Әлемнің тынышын алған экстремизм мен терроризм, мысық табандап біздің елімізге де ауыз салғаны өтірік емес. Қауіптің алдын алу үшін ел билігі барлық іс-шараны жасап жатыр. Ел іргесін заңмен бекіттік. Қауіпті ағымдарды анықтап, тұтастығымызды сақтауға көңіл бөлінді. Алайда қауіп-қатер әлі сейіле қойған жоқ.
Экстремизм мен терроризм-адамзат қауіпсіздігіне төнетін басты қауіп екені шындық. Терроризм мен экстремизм қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі ретінде танылды. Олар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен бастап аймақтық халықаралық ұйымдарға дейінгі ең жоғары алаңдарда айтылуда.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев бір сұхбатында: “Өкінішке қарай, сырттан енетін радикалды діни идеология Қазақстан үшін бұрыннан шынайы қауіп-қатерге айналды. Оның ықпалымен 2011 – 2012 және 2016 жылдары республикамыздың әртүрлі өңірлерінде болған террористік актілер естеріңізде болар. Сондықтан ҰҚК қызметкерлері үшін терроризмге қарсы күрес –жұртшылыққа көбінесе байқала бермейтін қарқынды жұмыс.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының материалдары бойынша, ағымдағы жылы террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталып, тағы 23-і тергелуде.
Діни радикалдар қатарынан шамамен 170 шетелдіктің елімізге кіруіне жол берілмеді. Бұдан басқа, ҰҚК осы саладағы уәкілетті орган ретінде күштік құрылымдар мен басқа да мемлекеттік органдардың көмегімен бірқатар шараларды іске асырды.
ҰҚК Терроризмге қарсы орталығының штабы жыл басынан 300-ден астам түрлі оқу-жаттығу, семинар, адамдар көп жиналатын орындарды тексеру ұйымдастырды” деді.
Биылғы жылдың 3 сәуірі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесу өткізді. Қазақстан Президенті қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитіне дайындық жүріп жатқанын айтып, аталған шараның еліміз үшін мәні зор екеніне назар аударды.
Президент ШЫҰ кеңістігіндегі ұжымдық қауіпсіздіктің рөлі артып келе жатқанын ескере отырып, ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесулері айрықша өзекті екенін атап өтті.
– Өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс орын алды. Жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқан. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар қақтығыстар мен зорлық-зомбылық әрекеттерінің жаһандық циклы белең алып келе жатыр деп санайды. Осы ретте халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, таяуда көптеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеу облысындағы қайғылы оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетті.
– Қазақстан лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын бірден мәлімдеді және Ресеймен бірге екенін білдірді. Екі елдің арнаулы қызметтері терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұдайы байланыста. Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті бүкіл әлем, соның ішінде бүгін өздеріңіз өкілі ретінде келіп отырған елдер де қатаң айыптады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кінәлілердің бәрін жауапқа тарту қажет екенін, сондай-ақ терроризммен күрес мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы кезінде өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылғанын еске салды.
– Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Өз кезегінде, біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. «Үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек. Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы 2024-2029 жылдарға арналған стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды.
Экстремизм мен терроризмнің танытуы адам өмірінің жойылуына, инфрақұрылымның, рухани, мәдени құндылықтардың жойылуына әкеледі. Бұл жағдайда көбінесе жазықсыз, кездейсоқ адамдар құрбан болады. Теориялық актілер адамдардың психикасына зиян келтіреді, оларды қорқытады. Сонымен қатар, терроризм экономикаға, өнеркәсіптік – сауда байланыстарына зиян келтіреді, елдегі жағдайды тұрақсыздандырады.
Адамдар бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүргісі келеді. Мемлекеттің дамуы үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділік қажет. Терроризм мен экстремизмге әлемдік қауымдастық қарсы тұр. Қазақстан да ерекшелік емес.
1999 жылдың шілдесінде «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заң қабылданды. 2005 жылғы 18 ақпанда Қазақстанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мақсатында «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 және 2018-2022 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалары бекітілді.
Заңға сәйкес, экстремизм дегеніміз – жеке және (немесе) заңды тұлғаның немесе белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған бірлестіктің келесі әрекеттер мен мақсаттар жасауы:
- конституциялық құрылысты күштеп өзгерту;
- Қазақстан Республикасының егемендігін, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмаушылығын және бөлінбейтіндігін бұзу;
- мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру;
- билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстау;
- заңсыз әскерилендірілген құрылымды құру, басшылық ету және оған қатысу;
- қарулы көтерілісті ұйымдастыру және оған қатысу;
- әлеуметтік, таптық алауыздықты қоздыру (саяси экстремизм).
Деструктивті және радикалды діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтарға, сондай-ақ олардың туыстарына көмектесу үшін арнайы кеңес беру және оңалту орталықтары жұмыс істейді, онда жоғары білікті теологтар мен психологтар жұмыс істейді, олар қасиетті жазбалар контекстінен үзілген радикалды сипаттағы шақыруларды түсіндіре отырып, ықпалға түскен азаматтарға көмектеседі.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















