Қазақ пен тұлпар... Қарап, бағамдап отырсаң, осы екеуі егіз тәрізді көрінеді. Тарих-бабаға жүгінсек, олардың тұтасып бір тұлғаға айналғанына 6 мың жыл болған екен. 6 мың жыл! Бабамыз ту арғымаққа шыңғырта құрық тастап, үстіне жабыса мініп, бас үйреткен. Әрине, ғасырлар бойына даланың сұлу еркесі асау тұлпар еркіндігінен бірден айырылып, оңайлықпен көне қойды дейсің бе? Көнген жоқ! Тулаған, секірген, бұлқынған... Бірақ қайсар қазақ бабамыз да қайтпаған. Тұлпардың алтын жалынан шыжымдай ұстап, тақымын қысқан. Ақыры дегеніне көндірген. Жуасытқан. Сөйте-сөйте екеуі достасқан. Бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын дәрежеге жеткен. Тарих қойнауына көз салсаң, «Кентаврлар» деген атқа ие болған түркілер Тұран даласынан шауып шығып, шартарапқа желдей жүйрік тұлпарларымен атой салып, әлемнің жартысын жаулап алған. Қысқасы, жұмыр жердің қожайынына айналған.
Мен мұны ойдан шығарып, қиял әлеміне сүңгіген жоқпын. Тарих-бабадан білдім. Бұл тарихи шындықтың мөрі басылып, осы күнге дейін жеткен. Нанбасаңыз, теріскейдегі Қызылжар деген өңірге барыңыз. Онда Ботай деген жер бар. Сол жерде аспан астындағы мұражайды табасыз. Мұражайда осы жоғарыда айтылғанның бәрін айғақтайтын құжаттар бар. Қазір қанша мойындағысы келмесе де, ауыздарымен құс тістеген алпауыт мемлекеттердің өздері мойындаған. Жақында осы таңғажайып мәселе жөнінде сүйінші хабар жетті. Мүсіншілеріміз тура Қызылжар қаласының кіреберісіне алып та ғажап ескерткіш сомдапты. Оның шекесіне «Ботай Солтүстік Қазақстан әлемдегі жылқыны қолға үйретуші тарихи мекен» деп ойып жазылған.
Осы ескерткіште аспанға шапшыған тұлпарға шалма тастап, еркіне көндіруге тырысқан қазақ жігітін көресіз. Айтары жоқ, тамаша ескерткіш! Шылбырды беліне орап, нық, қасқия тұрған қазақ бабамызды мүсіншілеріміз әдемі, сәтті айшықтаған. Бәрекелді деп еріксіз сүйсінесің. Құтты болсын!
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ пен тұлпар егіз десек, қателеспейміз. Бабаларымыз егіздерді айырмаған. Егіздерді айыруды жамандыққа балаған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары орыстар қазақты тұлпарынан айырса, қолынан түк келмейтін бейшараға айналатынын біліп, зерттеп, жылқыларды аямай қырып тастады. Тіптен зұлымдықтары соншама – миллиондаған жылқыларды пулеметпен қырған дейді. Тұлпарынан айырылған қазақтың рухы сынды, қанаты қайырылды, миллиондап аштан қырылды.
Темір тұлпарды тізгіндеп мінген қазақ баласы жылқыдан қорқып, үркектейтін халге жеткен. Әрине, бәрі емес. Жақында саумалмен емдейтін шипажайда болдық. Сонда арғымақты мініп қана қоймай, биесін сауған Қамбар деген қара баланы кездестірдік. Сүйсіндік. Атына сәйкес Қамбар атаның тұқымын көндірген Қамбар баладан үлгі алайық. Атқа мін, қазақ, атқа мін! Сонда ғана қазағыма дүлей рух келеді. Рухың сынбасын, қазағым!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ