Фейсбукта 5000 жуық досым және 35000-нан аса жазылушыларым бар екен. Халыққа қатысты, мемлекетке қатысты өзекті мәселе көтерсең, максимум мың, әрі кеткенде екі мың қолдаушы шығады, пікір айтушылар 500-ге жетпейді.
Сонда қалғаны немқұрайлылар ма «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» деп отырған, немесе фейк аккаунттар ма бақылап отырған, немесе саған қарсы топ па?
Соның ішінде немқұрайлылар 80% болар?!
Мүмкін өресі жетпейтін болар дейін десең, әрқайсысында кемінде жоғары оқуын бітірген бір дипломы бар.
Соңғы кездегі вейп, лудомания, ЛГБТ, бұралқы ит мәселесінде түйгенім, қорлық көріп отырған халық «зооқорғаушылар» сияқты ұйымшыл емес екен.
Неге негізінен қорлық көріп отырған қазақ қоғамы ұйымшыл емес? Оның да себебі бар сияқты.
Қазақ қоғамында бір азамат ел үшін мәселе көтерсе немесе қолдаса:
- туыс, таныс арқылы қысым келеді;
- айыппұл, әкімшілік іс;
- керек болса, қылмыстық іс қозғайды.
Тіпті сауалнама өткізсең – «заңсыз» дейді.
Ал «зооқорғаушылар» ше?
- айқай, эмоция, манипуляция;
- заңмен қаралмаған сауалнама;
- бірақ ешқандай жауапкершілік жоқ.
Биліктің кейбір тармақтары ескерту жасамақ түгілі, солардың жетегінде кетіп отыр.
Біреу сөйлесе – жаза. Біреу айқайласа – қолдау.
Сонда заң бәріне бірдей ме, әлде таңдаулыларға бөлек пе?
Ел қамын жеген ерлердің, сөз білетін жанда қақы бар.
Бірақ, сөз білетін жандарды қысып тастаған жоқпыз ба, әлде құрсын ештеңе өзгермейді деп бәрі күдерін үзіп, қолдарын бір сілтеді ме екен?
Бұлай кете берсек, қоғамның басын біріктіріп, елдік мәселені шешу мүмкін болмайды. Әр айқайға байланысты бір шеттен екінші шетке секіріп, тек тыныш болсын деп, жүйесіз шешім қабылдай береміз бе?
Ниет, тілек, мақсат бір болмай елдік мәселе шешілмейді!
PS: Жуырда Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған Алаш қайраткері, тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков атамыз бен оның жұбайының зиратына барып, Құран бағыштадым. Жандары жанатта болсын!
Елге Әлихандар мен Әлімхандар керек, мінезсіздер мен жалтақтар көбейді!
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты















