ТҰЛПАРДЫҢ ТІЛІН ҰҚҚАН ҚАЙСАР ҚЫЗ

ТҰЛПАРДЫҢ ТІЛІН ҰҚҚАН ҚАЙСАР ҚЫЗ

Бүгінде бірқатар жастардың ерсі әрекеттеріне қынжылып: «Болашақ қалай болар екен?..» деген ойға қаламыз. Әлеуметтік желілерден сырға тағып, боянғаны былай тұрсын, қыздың белдемшесін киюге құмар ұл балаларды көріп, талайымыздың жүрегіміз қан жылаған еді. Жақында «Instagram» әлеуметтік желісінен көзіміз шалып қалған «Атсүйер Алаш аруы» аккаунтының көз тартатын суреттері мен видеолары назарымызды еріксіз баурап, жабырқаған жанымызды жұбатқандай болды.

Жазбаларын оқи отырып, небәрі 17 жасар бүлдіршін қыздың тұлпар баптауға құмар, жылқыға жаны жақын екенін де аңғардық. Қазақ қызына лайық қайсарлық та, нәзіктік те бойынан табылатын бойжеткенмен тілдескенде ойының озықтығына да көз жеткіздік. Талай жасқа үлгі боларлық, тіпті отызға келсе де ақ-қараны анық білмейтін кейбір ойсыздарға өнеге етерліктей бойжеткен қыздың орамды ойын, сүбелі сөздерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. 

Меркі ауданының Ақермен ауылында туған Аружан Амангелдіқызы атасының қызы болып, көргені көп қариялардың тәлімімен өсіп келеді. Ол кішкентай күнінен құрбылары секілді қуыршаққа құмартпай, сәйгүлік туралы мультфильмдерді көруге құштар болған.

– Атқа құштарлығымның басты себебі –қазақ болып туғаным деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін, ес білгелі жылқы жайлы мультфильмдер тартып тұратын. Бір жерден ат көріп қалсам тыпыршып тұра алмай кететінмін. Кейіннен мал бақтық. Малға шыққанда 5 жаста едім. Сол кезден бастап атқа міне бастадым. Әуелгіде атам мен көкем алдарына отырғызып, тізгінді ұстатып қоятын. Мен тізгін ұстап, атқа «шу» дегеніме қуанатынмын. Сол сәттерден бастап жылқы досыма, сырласыма айналды. 

Жалпы, жылқының күтімі оңай шаруа емес. Жемшөбін беріп қоя салу жеткіліксіз. Жылқы да жан иесі, жүрегі бар, махаббатты сезеді. Торқа есімді атым екі жарым жыл серігім болды. Мен үшін ең ерекше ат еді. Бір көргеннен баурап алды. Өзге жылқылардан сыртқы келбетімен емес, ішкі жан дүниесімен ерек болатын. Мінезі ашық болғанымен адам таңдайтын әдеті бар. Ыңғайға тез көнетін, әйткенмен қырсықтығы да өзін толықтырып тұрушы еді. Өзіне ғана тән ешкім байқай бермейтін қырлары көп. Адалдығы мен сезімталдығы да бір төбе. Торқа аспанға тік қарғығанда әлемнің ең биік нүктесінде тұрғандай сезімге енетінмін. Тіпті адам баласы білмейтін сырларымды алып кетті өзімен. Айтсам таусылмайтын естелік қалдырды. Одан айырылу қиын болды. Шіркін, жануарым-ай шыдамы тастай, өте төзімді еді ғой, – деген Аружанның діріл араласқан даусынан қимастықтың, сағыныштың лебін сезіндік.

Жас қыздың жылқы малына осыншалық жақындығына расында тәнті де болдық. Тіпті сәйгүлігімен сырласатынын естігенде таңырқағанымызды жасыра алмай, жануардың тілін қалай ұғатынын сұрағанымызда:

– Оңашада ойымдағының бәрін еш қысылмай айта беремін. Себебі естіп тұрғанын, түсініп тұрғанын білемін. Бірақ жауап қайтармайды. Тілсіз болғанымен жүрегі бар. Бір кездері қатты ашумен қой бағып жүріп, атыма егіле жылап мұң шағып едім, сенесіз бе, ойнақшып тұрған Торқамның көзінен жас көрдім. Маған қолдау бергендей болды. Сол кезден бастап атпен сырласу мен үшін психолог маманнан артық болмаса, кем болмайтынын түсіндім. Жануар тілін толық түсінемін деп айта алмаймын, бірақ өзгеше көзқарасын байқап, қолдауын сезінемін. Жаным жабырқаса, жылқыммен сырласып, кәдімгідей жүрегім жылып, іштегі ауыр ойдан арылғандай жеңілдеп қаламын. Қазір бір атым бар. Есімі – Аманат. Торы құнан. Тапал келген, қыңыр мінезді, ерке, ерек тұрпатқа ие. Маған берілген аманат. Сол себепті есімін Аманат деп атадым. Күтіміне жемшөбімен қоса көңіл бөлуді, серуендетуді, ойнатуды кіргізіп қойғанмын. Аманат қазіргі жалғыз шабытым, – деді қайсар қыз.

Талдырмаш тұлғалы, жаны нәзік қыз баласы болса да асау үйрететіні тіптен тамсантты.

– Иә, асау үйрету оңай іс емес. Бірақ бойдағы құмарлықты тізгіндей алмай, үйретіп кететін кездерім болады. Негізі асау атқа 6 жасымда мінген екенмін. Мен бала болғаннан ба, әлде байланысты сезгеннен бе, шу асау туламай, жуас жануардай мінгізген екен. Бұл да бір белгі-ау деп ойлаймын. Асау үйретуге тақымның беріктігі мен жүректің кеңдігі керек. Сірә, менен сол сезімдерді түйсінген болар, осы күнге дейін жуастырған асауларым ешбір қиындық туғызбады. Көкпар, бәйгені, адамға дес бермес шу асауды көргенде бір орында тұру мен үшін мүмкін емес нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі шекара білмейтін құмарлықтың арқасы ғой, – дейді Аружан Амангелдіқызы.

Кейіпкеріміздің сөз саптауына қарап жас та болса өмірдің қыр-сырын ұғынып қалғанын аңғардық. Өзі де тауда мал баққан атасының қасында жүріп, ешбір еңбектен қашпай, шыныққанын айтады.

– Отбасымызда 5 әпкем, ағам мен інім бар. Ауылдық жерде тұрғандықтан тірліктің көбі қолмен атқарылатын қара жұмыс. Бала күнімізден бізді еңбекке араластырып, тәрбиеледі. Ата-әжемнің және әкем мен анамның сол тәрбиесінің арқасында шыңдалып, іске бейім болып өсудеміз. Адамды адам ететін еңбек қой. Сабақтан жазда демалысқа шыққанда да жұмыс істеп, адал еңбекақымды өз қажеттілігіме жұмсағанмын. Биыл 11-сыныпты бітіремін. Бала арманым актриса болу еді. Онда да тек атпен ғана түсемін дейтінмін. Кейін сан мәрте өзгерді таңдауым. Бірақ сол бала кездегі арманыма қол жеткізермін деген үмітім бар. Жаныңның қалауымен істеген істің берекесі мол емес пе?! Қазіргі таңда арманыма жол салудамын. Бұйырса мамандығым өнер әлеміне жақын болмақ.

Кейде жаныма батып, қатты толғандырған жайтқа тап болсам, өлең жазатыным да бар. Себебі әдебиетті жаным сүйеді. Таудың табиғатын сүйемін. Тау бөлек әңгіме, бөлек әлем. Таудағы әр минутым бітпесе деп тілеймін. Жаным кеңдік пен еркіндікті сүйетін болғандықтан тауды ерекше жақсы көремін. Таудың мөлдір суына, әр жартасына, қыр-төбесіне ерекше ғашықпын. Таудың тазалығы, қойнауына жасырған құпиясы, күрт өзгеретін ауа райының өзі жанды баурап, өзгеше күй сыйлайды. Ең қызығы атқа ең алғаш рет тауда мінгенмін. Сол себепті де жылқыға деген құштарлық пен тауға деген махаббатым бір-бірімен ұштасып жатыр, – дейді жан сұлулығы нағыз қазақтың батыл да қайсар қызын суреттейтін Аружан.

Биіктен ойлап, тазалықты сүйген мөп-мөлдір жанынан туған бірнеше өлеңін де тыңдадық. «Қайда кетті?» деп аталатын өлеңінен келмеске кеткен балалығын сағынған тау қызының сырлы сезімін ұқтық.

Қайда кетті құмда үй салған жылдар, 
Қайда кетті біз жарысқан таулы қырлар. Қаппен көкпар тартысып, ұрыс естіп, Жыламсырап атқа ақтарған ашық сырлар. 
Қайда кетті сірнеге барамыз деп, 
Екі күн қойды жаяу баққан уақыт. 
Қайда кетті құм араласқан нанды да жеп, Далада қой қарасып жатқан уақыт, – деген өлең жолдарынан-ақ шынайылыққа құмартқан тап-таза бала көңіл елес беріп тұр.

Бойынан ұлттық болмыс, бекзаттық байқалатын бойжеткеннің болашағына тек сәттілік тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА, Меркі ауданы
28.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 84
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 89
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 190
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 190
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 328
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 331
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 553
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 500

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9204
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8601
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11828
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9598
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10811