Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң: не өзгерді, қалай өзгерді, енді не болмақ?

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң: не өзгерді, қалай өзгерді, енді не болмақ?
Кешеден бастап әйел құқығын қорғайтын әрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң күшіне енді.

Қоғамда үлкен дау туғызған, заң жобасын талқылау кезінде резонансқа дейін жеткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң кешеден бастап ресми күшіне енді.

Сонымен енді аталған заң жобасына толықтыру енгізу қазақ қоғамында нені өзгертті, азаматтар бұл заңға қатысты нені білуі қажет? Ендеше осы және осы мәселеге қатысты нақты мәліметтерге шолу жасап көрелік.

Не өзгерді?

Енді әйеліне қол жұмсағандар 295 мың теңге айыппұл арқалайды немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Ал әйелінің денсаулығына жеңіл не ауыр зардап келтіргендер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар қандай да бір іс қозғау үшін жәбір көрген әйелдің арызы қажет емес. Дәлел ретінде көршілері айтса, куәгер болса немесе видео-материал болса жеткілікті.

Агрессорлар тергеу изоляторына немесе түрмеге қамалады. Қаулы бойынша тіпті үйінен кетуге тиіс. Баяғыдай ұрып-соғып алып, кейіннен жай ғана кешірім сұрау болмайды.

Қандай нормалар күшіне енді?

Заң жобасында тек әйелдердің құқығы емес, балалар қауіпсіздігі мәселесі де қарастырылған. Соның ішінде:

– адам денсаулығына тигізген жеңіл зиянға 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 АЕК дейін айыппұл;

– қол көтергені үшін 25 тәулікке дейін қамау немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 80 АЕК дейін айыппұл ретінде қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты аса қатігездікпен жасалса, онда қылмыскер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:

«Сонымен бірге балаларға қатысты немесе отбасы тұрмысында бұрын-соңды қандай да бір құқық бұзғандар үшін ерекше талаптар енгізілді. Мәселен, оларға сот шешімімен медициналық ұйымдарда психологиялық емдеуден өту міндеттеледі. Ал отбасы мүшелерін қорғау мақсатында сотқа аса қажет болса, олардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салу құқығы беріледі», – деді.

Суицид мәселесі

Бұдан бөлек заңға енгізілген толықтыруда суицид мәселесі қарастырылған.

Суицидтің алдын алу үшін адамның өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болған тұлға үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік артылады.

Сонымен қатар өз-өзіне қол салуды үгіттейтін насихат үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл түрінде қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Ал буллинг пен кибербуллинг үшін 10 АЕК айыппұл төленеді.

Осыған дейін де, әлі де интернатта жататын балалардың жайы жиі сөз болатын. Енді интернатта жататын балалардың құқығын қорғау мақсатында тиісті органдарға баланың жататын жағдайын кедергісіз тексеруге құқық берілді.

16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиісу

Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы тиісу үшін (интернет желісін қоса алғанда) қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін 200 АЕК дейін түзету жұмыстары не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

16 жасқа толмаған адамдарға қатысты азғындық әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік белгіленді. Заң қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік тек 14 жасқа толмаған адамдарға қатысты азғындық әрекеттер үшін ғана қарастырылған болатын.

Баланы ұрлау

Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін болған), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін болған) жазасы қолданылады.

Буллинг пен кибербуллинг

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Буллинг пен кибербуллинг жасағаны үшін ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Буллинг не кибербуллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала жасаса, олардың ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасалады. Болмаса 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Педофилия

Заң педофилия үшін және жас баланы (14 жасқа дейінгі бала) өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды енгізеді. Енді баланы зорлағаны үшін балама жаза болмайды.

Заң жобасын халықаралық ұйымдар қалай қабылдады?

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Михаэла Фриберг-Стори аталған заңға толықтыру енгізу арқылы сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

Бұл маңызды қадам гендерлік теңдікті ілгерілетіп қана қоймайды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің өмірін қалпына келтіру үшін сот төрелігі мен қолдау қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді», – деді ол.

Еуропалық кеңестің Парламенттік Ассамблеясы өкілі Карла Дуат Қазақстанның мұндай заңды қабылдауын жағымды құбылыс деп бағалады.

«Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңның қабылдануы – дұрыс шешім. Бұл туралы Қазақстанда болып келген сенаторлар жан-жақты хабардар етті. Бұл Қазақстан Республикасы мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығын ескеретін ерекше сәт», – деді К.Дуат.

Заңгер не дейді?

Аталған заңға қатысты жұмыс тобында болған заңгер Айгерім Құсайынқызы көпшілік заңды дұрыстап оқымай жатып, қоғамда жөнсіз пікірлер қаптап кеткенін айтады.

– Бұл заң «еркектерге қарсы», «әкелерге қарсы», «отбасын ойран ететін», «антиқазақи тәртіп» заң деген пікірлерді де естідім. Қайталап айтайын, бұл заң әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. «Баламды тартып ала ма?» деген ата-аналар дәл қазір баланың құқығын емес, өздерінің құқыққа қарсы әрекеттерін, демек баланы жазалау шараларын қолданатынын және оны дәстүр я тәртіппен ақтап алуға талпынатынын ғана көруге болады. Заңды оқымай жатып, ол туралы пікір айту да құқықтық нигилизмді білдіреді, – дейді заңгер Айгерім Құсайынқызы.

Әлеуметтанушы не дейді?

Ал белгілі әлеуметтанушы Эльмира Отар бұл мәселенің соншалықты ушыққаны «Бишімбаев» соты кезінде көрініс тапқанын айтады.

«Бұл сот процесі – Қазақстанның сот жүйесіне үлкен сынақ еді. Әлеуметтік тұрғыдан алып қарасақ, бұл халықтың сот жүйесінде заңсыздық бар деп күдіктенетінін, оған деген сенімсіздігін көрсетеді. Ал екінші жағынан бұл сот жүйесінің өзіне үлкен мүмкіндік туғызды», – дейді әлеуметтанушы Э. Отар.

Сонымен қатар сарапшы әлеуметтік желілерде атышулы соттың 20-30 миллиондап қаралуын мемлекеттік жүйеге деген сенімсіздік барымен байланыстырады.

«Бұның бәрі сот жүйесінен басқа, мемлекеттік органдарға, үкіметке деген сын бар екенін көрсетеді. Әлеуметтік желіге қарап, халықтың бұл процесті қалай қадағалап отырғанын байқауға болады», – дейді ол. 

P.S. Сонымен кешеден бастап әйел құқығын қорғайтын әрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң күшіне енді. Ресми дереккөздерге және мамандардың пікірінше, заң жобасында бәзбіреулер шошитындай норма жоқ. Заңның мақсаты – тек ана мен бала құққығын қорғау емес, жалпы адами құқықты қорғау. Сондықтан оның қоғамдағы насихаты дұрыс болуына сіз бен біз де жауаптымыз.

Aikyn.kz.
18.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1587
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1129
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2525
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2125
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3325