Елімізде «ақылды қала» тұжырымдамасын дамыту бағытында цифрлық саясат шеңберінде түрлі бастамалар қолға алынып, нақты жобалар іске асуда. Бұл үрдіс халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, қалалық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жаңа технологияларды енгізу арқылы қоғамдық көлік тасымалында да айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Соңғы жылдары Тараз қаласында жолаушылар қозғалысын ұйымдастыруда цифрлық шешімдердің үлесі артып, көлік қызметінің сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінде Таразда сегіз көлік компаниясы жұмыс істейді. Олар 43 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз етіп отыр. Қызмет көрсететін автобустардың жалпы саны 457 болса, олардың 370-і күн сайын жолға шығып, қала орталығымен қатар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендер мен шалғайдағы шағын аудандарға да қатынайды. Бұл тұрғындардың мобильділігін арттырып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.
Осы жүйеде цифрлық технологиялар да кеңінен енгізілуде. Қазіргі таңда «TulparCard» атты виртуалды мобильді қосымша іске қосылған. Ол жолаушыларға жол ақысын қолма-қол төлемсіз, ыңғайлы әрі жылдам төлеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қосымша Kaspi QR және Halyk QR сервистерімен біріктірілген. Мұндай шешім жолаушылардың уақытын үнемдеп, тасымалдау жүйесін заман талабына бейімдеп отыр. Бұған қоса, бірқатар бағыттарда аялдамалар туралы дауыстық хабарлау жүйесі енгізілді. Өткен жылы бұл жүйе төрт бағытқа орнатылса, биыл тағы 10 маршрутқа қосылуда. Сондай-ақ 19 аялдамада автобустың келу уақытын көрсететін электронды ақпараттық тақталар орнатылып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалды. Ал биыл 75 жаңа аялдама пунктін орнату басталып, жолаушыларға күту процесін барынша ыңғайлы ету көзделген. Мұндай шаралар қалалық навигацияның бірыңғай әрі заманауи жүйесін құруға мүмкіндік беріп, қалалық ортаның сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде Тараздың қоғамдық көлік жүйесі жылдан-жылға жаңарып келеді. Соңғы үш жылда қалаға ең аз қызмет ету мерзімі үш жылдан асатын 310 үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобус жеткізілді. Мәселен, 2022 жылы – 47, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, ал 2025 жылы тағы 35 бірлік автобус пайдалануға берілген. Осылайша, қазіргі таңда автобустар паркінің 67,8 пайызы жаңарған техникадан тұрады. Бұл жолаушылар тасымалының сапасын едәуір арттырып, көліктің техникалық ақауларының азаюына жол ашты.
Тек көлік құрамын жаңарту ғана емес, бағыттар желісін кеңейтуге де басымдық беріліп отыр. Жаңа маршруттар шалғайдағы шағын аудандарды қаланың орталық бөлігімен байланыстыруда. Сонымен бірге халық көп жиналатын орындарға, базарларға, теміржол станцияларына, білім беру мекемелеріне және әлеуметтік нысандарға қатынауды жеңілдетті. Мәселен, №37 бағыт Түрксіб массивін Бектөбемен, ал №62 бағыт Талас тұрғын алабын станциямен және «Ауыл Береке» базарымен байланыстырып отыр. Мұндай шешім тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігін де жандандыра түсуде.
Жалпы алғанда, Тараз қаласында жүргізіліп жатқан көлік саласындағы жаңғырту жұмыстары мен цифрлық шешімдерді енгізу – қаланың адамға бағдарланған, заманауи әрі қолжетімді көлік инфрақұрылымына қарай тұрақты ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.
А. ЖАҚСЫЛЫҚ