Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы – еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғап тұрған теміржол саласындағы маңызды нысандардың бірі.
Бұл жерде Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышбаев сияқты ұлт қайраткерлерінің маңдай тері мен табан ізі қалған. Кейін келе Шу қаласына аудандық деңгейдегі қала мәртебесі беріліп, вокзалдың өз алдында дербес тіршілігі басталды. Осылайша, талайдың табаны тиген нысанның тәуелсіздік таңы атқан тұста екінші тынысы ашылды.
Ұшқан құстың қанаты, сәйгүлік тұлпардың тұяғы талатын Алтай мен Атыраудың арасына көпір болып келе жатқан вокзал арқылы тек еліміздің ғана емес, Ташкент, Мәскеу, Бишкек секілді шетелдің ірі қалаларына да қатынауға болады.
Осы тоғыз жолдың торабында тұрған Шу темір жол вокзалы 1989 жылы пайдалануға берілген.
1-сыныпты вокзалдың жалпы алаңы 7035,6 ш.м. Күнделікті 32 (қос бағытта) бірлік жолаушылар поездарын қабылдайды. Жолаушылар айналымы тәулігіне 1000-1200 адам.
Шу вокзалының қайнаған тіршілігі көпшілікке жақсы таныс. Осылайша, бұл ғимараттың ішіне күн сайын мыңдаған адам кіріп-шығып жатқанын ескерсек, көпшіліктің қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуға тиіс. Күн сайын әрі-бері өткен, болмаса аялдаған туристер де вокзалдың бүгінгі жай-күйіне назар аударатыны анық.
Ал, тоғыз жолдың торабындағы вокзал жөнделмесе біздің абыройымызды көтермесі анық. Сондықтан вокзалды күрделі жөндеуден өткізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Қазіргі таңда “ҚТЖ” ҰК” АҚ тарапынан тиісті акт жасалып, вокзалды күрделі жөндеуге жоба дайындалуда. Бұл күнде осы Шу вокзалын білмейтін адам жоқ шығар.
Енді вокзал маңы құлпыра түспек. Өйткені вокзал айналасын абаттандырудың жобасын аудан әкімдігі дайындап отыр.
Осы вокзал арқылы туристер біздің мәдениетіміз бен әлеуетімізді тани түсетіні даусыз.