Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов белгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың 75 жас мерейтойына арналған «Ән – жырым саған, туған ел!» атты кешті көпшілікпен бірге тамашалап, өнер иесін құттықттады.
Кеште Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғызстанның Еңбек сіңірген әртісі, Жамбыл облысының құрметті азаматы, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың күйлері мен әндері орындалды.
Сондай-ақ, шара барысында 2008-ші жылдан бастау алып, Жамбыл облысының рухани-мәдени өміріне жаңа серпін беріп келе жатқан Алтынбек Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІІ Халықаралық эстрадалық әншілер конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға 50-ден аса өтініштер түсіп, 20-ға жуық жас талант иелері өнерлерін сынға салды.
Құрамында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Аида Смағұлова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков, композитор, кәсіби ән өңдеуші Арман Бексұлтан, дәстүрлі және эстрада әншісі, ҚР Өнер қайраткері Алма Аманжолова, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, конкурс төрағасы Жұбаныш Жексенұлы бар қазылар алқасы өнерпаздардың қарым қабілетін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде жамбылдық Ербосын Қасымбек I орынды, жетісулық «Браво» дуэті II орынды жеңіп алса, маңғыстаулық Азамат Амангелдіұлы III орыннан көрінді.
Ал бас жүлдеге К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Дулат Жасұзақ лайық деп табылды.
Бас жүлде марапатын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тапсырып, Алтынбек Қоразбаевтың талантын жоғары бағалап, барша жамбылдықтардың мақтанышы екендігін атап өтті.
- Сізді күллі қазақ даласы саф алтындай қазақ ән өнерінің дүлдүлі ретінде таниды. Туған жер топырағынан бойыңызға ұлттық рух жинап, мәдениеттің асқақтауына үлес қосқан азаматсыз. Өнер сүйер қауым Сіздің әндеріңізбен бірге патриоттық рухқа бөленсе, бірде махаббат жырын жырлайды. Туған жеріңізде еңбек еткен жылдары республикаға, алыс-жақын шетелдерге танымал болған Жамбыл облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі, әрі әншісі болып қазақ өнерін насихаттадыңыз. Нәтижелі еңбегіңіздің арқасында әр жылдары түрлі марапаттарға ие болып, мәдениет және өнер әлемінде есіміңіз жиі аталып, тағылымды жолыңыз көптің аузынан түспей, биік бағаға ие болып келесіз. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерді насихаттап, өскелең ұрпақты өнерге баулып, патриоттық сезімге тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстазсыз,-деп аймақ басшысы ізгі лебізін жеткізді.
Өз кезегінде мерейтой иесі де өзінің жерлестеріне деген жүрекжарды ризашылығын жеткізді.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, облыс әкімінің «Ықылас гүлі» ұсынылды.