Театрдың тұғыры болған тұлға

Театрдың тұғыры болған тұлға

Бүгін мен үшін өте қайғылы күн. Өйткені соңғы аңыз тұлғалардың бірі бақиға аттанды. 

Есмұқан Обаев – театр қайраткері, ұлы педагог, режиссер, профессор. Ол кісі жайында тізбектеп айта беруге болады, бірақ бір анық нәрсе – ол Қазақстандағы театр өнерінің дамуына үлкен ықпал еткен ірі тұлға еді. 

Ол министрлікте де қызмет атқарды, Семей театрын көтерді, Әуезов театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссёры болды. Әрдайым режиссёрлармен де, әртістермен де тығыз байланыста болып, көпшілігін танитын, білетін. Оның бойында ешқашан тәкаппарлық болған емес. Яғни, өзі ұлы тұлға бола тұра, қарапайым адам еді. Харизмасы да күшті, баритон дауысымен дәлізде де, залда да гүрілдеп естілетін. Оны алыстан-ақ тануға болады.

Ол – ұлы ұстаз. Оның танымал, әрі дарынды шәкірттері өте көп. Мұндай тұлғамен мақтануға болады, бірақ бүгін менің көңілім мұңлы. Себебі біздің ұлы театр қайраткерлеріміз бірінен соң бірі өз ағысын тоқтатып жатыр.

Біз, студенттер, асыл ұстаздарымыздың тәрбиесін көріп өстік, кейде еркелеп, қалжыңдасып жүрсек те, олар бізді әрдайым дұрыс жолға бағыттап, адамдық пен өнердің биік өлшемін үйретті.

Институтты бітірген соң мен Семей қаласына барып, еңбек жолымды бастадым. Бұл қала мен үшін ерекше болды, себебі ұстаздарымның, әсіресе Есмұхан Обаевтың Абай атындағы театр сахнасына сіңірген еңбегі орасан зор еді. Ол кісі тек режиссер ғана емес, терең ойлы психолог болатын. Әрбір адаммен жылы сөйлесіп, жан дүниесін түсіне білетін ерекше қасиеті бар еді.

Мен оны әрдайым режиссер ретінде ғана емес, адам ретінде де үлгі тұттым. Бірде Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына байланысты өткен үлкен шарада менің ата-анаммен жолығып, мен туралы жылы пікір білдіргені есімде. Сол сәтте ұстазымның кеңдігі мен адамгершілігіне тағы бір мәрте тәнті болдым.

Ол кісі әрдайым өнердің жанашыры болды. Театр сахнасын, актерлерді, шығармашылық ұжымды ерекше қадірлейтін.

Өкінішке қарай, сондай үлкен тұлғалардың өмірден өтуі – біз үшін орны толмас қайғы. Бірақ олардың еңбегі, қалдырған мұрасы, тәрбиелеген шәкірттері арқылы олардың рухы мәңгі жасайды. Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев – тұтас бір дәуір, қазақ театрының алтын кезеңінің өкілдері еді. Біз үшін олар тек ұстаз емес, өмірлік бағдар берген ұлы тұлғалар болып қала береді.

Қош бол, Ес-аға!

Гүлсина МИРҒАЛИЕВА

 

22.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24588
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24254
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41699
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37589
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41974