Батыс Қазақстан облысында БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен «QADAM MEDIA» форумы журналистер үшін мазмұнды да мәнді шара болды.
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен ұйымдастырылған форумды осы орталықтың маманы Ардақ Сәкенқызы жүргізді. Ақпарат майданында шыңдалған, елді елең еткізер жаңалықтарды жұртшылыққа уақытылы әрі нақты жеткізуге үлес қосып жүрген қалам иелері форумға арнайы шақырылып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Алдымен сөз алған БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз әңгімені өзінің журналистика саласындағы еңбек жолынан бастады. Балалық шағынан шығармашылыққа бейім болған ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жаза бастаған. Ізденіске, сөз құдіретіне құштар бозбала Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «журналистика» факультетін тамамдаған. Нұрділдә Серікұлының баспасөз саласындағы алғашқы қадамы «31 арна» телеарнасынан басталыпты. Жаңалықтар қызметінің жүргізушісі ретінде жұмыс істегенін айтып, алғашқы репортажының қалай сәтті жасалғанын да есіне алды. Әңгіме барысында ол қазіргі медиа саласының тынысы мен даму үрдісіне де тоқталып өтті. Ақпарат тасқыны күшейген заманда ақиқаттың маңызы артып келе жатқанын айтқан ол:
– Ақпараттың нақты әрі шынайы болуы – журналистердің қолында. Бұл – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Ал әлеуметтік желінің соңынан жүрсек, бір-бірімізге деген құрметімізді жоғалтамыз – деп, қалам ұстаған әріптестеріне ой тастады.
Өңірімізге танымал тележурналист, облыстың айнасы – «AQJAIYQ» телеарнасының редакторы Тәтті Өтеғалиева журналистика саласына студент кезден бастап-ақ қадам басқан екен. 28 жылдан бері осы саланың ыстық-суығын ұжыммен бірге кешіп келе жатқан Тәтті Мақсотқызы Асыланбек Зиннатұлы, Гүлмира Жұмабайқызы секілді аға буын әріптестерінің тәлімін алған. Өзі де қайнаған тілшілік тіршіліктің ортасында жүріп, «Жан сәулесі» қайырымдылық бағдарламасы арқылы тағдыр тәлкегіне тап болған талай жанның жанайқайына үн қосып, мұқтаж жандарға қоғам назарын аудартты. Облысымыздағы елді мекендердің тынысынан хабардар ететін «Өскен өңір» бағдарламасы арқылы ауыл-аймақты аралап, ел ішіндегі елеулі өзгерістер мен көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтеріп, ел алдына шығаруға ұйытқы болды. Телеарна қызметіндегі осындай тәжірибесімен бөліскен журналист өзін де бүгінгі әлеуметтік желінің ықпалы мен әлегі толғандыратынын жасырмады.
Қарымды қалам иелеріне кәсіби шеберлікпен қоса техникалық сауаттылық та қажет. Бұл туралы өз сөзінде «Жайық пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов ой өрбітті. Расымен де, бүгінгі ақпарат кеңістігінде шынайылық пен көзбояушылық қатар шарпысып жатады. Әрі журналист, әрі медиатренер Нұрлыбек Нұрланұлының пікірінше, қазіргі медиа әлемінде «фейк» ақпараттармен күресу – ең өзекті, алдыңғы шептегі міндеттердің бірі.
– Бұрын «фейк» ақпараттарды дер кезінде анықтап, тексеруге болатын еді. Қазір жағдай мүлде күрделі. Соңғы екі жылда жасанды интеллект қарқынды дамыды. Ол шынайы ақпараттан ажырату қиынға соғатын бейнеақпараттар жасауға қабілетті. Сондықтан журналистер осы бағытты кәсіби түрде меңгеріп алулары қажет, – дейді жаңашылдыққа жаны құмар журналист. Алайда ойлай алмаса да, жасанды интеллектіні жұмыс барысында көмекші құрал ретінде пайдалануға болатынын еске салды.
Ақпаратты дер кезінде әрі шынайы жеткізу – әр журналистің ұстанымы. Дегенмен, бұл қағиданың қашанда орындала бермейтініне «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының облыстағы тілшісі Ардақ Мұратқызы алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, кей жағдайларда ресми мәліметтің уақытылы берілмеуі – бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен кедергі.
– Кейде қажетті ақпаратқа дер кезінде қол жеткізе алмай жатамыз. Бұл шынайы мәліметтің орнына қауесет пен қате ақпараттың таралуына себеп болады. Ал ол қоғамда БАҚ өкілдеріне деген сенімсіздікті туғызады. Ал журналистің басты міндеті – елге шынайы, тексерілген, объективті деректерді жеткізу, – дейді тәжірибелі тілші.
Ақпарат саласындағы өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген, сондай-ақ өткен жылы Мемлекет басшысының қолынан марапат алған қос әріптесіміз – Гүлсезім Бияшева мен Нұрбек Оразаев та осы алаңнан табылды. Журналистер арасындағы байқауға қатысып, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы арнайы грантын иеленіп, ел ішіндегі үздік журналистердің қатарынан көрінген «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары Гүлсезім Ерболатқызы журналист болу тек оқиғаны баяндау емес, әр тақырыпты терең қаузап, түрлі саланың тілін меңгеру екенін айтады. Ал ел Президентінің Алғыс хатымен бірге «Алтын барыс» белгісімен марапатталған Нұрбек Закарияұлы қаламын «қару» ете жүріп, пандемия кезінде, сайлау науқандарында, тіпті су тасқыны тәрізді табиғи апаттарда қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Бүгінде «Жайық пресс» ақпарат агенттігінің бас редакторы болып қызмет атқаратын Н.Оразаев агенттіктің сайтын күніне 300 мыңдай адам оқитын болғандықтан, сенімді ақпарат таратуға баса көңіл бөлінетінін жеткізді.
Форумға арнайы шақырылған «Сахна тілі» мамандығы бойынша ұстаз Бақытгүл Сәкенқызы бұқаралық ақпарат құралдары мамандарына сауатты әрі сенімді сөйлеуге негіз болатын физикалық жаттығу түрлерін көрсетті.
Басқосу барысында БАҚ саласындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, аға буын журналистер жас тілшілерге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар Ұлттық арнаның облыстағы меншікті тілшісі Ардақ Мұратқызының әлеуметтік маңызы зор, кәсіби деңгейде дайындалған бейнесюжеттерінен үзінділер көрсетілді. Шара соңында сөз алған БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әділет Орынбасаров шығармашылық пен шеберлікті ұштастыруды мақсат еткен мұндай форматтағы алғашқы басқосудың әлі де жалғасын табарына сенім білдірді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
Батыс Қазақстан облысы