Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл ретте Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жүйелі қызмет етуде. Десе де мамандардың жедел әрекет етуіне қарамастан, биылғы жылыту маусымында тұрғын үй секторларында 46 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% көп. Бірақ өткен жылы 2 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алса, биыл қаза тапқандар мен жарақат алғандар тіркелмеген. Төтеншеліктердің жұмыс барысын білу мақсатында Жетісу облысы ТДЖ жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Қалдыбек Төлеуұлымен сұхбат құрдық. Төтеншеліктердің жыл басынан атқарған жұмыстарын сұрап білдік.
Орман өрті саябырсыды
– Қалдыбек Төлеуұлы, жылыту маусымы басталды. Маңызды кезеңде атқарып жатқан жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз.
– Сала өкілдері жылыту жүйелері мен электр аспаптарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін еске сала отырып, аулаларды аралап, нұсқамалықтар таратып, рейдтер ұйымдастыруды белсенді жүргізуде. Профилактикалық шаралар барысында көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар ерекше назарға алынады. Тұрғындардың қалауы бойынша пештер мен түтіндіктер тексеріліп, бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою бойынша ұсыныстар беріледі.
Профилактикалық жұмыс барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының 1787 отбасы есепке алынды. Олар 100 % профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарымен қамтылды. Адамдардың және қалалық әкімдіктер мен әлеуметтік осал топтардың отбасыларына улы газды анықтайтын 868 датчик сатып алынды және олардың 699-ы орнатылды. Қалған датчиктар ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін орнатылатын болады.
– 2024 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі облыс аумағында өрт жағдайына тоқтала өтсеңіз.
– Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін облыс аумағында өрттер 2%, адамдардың қаза болуы 3 есеге және жарақат алғандар 25% азайған. Адамдар қаза тауып, жарақат алған өрттердің негізгі себептерінің 41% электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан болып отыр.
2024 жылғы өртке қауіпті кезеңде жүргізілген алдын алу мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде орман өрттерінің 29% төмендеуі тіркелді. Өртке қауіпті кезеңде мобильді топтармен 1006 рейд жүргізілді. 46 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 30000-нан астам жадынама табыс етілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 3271 сөз сөйлеу ұйымдастырылды.
Жылыту маусымының басталауына дейін 15 тамыз бен 1 қазан аралығында облыс аумағындағы тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігі айлығы республикалық акциясы өткізілді. Бүгінгі таңда бұл акция жалғасын табуда. Профилактикалық жұмыстармен 117 мыңнан астам адам, жеке тұрғын үй секторы қамтылды және 121 мыңнан астам ұсынымдар табысталды.
– Қыс маусымында шалғай аудандарға қатынау қиындайды. Жолдар жабылып, қозғалыс тоқтатылады. Биылғы қарлы-боранды кезеңге дайынсыздар ма?
– 24 қарашада қолайсыз ауа райының салдарынан республикалық маңызы бар «Үшарал – Достық» автожолының 84-164 шақырымы аралығында барлық көлік түрлері үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Жолдың бір бөлігінде құтқарушылар қар құрсауында қалған төрт жеңіл автокөліктен сегіз адамды, соның ішінде екі баланы эвакуациялады. Зардап шеккендер қауіпсіз жерге жеткізілді. Ал көліктер қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты оқиға орнында қалдырылды. Сондай-ақ, трассаның басқа учаскесінде үш жолаушысы бар көліктің қар құрсауында қалғаны туралы хабар түсті. Алайда, құтқарушылар келген кезде жүргізушілер өздігінен қиындықтан шығып, кері қайтқанын анықтады. Бүгінде автокөліктің барлық түрлері үшін «Үшарал – Достық» автожолы қайта ашылды.
Облыс аумағында 12 қар басатын учаске бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолда 2 учаске, облыстық маңызы бар автожолда 10 участок.
Сонымен қатар халықты уақытылы хабардар ету мақсатында жолдардың жабылуы және қозғалысқа шектеу қойылу туралы 3 рет теле радио хабарларын ұстап қалу жүзеге асырылды.
Ауа райы күрт өзгеріп, жолдар жабылған жағдайда тұрғындарға Төтенше жағдай департаменті тарапынан смс хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар теле-радио хабарларын ұстап қалу жүзеге асырылады. Сол себепті азаматтардан осы хабарламаларға бей-жай қарамай, алыс жолдарға шықпауларын сұраймыз.
Боран құрсауында қалғыңыз келмесе...
– Қыста жолдар ауа райының құбылуына байланысты жабылған кезде, 112 қызметінің хабарламасына тұрғындар қалай қарайды?
– Олар тыңдайды. Негізінде тосын жағдайлар азаматтар қаладан шұғыл түрде шығып кеткен жағдайда орын алып жатады. Көбіне мұндай жағдайлар шалғай аудан, ауылдарда орын алады. Арнайы техника бар, жақын маңдағы ауылдардан төтенше жағдайға тап болған азаматтарды алып кетеміз. Төтенше жағдайлар қызметінің ескертуіне құлақ аспай, ауа райының құрсауында қалған тұрғындарға да көмек көрсетуге міндеттіміз. Өйткені біз көмектесу үшін осында отырмыз, жұмыс істеп жатырмыз.
Біздің міндетіміз – тұрғын үй кешеніне, сауда орталығына, мектепке, балабақшаға, ауруханаға қатысты емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, айыппұлдар мен істерді сотқа барынша көп жібермеу.
– Шомылу маусымын қорытындыласақ. Биылғы жазғы көрсеткіш қалай?
– Биылғы жылы шомылу маусымында 5 адам суға батты, 33 адам құтқарылды. Өткен 2023 жылмен салыстырғанда шомылу маусымында адам өлімі факторлары 1 адамға азайды, ал құтқарылғандар саны 2 есе өсті. Айта кету қажет, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті және көліктік бақылау инспекциясы, сонымен қатар еріктілермен 2628 рейдтік іс-шаралар өткізілді. Олардың барысында 28257 дана ақпараттық жадынамалар таратылды.
Сонымен қоса су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 39 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың сомасы 553 958 теңгені құрайды.
Негізінен облыс аумағында рұқсат берілмеген жерлерге шомылғандықтан, көптеген қайғылы оқиғаларға алып келіп отыр. Сол себепті азаматтардан тек рұқсат етілген жерлерге ғана шомылуды сұраймыз.
– Сіздердің департамент қызметі тек жедел шақыруларға ғана негізделмеген, күнделікті өмірде де жұмыстарыңыз қауырт, солар туралы айтып берсеңіз.
– Біздің департамент қызметі ең алдымен төтенше жағдайлардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған. Мысалы, жарнамалық іс-шаралар, акциялар, флешмобтар, бұқаралық ақпарат құралдарына шығу сияқты шаруалар жетерлік. Қазір, мәселен, жылыту маусымы басталады, қыста қарлы боран мен бұрқасын жиі соғады. Ал біздің мамандар барлығын алдын ала болжауға міндетті. Егер біреу жолда қиындыққа тап болса, біз көмектесуге бар күшімізді саламыз. Көктем басталса, су тасқынының алдын алу мақсатында тағы да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арықтарды тазалап, аулаларындағы қарды уақытында шығаруды ескертеміз. Өрт қаупі бар кезеңде, жылдың жылы мезгілінде қураған ағаштар мен былтырғы шөптерді, тағы басқа осы секілді дүниелерді жою қажет екенін еске саламыз. Біз орман қорымен белсенді түрде бірге жұмыс істейміз. Күтпеген жағдайларды алдын ала болжап, дер кезінде ауыздықтап, тез арада жоюымыз керек.
– Жалпы тұрғындарға айтар кеңесіңіз.
– Құрметті облыс тұрғындары! Кез келген жағдайда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз. Дана халқымыз айтқандай, «от пен су – тілсіз жау». Сол себепті өздеріңіздің, туысқандарыңыздың, балаларыңыздың өміріне бейқам қарамаңыздар. Алдағы келе жатқан қысқы кезеңде жол жабылу оқиғалары тіркелуі мүмкін. Сол себепті 112 нөмірінен келіп түскен хабарламаларды міндетті түрде оқып, керек жағдайда, қажет болған жағдайда алыс жолдарға шықпауды сұраймыз. Қауіпсіздік еш уақытта көп болмайды. Сол себепті өз өмірлеріңізге салғырт қарамаңыздар!
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!