Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай Батыс Қазақстан облысында өткізілген рухани іс-шаралар халқымыздың күй өнерін асқақтатқан ұлы күйшілер Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісованың рухына тағзым етуден бастау алды.
Биыл бұл мереке Астана күнімен тұспа-тұс келді. Айтулы қос мерекеге орай Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында салтанатты шара өтті. Өнер мен руханиятты ұлықтаған бұл жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңір жұртшылығын құттықтады.
– Биыл қос мерекенің қатар келуі – жәй сәйкестік емес, бұл тамыры тереңге бойлаған тарихымыз бен жарқын болашағымыздың үйлесімін, рухани сабақтастығын білдіретін ерекше сәт. Мемлекет басшысы да өз құттықтауында қасиетті домбыра аспабының ұлт болып ұйысуымызға, рухымызды көтеріп, бірегейлігімізді сақтауға қосар үлесі орасан екенін атап өтті. Біздің өңір – киелі күйдің, қасиетті домбыраның бесігі. Бұл өлкеден күллі қазақ даласына есімі әйгілі Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісовадай ұлы күйшілер шыққан. Қазір де Ақжайық топырағында Құрманғазы мен Динаның ізін жалғап, ұлттық өнердің туын биік ұстаған талантты жастарымыз аз емес, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Осы салтанатты іс-шарада Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония өнерпаздары өздерінің бір жыл бойы атқарған шығармашылық жұмыстарын қорытындылап, көрерменге әдемі әсер сыйлаған дәстүрлі концерттік бағдарламаларын ұсынды. Бұл – өңіріміздің мәдени руханиятының темірқазығына айналған филармония ұжымының 58-ші концерттік маусымының ресми жабылуы болды. Өнер иелері биылғы маусымда тек облысымызда ғана емес, еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан сынды ірі қалаларында да өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Түркия мен Түркіменстан сахналарында қазақ өнерін паш етіп, еліміздің мәдени абыройын халықаралық деңгейде асқақтатты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы ұлттық өнерді ұлықтап, төл мәдениетімізді дәріптеуде аянбай еңбек етіп жүрген өнер иелеріне шынайы алғысын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашыларына қасиетті қара домбыраны ерекше құрметпен табыстады.
Халқымыздың асыл мұрасы – домбыраны ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, Елорданың мәртебесін асқақтауға бағытталған мұндай шаралар облыс аудандарында да жалғасын тапты. Соның бірі – Казталов ауданындағы «Достық» саябағында ұйымдастырылған «Астана – Арман қала, рухтың үні – домбыра» атты мерекелік кеш. Тұрғындарды құттықтаған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов «Астана мен Домбыра – екеуі де елдіктің нышаны. Бірі – мемлекетіміздің келбеті болса, екіншісі – халықтың рухани жүрегі. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел бірлігі мен ынтымағы жолындағы істеріңізге табыс тілеймін» деген ақжарма тілегін жеткізді. Мерекелік кеште аудан басшысы «Жұмысшы мамандықтар» жылына, Астана және Ұлттық домбыра күндеріне орай ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды, сондай-ақ «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздары Ахтановтар мен Ерембаевтар әулетін марапаттады. Салтанатты шараны аудан өнерпаздары ұлттық рухты көтеретін музыкалық композициямен, күмбірлеген күймен, сырлы термелермен және әсем әуендермен әрлеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар Казталов аудандық кітапханасы ұйымдастырған «Домбыра – асыл мұра» атты библио ассорти, 40-қа жуық жастың бір мезетте Құрманғазының «Адай» күйін орындауы, «AMANAT» партиясы мен Жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен «Тарихты сөйлеткен домбыра: Күй VS Комикс» мультимедиалық жобасы, Жұлдыз ауылындағы «Қазақтың жаны – домбыра» атты әдеби-сазды кеш айтулы мерекенің мән-маңызын тереңдете түсті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы