Тарихы терең Бөкей ордасы

Тарихы терең Бөкей ордасы

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей ордасы үшін 2026 жыл тарихи маңызы зор мерейтойлармен ерекшеленеді. Биыл Бөкей хандығының құрылғанына – 225 жыл, ал Хан Ордасы ауылының негізі қаланғанына 200 жыл толып отыр. Мерейтой аясындағы алғашқы тағылымды шаралар наурыз айында Бөкей хандығының құрылған күніне орай облыс орталығы – Орал қаласында өтті. Айтулы даталарға арналған мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық іс-шаралар легі жыл бойына жалғасын табады.

Аталған ауданды бес жылдан бері осы киелі мекеннің төл перзенті Нұрлыбек Даумов басқарып келеді. 

Агроөнеркәсіп саласында оң өсім сақталуда

Соңғы жылдары Бөкей ордасы ауданында агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы тұрақты қарқын алып келеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауылшаруашылығының барлық санаттары бойынша мал басы көбейіп, негізгі өндірістік көрсеткіштер оң өсім көрсетуде.

– Қазіргі таңда ауданда 573 шаруа қожалығы мен 15 ауылшаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Есепті кезеңде ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі мен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 104,3 пайызға артып отыр. Аудандағы 20 елді мекенде 3501 аула болса, оның 1373-інде мал ұстайды. Сонымен қатар 553 қыстақ пункті тіркелген. Алдағы 2026–2027 жылғы қысқы маусымда малды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 220 мың тонна мал азығы қажет. Осыған байланысты мал азығын толық көлемде дайындау, шабындық алқаптарды тиімді пайдалану және науқанды ұйымдастыру жөнінде арнайы жоспар бекітілді, – дейді аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Биыл аудан бойынша алты шаруа қожалығы 1577 гектар алқапқа мал азықтық дақылдар еккен екен. Сонымен қатар тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында көкөніс пен бақша дақылдарын өсіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 447 аулада жалпы көлемі 13 гектар көкөніс және 5 гектар бақша дақылдары егілген. Бұл бағытта мұратсайлық Темірғали Бекжан мен бисендік Мейрам Ғазезов сынды кәсіп иелерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Сайқын, Жәрмеңке және Бисен ауылдарындағы жылыжайларда қияр, қызанақ, бұрыш пен баклажан өсірілуде. Ауданда мемлекеттік қолдау шаралары да өз нәтижесін беріп келеді. Жыл басынан бері ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден субсидия алуға 45 өтінім қабылданып, жалпы сомасы 212,7 млн теңгеге құжаттар рәсімделген. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық шығындарының бір бөлігін өтеу мақсатында 26 өтінім мақұлданып, 36 млн 375 мың теңге субсидия төленген.

Шаруа қожалықтары өндірістің тиімділігін арттыру үшін материалдық-техникалық базасын жаңартуды жалғастыруда. Биыл лизингтік бағдарламалар арқылы жалпы құны 570 млн 227,5 мың теңгені құрайтын 70 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биыл Мұратсай ауылында ветеринариялық пункттің құрылысы басталған. Ал Саралжын ауылында осындай нысан салуға арналған жер телімін рәсімдеу – аяқталу сатысында. Екі нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауданның барлық елді мекені ветеринариялық қызмет көрсету нысандарымен толық қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық жерлерде мал қорымдарын салу бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2026 жылдың сәуіріне дейін игерілуі жоспарланған 267,4 млн теңгенің бүгінгі күні 158,2 млн теңгесіне 23 азаматтың құжаттары тапсырылған. Бұл жоспардың 60 пайызын құрайды.

– Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Пайдаланылмай жатқан немесе нысаналы мақсатына сай игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шараларының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 570 гектар жер ауданның жер қорына қайтарылды. Сонымен қатар ауылшаруашылығы жерлерін тиімді айналымға енгізу мақсатында бес ауылдық округ аумағында конкурс арқылы жер телімдерін жалға беру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны жеті жер учаскесін конкурсқа шығару жоспарланды, – деді аудан басшысы.

Инвестиция көлемі ұлғаюда

 

Бөкей ордасы ауданында инвестициялық белсенділік жыл сайын артып келеді. Биыл аудан экономикасына 12 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланыпты. Оның ішінде жылдың алғашқы төрт айына 1,8 млрд теңге көлемінде инвестиция көзделсе, нақты нәтижеде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгеге жетіп, жоспар 129,1 пайызға орындалған. Оның 500 млн теңгесі жергілікті бюджет есебінен, ал 1,9 млрд теңгесі жеке инвестициялар арқылы тартылған.

– Биыл жалпы құны 12 млрд теңгені құрайтын 13-тен астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында аудан орталығында супермаркет, сауда және ойын-сауық орталығы, жанар-жағармай құю бекеті, мал сою алаңдары, жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандары, көпжылдық және біржылдық мал азықтық шөп өсіру жобалары секілді маңызды бастамалар бар. Бұл жобалардың іске асуы нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделді, – деген аудан әкімі Н.Даумов өңдеу өнеркәсібі саласында да оң серпін байқалатынын жеткізді. Қазіргі таңда ауданда түрлі бағытта жұмыс істейтін 28 өңдеу кәсіпорны тіркелген. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1072-ге жетсе, оның 1050-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар қатары да артып келеді. Егер 2025 жылы бұл салада 2550 адам еңбек етсе, биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша олардың саны 2610 адамға жеткен. Бұл аудан экономикасында кәсіпкерліктің үлесі артып, халықты жұмыспен қамтуға қосып отырған үлесінің жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

 Жұмыспен қамту көрсеткіші жақсарды

 

Бөкей ордасы ауданында жұмыспен қамту саласында оң өзгерістер байқалып отырғаны да қуантады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны 89 адамға азайған. Ауданда ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындар болмаса да, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері ауданда 178 тұрақты және уақытша жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл халықты еңбекпен қамтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң ықпал етуде.

Әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 53 отбасының құрамындағы 264 адамға жалпы көлемі 10 млн. 35 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толық көлемде төленген.

 

Жол инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда жол инфрақұрылымын жетілдіру маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы мақсатта Бөкей ордасы ауданында автожолдарды жаңғырту және елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда екен.

Өткен жылы ауданға қарасты Мұратсай ауылының 18 шақырым кірме жолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, қазіргі уақытта жол жиегі қалыпқа келтірілуде. 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Хан ордасы және Бисен ауылдарындағы көше жолдарының құрылысы басталған болатын. Биыл осы ауылдарда ішкі жолдарды салу жұмыстары қарқын алған. Аталған жобалар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

 

Тұрғын үй құрылысы, білім және денсаулық 

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және жеке инвестиция есебінен 35 пәтер сатып алу көзделген. Қазіргі таңда барлық тұрғын үй нысандарында құрылыс жұмыстары басталып, белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

– 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар тарапынан 204 млн теңге инвестиция тартылды. Осы кезеңде жалпы аумағы 1 388 шаршы метрді құрайтын 11 тұрғын үй пайдалануға берілді, – дейді аудан әкімі. 

Білім беру саласына келер болсақ, қазіргі таңда Бөкей ордасында 9 жалпы орта және 8 бастауыш мектеп жұмыс істейді. 2025-2026 оқу жылында мектеп бітірген 202 түлектің 19-ы «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болса, 8 түлек үздік аттестатпен тамамдаған. Сонымен ауданның бірқатар білім ошақтарында жылыту жүйелері жаңғыртылған.  Кей ауылдардағы бастауыш мектептер жаңа жиһаздармен қамтамасыз етіліп, оқу кабинеттерінің жағдайы жақсарған. Аудан мектептеріне дабыл түймелері орнатылып, бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталығына қосылған. Мамандандырылған күзет қызметі ұйымдастырылып, көптеген мектептердің бейнебақылау жүйелері жаңартылған. Сондай-ақ «Желкен» қоры аясында бірнеше мектептің кабинеттерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданда денсаулық сақтау саласын дамыту және медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Бөкей ордасында 22 дәрігер мен 120 орта буын медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Кадр тапшылығын кезең-кезеңімен шешу жұмыстары – тұрақты бақылауда. Дәрігерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауданға келген барлық дәрігер аудан әкімдігі тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруы есебінен заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылуда.

– Алдымызда ауданымыздың өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар күтіп тұр. Ортақ мақсат жолында күш-жігерімізді біріктіріп, ынтымақ пен бірліктің арқасында барлық жоспарларымызды табысты жүзеге асыратын боламыз, – деді аудан әкімі Нұрлыбек Даумов. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26895
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26336
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43709
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39495
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44093