ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН

ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Түркістан облысында

 

 

Әлқисса, батыс пен шығыс, солтүстік пен орталық облыстарды артқа тастап, оңтүстікке ат басын бұрдық. Шығыстағы қарлы бораннан шығып, Алматыға жеткен соң қалың киімдерді шешіп, жеңілденіп Түркістан облысына келдік. Қасиетіңнен айналайын қазақ жері, бір мезгілде төрт маусым, бір уақытта шығысы мен батысында екі сағаттық уақыт белдеуі жатыр. Шығыста таңғы 4-те таң атып, кешкі 4-те күн батса, батыста басқаша. Ұланғайыр даланы сыйлаған Алланың нығметі деген осы.

«Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілінеді». Үміттің жетегіндегі өмір ілгері сүйреп, көкжиекке тартады. «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямыз Астана мен ауылды жалғау үшін, билік пен елді байланыстырушы көпір. Ал, ел аралап, су кешудің астарында баспасөзге жазылудың науқаны жатыр. «Бармасаң, келмесең – жат боласың,  алмасаң, бермесең – сарт боласың». Құлдырап сиырқұйымшақтанып бара жатқан газет-журналға жазылу мәз емес. Ойласаң қорқасың, біздің елде жазылу, қағаздан оқу санаттан қалып барады. Жоғарының бұйрығымен жаздыратын санаулы басылымдардан өзгелердің күні шамалы. Жағаласпай жан қала ма?.. Мегаполис қалалардан қайран жоқ. Ауыл мен елді жағалаймыз. Жұрттың немқұрайлылығы мен ықылассыздығы жазылуға кедергі. Пошта қызметінің керенаулығы мен жауапсыздығы, тарату жұмысының нашарлауы оқырманды жерітіп болды. Сонда да жазған құлда шаршау жоқ. «Qazaqstan dauiri» ЖШС аясында ««Qazaqstan dauiri»» мен «Мөлдір бұлақ» жарық көріп келеді. Оның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы отырса ауырып қалатын адам. Сондықтан сексенді алқымдаған жасына қарамай сергек. Ол «қамшысын» үйіріп топқа түседі, көш бастайды. Басшының алдында «шаршадық, ұйқым келді, қоя тұралықшы» деп айтудан ұяласың. Ұрпақ тәрбиесі мен қазақ баспасөзі ол кісінің мұңы.

 

 

Өркендеп жатқан шаруа көп

 

Түркістан облысына келе сала облыс басшылары әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Фазылбекұлының қабылдауында болып, сапардың бағытын анықтап сапқа тұрдық. Бізге облыстағы үйлестірушіміз, Түркістан қаласының құрметті азаматы Дана Орманова әпке қосылды. Облыстық әкімдіктен ауылшаруашылығы саласының бір басшысы Мадияр Мамытов пен «AMANAT» партиясының өкілі Сағымбек Асылбеков жол бастады. Санымыз көбейіп, салмағымыз артқан экспедиция «Сүлік қарамен» аудандарды бетке алып жүріп кеттік. Әр жерде бар жұмысты жауапкершілікпен көтеретін, көп шаруаны үнсіз атқаратын азаматтар болады. Сондай елдің елгезек жігіті «AMANAT»-тың саяси бөлімінің басшысы бізді күтіп алып, орналастырып жүрген Бегзат Билалов інімізді айрықша атап өтер едім. 

Әуелі іргелес жатқан Кентау қаласына, Қарнақ ауылына, Сауран ауданына бардық. Қарнақтағы Махмұт Қашқари мектебіне, Саурандағы Ахмет Байтұрсынұлы мектебіне аялдадық. Одан 4-5 жеке кәсіпкерге барын бастаған шағын өндірісі мен шаруа қожалықтарын көзбен көрдік. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша шаруаларға тиімділік жасап, 2,5 пайыз төмен өсіммен кәсіпкерліктеріне қолдаушылық көрсетіп, шағын жұмыс орындарының ашылып жатқанына куә болдық.  

Біз 20 қарашаны Отырар ауданы мен Түркістан қаласына арнадық. Кешегі Кентаудың әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов пен бүгінгі Отырардың әкімі Қайрат Жолдыбай да жол білетін, үлкенді сыйлайтын азаматтар екенін көрсетті. Басшымыз Сәуле Мешітбайқызы мен әкімдердің сөзі ресми диалогтармен басталса да, соңында ана-бала сүйіспеншілігімен аяқталып жүрді. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген осы болар. Мыңдаған оқырманға қол жеткізбесек те, мағыналы сөз, шынайы ілтипаттың болғанына дән риза боласың.  

Бүгінде аудан әкімдігінде жұртшылықпен кездесу, жеке кәсіпкерлердің тіршілігін, тынысы ашыла бастаған ел мен жердің өсіп жатқан еңсесін көріп, өркендеп жатқан шаруасымен таныстық. Талаптанған қарапайым халықтың 2.5 пайыз төменгі мөлшердегі несиемен қамтамасыз етіліп жатқанына куә болдық.  Біреулер мал өсіріп, біреулері ағаш ойып, енді біреулері темірден түйін түйіп жатыр. Осыдан он жыл бұрын Кентаудың халін көріп қабағымыз түсіп еді. Бұл жолы жаңарған үйлерді, бой көтерген кәсіпкерлік нысандарды, жасалған көшелерді тамашалап, талаптарына нұр жаусын дедік.

Шіркін, Отырар ауылындағы шаруаның баптап отырған «Долларкөгіне» мініп додаға түсер ме едің!.. Түркістан мен Отырар төбе, Шәуілдір оның арғы-бергі жағындағы сырға толы, тылсым ғажайыптарымен әйгілі жерлер туризмге таптырмайтын мекен. Бұл өлкеде атағы алты қырдан асып кеткен Арыстан баб ата, Қожа-Ахмет Йасауи баба, Укаша (Ақкөсе) сахаба, Бекасыл Биболат әулие... Руханияттың билігіндегі нұрлы, шуақты кісілер біршама. Зиярат етер киелі мекен баршылық.

Ресейде қазақ мектептері өткен ғасырда толық жабылған, мектептер бірыңғай орыс тілінде. Шығыстағы Қытайда кезінде неше жүздеген қазақ мектептері болса да, соңғы жиырма жылдан бері бірде-бір қазақтілді мектеп қалған жоқ. Түгелдей қытайшаға ауыстырылды. Аллаға шүкір, біздің Қазақстанда ұйғыр, өзбек, тәжік, орыстілді мектептер жұмыс істеп тұр. Сондықтанда «У ішсең руыңмен» деп, тағдырлас, тамырлас туыстарымыз өзбек ұлтының перзенттері оқып отырған мектептерге ат басын бұрдық. Кешелі бері Қарнақтағы М.Қашқари атындағы, Түркістандағы Хамза атындағы өзбек мектебінде болдық. «Өзбек-қазақ бір туған» деп, өлкеміздің бірлігі мен биік дәрежесіне тәнті болдық.

 

 

 

Рухы биік «Ақсақалдар алқасы»

 

Түркістандағы үшінші күн өзгеше сыр-сипатымен өтті. Киелі Түркістан өңірі кімге болса да қастерлі. Мұнда Арыстанбаб әулие, ғұлама, дана Қожа Ахмет Йассауи баба жатыр. Ол кісілердің басында өз заманының әйгілі қолбасшысы Әмір Темір салдырған кесене бар. «Орталық Азия» деген саяси терминді ендігі жерде «Түркістан өлкесі» деп атайық деген бастама көтеріліп жатқанын білесіздер. Қайткен күнде түбі бір түркінің астанасы Түркістан екені анық. Рухани тамырынан айырылмаған тарихи мекен. Бұл қалада 2000 жылы құрылған «Ақсақалдар алқасы» деген қоғамдық бірлестік бар. Әуел баста қалалық деңгейде қызмет істеп келді. Облыс Түркістанға көшіп келгелі Ұйымның дәрежесі өсіп, қайта тіркеуден өтіп, облыстық мәртебе алған болатын. Олардың атқарып жатқан істері, жасап жатқан жүмыстары өте көп. Мен олардың істері мен атқарған шаруаларын «Qazaqstan dauiri» газетіне үш рет жаздым. «Үлес» қайырымдылық қоры туралы да арнайы бет бердік. Ақсақалдар алқасын құрушы және қазірге дейін басшылық жасап келе жатқан Төраға  аты затына сай АҚСАҚАЛ Жарылқасын Әзіретберген аға.

21 қарашада аталған ұйымның кезекті үлкен шарасына куә болдым. Облыс бойынша барлық аудандардан, қаладан 17 топ қатынасқан «Бабалар дәстүрі – тәрбиенің бастауы» деген тақырыппен салт-дәстүрді көрсету байқауы өтті. Бұл біздің басшымыз Сәуле Мешітбайқызы көтеріп жүрген «Ұлттық құндылық – Мемлекеттік идеологияның қайнар көзі» деген тұжырыммен бірдей. Қатынасқан 17 команданың әрбірі өзінше жаңалықпен келіпті. Топтың адам саны – 7, бірінші айналымда 10 минут, екінші айналымда 5 минуттық қойылым көрсетуге тиіс. Ұлтымыздың өмірінен бір таңдаулы дәстүрімізді алып шығады. Олар кәсіптік әртістер емес, елдегі қарапайым ата мен әжелер, аға мен тәтелер және жастар. Деңгейлері әр алуан болғанымен, ниеттері мен талпыныстары жоғары. Нәтижесінде Жетісайдан «Ғибрат», Түлкібастан «Қазақия», Созақтан «Теріскей» үшінші орынға ие болды. Сарыағаш, Шардарадан «Ақшағала», Түркістаннан «Жағлан» екінші орын алды. Төле биден «Фанаргүл», Қазығұрттан «Киелі Қазығұрт» бірінші орынға тұрақтады. Республикаға аты мәлім Арыстықтар атынан «Назыкүл қажы» командасы Бас жүлдені иеленді.

Басты мақсаттары – ел білетін және ұмыт бола бастаған озық салт-дәстүрлерімізді насихаттау. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсетіп, тәрбие құралына айналдыру.  Осылайша салауатты, сау денелі, санасы нұрлы, уызынан жарыған ұлт болашағын жетілдіруді көздейді.

Көп жылдан бері Қазақстанның барлық облыстарын аралап, шалғай түкпірлеріне дейін ат ізін салып жүрміз. Дәл осындай қуатты, жүйелі жұмыс істеп тұрған «Ақсақалдар алқасы» еш жерде жоқ. Бұл кісілер қартайдық деп қылжиып жатып алмай, қасқайып қызмет етіп жүр. Сөзбен емес, істерімен ірілік танытып келеді. Бүгінгі шара олардың атқарған шаруаларының мыңнан бірі.

Шараны облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мырза құттықтап ашып берсе, жабылуында  қатысқандарға алғысын білдірген Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев марапат тапсырды. Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын аға өнегелі тәлімімен жиынды қорытындылады. Бұл қоғамдық ұйымдар мен биліктің бірлесе қимылдаған ісінің көрінісі. Ақсақалдар ұйымдастырып, әкімдік қаржылай көмек көрсетіпті. Ұйымдастырушылардың қатарында біздің «Мөлдір бұлақпен» әріптес «Ақылдым» журналының бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова ханым да болды.

«Ақсақалдар алқасына» жасы 18-ге толғандар мүше бола алады. Қазіргі төрағасы 86-ға келген көреген кісі. Мүшелері әр жастағы, әр сала адамдары. Мені күтіп алып, көлігімен тасып жүрген «жігіттің» өзі 68 жастағы Оралбай Нұсқабайұлы Алкеев аға. Бір қызығы, сұраса келе құда болып шықты. Қолындағы келіні Нарынқолдың Қайнар ауылында туыпты. Аты аңыз болған Әлмерек абыздың Құрман баласынан тарайды екен. Міне, қазақты байлап тұрған осы құдандалы, нағашы-жиен, туыстық бау. Былтыр Атыраудың Сарайшық ауылынан Алматы облысының Талғар ауданынан Қызылбөріктің бір қызының қолынан дәм татып, атыраулық күйеу баланың отбасынан түстеніп едік. «Судың түбін шым байлайды, елдің түбін қыз байлайды» деген осы болар.

Азанда тұрып таңғы шайға дейін Ясауи кесенесіне барып бабаға  Құран оқып, зияратымды жасадым. Бүгінгі түрленген Түркістанды жаяу аралап, таңғы шығып келе жатқан күнмен бірге сейілдедім. Ал, күні бойы қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірі дайындаған ұлттық дәстүрлерін тамашаладым.

Осы күні көңілге көрік, бойға қуат беретін ұлтымның салт-дәстүрін көріп рақаттансам, екі мінезді көріп, жаным жабырқады. Марапаттаудың соңғы түйінін айтуға Жарылқасын Әзіретберген ақсақал алдыға шығып енді сөз бастай бергенде менің алдымда отырған жасы жетпіске келген бір ұшқалақ әйел қолын шошаң еткізіп, жарықшақ дауысымен: «Көп сөзді қойып, марапаттарыңды беріңдер!» – деді әдепті ысырып тастап. Әйел адамның әдебі, ұяты, кісілік көркем мінезі қайда? Жасы үлкен кісі, ұйымдастырушылар алқасының төрағасы шараның мән-маңызы туралы сөйлей бастап еді, басбұзар әйел жалмаң-жалмаң етіп даурығып отыр. Ақсақал аз-кем бөгеліп қалды. Осы кезде әйелдің қасында отырған жұрт дөрекіні тыйып тастады. Сонан соң ғана қорытынды сөздің нүктесі қойылды. Екінші көріністе, марапатталған топтардың өкілдері алдыға шығып грамоталарын алып, сыйлықтарын қанжығалап жатыр еді. Алғыс хат алған студенттердің жетекшісі жүргізушінің қолындағы микрофонды жұлып алып: «Біз жүлделі орын алуға тиіс едік, қазылар, біздің алып шыққан өнерімізді әділ бағаламадыңдар. Мынау грамоталарыңды бір жерлеріңе тығып алыңдар!» – деп, қолындағы әйнектелген рамканы жерге бір ұрып сындырып, мәдениетсіздікпен сахнадан түсіп кетті. Оқиға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың көз алдында өтті.  

«Мен не деймін, домбырам не дейді?» деген секілді, күні бойы өткен шара ұлттық дәстүр әдеп-иба жөнінде болатын. Ал, мынау әйел (ана деп айтуға аузым бармай тұр) мен жаңа ұрпақ, Ақсақалдар атқарып жатқан шараның ішкі құнына емес, алатын сыйлық, жететін атағына ұмтылып тұр. Рухани құндылықтар құлдырап, материалдық дүние алға шыққанын осыдан анық көруге болады.  

 

 

Ордабасыдағы ыстық жүздесулер

 

Оңтүстіктің табиғаты тамаша, жанға жайлы. Осыдан 15 күн бұрын шығысқа қыс түсіп кеткен еді. Сол қар мен боранның ішінен шығып Алматыға жеткенбіз. Міне, Түркістан облысына келгелі қоңыр күз, қолайлы ауа-райы. Төрт күннен бергі жолдастарымыз облыстық «AMANAT»-тан Сағымбек Асылбеков, Ауылшаруашылығы бөлімінен Мадияр Мамытов бауырларымыз бізді ертіп аудандарды аралатып жатыр. Экспедиция мүшелері кеше Арыс қаласында болған еді. Бүгінгі бағытымыз Ордабасы ауданы. Аудан орталығы Темірланға кіре берісте «AMANAT»-тың Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бердімұратов Әлиясқар Байдуллаұлы мен аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов күтіп алды. Бұл екі басшы да Сәуле Мешітбайқызын таниды екен. Осыған дейінгі Ордабасы өңіріндегі қызметтік сапарда басшымызбен бірге болғанын айтып, ықыласты амандасып, ілтипаттарын білдірді.

Алғашқы барған жеріміз – Қажымұқан округіне қарасты «Қанапия М» шаруа қожалығы. Қожалық иесі – Қанапия Мақсат Нармаханұлы. Біз барғанда Мақсаттың әкесі Нармахан аға үйде екен. Отбасылық кәсіп болған соң, ауласына 6 темір цилиндр қойып, форель өсіруді қолға алыпты. Бәрін шабақтан бастапты. Алты ыдыстағы балықтары алты деңгейде. Біз барған соң уыстап жемін шашты. Шыпыр-шыпыр шоршыған балықтар судың бетінде билей жөнелді. Себілген жемін қағып алып, оңды-солды бұлтаңдап қайта ұмтылады. Елде түрлі шағын кәсіпкерліктер жолға қойылып, ел еңсесі тіктеліп еңбек етіп жатыр. Бұл отбасы жер астынан 20 м тереңдіктен су шығарып насоспен сорғызып, балықтарының үстіне тоқтаусыз құйып тұр. Одан шыққан суды бақшалығына бастап пайдаға жаратып тұр. Бақшасына павловния ағашын отырғызыпты. Жақсы өсіре білсе, оның да кәдеге жаратар жер көп, пайдаға асар ағаш.

«Қанапия М»-нің ауласынан шығып, аудандық әкімдікке келдік. Үлкен залда ауыл әкімдері, кәсіпкерлер, білім бөлімінің басшылары мен мектеп ұстаздары жиналыпты. Әлиасқар Байдуллаұлы қонақтарды таныстырып, жиналысты бастап берді. Алғашқы сөз «Qazaqstan dauiri»-нің басшысы Сәуле Мешітбайқызына берілді. Ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі жөнінде тереңінен ой өрбітіп, бүгінгі тіршілік тынысымызды тілге тиек етті. «Ауыл аманаты – ел аманаты», соның ішінде ұрпақ аманаты бәрінен маңызды. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының қоғамда атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз.

Бүгінгі жиналыстың өзіндік өзгешеліктері болды. Өз сөзімде екі басылымды қысқаша таныстырдым да, өткен күндерге шегініс жасадым. Осыдан он жыл бұрын ақын, Алаш сыйлығының иегері Шардаралық Әлібек Шегебай 40 жасқа толғанда Шымкентте үлкен іс-шара ақынның кеші өтті. Түркістан өңірінде болып, Бадамдағы С.Сейфуллин мектебінде кездескенбіз.   Ордабасының биігіне шығып, үш жүздің басы қосылып Жоңғарға ақтық айқас жариялаған қазақ қолының екпінін сезіп, рухынан күш-қуат алған болатынбыз. Қырыққа жуық өнер адамдары мен қаламгерлер бірнеше күн ел аралап, шығармашылық кездесулер өткіздік. Басты геройымыз Әлібек Шегебай, топ бастап жүрген нарларымыз Исрайыл Сапарбай мен Аманхан Әлім ағалар. Ұйымдастырушылық жасаған кәсіпкер Аян Тұрсынбай. Әлекең «Бадамның қырық батырынан» темір тұлпар мініп қайтты. Ал, ақын Саят Қамшыгер «Бадамның қырық батыры» деген өлең жазып, өлкені дүбірлетті. Өз басым онан ертелеу Темірланды көргенмін. Ұлт батыры Сабыр Мүсілім аға мен журналист Молдабек Сағымбек ағаның шақыруымен Құл-Керім Елемес досымыз, Бақытжан Саржан аға болып «Толай атаның» 300 жылдық тойына Батыр ата ауылына келіп қона жатып қайтқанбыз. Одан кейінде композитор Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық еске алу тойында алматылық делегацияның құрамында Отырар, Ордабасы аудандарында болған едім. Міне, сол өткен шақты еске алып, жиналған көпке «Алғашқы диалог» өлеңімді оқып бердім.

Жиналыстан шыққан соң Мейрамбек Ақмұратов бізді бастап ауданның 60 жылдығы қарсаңындағы соңғы жаңалықтарымен таныстырды. Арыс өзенінің жағасындағы ұлттық этно ауылды,  қыр қабағындағы «Темірлан» бақшасын, жаңадан қолданысқа берген «Шәмші аллеясын» тамашаладық. Бұл жер шынында елдің тоқтап өтетін, жастардың жаппай келетін жеріне айналыпты. Ортада Шәмшінің еңселі ескерткіші  тұр. Биіктен қараған кісіге Темірлан ауылы айпарадай анық көрініп тұр. Тас кітапқа Исрайыл Сапарбай ақынның Шәмші туралы сөзі, онан ары Шәмші әндерінің тізімі бедерленіпті. Аллеяда алдағы уақытта Шәмші әндері шырқалып тұрады деді.

 

 

Түркістандағы келелі жиын

 

Дастарқан басында әңгімеміз одан да тереңге тартып, тарих, ел мен жерге ұласты. Өйткені орда басының рухы орнымызда тыныш отырғыза қоймады. Бұл күннің тағы бір есте қалатын естелігі Сәуле Мешітбайқызы Ордабасы ауданының 60 жылдық естелік медалімен марапатталды. Бесте қараңғы түсті, Түркістанға қайтар жолымыз қызу әңгімемен жалғасты. Жол бойы таусылмаған сөзімізді Сәуле әпкені ортаға алып, Сағымбек, Мадияр болып шәй іше отырып жалғадық. Таныстықтан тамырластыққа, қызметтен тағдырластыққа ұластырдық.

«Тоғай аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген рас болу керек. Әрісі 20 жыл («da Qazaqstan»), берісі 4 жыл («Мөлдір бұлақ») болды, әртүрлі экспедицияның құрамында, делегацияның қатарында Қазақстанның іші-сыртын аралап жүрмін. Өзімде ондай мүмкіндік жоқ. Оның бәріне қаржым жетпес еді. Алланың бұйыртқаны болып жатыр. Бастағы ой ескек, қаламның сиясы теңіз, ықыласым жол ашып жетелеп келеді. Мінеки, Түркістандағы төрт күндік жұмыстың сіргежияры қаланың «Достық» үйінде түйінделді.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев басқарып жүргізіп отырған басқосу екі сағатқа жалғасты. Айтары бар, жобасы мығым іскер басшы әр сөзін өлшеп, салмағын арттыра ортаға салып отырды. Негізгі сөздің тізгіні Сәуле Мешітбайқызына берілді. Дүбір көрсе арқасы қозып, тұяғы қызатын әдеті бұрыннан солай. Жиналған топ аздау болса, қабағы түсіп, көңілі кірбің тартады. Зал толып, көзінен от ойнаған тыңдарманды көрсе, тыңға тартып тайпалады... «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақтың» оқырманы артып, тиражы молайсын дейді. Себебі сол, төмен мен жоғарыны, билік пен елді байланыстырып, әділетті Қазақстан құрудың бір жыртығын бүтіндеуді көздейді.

Қала тұрғындары, әр сала өкілдері, Жарылқасын Әзіретберген ақсақал басқаратын «Облыстық ақсақалдар алқасының»  мүшелері қатынасты. Жарыссөзге Қыдырәлі Рысбеков аға, Ырыс Ташметова апа, Айкерім Жұмабаева қарындас көңіліндегі көп сөзінің қаймағын қалқып көпке ұсынды. Төрт күннен бері делегацияның жұмыстарын үйлестіріп, қамқорлығына алып жүрген Бегзат Билалов пен Сағымбек Асылбеков, Мадияр Мамытов бауырларымыз міндеттерін мінсіз орындап, бізді Шымкентке шығарып салды. Адамгершілікті ұстанған жігіттермен  жүрекпен түсіністік. Сәуле Мешітбайқызының аналық ықыласына бөленіп, іскерлігімен ұнаған азаматтар «Намыс қамшысын» қолдарына алды.  

Келесі азамат Шахмұрат Нұржігітұлы бізге көркем мінезімен ұнады. Ол бастықтың тапсырмасын ғана орындаушы емес, өзінің көргені бар, тоқығаны мол жігіт екенін аңғартты. Түркияның Анкара қаласынан оқуын тамамдап келген жас жігіт болашағынан үміт күттіреді. «Qazaqstan dauiri»-нің Шымкенттегі арнаулы тілшісі, үйлестірушіміз, «Өзге пікір»  газетінің Бас редакторы Шадияр Молдабеков бауырымыздың үйіне Шахмұрат жеткізді. Таңғы нәсіп тәңірден, Алла жол берсе, ертең ойлағанымыз бар.

 

 

Бекасыл әулие және мың шейіт

 

Біздің «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямыз биылғы жоспар бойынша соңына таяп қалды. Түркістан облысындағы сапарымыз ұрпақ аманаты бойынша өз жалғасын тапты. Бабалар мен балалар арасы үзілсе, өмір баянсыз, тіршілік құнсыз болмақ. Жексенбі болғанына қарамай атағы алты қырдан асып кеткен ғұлама ғалым, тақуа діндар, екі әлемнің сырын жүрегіне түйген Бекасыл әулие еліне жол шектік. Онан ары экспедициямыздың нүктесін Жамбыл облысымен түйіндейміз.

Біздің рухани қайнарымыз – асыл дініміз Ислам. Тарихи тамырымыз – бабалар жолы. Үзілмес бауымыз – ұрпақтар сабақтастығы. Сондықтан да «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейміз. Өткен шежіреміз, шерткен әңгімеміз – ұлттық сипатымызға бағыт-бағдар. Бабалар тарихына үңілуді  доғарып, өткенімізді тәрк етсек, қазақ болудан қаламыз.

Оңтүстіктегі экспедициямызды Түркістан облысының Сайрам, Төлеби аудандарында жалғадық. Шымкенттегі  «Өзге пікір» газетінің Бас редакторы, «Qazaqstan dauiri» газетінің меншікті тілшісі, өңірлік үйлестірушісі Шадияр Молдабековтың жол бастауында Алла деп атқа міндік.

Сайрамға жетіп, алдымен Ибраһим ата жатқан жермен Қарашаш ана мекеніне соқтық. Бұл кісілер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи хазіреттің ата-анасы. «Ибраһим ата көшесінің» басында – ата, аяғында  – ана. Зиярат етіп, Құран бағыштадық. Тасқа жазылған түсіндірмені оқып, телефонымызға түсіріп алдық. Сайрамды көріп, 40 жыл бұрын өзім келген Құлжа қаласы есіме түсті. Мешіттер, базарлар, сапырылысқан қалың адам...

Сайрамнан шығып қар жамылған Тәңір тауын бетке алып, бір ауылдан соң бір ауылға өтіп оңтүстікке беттеп, Төлеби ауданының Қасқасу, Кеңесарық жеріне жетіп, сайында суы сарқыраған, дөңінде орманы сыңсыған Кеңесарықты аралап, өрге тартып келеміз. Оң жағымыздан мектеп, сол жағымыздан үлкен ескерткіш мүсін кездесті. Жолдың шетіне тоқтап көз салдық. Мектеп Бекасыл Биболатұлының атында екен, қолына кітап ұстаған еңселі ескерткіш Бекасыл әулиенің өзі. Бедерленіп ойылған шебердің жұмысын қолымызбен сипап, көзімізбен көрдік. Бұл мүсінде терең білімді, ойшыл, ақылгөй дана, дін ғұламасы, көріпкел емші болған Бекасыл атамыздың ғалымдық сипаты бейнеленіпті. Ондаған кітап жазса да бізге жеткені екеу дейді. «Зикзал» атты тылсым шығармасы «Жұлдызнама» деген атпен аударылыпты. Ол туралы көзі қарақты оқырман білуге тиіс. Мектеп алдындағы ескерткіштің композициясы кітапқа құрылыпты.

Біз енді атаның шаңырағы қайда, жатқан жері қайда деген оймен біреуден сұрағымыз келіп тұрғанда мектепке бір әйел келді... Жөн сұрап едік, әйел бізге «Мен көрші тұрамын, сіздерді ертіп барайын» деді. Бекасыл әулие қыр басынан келе жатқан жолаушыны көріп, мынау келінді жұмсап, шаңырағына шақырып тұрғандай. Бір-екі көшені айналып өтіп Бекасыл ата жатқан Биболат ата мазаратына келдік. Атаның бір ұрпағы Қуаныш шырақшыға телефон (87021442422) соғып едік, алыста жұмыс істеп жүргенін айтты. Біз қақпаның ілгегін ашып, тас төселген жолмен бабаның басына беттедік.

Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл – ағайынды үш арыс қатар орналасыпты. Бізді ертіп барған Шадияр мырза, баласы Нұрғиса, басшымыз Сәуле Мешітбайқызы төртеуміз орындыққа жайғасып әруақтарға Құран бағыштадық. Ата-бабаларының атын тізіп дұға жасадық. Онан шыққан соң Дулат атаның Жаныс тармағынан Түгелбай-Данай кесенесіне кіріп Құран оқыдық. Енді келін көрсеткен бағытқа қарай өрлеп келіп Бекасыл әулиенің қарашаңырағы, от жаққан ошағының орнындағы бүгінгі ұрпақтарының бірі, мешіттің жанындағы Тұрсынбек ағаның ауласына кірдік. Ағамен амандасып болып сайдағы бабаның бастауына келдік. Бұрқылдап қайнап шығып, бұйраланып ағып жатқан бұлақтан қанғанша ішіп шөлімізді қандырдық.

Біз екі жылдан бері Мұхиддин Иса жазған «Қара шаңырақ» романының ізімен жүріп келеміз. Бүгінгі маршрут – Қасқасу мен Керегетас өңірі. Кітапта: Бекасыл әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеев әулиені ілестіріп пәстегі бұлақ басына түседі, «Қалың ағаштың бел ортасында құшағы зорға жететін діңгекке қолын тіреп ұзын бойлы ақсақал тұр. Киген киім үлгісі хиссаларда айтылған адам ба дерсіз, жақындап барып бір тізерлеп сәлем бердік. Бізге ұсынған қолында буын болмады» дейді. Міне бұл екі әулиенің Қызыр алейхи саламмен кездескен сәті еді. Әне, біз сол бұлақтың бойында тұрмыз. «Әулиелер Пайғамбармен қай тұста жолықты екен?» деген ой басымызда тұрды. Құран оқып дұға бағыштадық.

Жоғарыдағы қыр басына шығып едік.  Тұрсынбек аға шаңыраққа бас сұғыңдар деп үйге бастады. Астанадан 80 жастағы Сәуле апа, Алматыдан біз пақыр, Шымкенттен Шадияр баласымен келген соң, ағаның да пейілі түсті. Біз де қуана құп көріп табалдырық аттадық. Қара шаңырақтың келіні ылдым-жылдым, ибалы жан екен. Әп-сәтте дастарқанын жасап, шайын дайындап қойыпты. Әңгіменің тиегін ағыттық. Сумкамдағы Мұхиддиннің «Қара шаңырағын» шығарып, сапарымыздың жайын баяндап бердім. Атасының ымдауымен лып етіп тұрған келін Бекасыл атадан қалған екі томдық «ЗИКЗАЛ» мен аударылған «Жұлдызнаманы» алып келіп бізге көрсетті. Қызықты да ғибратты әңгіме жүріп берді... Амал не, біз алда «Мың шейітке» баратын болған соң, әулетпен қимай қоштасып атқа қондық.

Кеңесарықтан 5 шақырымдай сайды өрлеп жүргеннен соң алдымыздан «Мың шейіт әулие» деген тақтайшаны көріп тоқтадық. «Мың шейіт» кімдер? Бұл сайдағы қабірлер қандай сыр шертеді?.. Он үш ғасырдың алдындағы оқиғалар ұзақ әңгіме... Айтар болсам, мақаланың көлеміне сыймайды. Оны нақтылап білу үшін Мұхиддин Исаның «Қара шаңырағын» парақтау керек. Сонда ғана пайғамбарлар мен әулиелердің әлеміне саяхат жасап қайтасыз!..

Мың шейіттің бұрынғы шырақшысы – құдай қосқан қосағы Шымкентбай деген қазақ, ұлты – орыс, діні – ислам Дариға (Пролова Татьяна Павловна) апа болыпты. Бүгінгі шырақшы – апаның мұрагері, өмірінің жалғасы, рухани сабақтасып жатқан баласы Садыр Шымкентбайұлы. Ол биыл 60-тың асуына шығып, айналасына сабырлы көзбен қарап, саралы сөз айтып жүр.

Көп жайды ыждағатымен баяндап, ілтипатын көрсетті. Қазір сай аңғарындағы қыстау мен малдың иесі, мың шейіттің шырақшысы, Мың шейіт мешітінің имамы. Бізді ілестіріп қыр басына шықты. Қарсы беттегі жыпырлаған зираттарда жатқан алғашқы мұсылмандарға Құран бағыштадық. Төбелердің көлемі ірі, иін тіресіп жатыр. Он төрт ғасыр өтсе де, жермен жексен болып жоғалып кетпепті. Сөйтсек, әр шұңқырға ондаған адамнан көмілгендіктен, топырағы да мол үйілгенге ұқсайды. Шейіттердің етегінен Шымкентбай ата мен Дариға апа да орын алыпты. Көк түсті құлпытас қос құлақтары мен біздің дұғамызды тыңдап жатқандай. Садыр құрдастың салмақты сөздерін тыңдап тұрғанда сағат беске жылжып, күн қырдан асты. Мешітке кіріп ақшам намазын оқып алдық.

«Алыстан келген екенсіздер, отбасымыздан дәм татып кетіңіздер»  деген соң, тепсеңдегі еңселі үйге «Ассалаумағалейкум!» деп бас сұқтық. Дариға апаның қолданған заттары, ұстаған ыдысы, жатқан кереуеті көз алдымызда тұр. Бұл жер таудың сағасы, Қасқасудың жағасы, таяқ тастам жердегі қарлы таудан ызғар сезіледі. Жып-жылы үйге кіріп ыстық шәй ұрттап, атадан  қалған омартадан өңделген балдан ауыз түйіп Садырға құлақ түрлік.

«Мың шейіт» он төрт ғасырдың алдынан сыр шертеді, Медине мен Сайрамды жалғайды. Нұрлы Мунауара мен шуақты Жетісуды қосақтайды... «Мың шейіт» қайғылы қазаға жолықпай көз көрім жерде тұрған ежелгі Сайрамға жеткенде дүние қалай түрленіп, дәуір қалай жаңғырар еді?! Ыдырыс пайғамбар іргетасын қалаған, Ұша пайғамбар мекен еткен боз даладағы боз қала Сайрам күллі Түркістан уәлаятының астанасы болып асып-тасып қайнап жатар еді. Иә, бәрі де мүмкін... Адамның ойлағаны болмайды, Алланың қалағаны болады. Сол «Мың шейіттің» табаны тиген өлке мұсылман еліне айналды. Бүгінгі ұрпақтар оларға Құран бағыштап дұға жасап жатыр.   

«Қара шаңырақ» романына редактор болып, алғашқы оқырманы аталдым. Радиода, теле-арнада, сайт пен ютубта әлденеше мәрте тарқатып сөйледім. Екі жылдан бері ниет етіп, дәм айдап, Құдай қалап «Қара шаңырақ» картасымен жүріп келе жатырмыз. Алда Мәшһүр Жүсіп Көпей бабама зиярат жасап барсам деген ниетім бар. Алла нәсіп етсін деп отырмын.

Мақаланың соңын бұлай аяқтауымыздың өзіндік мәні бар. Көп адам «Дүние материядан құралған. Көз көретін бергі дүние бар, арғы әлем деген жоқ. Өлдің – өштің, сөндің – біттің» деп қарайды. Ал, Абай хакім олай демейді.

«Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айырылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», – деп, анықтап жазып, соңғыларға айтып кетті. Бабаларымызбен рухани жалғастық жан түбінде жатыр. Сол бау үзіліп, сәулелі шырақ сөнсе, ұрпақ азады, заман тозады. Біз барған жерімізде бабаларға бата оқып бастайтынымыз содан. Бүгінгілердің ісі Құдайға жақпаса, әруаққа шет болса, білімді болғаның, биіктеп кеткенің көк тиын. Алланың қаһары он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сиғызады. «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямыздың «Бабалар аманаты» жолында үзіп алмай келе жатқан себебіміздің сондай мәні бар.  

 

 

Түркістан облысы: көкейтесті мәселелер

Оңтүстік өңір туризмге сұранып тұр. Бұл жақта қасиетті жер, киелі мекен біршама көп. Көркем табиғат, тарихи жәдігерлер жеткілікті. Қазақстанның халқы мен шетелдің назарын аударып туризм арқылы ел экономикасын көтеруге мүмкіндік бар. Сол жағдайға жету үшін қызмет көрсету тетіктері қарастырылмаған. Жол, көлік, қонақүй, қызмет ету мәдениетін дамытуға қаржы бөліну керек.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы
06.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 11.12.2024 64
ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖОЛДАРДЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 40
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 41
ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ ҚОС ТУРНИРДЕ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 10.12.2024 144
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 439
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 452
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 436
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 385
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 380
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 456
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 431
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 440

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10701
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9666
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12901
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11868
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16880