Тігінмен тірлігін түзеген

Тігінмен  тірлігін түзеген

Бүгінде ел ішінде бойындағы талантын тура тауып, онысын кәсіпке айналдырып жүргендер некен-саяқ. Сананы тұрмыс билеген кезеңде сүйікті ісіңмен айналысудың өзі үлкен бақ. 

Десек те, жуырда Тұрар Рысқұлов ауданынан Отанын өз үйіне балап, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, азаматтық адалдығын танытып жүрген орыс қызын кездестірдік. Жанна Калининаның қазақы ұлттық киімдерді тігіп, нарыққа сапалы өнім ұсынып отырған кәсіпкер екенін білгенде, қуанышымыз еселене түсті. Құлан ауылынан шағын тігін шеберханасын ашқан ол қазақы ұлттық костюмдермен қатар, кешке арналған көйлектер және тапсырысқа қарай мектеп формаларын тігеді. 

Жанна өзі орыстың қызы болғанымен, жаны қазақ десек, артық емес. Тілі де жатық, бойынан да қазақы тәрбиенің ибалылығы есіп тұр. Мұның бәрі де оның әжесінің тәрбиесінен екен.

– Бала күнімнен Құмарық ауылында әжем Мұхтарам Мұхамеджанқызының тәрбиесінде өстім. Әжем дүнгеннің қызы. Бірақ қазақша жақсы білетін, көргені көп кейуана. Қолөнерге де шебер. Бар білгенін маған үйретті. Тіпті, тігіншілікке де сол кісі жетеледі. Маған «Әрбір іс жаңадан бастағанда бірден дұрыс шыға қоймайды, сонда да үмітіңді үзбей жалғастыра бер. Мақсатыңа жетуде табанды болсаң, табысқа жетесің» деп жиі айтады. Расында да солай болып шықты. Әжемнен көрген-білгенімді біліммен толықтыру үшін Тараздағы «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінде оқып, «модельер-конструктор» мамандығын үздік дипломмен алып шықтым. Оқуымды тамамдаған жылы сол жерде графикалық дизайнер болып жұмыс істеп, Айдархан Қалиевтен көп нәрсе үйрендім. Айдархан Миралыұлы өте сауатты және өз ісінің нағыз маманы әрі білгенін жастарға үйретуден де аянбайды. Алайда, өмір заңдылығымен тұрмысқа шығып, Құлан ауылына келдім. Сонша жыл үйренгенімді, қолымнан келетін істі ары қарай жалғастыру үшін осы ауданнан шағын ғана тігін цехымды аштым. Күйеуім Руслан неміс этносынан. Бала күнімде біздің отбасымызда қазақша да, орысша да сөйлейтінбіз, қазір де солай. Мектепте де қазақ сыныбында оқыдым. Қазір өзімнің кішкентай қызым да қазақша, орысша, ағылшынға сөйлеп, өсіп жатыр, – дейді Жанна Александровна.

Жеке кәсіпкерлігін ашарда қорқыныш болғанын жасырмаған Жанна әжесінің үнемі айтатын ақылын ескеріп, діттеген мақсатына жету жолында ешбір кедергіге тоқтап қалмаған. Жанындағы жолдасы да жігерлендіріп, жылы сөздерімен қолдау көрсеткен. Сөйтіп 2023 жылдың басында тігін шеберханасын ашқан. Онда тапсырыспен киім тігумен қатар, өз шығармашылығымен әзірлеген сәндік костюмдерді де тігіп, сатылымға шығарады. Сонымен қатар, барлық киім-кешектерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізеді. 

– Ең алғаш тапсырыс берген кісі мен тіккен көйлегін киіп көруге алғашқы келгенінде-ақ дәл ойындағысындай шыққанын айтып, қуантты. Содан бастап, тапсырыстар қабылдап, тігіншілікке бет бұрғанымда тұтынушыларымның әрбір айтқан сөздері жігерлендіріп, ризалық лебіздері шабыттандырды. Содан соң қиялымды қосып, өз ойымша жаңа үлгі ойлап табуды бастадым. Осылай ісім алға басты. Әрбір түскен тапсырысты күндіз-түні ойланып, іштей әбден пісіріп аламын. Кез келген істе де, шығармашылықта да адамды алға жетелейтін тұтынушының разылық пікірі. Ақысын алардан бұрын тұтынушының алғысын алуға тырысамын. Былтыр күзде оқу орындарында, мектептерде өтетін күзгі балдарда матадан емес, қағаз, целлофан секілді материалдардан сәндік киім тігіп, көрсетуге басымдық берілді. Сол кезде мен де өз қолымнан жасаған осындай түрлі киімдерімді TikTok желісіне салдым. Миллионға жуық қаралым жинады. Өз еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес мемлекеттерден көптеген адамдар хабарласып, гофрленген қағаздан жасалған көйлегіме тапсырыстар түсті. Ол көйлекке Мемлекеттік Туымыздағы күннің бейнесін салған едім. Әттең, сол уақытта ауырып қалып, біразына тауарымды дайындап үлгере алмай қалдым. Бірақ, менің өнерімді көптеген халық таныды. Содан кейін тапсырыстар әлеуметтік желілер арқылы келетін болды. Бірақ, өз ауданымыздан басқа аймақтардан келетін тапсырыстарды жеткізіп беру қызметін жүзеге асыра алмай отырмын. Әрі бәрін тігуге үлгермей де қаламын. Көмекші іздеп жатырмын, бірақ сәндік киім-кешек тігуге қабілетті адам өз ауданымыздан әлі табылмай тұр. Егер сондай шебер болса, барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Тіпті болмаса осы шеберханамда отырып, түскен тапсырыстарды тігіп, менімен тек осы орынның жалақысын ғана бөлісіп, өзі табыс тапса да қарсы емеспін, – дейді ісмер Жанна Калинина.

Он саусағынан өнер тамған жас шебердің ендігі мұраты – біраз тұрғындарды жұмыспен қамтитын үлкен тігін цехын ашу. Сол арқылы Құланның атын сәндік киім-кешек саласында шығаруды көздейді. Әрі өскен өлкесінің экономикалық тұрғыда да дамуына өз үлесін қосуды көксейді. Бірақ, қазірше үлкен цех ашуға дайындық жасап, шебер жандарды іздестіруде. Сонымен қатар, шағын бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға да ниеттеніп, дайындалуда. Талабы таудай, еңбекке құлшынған жастың қадамы құтты болып, мемлекеттік қолдауларды иеленсе, аймақтың әлеуетін әлдендіру үшін де үлесі зор болар еді. 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы
27.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 206
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 49
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 221
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 221
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 239
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 221
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 210
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 205
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 228
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 217
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 225

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10504
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9484
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12719
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11689
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16702