Шаһардың әсем келбеті қала тұрғындарының мерейін өсіреді. Одан бөлек жаз мезгілінде тарихи өңірге арнайы ат басын бұрушы туристердің қарасы көбейетіні де белгілі жайт. Оларды тұрақтаған қаланың сыртқы бейнесі, архитектуралық ерекшелігі бей-жай қалдырмайды. Қазіргі таңда Тараз қаласында осындай бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, инфрақұрылымды жаңарту шаралары тұрақты әрі белсенді жүргізіліп жатыр. Әсіресе тұрғын үй қорын жаңарту – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Осыған орай, облыс орталығында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл қатарда шаһар төріндегі Төле би даңғылы бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үй де бар.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр.
– Бүгінде 11 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларын абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен бірге балкондар бірыңғай сәулеттік стильде жабдықталатын болады. Аталған үйлердегі жұмыстар облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатымен қолға алынды. Осыған орай, «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген еді. Қазіргі таңда «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС-нің мердігерлігімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылатын болады. Айта кетейік, жөндеу жұмыстары қаланы көріктендіру мақсатында жасалып жатқандықтан, тұрғындардың қалтасына ешқандай салмақ түспейді. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 150 жұмысшы жұмылдырылып отыр. Сонымен бірге 8 арнайы техника жұмыс істеуде. Жалпы маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Әрі 2025 жылғы жоспар бойынша «Тараз – киелі мекен» жобасы аясында облыс орталығындағы Абай, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жоспарлануда, – дейді Қайрат Абилханұлы.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.
Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны да артып келеді. Соған байланысты жаяу жүргіншілер жолын салуға деген қажеттілік те өсуде. Бұл бағытта биыл шаһар аумағында жеті жоба қолға алынып, он сегіз шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
Айталық, қазір Абай көшесінің бойында «KAZ ELIT STROY» ЖШС-нің мердігерлігімен 3,172 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды. Сондай-ақ Әйтиев және Ы.Дүкенұлы (Саңырық батыр көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейін), Әшімбаев (Ы.Дүкенұлынан Байзақ батыр көшесіне дейін) көшелерінде де жүргіншілерге арналған тротуар салу жұмыстары жанданды.
Ал ұзындығы 1 шақырым 114 метр болатын Т.Аппаев көшесі мен Кіші Бесағаш көшесінде бүгінгі күні жұмыстар толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, «КАТСА» ЖШС-нің мердігерлігімен ұзындығы 3 шақырым 245 метр болатын Пушкин және Бектұрғанов көшелерінің көлік жолымен бірге жаяу жүргіншілер жолының да құрылысы жүруде. Сонымен бірге Демьян Бедный көшесінде де тура осындай ілкімді істер атқарылуда. Міне, осылайша жаяу жүргіншілер жолына жергілікті билік айрықша көңіл бөлуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табатын болады. Айта кетейік, былтыр қала аумағында жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 11 жоба жүзеге асырылған болатын.
Сонымен қатар Тараз қаласында соңғы бірер жылдың бедерінде жол жөндеу жұмыстарына ерекше екпін түсірілуде. Бұл бағытта облыс орталығында қолға алынған ілкімді істер көңіл қуантады. Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын М.Қойшыбеков көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары басталған болатын. Ы.Сүлейменов көшесінен бастап «Бурыл» алқабы, «Ұлы дала» (15) ықшамауданының аумақтарын жалғайтын жолдың ұзындығы 806 метрді құрайды. Ал ені 14 метрге кеңейтілуде. Қазіргі таңда мұнда «Шалқар Бастау» ЖШС мердігерлігімен жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған нысанға арнайы барып, жол сапасымен танысты. Енді осы жол арқылы аумақтағы көлік кептелісі азайып, тұрғындардың емін-еркін қатынауына мүмкіндік тумақ.