Түлкібас кентіне қарасты «Grand Flour Industry» ЖШС жылына орта есеппен 800-1000 тонна жоғарғы және бірінші сұрт ұны мен мал азығын шығарып, «ARDA Түлкібас» деген брендпен оңтүстік аймақтағы үш өңір мен Өзбекстан еліне жолдап отыр. Жуырда ағымдағы жөндеуден өтіп, жұмысын қайта бастаған кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның жауапты өкілімен нысанды толық аралап, шығарып жатқан өнімнің сапасын бақылады. Қуаттылығын арттыру бойынша зауыт өкіліне ұсыныстарын айтып, әкімдік тарапынан көмек қажет болған жағдайда қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Зауыт тәулігіне 150 тоннаға дейін ұн шығаруға қауқарлы. Бүгінгі таңда мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Түлкібас кентіндегі «Мұрагер» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасының жағдайы да сарапталды. Жалпы қойма 3000 мың тоннаға шақталған екі корпустан тұрады.