Тәуелсіздік десек, Желтоқсан көтерілісі ойға оралатыны бар. Өйткені Желтоқсан дүмпуі ХХ ғасыр аяғындағы егеменді ел болу жолындағы шын мәнінде елдің еңсесін көтерген тарихи оқиға болды. Осы баскөтеруде ұлттық намыс жолында көптеген қыршын жастар шыбын жандарын құрбан етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Он екіде бір гүлі ашылмаған мыңдаған жас қазақтар жазықсыз жапа шегіп, сол ызғарлы күндері жеген таяқтарының, жабылған жаланың зардабынан әлі күнге дейін айыға алмай келеді. Олар қазір де арамызда. Олардың есімдері ешқашан, ешуақытта ұмытылмақ емес.
Осы орайда Алматы мемлекеттік полтехникалық колледжінің ұжымы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары – белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңіген қайраткері Болат Шарахымбай, Қайыркелді Күзембаев, Несіпкүл Шөкей, Нұриддин Бегежановпен кездесу өткізіп, оларға құрмет көрсетті. Тарих пәнінің оқытушылары Гүлбану Омарбекова мен Эльмира Қожағұлова ұйымдастырған бұл кездесуді оқу орнының директоры Медет Омарбеков ашып, қонақтар мен білім алушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттық тарихында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алтын әріппен жазылатынын атап өтті.
Бұдан соң қонақтар кезегімен сөз алып, әрқайсысы өз бастарынан өткерген оқиғалар мен замандастарының ерлік істері туралы әңгімелеп берді. «Бізді алаңға алып шыққан – ұлттық намыс пен бостандықсүйгіш мінез. Қазақ асау халық, кез келген бопсаға көнбейтінін ісімен де, мінезімен де дәлелдеді. Желтоқсан көтерілісі соның бір мысалы», – деп тебірене сөйлеген ақын Б. Шарахымбай өздерін арнайы шақырып, төрге оздырып, жас ұрпаққа үлгі болар тұлғалар қатарында мадақтап, құрметтегендері үшін колледж ұжымына алғысын білдірді.
Кездесу барысында оқушылардан құралған өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қайсарлық пен ерліктің белгісіндей желтоқсаншылармен болған бұл кездесу жастар үшін үлкен тәлім болғаны анық.