Тарихшылар үшін берілген уақыт өте аз

Тарихшылар үшін берілген уақыт өте аз

26 мамыр күні «Достық үйінде» Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы», «Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві» ММ ұйымдастырған «Тарихтан тағылым өткенге тағзым» атты дөңгелек үстелге негізінен ғалымдар қатысты. Олардың арасында Кеңес одағы құрылғаннан кейінгі кезеңдерде жүргізілген репрессия мен ашаршылық мәселелерін зерттеп жүрген шетелдік зерттеушілер де бар. Олар да қиын күндердегі қилы тарих туралы зерттеу жұмыстары жайлы ойларымен бөлісті.

Арнайы баяндама жасаған ғалымдардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Нұр-Сұлтан қаласынан құрылған өңірлік комиссияның жұмыс тобының басшысы, тарихшы Күлпаш Ілиясова «Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер, саяси партиялар, ұйымдар мен топтарды анықтау және зерделеу мәселелері» атты баяндама жасады. Біз жиналыстан кейінгі бір әредікте Күлпаш Мырзамұратқызын сөзге тартқан едік.

 

– Қалалық комиссияның атқарған жұмыстары туралы айтып беріңізші.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Сол комиссияның өңірлік комиссиялары жұмыс жасайды. Біздің Нұр-Сұлтан қаласынан құрылған комиссия былтыр маусым айынан бастап іске кірістік.  Топтың құрамында 20 адам бар. Негізгі атқарып отырған жұмысымыз — Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік, қалалық архивтің құжаттарын, қорларын ашу. Себебі бізге ІІМ-нің  берген ақпараты бойынша, «Ақмола қаласы бойынша 6832 адам 1920-1950 жылдар аралығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Соның ішінде 616 адам әлі күнге дейін ақталмаған» екен. Біз осы ақталмаған адамдарды анықтау бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Өңірлік комиссияны басқаратын қалалық архивтің бөлім басшысы, ғылыми қызметкер Ғазиза Исахан. Қалған 20 адам 10 топқа бөлініп, жобалық кеңсенің бағыты бойынша жұмыс істейміз. Мен топ жетекшісімін.

Зерттеу барысында ең әуелі түрлі архивтердегі құжаттарды саралай отырып, «репрессиялау саясаты кезінде біздің аймақтың қандай ерекшелігі болды?» дегенге көбірек мән бердік. Екіншісі осы жерде қандай саяси ұйымдар, топтар болды? Қандай партиялар, бірлестіктер болды? Соған қатысқан адамдарды анықтау жайында. Мысалы: біздің Ақмола өңірі бойынша Алаш қозғалысына қатысқан және ниеттес болғандардың тізімінде 19 адамды анықтап отырмыз. Олардың арасында 1917 жылы Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтайға қатысқан 12 депутат болған. Сол 12 адамның төртеуі Сәкен Сейфуллин, Ғайретдин Болғанбаев қатарлы тұлғаларымыз. Ал, саяси топтар деген кезде мыналарды айтқым келеді. Бұлардың барлығы — Қазақстан территориясының тұтастығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер. Зерттеу жұмыстары кезінде бір байқағанымыз — кәмпескелеу саясатына қарсы болған адамдардың ісі. Олардың арасында кезінде Алаш қозғалысына қатысқан азаматтар да болған. Мысалы: Әділов Байсейіт, оның інісі Дінше, Асқар барлығы алты ағайынды және туған туысқандарынан тағы 10 адам бар, барлығы кәмпескелеу саясатына қарсы шыққан. Сөйтіп, «малымызды Сәбет үкіметіне бермейміз» деп, Сарысу ауданы арқылы Шу өңіріне малдарын айдап әкетіпті. Бұл да қарсылықтың бір түрі ғой. Олардың үстінен «Ағайынды Әділовтердің ісі» деген іс қозғалған. Бұл іс Алаш қозғалысымен сабақтасып жатыр. Осы іс бойынша Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысының жетекшілері бар, жалпы 90 адам жауапқа тартылған екен. Әрине, бұған дейін құжаттар жарияланған, бірақ қазір комиссияның негізгі бағытын басшылыққа ала отырып осы мәселенің аражігін ажырату бағытында жұмыс істеп жатырмыз. 

Зерттеу барысында байқалған тағы бір мәселе —  ру, әулет бойынша репрессияға ұшыраған жағдайлар. Мысалы: жаңағы «Ағайынды Әділовтердің ісі» секілді Нұралиндерге қатысты құжаттарды кездестірдік. Ағайынды екі адам, үш адам қатар жүреді. Бір отбасында 20-25 адам болса да «кәмпескелеу саясатына қарсы шықты» деген сылтаумен басқа жақтарға жер аударып жіберген жағдайлар да болған екен. Келесі бір айтатыным, саяси ұйымдарға байланысты. Спецификациясына келетін болсақ, большевиктік партияға, коммунистік ұйымдарға баламалы ұйымдар жалпы қазақтың тарихында 1920 жылдардың ортасында түгелімен жойылған. Соның ішінде Сәкен Сейфуллин жетекшілік еткен «Жас қазақ» ұйымы Ақмолаға қатысты. Оның саяси органы болған «Тіршілік газеті», оның алдында «Айна» деген журнал, «Жас азамат» деген баспа болған екен. Осыларды зерттеу арқылы біз адамдардың санын шығарамыз. Саяси тәуелсіздік жолында күрескен күрескерлердің қатары мол екенін байқаймыз. Бізге берілген үш жыл уақыт тарихшылар үшін өте аз болып тұр. Сондықтан, анықтаған материалдарды ары қарай зерделеп ғылыми айналымға енгізу үшін бізге мерзімін ұзарту керек деген ұсыныс айтып отырмын. Себебі архив құжаттарын алғаннан кейін оны жүйелейміз, оған талдау жасаймыз. Мысалы, менің тобымда үш адам бар. Бұдан басқа мен жетекшілік ететін тағы бір топ бар. Біз қазір «не зерттелуі керек, нелер зерттелуі керек» деген мәселелерді анықтап отырмыз. Былтыр маусым айында үш ай бойы республикалық ҰҚК-ның құпия құжаттарын зерттедім. Мысалы: жаңа айтқан «Ағайынды Әділовтердің ісі» негізі Алматы қаласында екен. Енді осы құжаттарды ары қарай анықтау үшін сол жаққа барғаныңыз жөн. Онан кейін Ішкі істер министрлігінде де құпия құжаттармен жұмыс істедік. Республикалық комиссияның құрамындағы жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымовпен бірге, бүгінге дейін бірнеше рет, Ұлттық архивте, ҰҚК-нің архивінде 1920-1950 жылдар аралығындағы құжаттардың ішіндегі қылмыстық және азаматтық істерді, жеке істерді құпиясыздандырумен айналыстық. Соған күшімізді көп жұмсадық. Бірақ біздің реттеген істерімізді ары қарай тағы да қарайтын прокуратура, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің мамандары бар. 

– Сіздің айтқандарыңызға қарасам,  кадр тапшылығы бар сияқты?..

– Біздің топта 20 адам бар. Бұл Ақмола қаласы бойынша жеткілікті. Әр топта екі адамнан 10 топқа бөлініп жұмыс істеп жатырмыз. Біз тек қала және қала маңындағы өңірлер бойынша қарастырдық. Бірақ қаланың маңындағы репрессияға ұшыраған, ақталмаған адамдарды анықтау үшін қала маңындағы және айналасындағы шекараласып жатқан облыстарды зерттеп жатқан ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуге тура келеді. Мысалы, Петропавлға бардым. Ары қарай Омбыға, Томға бару керек. Өздеріңіз білесіздер, тарихта 1868-1918 жылға дейін Ақмола облысының орталығы Омбы қаласы болған. Сондықтан қарайтын, зерттейтін мәселелер өте көп.

– Уақыт аз дейсіз ғой? Тағы қанша уақытқа созу керек?

– Бұл жұмыс негізі аяқталып қалды. Алдағы желтоқсан айында қорытындысын ұсынуымыз керек. Осы екі жылда негізгі мәселелерді анықтап бердік. Ары қарай ғылыми мақалалар жазылу керек. Жаңа «әлемдік деңгейде көтерілуі керек» дегенді айтқанын естідіңіз. Жалпы әлемдік деңгейдегі ғылыми журналдарға шығу үшін осы жердегі сүзгілерден өтсек. Біз осы іс басталған кездегі мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың, қазіргі хатшы Ерлан Қаринның берген тапсырмаларын орындадық. 

Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан: Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
02.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 54
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368