ТҮРКІСТАНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАЛАРЫН БІР БАҒДАРЛАМАҒА БІРІКТІРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАЛАРЫН БІР БАҒДАРЛАМАҒА БІРІКТІРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
✔️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ауылдардың еңсесін көтеруге бағытталған жобаларды жүйелеп, бір бағдарламаға біріктіру бастамасын көтерген болатын. Бүгін Түркістан облысында осы мәселеге қатысты мәжіліс өтті. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске жауапты министрлік өкілдері, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
📌– Өздеріңізге белгілі, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болатынын атап өтті. Осыған орай, бүгін «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын біріктіріп жүзеге асыру мәселесін талқылағалы отырмыз. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 2019 жылдан бастап 700 млрд теңгеден астам, «Ауыл аманаты» бойынша 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ауылдық аймақтарды дамытудағы ірі жобалар. Осыған сәйкес, орталық және жергілікті атқарушы органдар ауылдардың дамуы мен халық табысын арттыру мақсатында жобаларды жан-жақты, жаңа механизмдерді қолдану арқылы барынша бірлесе атқаруы тиіс. Сонымен қатар жобаларды біріктіріп іске асыру барысында «AMANAT» партиясының пікірлері назарға алынуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларының Түркістан облысында іске асыру тәжірибесін ескеріп, біріктіру барысында қолдануды қарастыруы қажет, – деді Қанат Бозымбаев.
✔️Мәжілісте Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы басталғалы бері еліміздегі 2,5 мың ауылда 6,6 мыңға жуық жоба іске асырылған. Биыл 500-ге жуық ауылдық аумақта 900-ден астам жобаны іске асыруға 176,4 млрд теңге жоспарланған. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 17 мың жеңілдетілген шағын несие берілді. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын бір бағдарламаға біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
📌Біріншіден, «Ауыл Аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын іске асыруды басым тәртіппен даму әлеуеті бар ауылдарда жүзеге асыру ұсынылады. Өлшемшарттарды қайта қарау қорытындысы бойынша даму әлеуеті бар ауылдар саны ұлғаюы мүмкін (шамамен 500 АЕМ-ге) және бұл ауылдарды көбірек қамту үшін оң әсерін тигізеді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржы ресурстарын әділ және стратегиялық түрде бөлу, экономикалық негіздемені күшейту және мониторинг механизмдері жетілдіріледі. Халықтың қабылдауына ыңғайлы болу үшін жобаларды бір бөлімге біріктіріп, «Ауыл аманаты» атауын беру ұсынылып отыр. Бұл жаңа бағдарламаны Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жарлығына сәйкес Үкімет қабылдаған 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту Тұжырымдамасына біріктіру көзделіп отыр. Жалпы, жаңа бағдарламада ауылдарды дамытуға қатысты бағдарламалар мен жобалар біріктіріліп, жан-жақты қолдау күшейтілмек.
✔️Жиында аталған жобаларды жүзеге асыруда Түркістан облысы үздіктер қатарында екені, облыстың озық тәжірибелерін басқа өңірлерге енгізу мәселесі айтылды. Ұсыныстар мен есептер тыңдалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы облыста 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған (133 – тіректі, 469 – спутникті). Жоба аясында 5 жылда 113,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 363 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды. Биыл жаңа 52 ауылды жаңғырту жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2 жылда облысқа жоба 22,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 7,4 млрд теңгеге 1 097 жобаны іске асырып, 1192 жаңа жұмыс орнын ашу межеленген.
✔️Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сәйкес екі жобаны біріктіру бастамасы орынды екенін, өңірде барлық аудан, қаланың даму жоспары әзірленгенін, тиісті жұмыстар жүретінін мәлімдеді. Ауылдарды дамыту бағытында да жоспар жасалып, жұмыстар жандана түспек.
✔️Мәжілісті түйіндеген Қанат Бозымбаев жауаптыларға өңірді, ауылдарды дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі атқаруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
05.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Негізгі миссия - Заң және тәртіп
Бас прокуратураның баспасөз қызметі - 24.02.2025 226
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЛЫНАТЫН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ СӘУЛЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.02.2025 163
ТӨЛЕБИДЕ ЭКОТУРИЗМ ДАМИДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.02.2025 86

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14439
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 13228
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16508
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15393
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20451