Орал қаласында биыл екінші мәрте бәйгеден «MADIAR CUP» халықаралық ашық турнирі өтті. Қазақстан мен көршілес мемлекеттерден келген сәйгүліктер қатысқан бәйгенің ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов қатысты.
Жүйріктер жарысын Батыс Қазақстан облыстық бәйге федерациясының қолдауымен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Жарыстың бас демеушісі – өңірімізде ат спортын өркендетуге атсалысып жүрген кәсіпкер азамат Мадияр Құрманғалиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты – ұлттық ат спортын дамыту, жастардың спорттың осы түріне деген қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақтың бойына төл дәстүріміз бен ұлттық танымымызды сіңіру.

Дүбірлі додаға жүзге жуық тұлпар қатысып, аламан бәйге (21 шақырым), топ бәйге (12 шақырым), құнан бәйге (8 шақырым) бойынша өзара сынға түсті.
Турнир қорытындысы бойынша құнан бәйгенің бас жүлдесі алматылық тұлпарға бұйырса, топ бәйгеде мәреге бірінші болып ақтөбелік сәйгүлік жетті. Ал аламан бәйгенің бас жүлдесін маңғыстаулық жүйрік жеңіп алды. Осылайша, үш жеңімпаз бас жүлдеге тігілген үш бірдей автокөлікке ие болды. Өзге жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлық табысталды.
Орал шаһарын тұлпардың дүбіріне бөлеген бәйгеге ат арытып алыстан келген атбегілер мен қонақтар әсерлі сәттің куәсі болғаны сөзсіз.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы














