Трамптың қытайға сапарының қыры мен сыры

Трамптың қытайға сапарының  қыры мен сыры

АҚШ президентінің Бейжіңге жасаған сапары аяқталды. Жұрттың барлығы екі алпауыт елдің басшыларының бір үстелде отырып нелерді талқылағанын, өзара қандай келісімдерге келгенін білуге асыққаны рас. «Сонымен Трамптың Бейжің сапарында қандай мәселелер талқыға түсті, екі тарап қандай мәмілелерге келді?» – деген сұрақтарға жауап іздеп көруге тырыстық.

 

АҚШ президенті бизнес саласына назар аударды

Бұл кездесуге АҚШ делегациясы негізінен жоғары лауазымды үкімет шенеуніктерінен, бизнес және технология көшбасшыларынан және олардың отбасы мүшелерінен құралды. Мәселен, Мемлекеттік хатшы: Марко Рубио; Қорғаныс министрі: Пит Хегсет; АҚШ сауда өкілі: Джеймисон Грирден бөлек Ақ үйдің ірі шенеуніктері бар еді. Ал бизнес және технология саласының серкелерінен әлемге әйгілі Tesla, Apple, NVIDIA, Boeing және Qualcomm сияқты 17 компанияның басшылары бар еді. Ал қаржы алыптарынан: Goldman Sachs бас директоры Дэвид Соломон, Blackstone Group бас директоры Стивен Шварцман, Ларри Финк және Citigroup бас директоры Джейн Флинт Фрейзерлер бар. Сондай-ақ Meta Global Business президенті Пауэлл Маккормик қатарлы танымал тұлғалар болды.

Делегация құрамындағы технология мен ірі бизнес өкілдеріне қарай отырып, Трамптың осы сапары аясында Қытай тарапымен бизнес-сауда саласында ірі келісімдерге қол жеткізуді қалайтындығын бағамдау қиын емес еді.

Екі елдегі сенімді дереккөздердің таратқан ақпараттарына шолу жасайтын болсақ, бұл кездесу барысында аса ірі сатып алу-сату тоқтамдары жасала қойған жоқ. Қытайлық тарап, АҚШ-қа қарата миллиардтаған долларлық құнға ие сатып алу келісімдеріне жасай қойған жоқ. Барлық назар «консенсусқа» және «екіжақты экономикалық және сауда қатынастарына ұтымды және прагматикалық түзетулерге» аударылды. Яғни, алдағы уақытта әріптестікті нығайтуға, қайшылықтарды өзара диалог арқылы шешу... сынды жалаң дипломатиялық әңгімелер көбірек айтылды. Мұны Қытай тарапы «бұл Қытай-АҚШ қарым-қатынасының жаңа тарихи бастамасындағы маңызды кездесу болды», – деп баға берді.

Сапар барысында АҚШ 750 Boeing ұшағына дейін ірі көлемде сатып алуды көздеп отырғаны туралы хабарламалар айтылған еді. Алайда, консультациялардан кейін Қытай ақырында 777 және 737 сияқты модельдерді қоса алғанда, 200 Boeing жолаушылар ұшағына арналған алдын ала негіздемелік келісімді ғана аяқтады. Ал Трамппен бірге келген 16 мүшеден тұратын жоғары деңгейлі бизнес делегациясы дәстүрлі мағынадағы ірі көлемді, жедел сатып алу келісімшарттарын қамтамасыз етудің орнына жеткізу тізбегіндегі ынтымақтастыққа, Қытайдағы нарыққа қолжетімділікті кеңейтуге және Қытайға технология экспортына шектеулерден босатуды қамтамасыз ету жайлы «ізгі ниеттерін» ортаға салып қана елдеріне қайтты. Кейбір ақпарат арналарында алдағы уақытта Қытай тарапы АҚШ-тан ауылшаруашылық өнімдерін көптеп сатып алатын болды деген сарындағы жаңалықтарды таратып жатыр.

Осылайша Трамп Қытайға жасаған екінші сапарында ауыз толтырып айтарлықтай ірі келісімдерге қол жеткізе алмады. Ол 2017 жылы қарашада, Қытайға жасаған алғашқы сапары кезінде америкалықтар үшін жақсы жаңалықтар болған еді. Сол кезде екі елдің ірі компаниялары жалпы сомасы 253,5 млрд доллар болатын, энергетика, авиация, ауылшаруашылығы, автомобильдер және интеллектуалды өндіріс сияқты бірнеше саланы қамтитын коммерциялық келісімшарттар мен екіжақты инвестициялық келісімдерге қол қойған болатын. Сарапшылар бұл оқиғаны «жаһандық экономикалық және сауда ынтымақтастығы тарихында рекорд» деп бағалағаны есімізде.

Дегенмен жоғарыда аталған АҚШ-тың алпауыт компанияларының барлығы қазірге дейін Қытайда табысты жұмыс істеп жатқандығы жасырын емес еді. Мәселен Tesla компаниясы Шанхайдағы Gigafactory зауытынан рекордтық жоғары экспорт көлеміне дейін, жылдық өсім 80% құрады. Қытай Tesla компаниясының жаһандық пайдаланушыларын таңғалдыруды тоқтатқан жоқ. Tesla компаниясы Қытайда тамыр жайып, өсуге қолайлы жағдай жасап, Қытайдағы және бүкіл әлемдегі автомобиль тұтынушыларына үздіксіз пайда әкелуде. Аталған компаниялардың түгелге жуығы Қытай нарығына баса назар аударып, олармен ынтымақтастық жасауды өздерінің стратегиялық мақсаты етіп келеді.

Екі ел қатынасы жаңа белеске бет бұрды

Кезекті саммит аясында ҚКП Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесі және сыртқы істер министрі Ван И 15 мамырда журналистер алдында сұхбат беріп, екі мемлекет басшыларының кездесу және қол жеткізілген келісім туралы ақпарат берді. Журналистің «АҚШ президенті Трамптың Қытайға сапары Қытай мен АҚШ-тың әртүрлі салаларының, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Екі мемлекет басшысының кездесуіне қандай баға бересіз?» деген сұрағына Ван И «бұл тарихи кездесу» деп бағалайтындығын айтты.

«Біріншіден, бұл екі ел де өз дамуының шешуші кезеңіне аяқ басқан кездегі маңызды кездесу болды. Биыл Қытайдың 15-ші бесжылдық жоспарының басталуы және біз жоғары сапалы даму арқылы қытайлық үлгідегі жаңғыртуды жан-жақты ілгерілетіп жатырмыз. Биыл Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығы да атап өтіледі. Осы маңызды жылы екі мемлекет басшысы Бейжіңде басқару, Қытай-АҚШ қарым-қатынасы, халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер бойынша терең пікір алмасу үшін кездесті. Қытай ұлтының ұлы жаңғыруына қол жеткізу және Американы қайтадан ұлы ету бір-бірімен тығыз байланысты, бір-біріне өзара пайда әкеліп, әлемге үлес қоса алады. 

Екіншіден, бұл Қытай-АҚШ қарым-қатынасының жаңа тарихи бастамасындағы маңызды кездесу болды. Екі көшбасшы арасындағы өзара әрекеттесудің оң серпінін жалғастырып, нығайтты. Қазіргі уақытта әлем жылдам өзгерістерге ұшырап, әлем жаңа жолайрыққа жетті. Төраға Си Цзиньпин былай деп атап өтті: Қытай мен АҚШ «Фукидид тұзағынан» өтіп, ірі державалар қарым-қатынасы үшін жаңа парадигма жасай ала ма? Олар жаһандық қиындықтарды шешу және әлемге тұрақтылық қосу үшін бірлесіп жұмыс істей ала ма? Олар екі ел халқының әл-ауқатына және адамзаттың болашағына назар аудара ала ма, екіжақты қарым-қатынастардың жарқын болашағын бірлесіп жасай ала ма? Тарихтан, әлемнен және халықтан туындаған осы сұрақтарға тап болған кезде, біз өз заманымыздың жауаптарын бірлесіп жазуымыз керек. Екі мемлекет басшысының Қытай-АҚШ қарым-қатынастарының кемесін басқарудағы басшылығы мен көшбасшылығы сөзсіз халықаралық жағдайдың эволюциясына және адамзат қоғамының дамуына айтарлықтай және кең ауқымды әсер етеді.

Үшіншіден, бұл екі мемлекет басшысы терең байланыс орнатып, жемісті нәтижелерге қол жеткізген маңызды кездесу болды. Кездесуде ресми келіссөздер мен қонақжайлылық банкеті, сондай-ақ шағын ауқымды алмасулар мен сапарлар болды, екі мемлекет басшысы тоғыз сағатқа жуық жұбын жазбай бірге жүрді. Өзара құрмет, бейбітшілікті бағалау және ынтымақтастықты зерттеу кездесу барысындағы басшылық қағидаттар болды. Қол жеткізілген ең маңызды саяси консенсус екі мемлекет басшысының «Қытай мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сындарлы стратегиялық және тұрақты қарым-қатынасты» құру туралы келісімі болды. Сонымен қатар, екі тарап та дипломатия, әскери істер, сауда және экономика, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, туризм, мәдениет және құқық қорғау салалары сияқты әртүрлі салаларда әріптестік орнатуға дайын екендіктерін білдірді, бұл екіжақты алмасулардың келесі кезеңіне жаңа серпін берді», – деді. 

Ван И журналистердің сұрағына жауап бере тұрып, біраз жайды ашып айтты. «Әлемдегі ең ірі екі экономика ретінде Қытай мен Америка Құрама Штаттары бір-біріне тәуелді; екеуі де бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Ынтымақтастық екі жаққа да пайда әкеледі, ал қақтығыс екеуіне де зиян келтіреді. Қақтығыс екі ел үшін де, әлем үшін де апатқа айналуы мүмкін, ал ынтымақтастық екі ел мен әлем үшін де пайдалы көптеген керемет нәрселерге қол жеткізе алады», – деді Қытай СІМ Ван И. Сондай-ақ биыл күзде Си Цзиньпиннің Америка Құрама Штаттарына мемлекеттік сапармен баратындығы белгілі болды.

 

Тайвань тағдыры саудаға салынды ма? 

Бұл кездесудегі маңызды түйіндердің бірі Тайвань мәселесі туралы қандай әңгімелер болуы мүмкін деген сауал барша жұрттың көкейінде тұрған еді. Си Цзиньпин бұл мәселеге байланысты Қытайдың ұстанымы анық екендігін, ешқашан Тайваньды дербес ел ретінде қарастырмайтындығын, бұл мәселенің АҚШ-Қытай қарым-қатынасында ерекше маңызды екендігін баса айтты.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Си-Трамп кездесуінде Тайвань мәселесі бойынша қатаң ескертуінен кейін, АҚШ президенті Трамп АҚШ журналистеріне берген сұхбатында Тайваньды тәуелсіздікке ұмтылудан сақтандырып, ешкімнің Тайваньның тәуелсіздігіне араласып, соғыс бастауын қаламайтынын атап өтті.

Трамп бейсенбі күні Қытай тарапы ұйымдастырған қонақжай кешкі асқа қатысқаннан кейін Fox News арнасына сұхбат берді. Ол Си Цзиньпинмен Тайвань туралы «түні бойы» сөйлескенін және Си Цзиньпинді 11 немесе 12 жыл бойы білетіндіктен, «Тайвань әрқашан Си үшін ең маңызды нәрсе болғанын» айтты. Трамп сонымен қатар Бейжіңнің Тайваньды басып алғысы келмейтінін, бірақ Тайваньның тәуелсіздікке ұмтылуын көргісі келмейтінін мәлімдеді; әйтпесе Бейжің «өте қатал әрекет етуі мүмкін» деді ол.

Ол АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты өзгеріссіз қалатынын, статус-квоны сақтауға үміттенетінін қайталады және Тайваньның тәуелсіздікке қарай жылжуы «өте қауіпті нәрсе» екенін ескертті. Ол АҚШ-тың қолдауына байланысты ешкімнің Тайваньның тәуелсіздігін көздегенін қаламайтынын атап өтті. «Біз соғыс жүргізу үшін әлі де 9500 миль ұшуымыз керек, мен мұны қаламаймын. Мен олардың тынышталуын қалаймын. Мен Қытайдың тынышталуын қалаймын», – деді Трамп. Сонымен қатар ол Бейжіңнің оның президенттік өкілеттігі аяқталғанша Тайваньға қарсы ешқандай шара қолданбайтынын, бірақ ол қызметінен кеткеннен кейін «менің ойымша, олар (әрекет етуі) мүмкін» екенін меңзеді. Бұл тақырып туралы пікір білдірген Ван И кеңінен тоқталып өтті. Тайвань мәселесі осы кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Қытайдың ұстанымы өте айқын, – деді ол.

Біріншіден, Тайвань мәселесі – Қытайдың ішкі ісі. Толық ұлттық қайта бірігуге қол жеткізу – барлық қытай ұрпақтарының ортақ арманы және Қытай Коммунистік партиясының мызғымас тарихи миссиясы. Құрлық пен Тайваньның бір Қытайға тиесілі екендігі тарихи факт, Тайвань бұғазындағы шынайы мәртебе және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықаралық тәртіптің маңызды құрамдас бөлігі. Біз АҚШ-тың бір Қытай қағидатын және Қытай-АҚШ бірлескен үш коммюникесін ұстанатынына және өзінің тиісті халықаралық міндеттемелерін орындайтынына үміттенеміз.

Екіншіден, Тайвань мәселесі Қытай-АҚШ қарым-қатынасындағы ең маңызды мәселе болып табылады, ол бүкіл қарым-қатынасқа әсер етеді. Егер жақсы шешілсе, екіжақты қарым-қатынастар жалпы тұрақтылықты сақтай алады, бұл екі тарапқа да өзара тиімді ынтымақтастыққа көбірек күш жұмсауға мүмкіндік береді. Егер нашар шешілсе, екі ел қақтығысуы немесе тіпті қақтығысқа ұшырауы мүмкін, бұл бүкіл Қытай-АҚШ қарым-қатынасын өте қауіпті жағдайға итермелейді. Қытай АҚШ-тың Қытай-АҚШ қарым-қатынастарының тұрақты дамуын және Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғау үшін нақты шаралар қабылдайтынына үміттенеді.

Үшіншіден, Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – екі тарап үшін де ең үлкен ортақ нәрсе. Бұған қол жеткізудің алғышарты – «Тайвань тәуелсіздігін» қолдауға немесе мақұлдауға болмайды, себебі «Тайвань тәуелсіздігі» мен Тайвань бұғазы арқылы бейбітшілік үйлесімсіз. Кездесу барысында біз АҚШ Қытайдың ұстанымын түсінетінін, Қытайдың алаңдаушылығын бағалайтынын және халықаралық қауымдастық сияқты Тайваньның тәуелсіздік жолын мойындамайтынын және қабылдамайтынын сездік», деді.

Осы айтылған пікірлер көпшілікке мәлім бола салысымен кейбір сарапшылар «Трамп Тайваньды сатып кетті» деген пікір білдіріп жатты.

Жұртты таңғалдырған тағы бір мәселе Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінен кейін Тайваньға 14 млрд долларлық қару-жарақ сатуды мақұлдау туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеуі болды. Ол бұл шешімді Америка заңы шеңберінде жүзеге асырғалы отырғанын айтты. Яғни, «заң бойынша, АҚШ үкіметі Тайваньға өзін-өзі қорғау үшін қажетті құралдарды беруге міндетті, бірақ көбінесе бұл одақты сақтау мен Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасты сақтауды теңестіруі керек» екен. Сөйте тұра ол «Тайвань тәуелсіздігінің ешқандай белгілерін көргісі келмейтінін» де жасырған жоқ.

Бейжіңнен таралып жатқан осындай хабарлар желідей есіп тұрған шақта әлемдік БАҚ-тар Тайвань президенті Лай Цзиньтэнің «бұған дейін Тайвань өзін егеменді мемлекет деп санайтындықтан, ресми түрде тәуелсіздік жариялаудың қажеті жоқ» деген мәлімдемесін жарық еткізді.

Президент кеңсесінің өкілі Куо Я-хуэй сенбі күні: «Қытай Республикасы егеменді және тәуелсіз демократиялық ел; бұл даусыз факт», – деп мәлімдеді. Ол Тайвань бұғазаралық статус-квоны сақтауға міндеттенетінін, яғни Тайвань тәуелсіздік жарияламайтынын және Қытаймен бірікпейтінін тағы да ескертті.

 

Жаһандық қауіпсіздікке қатысты жаттанды сөздер

Әлемдік қауіпсіздікке айтарлықтай әсер ететін екі алып елдің басшыларының кездесуінен былайғы жұрт тың жаңалықтар күткені анық еді. Себебі дәлелденбеген дереккөздердің мәліметтері бойынша «Қытай кейбір қақтығыс аймақтарына қару-жарақ сатып отыр» дейтін қауесеттің тарап жүргеніне де жылдар болды. Сондықтан екі алпауыттың кездесуі барысында әлемді алаңдатып отырған қақтығыстар жайлы бірер нақты шешім болар ма деген үміт көптеген адамдардың көңілінде болғаны анық еді. Өкінішке қарай, жаһандық қауіпсіздікке ықпал ететіндей жаңалықтың шеті білінген жоқ. Журналистердің сұрағына жауап берген Қытай СІМ Ван И бұл жайында былай деді.

«Төраға Си Цзиньпин мен Президент Трамп халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша әрқашан тығыз байланыста болды. Бұл кездесу барысында екі тарап ортақ алаңдаушылық тудыратын мәселелер бойынша тағы да терең пікір алмасты. 

Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты Төраға Си Цзиньпин Қытайдың тұрақты ұстанымын егжей-тегжейлі баяндап, мәселені күшпен шешу мүмкін еместігін және диалог дұрыс жол екенін атап өтті. Келіссөздер бір түнде аяқталмайды, бірақ диалогқа есік ашылғаннан кейін оны қайтадан жабуға болмайды. Қытай АҚШ пен Иранды ядролық мәселені қоса алғанда, келіспеушіліктер мен дауларды келіссөздер арқылы шешуді жалғастыруға шақырады және Ормуз бұғазын атысты тоқтату негізінде тез арада қайта ашуды жақтайды. Қытай бұғаз мәселесінің түбегейлі шешімі тұрақты және жан-жақты атысты тоқтатуға қол жеткізуде деп санайды. Қытай бейбіт келіссөздерді ілгерілету үшін бар күшін салып жұмыс істеп келеді және қақтығыстың тез арада аяқталуы мен Таяу Шығыста бейбітшілікті қалпына келтіруге ықпал етуде өз рөлін атқара береді.

Украина дағдарысына келетін болсақ, Қытай да, АҚШ-та қақтығыстың тезірек аяқталуына үміттенеді және бейбіт келіссөздерді өз жолдарымен ілгерілету үшін көп жұмыс жасады. Күрделі мәселелердің қарапайым шешімдері жоқ, ал бейбіт келіссөздерге бір түнде қол жеткізу мүмкін емес. Қытай да, АҚШ та байланыс орнатуға және дағдарысты саяси тұрғыдан шешуде сындарлы рөл атқаруға дайын», – деді. СІМ-нің сөзі Қытайдың ұстанымын айқындайтындықтан, бұл туралы ары қарай қазбалаудың қажеті де жоқ шығар деп ойлаймыз...

PS: Саммит аясында белгілі болған бір мәселе – алдағы уақытта АҚШ-Қытай арасында «сауда соғысы» жалғаса түскендей емес, керісінше ушықпайтындай әсер қалдырды. Екі тарап қайшылықтарды ақылдасып шешеміз дегенді көбірек айтқанын байқадық. Ал жаһандық қауіпсіздік мәселесі бойынша жабық есік жағдайында нелер айтылғаны белгісіз күйде қалды. Ашық дереккөздер кәдуілгі дипломатиялық сөз саптаудан аспады.

Назар аударатын мәселе – Қытай мен АҚШ көшбасшыларының тарихи кездесуі кезінде заңды түрде міндеттейтін кешенді сауда келісіміне немесе бірлескен коммюникеге қол қойылған жоқ. Екі тарап қол жеткізген негізгі консенсус пен ниеттер негізінен саяси, экономикалық және макростратегиялық деңгейлерге бағытталды. Екі елдің де экономикалық және сауда топтары нарықтық күтулерді тұрақтандыруға міндеттенді. Яғни, алдағы уақытта бұл саладағы өзара келісімдерді тиісті мекемелер өздері келісіп шешеді. Қытай АҚШ ауылшаруашылық өнімдерін (мысалы, соя) сатып алуды кеңейту және Boeing ұшақтарын ірі көлемде сатып алу туралы мәліметтерді жариялады. Бұл жайында пікір білдірушілер «Boeing компаниясының күткен үміті ойдағыдай ақталмады» деп қорытындылады.

Екі тарап та дипломатия, әскери істер, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы және жасанды интеллект қауіпсіздігі сияқты салаларда көбірек алмасулар мен ынтымақтастық жүргізуге келісті.

Әлем назарын аударған мемлекеттік сапар осылай аяқталды. Ендігі кезекте үлкен келісімдер күзге қарай жоспарланған Си Цзиньпиннің АҚШ-қа жасайтын сапары кезінде болуы мүмкін.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25245
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24752
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42186
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38038
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42519