Бүгін «Фараб» кітапханасында үш бірдей ақынның кітаптары оқырманға жол тартты. Облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген кітаптар қатарында ақын Абай Қалшабектің «Жүрек ішіндегі өмір», Әлімжан Әлішердің «Лаура қосылған Латте» және Бауыржан Ерманның «Галактикадағы ғұмыр» атты жыр жинақтары бар. Әдеби кешті Түркістан облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып беріп, мазмұнды шараның мақсатына тоқталды.
«Бүгін біз қазақ әдебиеті үшін ерекше бір тарихи сәтке куә болып отырмыз. Жаңа шығармалардың дүниеге келуі – ұлт руханиятының жаңа бір белесі, әдебиетіміздің баюы деп білеміз. Бұл ақындардың еңбектері тек әдебиет саласының ғана емес, жалпы қоғамымыздың рухани жаңғыруына зор үлес қосары анық. Жаңа туындыларыңыз халықтың жүрегінен орын алып, әдебиетіміздің алтын қорына ене берсін!» деген Мұқағали Кенжетайұлы қаламгерлерге жылы лебізін білдіріп, басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың атынан алғыс хат табыстады.
Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдазым кешті тізгіндеді. Жиынға профессор, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері Роза Нарымбетова, Несіпкүл Өтебаева ақ тілегін арнап, щығармашылық табыс тіледі.
Шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің оқушылары ақындардың өлеңдерін оқыды. Оқырман қауым өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Арнайы кітап көрмесі жасақталып, көпшілік назарына ұсынылды.