ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАДЫ, АҚЫН – ОНЫҢ ҮНІ

ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАДЫ,  АҚЫН – ОНЫҢ ҮНІ

Алматыдағы №229 жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілінің қадірін арттыру, әдебиет пен поэзияның рухани маңызын дәріптеу мақсатында, «Тіл – ұлттың жады, ақын – оның үні» тақырыбына  Қазақстанның құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Шарахымбаймен кездесу  өтті. 

Бұл басқосу тек мерекелік шара шеңберінде қалып қойған жоқ, сонымен бірге ана тілдің қоғамдық және рухани мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру, көркем сөздің тәрбиелік қуатын таныту және насихаттау мәселелері жатты. Себебі тілдің өміршеңдігі оның қолданылуымен ғана емес, сол тілде жасалған әдеби мұраның ұрпақ санасына қаншалықты сіңірілуімен де тығыз байланысты.

Әдеби кешке мектеп ұжымынан басқа Түрксіб ауданы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де қатысып, ақынның ой-толғамдарын тыңдауға және шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Кешті Түрксіб ауданы білім бөлімінің басшысы Жанна Жылқышина  мен мектеп директоры Мақпал Батырханова ашып, тағылымды кездесудің мән-маңызын атап өтті. 

Одан әрі кеш қонағы Болат Шарахымбай сахна төріне шақырылып, кездесу мазмұнды сұхбатқа ұласты. Ақын алдымен өзінің шығармашылық жолы мен әдеби ортадағы ізденістері жайында ой бөлісіп, одан кейін бүгінгі қоғам үшін аса маңызды бірқатар сауалдарды ортаға салды. Сұхбаттың өзегіне мұғалімнің тіл алдындағы жауапкершілігі, әдебиеттің адам тәрбиесіндегі орны, қоғамдағы рухани құндылықтардың өзгеруі және ана тілдің мәртебесі секілді мәселелер арқау болды. Әсіресе, қазіргі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығы, әдеби шығарманың адам мінезі мен дүниетанымына ықпалы туралы әңгіме кеңінен өрбіді.

Кездесу кезінде ақын өзінің шығармашылық тәжірибесіне сүйене отырып, ана тілге деген құрметтің сыртқы ұраннан емес, күнделікті қолданыстан, санадағы жауапкершіліктен басталатынын айтып, тілдің тағдырына қатысты өзекті ойларын ортаға салды. 

Әдеби кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – ақынның өз өлеңдерін оқуы болды. Ақын дауысы мен өлеңнің ішкі әуезі залдағы ұстаздарды ерекше әсерге бөледі. Өлең жолдары арқылы ақынның азаматтық ойы, туған елге деген сүйіспеншілігі, адам мен қоғам туралы толғаныстары анық сезілді. 

Мұндай жүздесулердің құндылығы да осында – ақын мен оқырман, ұстаз бен әдебиет, мектеп пен руханият бір ортада тоғысып, сөз қадірін білетін, әдебиетті рухани тірек санайтын ортадағы тағылымды кеш болды.

 Нұрболат МОМИНОВ,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,

ҚазҰУ-ның Phd докторанты 

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28461
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27964
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45300
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40945
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45614