Мысалы, ұл баланы сүндеттеудің төркінінде ислам діні жатқанымен, мың жылдан аса уақыттан бері халқымыздың тіршілігіне біте қайнасып сіңіп кеткен дәстүр. Оның баланың өсіп-жетілуіне, болашақ өміріне титтей де залалы жоқ. Қайта, тазалық, физиологиялық өсіп-жетілуге ғылымилығы бар жоралғы болып қалды. Әрине, баланы сүндеттегенде оның «насыбайының» терісі кесілетіндіктен, аз мөлшерде қан шығады. Соған бола біз адам жарақаттаған, баланың құқығына қол сұққан болып саналады екенбіз. Баланың денсаулығының қалай болатынын, бала емес, біз білеміз. Оған ненің пайдалы, ненің залалды екенін ес тоқтатпаған ұл емес, ақылға келген біз білеміз. Сондықтан да бала құқы мен ана құқығын біздің қазақ мыңдаған жылдардан бері жақсы меңгерген. Ұл баланы сүндеттегеніміз секілді, қыз баланың да құлағын тесіп сырға саламыз. Екеуі де дұрыс. Ұл баланы сүндеттеуге болмайды, қыз баланың құлағын тесуге болады деу де әділетсіздік. Ананың құқығын құрметтеуге келер болсақ, «Жұмақ ананың табанының астында» деп әспеттейміз. «Жесірімізді қаңғытпаймыз, жетімімізді жылатпаймыз» деп, олардың құқығын ел болып қорғап, ауыл болып бақылап отырған екен. Жұп болуға лайықты адамын тауып беріп, отбасын құруға жол көрсеткен.
Біздің негізгі дәстүріміздің бірі – баланы сүндетке отырғызу. Ол бүкіл мұсылман мемлекеттерінің бәрінде бар. Сүндетке отырғызу – мұсылман болудың басы. Заңдағы адамдық құқық мәселесін желеу етіп, сүндеттеуге қарсы шықса, оның астарында дінге, сенімге қарсы шығу жатыр деген сөз. Тағы да көкпар тартуға болмайды, малды тақымға салып кергілеуге, тартқылауға болмайды деген сөз де әншейін желеу ғана. Ешкіні бауыздап, сонан соң оны көкпар етіп тарту Алланың берген мал-дүниесінен бір бас садақа ғана. Біздің жігіттер сол арқылы білек күшін, тақым күшін сынға салады. Ат үстіндегі мықтылығын жетілдіреді, шеберлігін асырады, ол нағыз спорт деуге тұратын шынығудың жолдары. Бір ешкіге бола, бір ұлттың спорт ойынын, мыңдаған жылғы дәстүрін жоққа шығару екені анық. Осындай бір ақымақ, шалажансар, адамның күлкісі келетін заңдарды қабылдау қазақ ұлтының еркінен тыс жүріліп жатқан қысым деп санаймын.
Оған қарағанда қаңғыбас иттердің құқын қорғау маңызды. Қаңғыбас иттер адамдарға залалды, тазалықты бүлдіреді. Сөйте тұра оны қорғауға, бағуға тиіс екенбіз. Сонда ұлттың қалыптасқан құқығын бұзуға болады екен де, бала-шағаға зиянды иттің құқын бұзуға болмайды екен!.. Парламент не үшін отыр, Мәжіліс бар, Сенат бар, олардың басым көбі қазақтың перзенттері ғой, ата-баба жолына үңіліп қарамай ма?! Ақ пен қараны ажыратып атап айтпай ма?! Алдыға келді екен деп, ұлтпен, мемлекетпен санаспай, қол көтеріп мақұлдай беру өте қауіпті. Ұлтты жоюға арналған әрқандай нәрсеге тіс-тырнағымызбен қарсы шығамыз. Шетелдіктер қалай өмір сүреді, ол өз шаруасы. Біз олардың ішкі істеріне араласпаймыз. Сондықтан біздің қалай өмір сүруімізге олар да араласпасын! Біздің әдеттер заңсыз, олардың дағдылары неге заңды болуға тиіс?.. Меніңше, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты мұсылман елдері дәстүріне қайшы келетін ешқандай заңды қабылдамас еді.
Біліміңді, білігіңді күшейткің келсе, газетке жазыл!
– Қазір газет-журналға жазылу өте құлдырап барады. Яғни жұрттың бәрі телефонға кіріп алды. Кезінде жүз мың тиражбен шығатын «Жұлдыз» секілді көркем әдеби басылымдар бұл күндері мыңға жетпейді. Малшылар етігінің қонышына тығып жүріп оқитын басылымдар тіршілік ортасынан алыстады. Кезінде миллионға жуық тиражбен таралатын балалар басылымдары да он мыңға жетер-жетпес күйге түсті. Себеп көп, әлеуметтік желі жастардың құмарына айналды. Сананы тұрмыс билеген заман болды. Пандемия кезінде онлайн оқуды жолға қойдық та, әр балаға телефон алып бердік, ол да телефонның жаппай жалпыласуына себеп болды. Балалар көк темірден бас көтеруден қалды. Оқушылар ата-ана мен ұстаздан тәлім алғаннан гөрі, телефонның тәрбиесіне қалай бейімделіп алғанын өздері де сезбей қалды. Елдегі газет-журналға жазылу туралы сіздің ойыңызды білгім келеді.
– Бұл да бізді ойландыратын, толғандыратын мәселеге айналды. Кезінде телефонда, теледидарда, әлеуметтік желіде жоқ кезде біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы еді. Бізді тәрбиелеген газет-журнал мен кітап болды. Ұстаз – білім алуға бағыт беруші, жол көрсетуші. Ал, біліміңді көбейту, қабілетіңді арттыру түбегейлі өздігіңнен оқудан келеді. Сол кездегі шыққан жаңа кітаптарды іздеп жүріп оқитынбыз. Қандай бір кітап сатылымға шығыпты десе, іздеп тауып алатынбыз. Өзім мұғалім болып қызмет атқардым, жылдық басылымдарға бір емес, екі айлығым кететін. Оның бәріне сән үшін жазылмаймыз, түгін қалдырмай оқып тауысатын едік. Үйдегілер маған «газет тамақ бола ма?» деп реніштерін білдіретін. Сол басылымдарды өз уақытында оқи алмай қалсам, бірдеңем жоғалғандай тынышым кететін. Ол кезде кітап қоятын шкаф, сөре дегендер атымен болмады, сөйтсе де үйдің бір жақ қабырғасына жерден бастап тізіп төбеге жеткізіп жинайтынбыз. Әр келген газетті ретімен сақтап, тігіндісін жасап алатын едім. Бір оқып лақтыра салмаймыз, әркез керек болғанда мезгіл-мезгіл қайталап оқып тұратын едік. Осылайша бізді адам еткен, осы дәрежеге жеткізген сол кездегі баспасөз бен кітап дер едім. Сол кезде өздігімізден үйреніп алған біліміміз қазіргі кез келген профессордан кем емес. Олар куәлігі бар ғалым саналса, мен куәліксіз-ақ, олардан еш кемдік көріп жүрген жоқпын. ХХ ғасырдағы оқығандарымыз, бүгінгі ХХІ ғасырдың мықтыларынан артық түсіп жүр. Бүгінгі жастар күнделікті информацияны бізден көптеу білгенімен, негізгі фундаменталды білімдері жоққа тән. Телефондағы жүгіртпе жолдар тез ұмытылады, мида керектісі бар, керексізі бар информация тасқынына тап болғандықтан. Жүйкеге күш түсіп, адамдар шаршаңқы күй кешіп жүр. Мәселе туындай қалса, оны шешу жолдарын қарастыруға қауқарсыз. Мысалы біздің кезімізде «Балдырған» деген балалар журналы болды. Оны оқымайтын бала болмаушы еді. Мен мұғалім болып жүргенімде бір материал шықты, бізде Жұматай деген сиыршы бар еді. Сол сайқымазақ тақпақта «Жұматай-ай, Жұматай, Бетін жумай, нан жеп отыр, ұятай!» деген жолдар бар еді. Сынай отырып, күлдіреді, мазақтап отырып, тәрбие береді. Сол шығармалар елу жыл өтсе де естен кетпейді. Ол бірге сын, көпке тәрбие. Ата-аналар балалары үшін газет-журналдан ақшасын аямайтын. Бала ғана емес, өзіміз қосыла оқитынбыз. Балаға оқуға міндеттейтінбіз, ертесі не түсінгенін сұрайтын едік. Қазір сол дәстүрден, жарасымды әдеттен айырылып қалдық.
Шығып жатқан газет-журнал аз емес, жақсы нәрселер көп. Өкініштісі сол, оқитын адам сиреді, балалар қожырады. Телефон дәуірдің басты жаңалығы болып жалпыласты, технологияның жетістігі ретінде көп шаруаны жеңілдетті. Бірақ, руханиятымызды құлдыратып, талғаусыз, керексіз, ұятты нәрселер топан судай қаптады. Кез келген адам қалт ете қалса, телефон шұқылайды, әке баламен, ана қызымен шаруасы жоқ. Адамдар арасындағы жарасымды әңгіме, мейір қандырар сырласулар сарқылды. Бұл адамдық қарым-қатынастарға нұқсан келтіріп, эгоистік өзімшілдікті, айналамен ісі бо лмаушылықты туындатты. Сәбидің өзі телефонға жармасады, ала қойсаң «шыр» ете қалады. Міне, осындай қиын жағдайға тап болдық, телефон дінсіздікке, ұлтсыздыққа, көргенсіздікке жетелеп барады. Адамдардың басын әлеуметтік желіден шығарып, қағазға қайтадан алып келу машақатқа айналды. Көркем әдебиетке сусап отырған ешкім жоқ, сенсациялық қызықтар еліктіріп, желіктіріп апара жатыр. Осының бәрі неден туындады десек, мектеп қабырғасында газет-журнал оқуға баулу, жетелеу болмай тұр. Мұғалімдердің өзі қағаздан, есеп-қисаптан аса алмайды. Өзі оқымайтын газет-журналды оқушысына оқы деп айтпайды да.
– Тәуелсіздікке дейін санаулы ғана басылымдар болса, егемендік алғаннан бері балалар басылымының өзі жиырмадан асыпты. Солардың қатарында жұлдызы жарқырап біздің «Мөлдір бұлақ» журналы да келе жатыр. Бір өкініштісі, халқы тығыз, бала саны көп Түркістан облысынан алғашқы жартыжылдыққа «Мөлдір бұлаққа» жазылған оқырман 200-ге жетпейді. Ал, соңғы жартыжылдықта 100-ге жетпей қалды. Газетіміздің де жайы мәз емес... Осы жағы бізді қынжылтады.
– Иә, бүгінгі газет-журналдың ортақ мұңы осы. Ол туралы біршама айттық. Сіздер шығарып жатқан қоғамдық саяси «Qazaqstan dauiri» газеті де ауылдың, елдің мұңын көп көтереді. Басшыларыңыз Сәуле Мешітбайқызы ел аралап, су кешіп, бір тынбай Қазақстанды шарлап жүреді. Өте құнды, қажетті материалдарды шығарып жатасыздар. Халықпен бітеқайнасқан тығыз байланыстағы басылым деуге болады. «Мөлдір бұлақ» журналдарыңыз заманауи сипатымен, дәуірмен үндесіп балалар үшін танымдық дүниелерді бересіздер. Әсіресе, оқушылардың шығармаларына көптеп орын бар. Журналдарыңда шығармашылық шеберлікті шыңдайтын «Эссе жазу» байқауы жарияланады, балалар оған қатынасып, бағын сынауға болады. Ол да талапты шәкірт үшін таптырмайтын орай.
Өзіңнен естіп жатырмын, Түркістан облысында журнал оқырмандары тым аз екен, бұл дұрыс емес. Қазіргі кезде журналға жазылудың мүмкіндіктері өте мол. Ақпарат, технология дамыған, ата-аналардың қалтасында ақша бар. Тек қана ниет болса, құлшыныс болса, жазылуға болады. Балалар басылымына қанша көп жазылса, мұғалімдердің де, ата-ананың да жұмысы жеңілдеп, баланың жасампаздық көмескі көздері ашылады. Телефонға үңілуді азайтады. Сұхбаттың орайында «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына түркістандық оқырмандарды, балаларды және ел бойынша көптен жазылуға шақырамын! Бұл екі басылымда тамыры елден тартылған халықшыл басылымдар. Ол үшін мұғалімдер мен ата-аналар белсенді түрде насихаттауы керек.
Ілімін жемқорлыққа жұмсайтын министрлер мен әкімдер көп
– Ұстаз білім үйретеді, тәрбие береді, ал, кітап оқу біліміңді арттырып, адам болуды үйретеді. Кітап дауыстап сөйлемесе де, үнсіз ғана көзің көрмеген, құлағың естімеген ғажайып дүниеге алып кетеді. Бүгінгі қоғам қабілетті болу мен адам болуды ажырата алмай қалды. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз...
– Шын мәнінде көп адамда білім бар. Жастар да жақсы білім алып жатыр. Болып жатқан жаңалықтарды бәрімізден тез естиді. Небір облыс әкімдері сотталды, екі Премьер-министріміз сотталды, біреуі қашып жүр. Небір генералдар сотталып кетті. Солардың бәрін білімсіз еді деп айта алмаймыз. Олар тіпті әлемдік тілдердің әлденешеуін меңгерген адамдар. Олардың тағы да қалталарында екіден, үштен дипломдары бар. Кейбіреу мемлекеттің қамқорлығын көріп, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер. Олардың бәрі білімді, оқымысты. Бірақ адамға ең керекті тәрбиесі жоқ. Адамдық құндылықтар оларға қонбаған. Имандылық туралы айтпай-ақ қоялық, қарапайым кісілік этикадан мақұрым. Олар адамдық қасиеттерден жұрдай болғандықтан, «қайтсем аламын, қайтсем жымқырамын, қайтсем құтылып кетемін...» деген мақсатты ғана көздейді. Билік кейде олардың біліміне қызығып жоғары лауазымдар береді, оның ішкі адамдық болмысына бойламайды, артынан атантүйе көтере алмайтын қылмыскер болып шығатынын ойламайды. Әлгі жазғандар мұным ұят болады, ертең жауап беруім керек деген мәселені қаперіне де алмайды. Жеке мүддесі бірінші орынға шығып кетеді де, парақор, зинақор, жемқор болып қор болады. Халыққа қызмет ету, мемлекетке қызмет ету ойы болғанда, олар батпаққа батпас еді. Бүгінгі жас ата-аналардың бәрінің ортақ бәсекесі – білімді болуға, өнерлі болуға, жоғары балл алуға баулу. Ал, адам болуға, иманды, инабатты, адамгершілігі мол тұлға болуға баулып «оқытып» жатқан еш пенде жоқ. Руханияты кедей адам ата-баба дәстүрінен тез адасады.
Өткенде Алматыда бір жиналыста болдым. Соған қатынасқан мықты жігіттер шетінен ырғатылып, бірі «менің балам АҚШ-та» десе, енді біреуі «менің қызым Парижде» дейді, тағы бірі «немерем немістер елінде...» деп мақтанады. Сонда тұрып оларға «Сонда балаларың шетінен мықты екен, сендер олардың жат елде, жат жұртта жүргенін қызықтап отырсыңдар. Айтыңдаршы, мынау Отанға, қасиетті жеріңе кім қызмет етеді? Мемлекеттің ертеңіне кім ие болады?..» – дедім. Олар құнжың-құнжың етіп, сөзді басқаға бұра берді. Бүгінгі біздің жағдай осы.
Сонда оқыған оның баласы кетсе, сенің балаң кетсе, менің балам кетсе, елді кім көтереді?.. Міне, үлкен сұрақ. Ата-ана баласын не үшін оқытты, мемлекет білім грантын кімге қызмет қыл деп берді? Өз мемлекетіңнің ақшасына оқып, бөтен елді гүлдендір деп ақша бөлді ме?.. Бұдан көретіндеріңіз білімді болу басқа, адам болу басқа жол. Бүгін ақша табумен, жақсы тұрмыста жасау мақтаныш, Отаныңның күйі, қарашаның үйі ешкімді толғандырмайды. Бүгінгі ата-ананың бойына да осы тенденция сіңіп, санасына жайылып барады. Балаға кішкентай кезінен «Отаның үшін оқы, елің үшін білім ал, халқыңа қызмет көрсет» деген патриоттық тәрбие беретіндер жоққа тән. «Аш болсаң да, айлығың аз болса да, еліңді есіңнен шығарма» деп, «Ер жігіт туған жерінде, ит тойған жерінде» деген құндылықтарды ауызға алатындар сирек. «Туған жерге туыңды тік» деген түпкі сананы шаң басқан. Біздің кезде әке-шешемізден, «Бөтен елдің сұлтаны болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол» деген сөзді көп еститін едік. Сол даналықты дәріптейтін жастар бүгін бар ма?
Осы секілді мәселелер қатты жайылып етек алып кеткендіктен, біздің Түркістандық Ақсақалдар алқасы шұғыл қимылдап, қолдан келген шараны жасап жатырмыз. Қазақ – талантты халық, білім бар, тұрмыста түзелді, дәуірге тез үйлесетін, бейімделгіш халықпыз. Өкініштісі ата-баба дәстүрінен алыстап барамыз. Оның зардабы бәріне тиіп жатыр. Отыз жылда Мемлекеттік тілді өз тұғырына қоя алмадық. Мемлекеттік идеологияның бір құрамы етіп дәстүрімізді дәріптей алған жоқпыз. Қазақ тілінде сөйлемеген бала мың жерден білімді, мың жерден ғалым болса да, қазақ үшін ешқашан жан ауыртпайды. Оқитыны сан түрлі тілдегі кітаптар болуы мүмкін, бірақ туған еліне деген махаббаты болмаса, дарқан далаға септігі тимейді. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін меңгермейінше, Абайды оқымай, Бұқар жырауды оқымай, адамдықтың негізі қаланбайды.
Ақсақалдар алқасы – қалың ел ішінде
– Түркістан түркі дүниесінің назарында, әлемнің көз тіккен бір нүктесіне айналып келеді. Кешегісі мен бүгінгісіне көз жүгіртіп көріңізші.
– Біз осыдан көп жыл бұрын «Түркістан – гүл қала» деген бастама көтердік. Ол кезде бұл қала Оңтүстік Қазақстан облысының бір қаласы болатын. Біз бүкіл Түркістанға ағаш егейік, гүл егейік, таза қалаға айналдырайық деп үндеу тастадық. Сол кездегі қала әкімі Аюпов деген азамат бізді қолдады. Біз екі жыл бойы байқау ұйымдастырып, әр көшеге, әр секторға жарыс жарияладық. Ағаш еккен, гүл өсірген, ауласын, айналасын таза ұстаған жүз үйге, екінші жылы екі жүз үйге сыйлық бердік. Осылайша қала бойынша тазалық қолға алынды. Әрбір түркістандық бұл байқауды қолдап шықты. Пандемия кезінде бұл жобамыз үш жылға жуық тоқтап қалды. Әрине, қалыптасқан әдет жалғаса берді, қаланың келбетінде өзгеріс байқалды. Дегенмен, пенде емес пе, қузаушылық болмаған соң, құнтсыздық пайда болды. Сонымен биыл қала әкіміне, облыс әкіміне кіріп, осы істі қайтадан қолға алуды ұсынып едім, бірден қолдап, қол астындағы басшыларға тапсырма берді. Өйткені бүгінгі Түркістан – облыс орталығы. Біз жұмысты бастап кеттік, байқау шарттарын жарияладық. Міне, біздің ақсақалдар алқасының ой-қиялының дұрыс екеніне дәлел Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қозғаушылық жасап «Таза Қазақстан» жобасын ұсынды. Бұл біздің жұмысты онан ары ілгерілетуімізге тамаша мүмкіндік тудырды. Түркістан қаласы 6 сектор бойынша қызмет етіп жатыр. Олардың қызметкерлерінің офисі, айлығы бар. Біз ақсақалдар алқасы қаланы 10 бөлікке бөліп іс жүргіземіз, біздегілердің бәрі еріктілер, айлық алмайды, олар тек өздерінің сүйікті қаласына деген сүйіспеншілікпен қызмет көрсетеді. Қалалық әкімшіліктің бір көмегі жаңағы он бөліктің басқарушыларына офис бөліп берді, коммуналдық шығындарын төлеп береді. Біздің ақсақалдар алқасының жұмысы үшін «Ынтымақ үйінен» ат шаптырым кабинет беріп, қалалық әкімшілік шығынын көтеріп отыр.
2016 жылы Әліпбек Шәріпбекұлы деген әкіміміз болды. Сол кісіге кіріп, мақұлдығын алып, тұрмысы төмен, көпбалалы, ауру-сырқауы бар отбасыларға тегін дүкен ашуды қолға алған едік. Дүкенге орын дайындап алған соң, тұрмысы жақсы, жағдайлары жоғары отбасылардан 30-40 мың шамалы киім-кешек жинадық. Осылайша 40 пайыз шамалы су жаңа киімдер, өзгесі бір киілген, сыны бұзылмаған таза киімдерді әкеліп берді. Біз оған қоса демеушілер тауып, қорымызды жаңа киімдермен молайтып отырдық. Онан сырт тағы да сол демеушілердің көмегімен айына төрт рет азық-түлік тараттық. Біз он мөлтек ауданның төрағасына тапсырма береміз. Олар көше сайын қарап, шын мәнінде тұрмысы төмен отбасыларды тауып, 3-4 отбасын бізге ұсынады. Біз мақұлдаған соң, олар өздері ілестіріп алып келеді. Бала-шағасына лайықты шақ келетін киім-кешектерді қалауынша алып киінеді. Бір жолы 6 жасар бала бір литрлік «coca cola» сусынын көргенде, қуанғанынан тұра жүгіріп барып қолына алды. Бала тым арық болғандықтан, әлгі сусынды көтере алмай құлап қалды. Анау сусынды тегін алатынын ойлағанда қуаныштан тұра жүгіріп барып, бас салғанда біздің көзімізге жас келді. Содан бастап екі жыл бойы әр айда төрт реттен киім беріп отырдық. Осы кезде әр айда екі мәрте киім-кешек таратамыз.
Кеше ғана облыстық сот 40 отбасына жететін азық-түлік әкеліп берді. Онан өзге 50 баланы сауда-ойын-сауық орталығына апарып, күні бойғы шығынын төлеп ойнатты. Міне, осылайша біздің бастаманы биліктің басында отырған азаматтар да қолдап жатыр. Он мөлтек аудан жұмысты мұқият жүйелі жасап келеді. Демеушілер де ерікті түрде кезекке тұрып көмегін жасап жатыр. Бұл қайырымдылық шарамыз 12 жылдан бері тоқтаусыз жалғасып келе жатыр. Кейбіреулер алты айдан соң тоқтайды, кім саған киім-кешек, азық-түлік әкеліп береді дейсің деп еді. Олай болмады, жұмыс үзіліссіз жалғасып жатыр. Көмек алуға алдыңғы айда келген отбасы келер айда келмейді, оларға шабыт береміз, еңбек етудің жолын көрсетеміз, масылдыққа жол бермейміз. Енді міне, «Әлеуметтік дүкенімізді» офистің қасына көшіріп алдық. Жұмыс жүйеге түсті, барлар көмекке келеді, жоқтар қажетін алып, қиыншылығынан шығады.
Біз осылайша екі бағытта, бірінші – киім-кешек тарату бойынша, екінші – азық-түлік тарату бойынша қайырымдылықты жалғастырып келеміз. Бүгінгі таңда бұл түркістандықтар үшін дәстүрлі жұмысқа айналды.
– Түркістан қаласында жағдайы төмен 40 отбасына үй салып бергендеріңіз туралы әңгіме әр жерде айтылып жүр. Сол туралы айтып беріңізші...
– Облыстық Ақсақалдар алқасының бір мүшесі – Райымжан Қошқаров деген мұғалім. Сол азамат күнкөрісі төмен, әртүрлі себептермен қиыншылыққа тап болған отбасыларға көмектесу мақсатында «Үлес» қайырымдылық қорын құрды. Ол қорға 300-ге жуық құрылысшы, шебер кісілерді мүше етіп алды. Ол шынайы мұқтаж болып отырған жандарға тегін үй салып беруді қолға алды. Бес бөлмелі етіп үй жасауды жалғастырып келеді. «Үлес» қорының мүшелерінің бәрі құрылысшы. Әрбірінде өзінше өнер бар, құрамы өзбектер мен қазақтардан тұратын қайырымды жандар. Олар өздерінің істеп жүрген жұмыстарынан бөлек кешке қарай, әсіресе, сенбі, жексенбі бірден жинала қалады да, іске кіріседі. Бір келіп іргетасын құяды, бір келіп қабырғасын қалайды, бір келіп сылап тастайды, бір келіп төбесін жабады. Құрылыс материалдар өздерінде бар. Өздерінде жоқ сантехниканы, электр бұйымдарын ғана сатып алады. Еңбек күші тегін, асар салған секілді. Түркістандағы ең үлкен қиыншылық – жер табу мәселесі. Егер үйлесімді жер телімі табылса, олардың қарқыны бұдан да тез болар еді. Нақтылап айтсам, «Үлес» қайырымдылық қоры ақсақалдар алқасының аясында жұмыс жасап келеді. Үйді кімге беру мәселесін ақылдасып шешеді де, лайықты отбасына кілтін тапсырады. Үй алған жоқ-жітікті көргенде жаның толқиды, олардың жылағанын, риза болғанын көргенде өзің де шыдай алмай тебіренесің.
Осы жақында қырқыншы үйдің кілтін тапсыру рәсімін жасадық. Қырқыншы үйді тапсыратын кезде мен облыс әкіміне кірдім, Дархан Амангелдіұлына жағдайды түсіндірдім. Сол күнгі кілт тапсыруға келіп қатынасу туралы шақырдым. Ол кісі мұны естіп қатты таңғалды. Үйді беретін, лентасын қиятын күні келетінін айтты. Дәл сол күні Астананың шұғыл шақыруына байланысты әкім жол жүріп кетті де, орынбасары, қаланың әкімі, өзге де әкімшіліктің жауапты адамдары келді. Олар үйге керекті бұйымдар, кілем, теледидар секілді заттар ала барып, үй иесіне сыйлады. Әлгі үйді алған отағасы бірінші топтағы мүгедек, әйелі екінші топтағы мүгедек, жеті баласы бар, соның екеуі мүгедек, мүмкіндігі шектеулі жандар болатын. Сондай Алланың сынағы болған отбасының жағдайын дұрыстау мақсатында қырқыншы үй өз иесін тапты. Міне, осы шаруаның басында жүрген азамат Райымжан Қошқаров деген Ататүрік мектебінің тарих пәні ұстазы. Қазір ол жігіт Өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы міндетін атқарып жүр. Бұдан бөлек жұрт болып жиналып, 9 баласы бар отбасының баспанасы өртеніп кеткенде, соны да секторлар мен ақсақалдардың ұйымдастыруында көп болып қалпына келтіріп бердік.
Түркістанда мың көше бар
– Түркістан қаласының гүлденіп, көркеюіне көп күш салып жатыр екенсіздер. Мені сіздердің қайырымдылық жұмыстарыңыз қызықтырып барады. «Алма піс, аузыма түс» деп жатып алу жақсы емес. Сіздердің Ақсақалдар алқасы халыққа қызмет көрсету арқылы билікке көмектесіп, адамгершіліктің туын көтеріп, ортақ жұмысқа жұмылып, өнегелі өмір салтын қалыптастырыпсыздар...
– Түркістан қаласында бір мың көше бар. Соны бес көшеден бөліп, 200 көше биіне бөліп бердік. Оларға он мөлтек ауданның төрағалары қарайды. Олар әр көшедегі тазалыққа, егіліп жатқан ағашқа, өсіп жатқан гүлге қарайды, қоқыстарға қарайды. Кейбір ыбырсып, шашылып жатқан үйлерді көрсе, ол аулаға кіріп отбасымен сөйлеседі, ескерту жасайды. Оған да немқұрайлы қараса, суретке, видеоға түсіріп, түсінігін жазып, әлеуметтік желіге жүктейді. Бұл көріністі көрген жастар жағы, балалары намыстанып, желіден алдырып тастауға тез қимылдап қателіктерін түзеп, бізден адам шақырып, жасаған жұмысын көрсетеді.
Біздің Ардагерлер ұйымынан артықшылығымыз бізде 18 жастан тартып жарғымызды мойындаған барлық қоғам мүшелері қатысады. Сондықтан да қимылы ширақ, өздері қағылез. Он мөлтек ауданның жауаптылары, көше билері, бәрі де «Алқаның» мүшелері. Олар жасап жүрген істеріне ақы талап етпейді. Бәрінің кәсібі, жұмысы бар. Сөйте тұра, Ақсақалдар алқасының шаруасын еш ақсатпай атқарады. Кезіндегі әкім Аюпов бәйге беріп, біз қауырт жұмыс істеп жүрген кезде бір оқиға болды. Біздің бір көше биі қоқсып шашылып жатқан бір үйге ескерту жасауға кіреді. Сөйтсе, әлгі үйдің отағасы вахталық жұмыста екен де, әйел үйде жалғыз қалыпты. Сол кезде тазалықты ескертуге біздің бір ер-азаматымыз барып қалады. Содан шу шығып, әйел арыз жазып «Күйеуім жоқта үйге кіріп, мені зорламақшы болды» деп құқық қорғау органдарына шағымданады. Содан біз араға түсіп, ел болысып жүріп, әлгі көше биінің абыройын зорға дегенде қорғап қалдық. Содан кейін біз көше қызметіне 30-40 әйелді тарттық. Олар күйеулері жоқ үйлерге кіретін болды. Осылайша әр отбасының көркемдігі тұтас қаланың көркемдігі болып шыға келді. Осы кісілердің бәріне ақы төлемейміз, барлығы қоғамдық негізде ерікті атқарады. Байқап отырсыз ба, түркістандықтар ынтымақты, өз қаласын сүйеді, өйткені олар түркі дүниесінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың осы қаланың төрінде отырғанын мақтаныш етеді. Қазіргі есеп бойынша ықпалды 24 кәсіпкер өз еріктерімен ай сайынғы азық-түлікті мойындарына алған. Уақыты келгенде айтқызбастан керекті заттарын тиеп дүкенге жеткізеді. Бұл топта қаланың әкімі, облыстық сот, университеттің ректорлары бар. Олар затты өздері алып келеді, жарлы-жақыбайға қолымен таратады, оларға қызмет көрсетеді, жоқ-жітікті кәдімгідей сезінеді. Бұл қайырымдылықтың арғы жағында Алла ризалығы үшін жасалып жатқан садақа, зекет деген ұғымдар бар. Беретін заттың мөлшері, құны алдын ала ескертіледі. Шамасы әр жолы миллион теңгеден кем болмайды. Бұл шара тұрақты, үздіксіз жасалып келе жатқандықтан, жұрт та үйренді. Беруші де, алушы да ретке түсірілді. Осы айтылған жұмыстардың басында Түркістандық ақсақалдар алқасының мүшелері жүреді.
Соңында айтарым, біздің «Ақсақалдар алқасы» жүйесі өзге қалаларда да құрылса, тіректі күштерді тауып, әкімшіліктермен бірлесе қимылдаса, ынтымақ пен берекенің басы сол болады. Түпкі мақсатымыз – «Ұлттық дәстүр – тәрбиенің бастауы» екенін сөзімізбен де, ісімізбен де дәлелдеу. Осы Түркістанның тәжірибесін өзге облыстарға да жалпыластырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бұл жолды жасаған біз емес. Бұл дәстүр де қазақтың қанында бар, дара жолы. Біз соны заманға лайықтап қайтадан тірілттік. Біздің ұлт ақсақал мен абызға тоқтаған жұрт.
Арнайы тілші жіберіп, жұмысымызды газетке жариялап, тәжірибемізді елге жайып жатқан «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызына алғысым шексіз!..
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы