Туған жерден жырақта ғұмыр кешкен азамат

Туған жерден жырақта ғұмыр кешкен азамат

Білімнен қуатты күш жоқ. Қай кезеңді алып қарасаңыз да, оқу-ағарту саласы өркендеген елдің озық атанатыны анық. Кешегі Кеңестік Қазақстанда да оқу ісіне баса көңіл бөлініп, Алаш зиялылары да, коммунизмнің шектеулі шеңберінен шыға алмаған қазақ оқығандары да басқа мәселеде басы бірікпегенімен, білімге келгенде бір үйдің баласындай ұйысып, ұлтқа қалтқысыз қызмет етті. Оңтүстік өңірінде де ағарту саласының айтулы тұлғалары аз емес. Солардың бірі – «Ахмет» мектебінің алғашқы басшысы Мұса Мылтықбаев.

 

Тасадан тас атқан арызқойлар кімдер?

 

Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының архивінде сақталған Мұса Мылтықбаевтың жеке текті құжаттарының арасында оның 1925 жылға дейінгі жағдайынан хабар беретін өз қолымен толтырылған тәржімехалі (өмірбаяны) табылды. Төте араб жазуымен толтырылған тәржімехалде ол: 

«1890 жылы Шымкент уезі, Арыс болысының 4-ауылындағы Төрегелді мешіті деген жерде дүниеге келдім. Атам кедей-кембағал кісі, қылатын жұмысы диқаншылық еді. Он төрт жасыма жеткенше ауыл мектебінде тиіп-қашып оқып жүріп, сауат ашқандай болдым. Өз тума ағам да білім қуып жүргендіктен, Ташкенттегі мұсылман медресесіне оқысын деп атам мені ағама апарып тапсырды. Ағамның қарамағында болып, «Беглер бегі» медресесінде оқи бастадым. Ескі медреседе әуелгі уақыттарда оқу, ғылым-білім осы екен деп бес жылға шейін оң-солды танымай, оқылатын кітап болса болды, сол пайдалы деп оқи бердім. Сонан соң анықтап қарасам, біздің медреселеріміз заманға муафық орыс мектептеріне бара-барлағанда, 500-600 жылдан бұрын жөнделген бір тәртіп бойынша келе жатқан, заманға, адамның тірлігіне муафық бір ноқаты да жоқ ескі медресе болып шықты. Оздырған он жыл өмірімді кімнен дауларымды білмей қайран болдым. Шындығында мұнда мен аздап арабша танып, шамалы парсыша түсінгеннен өзге түк те пайда көрмедім. Медреседен шыққан соң, 1910 жылы Шымкенттегі орыс-қырғыз интернатына қабылданып, молдалық қыла бастадым. Жеті жылдай молдалық артында жүзіп, су керек балықтай болып тұрған бір кезде күркіреп келген октябрь төңкерісін қабыл алдық. Николай уақытындағы көзі ашылмаған, езілген халықтардың үкімет атасы болып, бұрын оқыта алмайтын молдалар молда бола бастап, жаңа ғылымдардың есігі ашыла бастады. Сондықтан Шымкенттегі ашылған үйезден һәм крайлық түрлі қысқа уақытты курстарда мұғалімдік қылып, Ташкенттегі сегіз айлық курста өзім де оқыдым. Төңкерістен соң һәмма уақыт мектеп бастық, молда болып келдім. 3-4 уездегі сиездерде член исполком болып дайындалғанмен, исполкомның басқа артельдерінде қызмет қылмай, молда ғана болып жүрмін. 1923 жылы 10 сентябрьден бастап 1924 жылғы 10 мартқа дейін Шымкент үйездік халық ағарту бөлімінің бастығы болып, мойныма жүктелген қызметті атқарып тұрдым. Қазір де мұғалім болып тұрмын. 

Мылтықбайұлы. 14. 10. 1924 жыл», – деп қол қойыпты.  

Расымен де халықтың кемеліне келіп, өркендеп-өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажеттігін аңдаған шынайы ағартушы Мұса Мылтықбаев 1918-1924 жылдар аралығында Шымкенттегі шағын мектептерде шала сауатты жұрт баласына сабақ өтеді. Ташкенттегі 8 айлық курста тәлім алып, білімін тереңдетуден де бас тартпайды. Сондай-ақ, сол замандағы білім саласының білікті мамандарының бірі ретінде 1919 жылы алдымен 6 ай, сонан соң 8 ай мұғалімдерді қайта даярлау курсында бала жүрегінің бағбаны болмаққа бекініп келген жас ұстаздарға дәріс оқиды. Білгенін үйретіп, бағыт-бағдар береді. Әңгімемізді әрі қарай әдіптей түссек, оңтүстік өңіріндегі ағарту ісінің алтын діңгегіне айналған мұғалім Мылтықбаев Шымкенттегі бірқатар мектептердің іргесін қаласып, білім ордаларының басшысы болған шақта да шаш-етектен келетін шаруаны шашауын шығармай тындырса да, тасадан тас атқан арызқойлардың «жалаң айқайынан» құтыла алмайды. Бұл жаланың жаңғырығы қала шеңберінен шығып, Алматыдағы аға басылым да, ел тынысын елеп-екшеп отырған «Ақ жол» газеті де Мұсаның маңдайынан сипай қоймайтын мақалаларды бірінен соң бірін жариялай бастапты. Маңызы қалмаған сол мақалаларды мән бере оқып отырып, «Шынымен де Шымкенттің білім беру саласын аяғынан тұрғызуға сүбелі үлес қосып, 1924 жылдың 10 наурызынан уездік халық ағарту бөлімін бәлендей шусыз басқарған басшы кімге жақпай қалды екен? 

Қазақ техникумы жанындағы ортақшыл партияның ұясына 1924 жылдың 14 қазанында «Осы күндерге дейін кеңес қызметінде мұғалімдік міндетін атқарып жүргендіктен, бүгінгі күннен бастап ортақшылдар партиясына кіруге қолдаймын. Мүмкін болса алсаңыздар екен», – деп өтініш білдірген Мылтықбаевтың қандай болсын бір бассыздыққа бара қоюы да екіталай. Бірақ біз жоғарыда сілтеме берген Алаштың рухани мұрасы – «Ақ жолда» Мылтықбаевтың қателігінен гөрі іскерлік қабілеті, кемшілігіне қарағанда адами қасиеті көбірек дәріптелген сияқты. Мәселен, «Мұғалім» деген автор газеттің 1924 жылғы 1 наурыздағы №410 санында «Мектеп тіршілігі» айдарымен басылған «Міндетті уақытында атқарыңдар!» атты мақаласында: «Шымкент үйезіндегі жергілікті халықтың өзгерістен соңғы саны көп, сапасы жоқ мектептері 22 жылы біржолата жойылған еді. 1923 жылдың көктемінен бастап халықпен келісім жасалып, жаз бойы ағарту инспекторы жолдас Мылтықбайұлы Мұсаның һәм бірлі-жарымды мұғалімдердің қажымай қылған қайраттары арқасында, ел күшімен қазақ халқы үшін жатақханалы 100 балалық 3 мектеп, өзбек халқы үшін   қатынап оқитын 10 мектеп ашылып, осы күнде әліне қарай жұмыс істеуде. Қазақтың 3 мектебінің бірі «Абай», екіншісі «Ахмет», үшіншісі «Қожанұлы» мектебі. Өзбек мектептерінің үшеуі қалада, жетеуі қыстақтарда», – дей келе басты мақсат жаңа мектептерді жаппай ашу емес, оқыту үдерісін оңалту екенін еске салады. Анығында ол шақта уезд түгілі ауыл-аймақтарда да жергілікті халыққа жөндемді білім бере алатын оңды оқытушы жоқтың қасы еді. Маңдайшасына қызыл ту ілінген мектептер де өнер-білімнің шамын жағудан алыс, жұрт жоғын түгендеуден жырақ тұғын. Хат танытудың өзін үлкен олжа санаған оқу ордалары ілдәлдалап ілгері басып келе жатқан. Алайда, автордың: 

«Қысқасынан айтқанда, биылғы жылы Шымкент үйезінде оқу ісі бұрынғы жылдарға қарағанда недәуір жақсы. Кемшіліктері болса, жұмысшылықтың салдары. Мектеп құралдарының, оқу саймандарының, балалар киімдерінің кемшіліктері мол. Бұл кемшіліктерді толтыру үшін жоғарыдан толық жәрдемдер керек. Құр айқай, құр сүрен жыртыққа жамау бола алмайды. Жоқты бар қылу үшін пұл керек. Сондықтан мектептеріміз ағарту айында үйез атқару комитеті һәм огоркомдағы азаматтарымыздан сөз емес, іс жүзінде жәрдем күтеді.

Келісім бойынша, халық мойынында ықтиярлы мектеп салықтарының көбі қалып отыр. Шынында, бұлар халық мойнында емес, атқамінер, тоғышарлар мойнында қалып отыр.

Ағарту айында үйездік жауапты іс иесі жігіттеріміз сол елдегі ықтиярлы мектеп салықтарын жемтікшілерден алып, тиісті мектептеріне жеткізіп бере алса, үлкен қызмет атқарған болар еді.

Мектеп саймандары, оқу құралдары түгенделсе, жыртықты жамағандай болар еді. Үйездік, болыстық, аудандық атқару комитеттері огорком, союз, «Қосшы» бастықтары! Мектеп сіздерден зор жәрдем күтеді. Міндеттеріңді уақытында атқарыңдар!» – деген түйінді ойына үңіле түссек, Мылтықбаев тізгін ұстаған тұста бұл саланың бірталай түйткілді мәселесі шешіліп, мектептің тұрмыс-тіршілігі де бұрынғыға қарағанда біршама түзеле түскен. Анығында, сол кездің маңдайалды баспасөзі «Ақ жолда» Мылтықбаевтың адалдығын айқындайтын кішігірім ақпараттық материалдар аз басылмады. Байыппен ойланып, санамен саралап көрейік. Біздіңше, қазақ баспасөзін хал-қадірінше қолдап, рухани азықсыз ағарту саласының адымы қысқа болатынын қапысыз болжаған, әрқайсысы «Ақ жолдың» 5 данасына жазылып, 5 червонец төлеген қаланың зиялы қауымы санатындағы Тәңірберген Отарбайұлы, Сұлтанбек Садықбекұлы, Елемес Жәрменұлы, Төлебек Баймұратұлы, Есенәлі Мәделіұлы, Садық Баймұратұлы, Әкімбай Жүсіпұлы, Керімбек Төлебайұлы, Ноғай Батырбекұлы, Исламқұл Сәрсенбайұлы, Әбдіғаппар Әсілұлылармен бірге Мұсаның да мерзімді басылымға жанашырлар қатарынан табылғанына қарап, тектіден тоғышар шығатынына сенгің келмейді.

 

Отарбаевтың ерлігі

 

 Мұны аз көрсеңіз, дәл осы «Ақ жолда» 1924 жылы «Нұғман Сәрсенбайұлы» атты қазанама жарық көреді. Онда небәрі жалындаған жиырма бесінде Боралдай болысының Көкбұлақ деген жерінде оқыту жұмысымен жүрген Шымкент уезінің халық ағарту инспекторы Нұғман Сәрсенбайұлының абайсызда аттан құлап, ажал құшқаны жазылыпты. Осындағы орыс-қазақ мектебінде оқыған, ескіше де емле білетін, түрлі курста тәлім алған талапты жастың қазасына газет бетінде «Нұғман жолдастың түпкі мақсаты оқу-оқыту һәм халықты ағарту болып, сол жолда қажымай қайрат қылып келе жатқан қазақтың аяулы ұлы, ағарту ісінің қаһарманы еді. 

Мархұмның дәйім сүйсініп айтып жүретұғын мынау өлеңі оның мінезін, талабын ашып беруге жараса керек:

Ай, жаным, сен де, мен де аз күн қонақ.

Заман жоқ, көп тұруға өмір шолақ.

Отқа жан, оққа байлан, әрекет тап,

Киген тәж, мінген тағың болсын сол-ақ.

Нұғман жолдас сол айтқанынан табылып, надандықты жою жолында құрбан болды. Алған білімін халық пайдасына жұмсап, жұртты ағарту жолында зекет кеткен Нұғман мархұм қазақ жастарына, әсіресе, мақсаттастарына үлгі болуға жарайды. Топырағы торқа, жаны тыныш болсын», – деп жолдастары атынан қатты қайғырып көңіл айтқандар арасында Отарбаев, Садықбеков, Жарменов, Мағропхановтармен бірге Мұса да болды. «Ақ жол» басқармасы да үнсіз қалмай, Түркістан һәм Шымкент уездерінде халық ағарту жұмыстарын барынша жақсартуға септескен, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» көксеген өрімдей жастың мезгілсіз өмірден өткеніне өкіне отырып, оқушы шағында озат, оқытушылықта көптен озық, оқу бастығы қызметінде де жұртқа жайлы, елге жақын болған Нұғманның бұл оқыс өлімі талаптас жастарға қатты батып отырғанын жасырмай жазыпты. Әйтсе де, жас ұстаздың өзі өлсе де, ісі өлмейтінін жұртқа өнеге еткен редакция ұжымы көзтаса болған талантты құрметтен кенде қылмай, ел жадындағы жақсы ісін жарыққа шығара беруге уәде береді. Әйткенмен Мұсаға маза бермеген әлгі арыздың әлегі жуық арада аяқтала қоймайды. 

Екеуара туыстығы бар десек те, турашыл Тәңірберген Отарбаев бұл тұста бұғып қалмай, «Мұғалімдерге сый» атты мақаласында төтеннен келген тексеру комиссиясының теріс тірлігін қатты сынға алып, ағартушылар атынан уәж айтыпты. Әрине, Мұсаға жақындығы барын оңтүстіктің орны бөлек Отарбаевы ешқашан жасырмаған. Бір кездері Алаштың ардағы Болғанбаевты жұмысқа алғаны үшін жазалы болып, жас кезінде имамдық еткені үшін партиядан шығарылған тұлғаның «...Мұса Мылтықбаев туралы айтар болсам, ол кісі менің туған нағашы ағам. Бала кезден жақсы білемін. Бар ғұмырын мектепке арнаған ол кісінің жолын біз де қудық. Шымкент уездік-қалалық халыққа білім беру бөлімінде 4 жыл жұмыс істеді. Әлі де сол салада», – деп ашығын айтқанын да білеміз.

Аталмыш мақалаға қайта оралар болсақ, Отарбаев онда былай дейді: «Неше жылдан бері оқу, оқыту ісінің артынан қалмай келе жатқандығымыз үшін, газет бетінде «баскесер жендет» деген атақ ала бастадық. Мәселен, 86-шы санды «Түрік правда» газетінде Шымкент үйезіндегі ағарту жұмыскерлерінен он адамға «жендеттер», «палаштар» деп ат қояды. Жазушысы белгісіз. Айтуынша, үйездік 8 мектептер хәлін қарастыру үшін әдейі комиссия тағайындалған. Комиссия тексеріп көріп, халық мектептер жұмыскерлерінен он кісіні айыпты тауып, «тез арада жаза берілсін» деп ісін сотқа тапсырған. Мен бұлардың ішінде жәй-күйіне қанық болғандығым үшін екеуін ғана айтып өтемін: Біріншісі – Мұса Мылтықбаев. Бұл адам ес білгеннен бері осы күнге шейін тұрмысының нашарлығына қарамай, жұрт деп жақын тартып келе жатқан бір мұғалім. «Палаш санағына кіру себебі, мектепке салқын қарау, есеп-хисабын орындатпау» дейді. Екіншісі – Шәріп Шораев. Бұл адам да бар өмірі ілім жолында өтіп, біздерге тазалықтан бөлек, ешбір қылығы сезілмеген бір мұғалім. Мұның да айыбы «салқын қарау, талау» болыпты. Егер де осы айтылған айыптар шын болған күндерде, бұларды «жендет» деп айтуға болады ма? Күнәнің да ауыры, жеңілі бар емес пе? Мұғалімдерді «жұрт атасы, жұрт анасы» деп атамасаң да, жазасының салмағына қарап ат қойсаң болмас па еді? Байқау, аңдау керек еді...

Шынында, ондай жасырын комиссиялар болған жоқ. Болса олар жөндеп,  анығын тексеріп білмеген. Жәй біреудің айтуынша ғана жорыған.

Ондай жасырын комиссия келіп көрген болса, неге школ бастығы болып тұрған Мылтықбаев, Шораевтар білмеген. Олардан сұрамай, істерін тексеріп көрмей, комиссиялар түс көріп білді ме екен? «Комиссиялар тездетіп жазасын берсін» деп істерін сотқа тапсырғанына қарағанда, бір жетіге қалмаса керек еді. Бір айға дейін нағып бір рет ғана болса да тексеріп қарамайды? Қарасын-ақ, шын тексеріліп, айыптарын мойындарына артса, онда құба-құп жарады. Егер ақ шықса онда кімді «жендет» деп атар екенбіз! «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» болудың өзі жеңіл болып кетпесе, бұрын ауыр секілді еді».

Осылайша өз ойын ірікпей ақтарып салған Отарбаев бойдағы бар білімін бала жүрегіне егіп, денсаулығын да, тұрмысын да тұралатқан мұғалімдерге шүйлігуді қоюға шақырады. Азаматтық деуге тұрарлықтай-ақ тірлік. Түсінген адамға тәңіршіл Тәңірберген мақалаларының тілі де қызық, тартымды. Ол орта тұстан орайлы сөзін кілт үзіп, «Мұғалімдер неге қызығып мұғалімдік қылып жүр? Тамағына ма? Сыйы,  құрметіне ме? Мұғалімдерге қай тамақ беріп жарытып жатыр?» деп оқырманға сауал тастайды да, ізін суытпай, «Мен 13 жылдан бері мұғалімдік қыламын, сонан бері жарытып тапқан тамағым да, сыйым да шамалы. Үш жылдан бері мезгілімен бір айлық ақымды да алған емеспін. Үш жылдан бері мұғалімдер маянасы ең төменгі разрядтармен беріледі. Ауқат жағынан да, құрмет жағынан да мұғалімдік қылудан кетпен шабу жақсы, рахат. Бұлай болған соң мұғалімдердің неге қызығып қызмет қылатындығын біл!» – деп жауабын да береді. 

Мұның бәрі де 1923-1925 жылдарда болған жайт. Осымен жабулы қазан жабылып, Мылтықбаевқа мін таққандардың үні өшті десек қателесеміз. Сөнген шоқтың қоламтасын қайта үрлеп қоздырып, өршелене түскендер 1927 жылы Шымкенттің білім саласындағы былықтар турасында ағарту бөлімінің бастығы Дүйсебайұлы деген дардай шендінің атынан «Еңбекші қазаққа» тағы бір елді елең еткізетін мақала жариялайды. «Ағарту бөлімінің ісі» деген мақаланың толық мәтіні мынау: «Шымкент үйезінде 160 ауылдық мектеп бар. Бұл мектептердің кем-кетігі, мұғалімдер не істеп жатқаны, ондағы оқушылардың кім екенінен үйездік ағарту бөлімінің хабары болмай, жоспарсыз істеп келген. 1925 жылы ағарту бөлімінің бастығы Мылтықбайұлы 1 мың 200 сом, саяси ағарту бөлімінің бастығы Асқарұлы 898 сом, хатшысы Байдок 200 сом жеп қойған. Тексерген комиссияның материалы прокурорға берілсе де аяқсыз қалған. Одан кейін Ақжан деген азамат тұрып, 150 сом жеген. Ауыл мектептерінің шығындары облаткомдардың қорынан екен. Қыстың басында мектептің кем-кетігін айтқан мұғалімдердің қыңқылы облаткомдардың құлағына кірмей, соны сылтау қылып еңбек етпей, айлық ақы алған мұғалімдер де болған. Ноябрьдің басынан ағарту бөлімінен саяси ұйымдастырушылар жіберіп, ел мектептерінің жайымен танысып жатырмыз. Бұдан былай бірдеңе болмаса, бұл күнге шейін Шымкент үйезінде ағарту бөлімінің жұмысы әлгі түрде болып келген. Үйезде ағарту жұмысын тәртіпке салуға кірістік. Жоғарғы ағарту орындары да басшылық етіп тұруы жөн». 

Мақаланың мән-жайына үңіліп, тарқата талдап жатуды артық деп білдік. Өйткені, бір жыл бұрын-ақ «мұғалімдерге жалақы беруде жалған ведомостьттер толтырды», «мектеп ғимаратын жөндеуге бөлінген қаржыны талан-таражға салды», «өздеріне бөлінген сабақты да өтпей, тегін айлық алды» деген секілді т.б. айыптар тағылып, Мұса Мылтықбаев та, оның «сыбайласы» Асқаров Әбдірәшім де қызметінен қуылып, жұмыстан шеттетілген болатын. Біз тек осынау сот пен сарсаңнан, шу мен шатақтан, арыз бен айғайдан әбден шаршаған мұғалім Мылтықбаевтың өз қолымен жазылған өтінішінен ғана қысқаша үзінді бере кетейік. Түйсігі бар ізденуші Тәңірберген айтқан ақиқаттың ұшқынын содан да табар. 

 

Ол өз заманының қайраткері еді

 

«Болған жайды бүгіп-жасырмаймын. Менің ісіме қатысты қаржылай ревизия қарқынды жүрді. Құжат біткеннің бәрін қопара ақтарған, материалдарын маған көрсетпей губерниялық прокуратураға өткізіп жіберді. «Жұмысына жауапсыз қарады, қыруар қаржыны қымқырды» деп жан алқымнан алғасын мен де қарап қалмай, қарсы арыз беріп, өтінішпен басқа тексеру тобын алдырттым. Бірақ бұл үмітім де желге ұшты. Көз алдымда болып жатқан бұрмалауларға қарап, тосын тексерудің алдын ала ұйымдастырылғанын түсінгендей болдым. Тазалығыма куә болады деп сенген тексерушілерім тырнақ астынан кір іздеп, қайткен күнде де мені бір статьяға ілуге жан сала кірісті. Ревизорлардың өкінішіне орай, оңды-солды жұмсалған ортақ ақша жайлы ақпар анықталмады. Тауы шағылса да, тауаны қайтпаған олар енді «қызметіме сәйкес еместігімді» бетіме басып, маған басқа тұстан ор қаза бастады. Бәрін қойшы, бұл сегіз айға созылған сергелдеңнің соңы көрінер емес. Партияға кандидаттар қатарынан да шығарылдым. Садықбеков пен Отарбаев жолдастарды да куәгер ретінде күн аралатып, қайта-қайта келтіріп, әбден әуреге салып қойды. Мұндай жағдайда өмір сүрудің өзі оңайға соқпай жүр. Соқталдай азаматпын, жұмыссыз жүргеніме сегіз ай. Табыс жоқ. Менің жалақыммен күн көріп жүрген отбасым да жоқшылықтан жұтай бастады. Қазынаның ақшасын қарпып жеген болсам, жанұям нанға жарымай отырмас еді ғой. Сондықтан ағарту қызметкері санатында сандаған жылдар бойы осы салада жауапты жұмыстарды атқарып, ауыл мектептерінде аянбай еңбек еткенімді ескермеген, істі біржақты жүргізген тергеуші Таировтың бұл шешімін әділетсіздік деп санаймын».

Дегенмен талай рет басы дауға іліккен парасатты педагог, білікті басшы Мұса Мылтықбаев оңтүстік өңірінің ағарту саласын дамытуға зор үлес қосқан өз заманының қайраткері ретінде тарихта қалды. Кейбір архив деректері мен зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, 1918 жылы ашылған Ахмет Байтұрсынов атындағы №7 қазақ мектебінің (қазіргі Қ. Сыпатаев атындағы жалпы орта мектеп) алғашқы директоры Мұса Мылтықбаев болған. Бұл білім ордасының атауы «Ахмет» мектебі, Қазақ орта мектебі, «Коммуна» мектебі, «КИМ» атындағы мектеп болып бірнеше рет өзгерді. Осы мектептің 75 жылдығына арнап шығарылған проспектіде 1920 жылы қалалық оқу бөлімінің бұйрығы бойынша бұл мектепті «Коммуна» мектебі деп атап, мұнда панасыздар мен жергілікті халықтың балалары оқысын деп шешілгені, 1921 жылы «Коммуна» мектебі үш кластық мектеп болып құрылғаны, мектеп директоры Мылтықбаев Мұса болып, бірінші басқыш мектепте 89 оқушының оқығаны жөнінде жазылған.

Ал 1925 жылы №1 «Коммуна» мектебі Сұлтанбек Қожанов атымен аталып, онда 103 оқушы білім алыпты. 1923 жылы біз әңгіме етіп отырған бұл оқу орны үш жылдық болған. Осы кезден қалада Ахмет Байтұрсынов және Сұлтанбек Қожанов атындағы екі қазақ мектебінің аты қатарласып аталады. Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте (№7 қазақ орта мектебі) бұл кезде меңгеруші болып Отарбаев Тәңірберген істесе, бұрын осында меңгерушілік еткен Мұса Мылтықбаев Сұлтанбек Қожанов атындағы екінші қазақ мектебінде меңгеруші болған. Сондай-ақ, 1924 жылдың 16 маусымында Шымкент қаласындағы Сұлтанбек Қожанов және Ахмет Байтұрсынов атындағы қазақ мектептерінің бірлескен мәжілісі өтеді. Осы мәжілісте сөз сөйлеген С. Қожанов атындағы балалар үйінің меңгерушісі Мұса Мылтықбаев, А. Байтұрсынов атындағы балалар үйінің меңгерушісі Тәңірберген Отарбаев алда тұрған міндеттер жайлы сөз қозғайды. Онда оқушыларға білім беру, оларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету, т.б. мәселелер айтылды. Әрине, сол жылдары балалардың оқуына деген қамқорлық едәуір алға қойылғанымен, әлі де оларға құрал-жабдық, дәптер, т.б. нәрселер өте қажет еді. Мысалға алатын болсақ, осы мектеп меңгерушісі Тәңірберген Отарбаевтың 1924 жылдың 31 қаңтарындағы Шымкент қалалық оқу бөліміне жазған хатында 100 оқу құралы, 100 орыс әліппесі, 100 дәуіт, 1000 дәптердің, сондай-ақ оқушылар үшін Абай, М. Жұмабаев шығармалары, «Қыз Жібек» дастаны керек екендігі айтылады. 

Бір сөзбен айтқанда Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Төлеген Тәжібаев т.б. сынды ұлт тұлғалары түлеп ұшқан «Ахмет» атындағы білім ұясын 1918-1923 жылдары Мұса Мылтықбаев, 1924-1925 жылдары Сейілбек Үсенов, 1926 жылы Тәңірберген Отарбаев, ал 1927 жылдан Мұсай Әйкенов басқарған. 

Ал Мылтықбаевтың қандай мұғалім болғанын жақсының көзін көргендердің ұмытылмас естеліктерінен білеміз. Мәселен, батыр Бауыржан Момышұлы жұртқа белгілі бір жазбасында: 

«Мұса Мылтықбаев деген ұстазым да есімде. Орта бойлы, семіз, қара мұртты кісі еді. Киім талғамайтын, үстіне ілінгенін киіп жүре беретін. Мұса ағайымыз жаздың күні (ол кезде мәсінің орнына өкшелі етік шыққан) етік пен галош киетін. Ол галош тозған ба, кеңіп кеткен бе, онымен Мұсекеңнің ісі болмайтын. Тырп-тырп басып келе жататын. Оған бәріміз күлетінбіз. 

– Мұса ағай келе жатыр, – деп дыбысынан біліп отыратынбыз. Ол кісі бізге географиядан сабақ берді. Обалы не керек, өте білімді еді. Сол кісіден бірінші естіген сөзім (кейін тексеріп көрсем дұрыс екен), көл мен теңіздің көл, теңіз болып аталу себептері. 

«Теңіз дейтін нәрсе ол да көл, бірақ оның мұхитпен байланысы бар, ол мұхитқа құяды, ал біздің Арал қай мұхитқа құяды? Оның мұхитпен ешқандай байланысы жоқ. Ол теңіз емес үлкен көл» деген еді. 

Мұсакең тригонометриядан да сабақ беретін. Бұл пәнді де жетік білетін. Тригонометриядан, геометриядан сол Мұсакеңнің берген білімі кейін кәдеме асқаны бар. Қазақ мұғалімдерінен есімде қалғаны осы кісілер», – дейді. 

Айтпақшы, саяси қуғын-сүргін белең алып, Тәңірберген Отарбаев та тұтқындалып, Ташкент түрмесіне жабылғанда намысты нағашысы оның отбасымен жасырын хабарласып, «Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләнда сияқты сендерді де көп ұзамай түрмеге қамайды. Тездетіп қашыңдар» деп түн қата төркініне аттандырып жіберген екен. Сөйтіп, олар айдаудан аман қалыпты. Бірақ көп ұзамай, анығы 1929 жылы Мұса да Ташкентке қоныс аударып келеді де, Индустрия институтына оқытушылыққа қабылданып, математика пәнінен дәріс оқиды. 1938 жылы 23 мамырда «жапон жансызы» деген айыппен Бұхараның Конимех ауданының осы аттас шаһарындағы Киров көшесі бойындағы өзі тұрып жатқан 6-үйде қамауға алынады. Өйткені 1937 жылы Ташкенттегі ұлт зиялыларына НКВД жендеттері қырғидай тиіп жатқанда, ол түн жамылып Конимехке көшіп кеткен. Осы аралықта Мұса сол шаһардағы 10 жылдық мектепте оқытушы болған. Қамауға алынған тұста жұбайы Нүрипа Құлбаева 37 жаста, 17 жастағы қызы Рахима Ташкент Транспорт институтында білім алып жатқан еді. Ал 15 жасар ұлы Зохидтің Ирригация техникумында оқып  жүрген кезі. Ойламаған жерден отбасы ойран болып, 12 жасар Нованы мен 4 жасар қызы Гүлилар үйде шырқырап қала берді. Содан 1938 жылдың 31 мамырынан бастап тергеуде қатты қиындық көрген Мылтықбаев С. Қожанов, И. Тоқтыбаев, Е. Жәрменовтер басқарған ұлтшылдық ұйымның мүшесі ретінде жауапқа тартылғанымен, жабылған жаланың ешбірін мойнына алмайды. Осылайша 1939 жылдың 15 тамызына дейін тергеу тақсыретін тартқан Мұса абақтыдан босатылады да, Конимехке барып ұстаздық жұмысын ары қарай жалғастырады. 1953 жылы Сталин өлгеннен соң толық ақталып, туған елден жырақта тіршілік кешеді. Бір айта кетерлігі, Мұсаның Ташкент абақтысындағы тергеуде түсірілген, осы күнге дейін жарық көрмеген суреті біздің қолымызға кездейсоқ тиді. Сондықтан көрші ел мұрағатындағы Мұса Мылтықбаев секілді қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құнды құжаттарды ғылыми айналымға түсіру кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз. 

 

Асан ҮСІПОВ,  Ғалым ҚАСЫМХАН, 

М. Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі 

дайындық орталығының  аға оқытушылары

24.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

ТУРКЕСТАН: КОРЕЙСКИЕ ИНВЕСТОРЫ ВНЕДРЯТ ПЕРЕДОВЫЕ ТЕХНОЛОГИИ В АГРОСЕКТОР
Пресс-служба акима Туркестанской области - 29.01.2025 27
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ДИҚАНДАР ҚЫСТЫГҮНІ ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨНІМІН ЖИНАП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 31
2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі - 29.01.2025 105
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҮЗІЛІСТЕ АСЫҚ ОЙНАЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 29
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 38
2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі - 29.01.2025 78

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13996
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12816
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16072
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14976
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20027