ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕНІҢ ҰШТАСУЫ ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕНІҢ ҰШТАСУЫ ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Өткен жыл білім саласы үшін көптеген өзгерістер мен жарқын жетістіктерге толы болды. Салаға серпін беретін тың жобалар мен баянды бастамалар бастау алды. Бұл тұрғыда Талас ауданында да игі істер атқарылуда. Осы орайда Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғаповпен әңгімелескен едік.

– Мақсат Арапұлы, Тамыз кеңесінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім беру мекеме басшыларының бос лауазымдарына конкурс әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі және де облыстық деңгейде кадр резерві құрылады, оның үміткерлері болашақта директор бола алады деген пікір айтты. Бұл пікірге қосатыныңыз бар ма?
– Ия, аймақ басшысы тамыз кеңесінде мемлекет тарапынан білім саласына айрықша көңіл бөлініп отырғандығын, педагогтердің еңбек етуіне барлық қолайлы жағдай жасалып жатқандығын атап өтті. Бауыржан Момышұлының «Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда» деген нақыл сөзі бар. Қиындық демей-ақ қоялық, бірақ, өзгермелі әлемде шапшаң әрі шебер қимылдау қажет-ақ. Оның әр жағында білімің мен білігіңнің болуы тағы бар. Бұл, әсіресе, басшылық, оның ішінде, мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез-келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның «әмбебап» болуы заңды.
Осы орайда, облыстық деңгейде білім және денсаулық салаларында облыстық деңгейде кадр резерві құрылады. Бұл өзгерістер көшбасшыларының кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал етеді, Күн санап дамыған мына заманның ағымына, дәуірдің дамуына қарай құрылымы өзгеріп, жүйесі дамып отыруы – заңдылық. Ал енді оны игеру – айтуға оңай болғанмен, жай шаруа емес. Ол үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет.
– Білім беру мекемелеріндегі бақылау қадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулер жеткілікті. Көп жағдайда мектептің шаруасына бөлінетін қаржы жеткіліксіз болады, толық бөлінбейді… Ал енді кемшіліктер анықталса, айыппұлды заңды тұлғаға емес, лауазымды тұлға ретінде мекеме басшысына салады. Осыған сіз келісесіз бе? Пікіріңізді айтсаңыз…
– Бала қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет.
Бүгінде аталған жұмыстарға байланысты, қажетті іс-шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Мұндағы басты мақсат — білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алушылар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру. Бұл жұмыстар оқу орнындағы тәртіпті нығайтып, білім үлгерімінің артуына оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында қолжетімділікті бақылау және басқару жұмыстары да жолға қойылған.
Осы орайда сіздің сауалыңыздың да өзіндік маңызы бар. Ақиқатында тек білім саласында ғана емес, сыбайластық пен жемқорлықты жою, болдырмау мақсатында білім мекемелеріндегі бақылау қадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулердің болатыны заңды. Ал, мектептің шаруасына бөлінетін қаржы туралы сауалыңызға келсек, қазіргі таңда білім ордаларының материалдық-техникалық жабдықталуына мемлекет тарапынан барынша қаражат бөлініп, қолдау көрсетілуде.
Қаржы жеткіліксіздігі жайлы да түртіп кеттіңіз. Бірақ мен бұл тұрғыда қаржы жеткіліксіздігі деп емес, мекеме басшылары тарапынан дер кезінде сұраныс, қажеттілікке байланысты ұсыныс берілетін болса кемшілік орын алмайды. Сонымен қатар сұраныс пен ұсыныс берумен ғана шектелмей, өз тараптарынан белсенділік танытып, жомарт түлектерін тартып, демеушілік ететін болса, кейбір кемшіліктердің дер кезінде болмауына ықпал ете алады. Негізі барлық жауапкершілік бірінші басшының тікелей міндеті болғандықтан немқұрайлық танытпай үнемі ізденіс үстінде боламыз.
Сіз айтқандай кейбір жағдайда кемшіліктер анықталса, айыппұлды заңды тұлғаға емес, лауазымды тұлға ретінде мекеме басшысына салынуы әрине орынды. Бір жағынан қарағанда әділетсіздік секілді болып көрінгенімен, көтере аламын деп белге шоқпар байлаған соң, оның жауапкершілігін де сезінген жөн. Ақиқатында ең бірінші кезекте, бірінші мекеме басшы кез-келген уақытта оның функционалдық міндетіне мекеме ұжымы мен оқушылар қауіпсіздігіне де жауапкершілік кіретінін ұмытпауымыз керек.
– «Бүгінгі ұстаз газет-журнал оқымайды» дегендерге не айтар едіңіз? Олардың жазылым науқанына немқұрайлы қарауына не себеп?
– Тасқа қашалып жазылған дүниенің ешқашан құны жоғалмайды деген тегінде рас. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Егер оның құны мәңгілік болмаса, сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазулар неге соншама ғасыр сақталып қалды?! Газет пен журнал да сондай. Мәңгілік. Сарғайған парақтардағы сарғайған жазуларды кез келген сәтте тауып алуымызға мүмкіндік бар. Сонау 1870 жылы шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті, «Дала уәлаяты» газеттері немесе революциядан кейін Алаш азаматтары шығарған «Қазақ», «Айқап» сияқты басылымдар осының дәлелі емес пе.
Алаш арыстары жазып қалдырған рухани дүниелеріміздің бәрі «тасқа қашалып жазылғандай» күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді. Бұл да газет пен журналдың құдіретінің арқасы. Осы орайда ұрпақ санасына білім нәрін құятын ұстаздар қауымы газет оқымайды деуге келмейді. Өйткені күнделікті ізденіспен жүретін ұстаздарға қойылып отырған талаптар да аз емес. Тек балаларға сабақ қана оқытумен шектелмей жаңа әдістер мен жаңа көзқарастарды оқушы санасына құйып, оны дәріс барысында қолдануда.
Осының нәтижесінде Талас аудандық білім бөлімінде жетістікер жетерлік. Десек те, қазіргі таңда жазылым науқанының жүруі бәсең екені рас. Себебі бүгінде ашықтық қалыптасып, кез келген ұстаз болсын, тұрғын болсын газетке жазылу жазылмау өз еркінде. Басылым жазбалары арқылы өзіне қызықтырып, тартып, қажеттіліктерді бере алған жағдайда кез келгені өз қалауымен жазылады. Шындығында газет оқу –
зиялылықтың белгісі. Қазақтың ардақты ұлы Міржақып Дулатов айтқандай, газет шығару оңай іс емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін
жауапкершілігі зор жұмыс. Бүгінде қоғам арасында «газетті кім оқиды?», «жазылудың не керегі бар?» сынды әрқилы пікірлер айтылып та жатыр.
Әрине, қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болатыны да сөзсіз. Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі де көп. Айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте- ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық осы.
Газет ешқашан өлмейді. Неге десеңіз, талай жыл бұрын шыққан дүниелерді тапқыңыз келсе, газеттің мұрағатын ақтарсаңыз, бәрін сол күйінше тауып алуға болады.
– Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Мектептерде қудалау мәселесі болмауы керек. Биылдан бастап мұғалімдермен соттасатын мектеп басшылары мектепте істемеуі керек», — деді. Министрдің бұл пікірімен келісесіз бе? Жалпы бұл мәселеге қатысты ойыңыз қандай?
– Сұрағыңыз қоғамдағы әрбір адамның көкейін мазалап жүрген жағдай деп білемін. Бұл ретте бір-бірімізден кінә іздегеннен гөрі одан арылатын жол іздеген дұрыс шығар. Соңғы кездері қоғамымызда мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жиі сөз етіліп жүр. Мұның да жөні бар. Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мектептерде қудалау мәселесі болмауы керек дегені де көңілге үлкен серпін ұялатқаны рас.
Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Бірқатар нормативтік құқықтық актілер қабылдады. Баламыздың болашағы білімге байланысты болғандықтан, әркімнің жаны ашиды, әркім өз баласының ең жақсы білім алғанын қалайды. Сондықтан ағарту мәселесі халықтың жіті назарында.
Ғани Бейсембаевтың сөзінше, мұғалімдермен соттасатын мектеп басшылары мектепте істемеуі керек. Ұнамаса, ондай мұғалімдерді жұмысқа қабылдамау қажет. Ал, қабылдадыңыз ба, тәрбиелеңіз. Бүкіл ұжыммен ақылдасу керек. Осылайша мектеп басшысы мен мұғалім арасындағы келіспеушіліктің ушығып кетуіне тосқауыл қойылмақ.
Білім министрінің өте өзекті мәселені көтергені күллі білім саласындағы жандарға оң әсер етті. Шындығында ұстаздарымызға құрмет көрсету, осы саладағы шығармашылық жетістіктеріне колдау жасау, әлеуметтік әріптестіктерге қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз
– Қазір аутизм диагнозы бар оқушыға жеке «педагог-ассистент» қызметі енгізілді. Бүгінгі күні аудан бойынша қанша «педагог-ассистент» бар? Және оларға қандай жағдай жасалуда?
– Инклюзивті білім беру жүйесі – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі жандарды жалпы білім үрдісіне толық енгізуге бағытталған. Ал, сіздің сұрағыңызға келер болсақ, аутист балалары бар ата-аналарға қиын болса да, аутизм диагнозымен де өмір бақыт пен қуанышқа толы екендігін дәлелдеп жүргендер бар. Бірақ бүгінгі таңда «педагог-ассистент» бізде жоқ. Алдағы уақытта қолға алыну үстінде. Бұл ерекше немесе көмекке зәрі балаларға қолдау аз деген сөз емес. Талас ауданында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды мемлекеттік қамтамасыз етуді жүзеге асыруда. Айталық, Талас ауданының қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқаратын Талас ауданының білім бөлімінің 2023 жылғы есебіне 57 бала қамқоршылыққа алынған. Оның ішінде 34 бала толық жетімдер, 23 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Сондай-ақ 57 балаға мемлекеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы тағайындалды, оның ішінде – бір асыраушысынан айырылу бойынша – 22, екі асыраушысынан (жетім) айырылу бойынша – 33, мүгедектігі бойынша – 2. Мемлекеттік қордан баспана алу үшін 57 бала жеңілдікті кезекте тұр, барлық тәрбиеленушілер жеке қаражатын аудару үшін «Отбасы» банкінде депозиттік шот ашқан. «Мейірім» жобасы аясында осы балалардың шоттарына демеушілер есебінен қаржы құйылды.
– Бүгінде аудандағы білім беру ұйымдарында деструктивті діни ағымдарға тосқауыл қою мақсатында қандай кешенді шаралар қолға алынуда?
– Білім мекемелерінде дін саласы бойынша ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу және оған жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық Жол картасын орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Білім беру ұйымдарында деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған түрлі форматтағы жалпы 993 іс-шара ұйымдастырылып, 45 сауалнама алынып, 361 тәрбие сағаттары, 42 бейнеролик әзірленді. Бұл іс-шараларға жалпы оқушылардың 70 пайыздайы қамтылды.
– 2023 жыл Талас ауданындағы оқу ордалары үшін қандай жетістіктермен түйінделді?
– Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Алған білімдерін оқушылар өмірде қолдана білу үшін жұмыс істеу керек. 2022-2023 оқу жылының пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Әбу Айя Қазақстан тарихы пәнінен 3-орынмен, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 9 сынып оқушысы Махметалы Мейірім құқық негіздері пәнінен 3-орынмен, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жәкіш Анел «Алғыс хатпен» және 10 сынып оқушысы Біртай Бекнұр география пәнінен «Алғыс хатпен» марапатталды. 2023-2024 оқу жылының пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 9 сынып оқушылары Әлзах Қарақат – Қазақстан тарихы пәнінен 1-орын, Жаманбай Балауса – құқық негіздері пәнінен 3-орын, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Әбу Айя – Қазақстан тарихы пәнінен 3-орынмен, Мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Құрманбай Малика – география пәнінен 3-орын иеленді. «КИО» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 5-10 сынып оқушылары арасында өткізетін Қазақстан тарихы пәнінен «Тарих ата» республикалық қашықтық олимпиадасына аудан мектептерінен 300 оқушы қатысып, қорытындысы бойынша 1-орынмен – 10 оқушы, 2-орынмен – 35 оқушы, 3-орынмен – 48 оқушы, сертификатпен – 30 оқушы және пән мұғалімдері «Алғыс хатпен» марапатталды. 7-11 сынып оқушылары арасындағы «Менің Отаныма – менің бастамам» атты шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңіне 7 оқушы қатысып, 3 оқушы жүлделі орын иеленді (Зарқынов Мирхан 1-орын, Орынбасарұлы Мәулет 3-орын, Қарашай Бекнұр 3-орын, Бақтыбай Нұрай «Алғыс хат»). Жас педагогтардың әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, инновациялық белсенділіктерін дамыту, кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне жағдай жасау мақсатында 2023 жылдың наурыз айында өткен «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтар байқауының облыстық кезеңіне А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның тарих пәні мұғалімі Төлен Мөлдір қатысып 3-орын иеленді. «#BESТВИДЕО ТУҒАН ӨЛКЕ» атты облыстық онлайн байқауына 4 оқушы қатысып А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 9 сынып оқушысы Қосыбай Толғанай 1- орын, Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Амангельдиева Үміт – 1-орын, А.Дәулетбеков атындағы орта мектебінің оқушылары командалық жұмыспен Еркінбек Алина, Жиделібай Нұрай 2-орын иеленді. «Менің кіші Отаным» атты облыстық конкурсына қатысып А.Байтұрсынұыл атындағы гимназияның 10 сынып оқушысы Маймышева Алина – 3-орын, Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Амангельдиева Үміт – 3-орын иеленді.
«Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиелеген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», — деген екен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай. Сондықтан, баланы ұлттық құндылықтарға баулудың маңызы зор деп білемін. Өткен жылы ауданымыздың оқушылары облыстық олимпиада да топ жарып, жүлделі орындарға ие болса, ізденімпаз ұстаздарымыз тың жобаларымен көңіл қуантты. Бұл ауданымыздың озық, білімді жастары мен ұстаздарының жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Мектептің және ұстаздардың жұмысының жемісі, шәкірттеріміздің шыңды бағындырғаны арқылы байқауға болады. Сол себепті білімді және білікті оқушыны тәрбиелеп, оны үлкен өмірге қанаттандыру – біздің басты міндетіміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қ.ШАХАБАЙ, журналист. "Білім шырағы" педагогикалық-ақпараттық газетіне жарияланған сұхбат
22.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 108
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 105
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 98
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 87
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 984
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1023
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 999

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5988
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5431
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8615
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6422
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7630