының «Қызылабад» алқабында пайдалануға берілген «Polytech Astana» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа өндірістік филиалы.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемінің артып келе жатқанын ғана емес, отандық өндірістің сапалық жаңа кезеңге аяқ басқанын да көрсетеді. Өндіріс орнының ашылуы нәтижесінде 30-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Кәсіпорын толық автоматтандырылған өндірістік желілермен жабдықталған. Мұнда өндірістің барлық кезеңі цифрлық жүйе арқылы бақыланып, халықаралық талаптарға сәйкес келетін еуропалық технологиялар пайдаланылады. Бұл өндірілетін өнімнің сапасын тұрақты деңгейде сақтауға, технологиялық дәлдікті қамтамасыз етуге және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Polytech Astana» бүгінде еліміздегі полиэтилен құбырларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының бірі ретінде танылып келеді. Мұнда өндірілетін өнімдер ауызсу жүйелерін салуда, табиғи газ құбырларын тартуда, кәріз және дренаж желілерінде, ауылшаруашылығының суару жүйелерінде, сондай-ақ электр және байланыс кабельдерін қорғауда кеңінен қолданылады. Қазақстанның түрлі өңірлерінде салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың инженерлік инфрақұрылымында осы кәсіпорын өнімдері пайдаланылып келеді.
Тараздағы жаңа өндірістік кешеннің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Зауытта диаметрі 16 миллиметрден 1 000 миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырларын шығаратын бірнеше жоғары өнімді экструзиялық желі жұмыс істейді. Жылына 5 270 тоннадан астам дайын өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын өңірдің ғана емес, республикадағы құрылыс саласының сұранысын қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосуға мүмкіндік алып отыр.
Заманауи өндірістің негізінде жоғары технологиялық процесс жатыр. Ең алдымен кәсіпорынға жеткізілген полиэтилен гранулалары арнайы зертханада мұқият тексеріледі. Мамандар шикізаттың химиялық құрамын, тығыздығын, балқу индексін және ылғал мөлшерін анықтап, белгіленген талаптарға сай келген материалды ғана өндіріске жібереді. Кәсіпорын қазіргі уақытта негізгі шикізатты Ресейден жеткізеді.
Өндірістің келесі сатысында гранулалар арнайы кептіру құрылғыларында өңделіп, құрамындағы артық ылғал толықтай жойылады. Бұл дайын өнім сапасының жоғары болуына тікелей әсер етеді. Кейін шикізат экструдерге түсіп, жоғары температура әсерінен балқытылады. Арнайы механизм балқыған полиэтиленді қалып арқылы өткізіп, қажетті диаметрдегі құбырды қалыптастырады. Температура, қысым және басқа да техникалық көрсеткіштер компьютерлік басқару жүйесінің тұрақты бақылауында болады.
Қалыптан шыққан өнім вакуумдық калибрлеу құрылғысында дәл өлшемге келтіріліп, бірнеше сатылы салқындату жүйесінен өтеді. Осы технологияның нәтижесінде құбырлардың сыртқы беті тегіс болып, жоғары қысымға төзімділігі артады. Кейін автоматтандырылған жүйе әр өнімге оның техникалық сипаттамаларын, өндірілген күнін, стандарт нөмірін және кәсіпорын туралы ақпаратты таңбалайды.
Дайын өнім тұтынушыға жөнелтілмес бұрын тағы бір мәрте зертханалық сынақтан өткізіледі. Қысымға төзімділігі, герметикалығы, қабырғасының қалыңдығы, созылу беріктігі мен пайдалану мерзімі бірнеше кезең бойынша тексеріліп, белгіленген стандарттарға толық сәйкес келген өнім ғана нарыққа шығарылады.
Өндірістегі тағы бір маңызды бағыт – пластик қалдықтарын қайта өңдеу. Кәсіпорында полиэтилен құбырларымен қатар өндірістік мақсаттағы жіп шығарылады. Бұл өнім қайта өңделген пластиктен алынады. Арнайы сұрыптау орталықтарынан жеткізілген пластик бөтелкелер жуылып, ұсақталып, қайта өңдеу арқылы жаңа шикізатқа айналады. Кейін жоғары температурада балқытылған материалдан жіңішке талшықтар өндіріліп, олар тоқыма өнеркәсібіне жөнелтіледі. Мұндай жіптерден спорттық киімдер, сөмкелер және түрлі тұрмыстық бұйымдар дайындалады.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта жергілікті қоқыс сұрыптау мекемелерімен әріптестікті кеңейтіп, пластик қалдықтарын қайта өңдеу көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл бастама өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға ғана емес, қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы айналым экономикасын қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Өнеркәсіп саласының дамуы тек жаңа зауыттардың ашылуымен өлшенбейді. Оның нәтижесі жаңа жұмыс орындарының құрылуынан, жергілікті мамандардың тәжірибе жинақтауынан, кәсіпкерлік белсенділіктің артуынан және өңірдің инвестициялық тартымдылығының күшеюінен көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Polytech Astana» филиалының іске қосылуы Тараз үшін маңызды өндірістік бастамалардың бірі саналады.
Бүгінде әлемдік нарықта сапалы құрылыс материалдарына деген сұраныс артып келеді. Мұндай жағдайда отандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруі ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл жоба импортты алмастыру саясатына да нақты үлес қосып, қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
Таразда жүзеге асырылып жатқан мұндай өндірістік жобалар өңірдің индустриялық даму бағытының дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Жоғары технологиялар енгізілген жаңа кәсіпорындардың көбеюі жергілікті экономиканы әртараптандырып, өнеркәсіптің әлеуетін күшейте түседі. Ең бастысы – мұнда өндірілетін өнімдер тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымның сапасын арттыруға қызмет етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан «Polytech Astana» өндірістік филиалының іске қосылуы – Тараздың өндірістік картасындағы кезекті нысан ғана емес, өңірдің тұрақты экономикалық өсіміне бағытталған маңызды инвестициялық жоба.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ















