Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы өткен жылы әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму қарқынын айтарлықтай үдетті. Ал биыл ауданда түрлі бюджеттік бағдарламалар арқылы 5.8 млрд теңгенің 45 жобасы қаржыландырылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1.9 млрд теңгені құрап, небәрі 34 жоба жүзеге асқанын ескерсек, ауданның даму динамикасы анық байқалады. Қаржыландыру республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер есебінен жүргізілді. Сонымен қатар, Аграрлық несие корпорациясы арқылы 4 жобаға 1.2 млрд теңге бағытталды.
Жыл басынан бері аталған жобалардың 37-сі толық аяқталып, пайдалануға берілген. Оның ішінде автомобиль жолдары саласында 24 жоба жүзеге асып, ауданның 13 ауылындағы 24 көше жаңадан асфальтталды. Жалпы ұзындығы 19.5 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Бұл – ауылішілік көлік қатынасының жақсаруына, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасының артуына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Ауданда биыл 3 жаңа медициналық нысан салынды. Қайыңды және Сабденов ауылдарында 15 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункттер, ал Қорағаты бекетінде 10 адамға шақталған жаңа медициналық пункт іске қосылды. Барлығының жалпы құны 807 млн теңгеден асты. Бұл ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтті.
Таза ауызсу мәселесі – ауданның тұрақты бақылауындағы бағыт. Аққайнар, Мамыртөбе, Қосапан және Тойқұдық ауылдарына су тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылып, тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізілді. Жалпы құны 120 млн теңге болатын бұл жобалардың жүзеге асуы – ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Мәдениет саласы 3 ірі жобамен толықты. Ақыртөбе ауылында 140 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Жаңатұрмыс ауылында 90 орындық мәдениет үйі салынды. Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаев атындағы ауылдың мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Бұл жобаларға барлығы 443 млн теңге жұмсалды.
Ауылшаруашылығы саласында 2 биотермиялық шұңқыр салынып, мал өлекселерін залалсыздандыру жүйесі жетілдірілді. Жобалардың жалпы құны 25 млн теңге болды. Ауыл жолдарына бағытталған 23 жоба толық орындалып, ауданның көлік инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарды. Құмарық, Алғабас, Луговой, Қайынды, Ақыртөбе, Тереңөзек, Көкдөнен, Жақсылық, Каменка, Жаңатұрмыс, Қызылшаруа және Сабденов ауылдарындағы көшелер жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасты.
Ал 8 жоба келесі жылға өтпелі ретінде қалдырылды. Олардың жалпы құны 3.6 млрд теңгеге жуық. Өтпелі жобалардың ішінде ауыз су тарту, мектеп салу, мәдениет үйін аяқтау және Қарақат су каналын қайта жаңғырту жұмыстары бар.
Білім саласында алдағы жылы Малдыбай ауылында 120 орындық мектеп құрылысы және Қарақат ауылындағы №2 мектепке спорт зал салу жоспарланып отыр. Екі жобаның құны 1.1 млрд теңгеге жуықтайды.
Ауызсу тарту бойынша 4 ірі жоба жалғасады: Құлан ауылындағы «Арай» алқабына су тарту, Сөгеті, Шөңгер және Мамай ауылдарында су қабылдағыш пен құбыр желілерін салу. Бұл жобалардың жалпы құны 1.9 млрд теңгеге жетеді.
Биыл аудан бюджеттік бағдарламалар бойынша тағы да 4.7 млрд теңгенің 10 жаңа жобасын бастаған. Оның ішінде білім беру, спорт кешені, тұрғын үй сатып алу, ауызсу, жол жөндеу және ветеринария саласындағы жұмыстар қамтылған.
Білім саласындағы жобалар қатарында Қаныш Сәтбаев және Қаныш Сұлтанбеков атындағы мектептердің ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары бар. Каменка ауылындағы «Күншуақ» балабақшасы да жаңғыртылып жатыр. Спорт саласы бойынша Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алабында жаңа спорт кешені салынуда.
Жалпы алғанда, 2024 жылы құны 8.3 млрд теңгені құрайтын 18 жоба жүзеге асырылып жатыр және олардың барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Инвестиция тарту мәселесі – ауданның негізгі басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы да бұл міндеттің маңызын Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткен болатын. Осы мақсатта биыл инвесторлармен 16 кездесу ұйымдастырылып, нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12.9 млрд теңгеге жетті. Бұл қаржы есебінен 21 жоба іске асырылып, 167 адам жұмысқа орналасты.
Бұған қоса, 2025–2027 жылдары жүзеге асырылуы тиіс жалпы құны 41.95 млрд теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жобаның жоспары бекітілген. Олардың қатарында құс фабрикасы, биосауын өнімдерін шығару зауыты, жаңбырлатып суару машиналарын жасау цехы, кірпіш зауыты, сүт өнімдерін өңдеу кешені, мал бордақылау алаңы, жем зауыты, балық өсіру кластері, автотіркеме шығару цехы және кварцитті өңдеу фабрикасы бар.
Бұл жобалар іске асқанда жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына қуатты серпін бермек.















