Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Ширек ғасыр бойына қандастарыма қызмет істедім»

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,  жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Ширек ғасыр бойына қандастарыма қызмет істедім»

 Көрнекті қаламгер Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев 1946 жылы мамыр айының 21-і күні Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «1 Май» ауылында дүниеге келген. 1953-1964 жылдары  осы ауылдағы қазіргі А. Қыраубаева атындағы онбіржылдық мектепті оқып бітірген. 

1966 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, 1970 жылы соңғы курста оқып жүргенде «Білім және еңбек» журналына орналасқан. 1976 жылдан «Жалын» баспасында қоғамдық-саяси және проза бөлімдерінің меңгерушісі болған.

Сексенінші жылдардың ортасынан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі  қызметін атқарған.

1992 жылдан 2017 жылға дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары болған. 2002 жылдан 2018 жылға дейін шетел қазақтарына арналған «Алтын бесік» журналын шығарған.

70-жылдардан бастап «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария» «Красная гармонь» «Қазақтың қызыл кітабы» және де басқа, барлығы  жиырмаға жуық  кітабы жарық көрген. 

 «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Сағыныш пен Елес», «Өтірік айтпайтын адам» және басқа да, барлығы 25 пьеса жазған.

Көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев биыл 80-ге толды. Мерейтой иесінің таланты сан қырлы: ақын, жазушы, драматург. Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында табан аудармай 25 жыл жұмыс істеп, қандастарымыздың көшінің сән-салтанатын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Алғашқы жылдары ағыл-тегіл Атажұртқа ағылған қандастарымыздың көші қазір тоқырап тұр. Тарихқа көз тастап Тәуелсіздігіміздің шырайына айналған алғашқы Құрылтай туралы, сондай-ақ кейінгі жылдардағы көкейтесті мәселелерді қаузаған ағамызбен сұхбаты қызықты оқылады деп сенеміз. 

 

Қарақалпақстан қазақтары жайлы сын мақалам шу шығарды

– Сұлтанәлі аға, сіз ақын, жазушы, драматург болып жүріп аяқ астынан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына қалайша ауысып кеттіңіз?

– Иә, менің  25 жыл өмірім шетел қазақтарымен байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында өтті. Жалпы, бала күнгі арманым ақын, жазушы болу еді. Отыз жастың ортасынан асқанша  алдыма тек осы мақсатты қойдым.  Бар күш-жігерімді шығармашылыққа жұмсадым. Алғашында ақын болып көрінгенмен, кейін прозаға ауыстым. Бұл жолда жұрт қатарлы айтарлықтай табысқа жеттім. Повестер мен әңгімелер жинақтарым  бірінен кейін жарық көрді. Одан кейін драматургия жанрына да бет бұрдым. Алғашқы жазған «Қыз жиырмаға толғанда...» дейтін пьесамды еліміздегі үлкенді-кішілі  театрлар бірінен кейін бірі  жаппай сахналай бастады. Одан кейінгі  «Біз де ғашық болғанбыз...», «Ең әдемі келіншек» атты пьесаларым да тура осылап көптеп қойыла бастады. Тіпті олардың біразы көршілес өзбек, қырғыз, қарақалпақ театрларында  жарық көрді. Және ол қойылымдардан әр ай сайын қазіргі драматургтердің өңі түгілі түсіне де кірмейтін мол қаламақы да аламын. Яғни, жағдайым жақсы, ештеңеге мұқтаж емес, бәрі бар, тыныш рахат өмір! Және драматург болар-болмастан қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы жастар  мен балалар театрына әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметіне де орналасқанмын. Бұл да өзінше бір жақсы жұмыс еді.  Жаз шыға театр айлап, апталап Қазақстанның түрлі облыстары мен көршілес республикалардағы қазақтар көп тұратын өңірлерге гастрольдік сапармен шығамыз. Кешке спектакль, сосын түннің бір уағына дейін жергілікті қонақжай қазақтардың бірінің үйінде дәм татып, думандатып отырамыз. Жыл бойы қаладан шықпай жалығып жүрген біз үшін бұл да өзінше қызықты, думанды  тіршілік. Міне осындай рахат өмір, думанды тіршілікті тастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы сияқты жауапкершілігі үлкен,  мазасыз жұмысы таусылмайтын мекемеге ауысамын деп ешқашан ойлаған емес едім. 

 1991 жылдың  соңына таман жолым түсіп Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы болып жақында ғана сайланған  Қалдарбек Найманбаевтың кеңсесіне бара қалдым. Қалекең менің өмірден өз орнымды тауып, қаламгер ретінде қалыптасуыма үлкен ықпал жасаған асыл азамат еді. Соған орай, ол кісіге сәлем беріп, жаңа қызметімен құттықтап шықпақшы болғанмын..

Қалекең менің сәлемімді алды да, бір күтпеген әңгіменің шетін шығарды. «Сен сырттағы  қазақтар туралы жазып жүрсің ғой?» – деді.

Бұл сөз рас еді. Мен 1989 жылы  театрмен  Қарақалпақстанға барып, содан келген соң «Қазақ әдебиеті» газетіне «Еншіміз бөлінбеген ел едік» атты мақала  жазғанмын. Мақалада Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың мәдени-рухани, оқу-білім жөніндегі мұқтаж  мәселелері   ашып айтылған. 1989 жылы  театрда қызметте жүріп  Қарақалпақстанға іссапармен барып, ондағы қазақтар  туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Еншіміз бөлінбеген ел едік» атты көлемді мақала  жаздым. Мақалада Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың мәдени-рухани, оқу-білім жөніндегі мәселелерін шамам жеткенше біраз айтқан болатынмын. Бұл – Кеңестер Одағының аман-есен біртұтас күшті  мемлекет болып тұрған кезі. Және Қазақстанның газеттері Өзбекстанға да көп тарайтын. Соған орай, бұл мақала Ташкент жақтан жақта кәдімгідей у-шу туғызып, оның хабары Қазақстанға да жетіпті.   Осыған байланысты Қазақстан Орталық Партия комитетінің жауапты қызметкерлерінің бірі мені шақырып алып: «Қарақалпақстан қазақтарында не шаруаң бар, неге тыныш жүрмейсің?!» деген реніш те білдірген. Бірақ кейін  бәрі жақсы аяқталады. Екі  жақтың келісімімен көп ұзамай Қарақалпақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы Ш. Уснатдинов бастаған, құрамында С. Ахметов, Қ. Бекжанов, С.Нұрқожаев бар арнайы делегация Алматыға келіп, Қазақстан үкіметімен екі  ел арасындағы мәдени-рухани  байланысты одан әрі нығайту жөнінде  келіссөз жүргізді. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының үйінде осы делегация мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Бұл жөнінде «Қазақ әдебиеті»  тағы да «Достық көпірі салынуда» деген көлемді материал жариялады.

Міне, осыдан кейін мен сырт жерлердегі қазақтарды зерттеумен айналысатын қаламгер ретінде кәдімгідей танымал болдым.  Бұл  мақала кәдімгідей шу туғызып, Қарақалпақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы Ш. Уснатдинов бастаған арнайы делегация Алматыға келіп, Қазақстан үкіметімен мәдени-рухани  байланыс жөнінде  келіссөз жүргізген. Қалекеңнің айтып отырғаны осы еді.

– Иә, жазып жүрмін, – дедім мен, еріксіз мойындағандай болып.

– Жазып жүрсең, енді сол жазғандарыңды өзің жүзеге асырасың, – деді Қалекең ақырын жымиып. Сосын түсіндірді.   Президент Нұрсұлтан Назарбаев  жақында  ресми сапармен   Түркияға барған. Сонда жүріп  Стамбулдағы қазақтармен де кездескен. Кездесуде жер жүзіндегі  қазақтардың басын қосып, Алматыда   жиын өткізілсе деген ұсыныс жасалған. Президент ұсынысты қолдаған және бұл басқосуды Жазушылар одағы ұйымдастырсын деп  делегацияның құрамында болған  Қалекеңе   тапсырма  берген. Сырттағы қазақтардың жағдайын білетін болғандықтан,   бұл жиынды дайындауға  енді менің де    қатысуым керек. Мұны  естігенде театрдан қалай  кетемін деген ой миыма сарт ете қалды. Бірақ Қалекеңнің сөзін жерге  тастай алмадым.

– Жарайды. Бірақ театрдағы  жұмысымды да қосып істей берейін, – дедім. 

– Иә, әрине! Егер мүмкін болса солай істей бер,  – деді Қалекең. 

Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы қалай өтті?

– Сөйтіп Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын дайындауға шұғыл кірісіп кеттіңіз ғой? 

– Иә, содан  Қазақстан Жазушылар одағына қызметке келдім. Негізгі міндетіміз – 1992 жылдың күзінде өтетін Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын дайындау. Соған орай,   біраз белгілі қайраткерлердің қатысуымен Жазушылар одағы жанынан Құрылтайды өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Қалдарбек Найманбаев,   орынбасарлығына   Одақтың   екінші   хатшысы   Төлен Әбдіков бекітілді. Маған Ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы деген міндет жүктелді. 

Жауапты хатшылықтың қандай жұмыс екені, немен айналасатыны айтпаса да түсінікті – әлем қазақтарының алғашқы Құрылтайын   дайындаудың  бүкіл   құжаттары   мен   қағаздарын   жазу менің  мойныма түсті.  Әрине,  бұл  жолда  көптеген  қиындықтар  да кездесті.    Ол    кезде  қазіргідей    барлық    мемлекеттермен    қарым-қатынасымыз жоқ.  Шетелде қазақ мәдени орталықтары мүлдем құрылмаған. Сондықтан тұңғыш Құрылтайға кімдерді шақырамыз, оларды қалай күтіп аламыз деген сияқты сұрақтар өте көп болды. Міне осындай жағдайда Құрылтайға бүкіл еліміз ерекше ынта-ықыласпен атсалысты. Республикамыздың барлық өңірінен ұсыныстар, көмектесуге құлшыныс білдірген хаттар толассыз түсіп жатты. Құрылтайдың    хабары    шетелдерге    де    жетіп,    алыста    жүрген ағайындардан бұл жиынға қатыссақ деген өтініш-тілектер қардай жауды. Сол кездегі шетелдегі отандастармен байланыс жасайтын Шәңгерей Жәнібеков бастаған «Қазақстан» қоғамының да көп көмегі болды. Бұл маңызды іске «Қазақстан»  және Жібек Әмірханова жетекшілік ететін  «Достық» қоғамдары қолдан келген көмектерін жасады. «Мақсат» қоғамының президенті Әнуар Мамашәріпов пен «Мейір»  фирмасының жетекшісі  Үміт Сахариева демеуші болды. Моңғолияда туып өсіп, Еуропада оқып, білім алған Досан Баймолданың да үлкен пайдасы тиді. Жазушылар одағының Берік Шаханов бастаған бүкіл қызметкерлері де бір кісідей жұмылып қызмет етті. 

Ұлы жиынға тура бір ай қалғанда 1992 жылдың 27 тамызында Дүниежүзі  қазақтарының Құрылтайын өткізу жөнінде Үкіметтің  қаулысы шықты. Бұл қаулы бойынша үкіметтік Ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағасы болып Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, орынбасарлары болып Қалдарбек Найманбаев пен Президент аппаратындағы  Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Сәрсенбаев  бекітілді. Осы  бөлімде қызмет істейтін Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов Ұйымдастыру комитетінің қызметіне белсене кірісті. Біз де енді  осы топқа қосылдық.

Құрылтай қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өтті. Шетелдік ағайындар Ұлытау, Түркістан сияқты тарихи жерлерді аралады. Алматы қаласында үлкен мереке, Дегерес жайлауында той, бәйге болды. Құрылтайдың ұйымдастыру жиналысы 1992 жылдың  29 қыркүйек күні Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты түрде ашылды. Ұлы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы мәселе көтеріліп,  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Төралқа Төрағасы болып сайланды. Бірінші орынбасарлығына Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Келесі күні  жиын  Республика сарайында жалғасып, үлкен концертпен аяқталды.

– Сол кездері құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жұмысқа орналасуыңыздың себебі неде? 

 – Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар шат көңілмен риза болып елдеріне қайтты. Құрылтайды ұйымдастырушылар да бұрынғы  жұмыстарына  қайта кірісті. Мен де солар  сияқты ендігі жерде басқа ештеңеге алаңдамай,  театрдағы  жақсы жұмысымды одан әрі жалғастыра  беремін деп ойлады. Сөйтіп Қалекеңе қайта кірдім.

– Ал, Қалеке, сізге рақмет! Құрылтайды жақсы өткіздік. Көп  ағайынмен таныстық. Біраз нәрсені көрдік. Енді мен кеттім, – дедім.

Қалекең бұл сөзімді естігенде өзіме таңырқай қарады.

– Қалай кетесің?! Сен кетсең, Қауымдастықты кім құрады?! – деді.

Мен түсінбей қалдым.

– Қауымдастық құрылған жоқ па?! – дедім.

– Құрылуын құрылды ғой... бірақ әлі толық емес. Сондықтан да, оның бұдан арғы жұмысын саған тапсырамын. Арғы жағын Әділет министрлігіне барсаң,  түсінесің, – деді Қалекең.

Сонымен аяңдап Әділет министрлігіне келдім. Ондағылар қолыма Қауымдастықты құрып, тіркеуден өткізу үшін керек құжаттардың тізімін ұстатты. Толып жатқан қағаз. Бұл қағаздарды дайындауға бір айдай уақытым кетті. Сөйтіп 1992 жылдың қараша айында Әділет министрлігінен  Қауымдастықтың тіркеу туралы куәлігін алып, Қалекеңе қайта кірдім. Қалекең бұл жолы мені көп сөйлеткен жоқ. Куәлікті  көрді де:

– Өте жақсы! Енді сен осы жаңадан құрылған  Қауымдастық Төрағасының  орынбасары боласың, – деді. 

Мен тағы да түкке түсінбей қалдым.

–  Құрылтайда орынбасар сайланған жоқ па? – дедім.

– Ол сайланған  бірінші орынбасар ғой. Ал сен жай орынбасар боласың. Бұл жөнінде келісілген, – деді Қалекең.

Амал жоқ, жаңадан құрылған Қауымдастық жұмысына  ақырындап кірісе бастадым. Бірақ есепшотында бір тиын қаржысы да, басында баспанасы да, ең аяғы бір қызметкері де жоқ ұйымды құрылды деудің өзі қиын еді.  Қалекеңнің Жазушылар одағындағы жұмыстан қолы босай  бермейді.  Қауымдастықты  аяғынан тұрғызып, қатарға қосудың ауыр жүгі менің мойыныма түсті. Жазушылығым жайына қалды.  Алдымызда  Қауымдастықтың мақсаты мен міндетін қалың көпшілік  пен жоғары орындарға нақты ұсыныстармен дұрыстап жеткізу  деген мақсат тұрды. Біраз уақыттан кейін бұл ұсыныстарымыз да Үкімет тарапынан  қолдау тауып, «Қазақстан» қоғамын  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қосу туралы шешім қабылданды. Қоғамның Зенков көшесіндегі шағын кеңсесі, қаражаты мен бірнеше қызметкері Қауымдастықтың қарамағына өтті. Енді   Қауымдастық қызметкерлерін жасақтау қолға алынды.  «Қазақстан» қоғамының жауапты хатшысы Сапарғали Мұқашев пен бас есепші Қымбат Қанабекова  бұл  жұмыстарын бізде одан әрі жалғастыратын болды. Олардың қатары белгілі журналист Тілекқабыл Дәулетов, шетел  қазақтарын жақсы білетін Ботагөз Уатқаннан бастап Рысжан Жұртшыбаева, Жанна Орынбекова, Кенже Телғозиева, Жанар Жанапиянова, Мәдина Ертай,  Гүлсім Омарова, Гүлғазира Балтабаева, Серікжан Қанабеков сияқты жаңа толқынмен  толықтырылды. Танымал қаламгерлер Сәкен Иманасов, Жәркен Бөдеш,  Қуанышбай Құрманғалиұлы да Қауымдастыққа әр жылдары өз үлестерін қосты. Біз осы қызметкерлермен әуелі  Қалдарбек Найманбаевтың, ол кісі дүниеден өткеннен кейін Талғат Мамашевтың басшылығында  2017 жылдың соңына дейін қатар жұмыс істедік.  Әлем қазақтарының   кейінгі төрт құрылтайын да бірге өткіздік.

Осы кезеңде Қазақстанның әр өңірінен Қауымдастықтың бөлімшері ашылып, оларда әр жылдары Октябрь Әлібеков, Мұрат Түсіпбаев, Болат Заут,  Базарбай Иманов, Асланбек Губашев, Өтепберген Әлімгереев, Базарбек Иманов, Сағындық Салмурзин, Байдулла Қонысбеков  жемісті еңбек етті.

 

Қауымдастық қандастарымыздың көшіне кеңінен жол ашты

 

– Қауымдастықтың жұмысы әрі қарай қалай өрбіді?

– Қауымдастық әлемнің әр түкпіріндегі қазақтармен де тығыз байланыс орнатты.  Мұндай байланыста Түркияның алар орны ерекше болды. Бұл жердегі жұмысымызға  Стамбулда тұратын Халифа Алтай  бастаған Дәлелхан Жаналтай,  Құланбай  Нәзір сияқты ақсақалдар ерекше қолдау көрсетті. 

Қауымдастық Германия, Швеция, Франция, Аустрия, Түркия, Монғолия, Иран және басқа да алыс шетелдерде және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресейдің Мәскеуден бастап қазақтар көп тұратын барлық өңірлерінде қазақ мәдени орталықтарының құрылуына қолдау көрсетіп, олармен тығыз байланыс орнатты. Бұл орталықтарда кезінде Абдулқаюм Кесижи, Қызырхан Шолпан, Әбдірахман Шетин, Мұрат Ермиш, Бешіретхан Малабақан, Мехмет Зенгин, Акбар Аюби, Хабсаттар Омар, Айнагүл Сарай, Асай Рәміш, Ағыпар Бәкей, Тұрсымат Қалбаев, Серіқұл Қосақов, Алтынай Жүнісова, Сағит Жақсыбаев, Бесайдар Жатқанбаева және басқа да қазаққа  жанашыр азаматтар  жүйелі жұмыс жүргізді.

Қауымдастық жыл сайын  Париж, Лондон, Мюнхен сияқты Еуропаның  үлкен қалалары мен Моңғолияның астанасы Ұланбатырда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да қазақтар тұратын өңірлерде  Кіші құрылтайлар ұйымдастырды. Шетелдегі қазақ ақындарының мүшәйралары тұрақты өткізілді. Иран, Ауғанстан, Түркия, Қытайдағы қазақ  кәсіпкерлерінің Қазақстанда жұмыс істеулеріне  қолдау жасалды. 

Тәуелсіздік алғанға дейін сырт жерлердегі қазақтардың жас ұрпағын Қазақстанға әкеліп оқыту  бір жүйеге түспеген еді. Осыған байланысты   тұңғыш Құрылтай қарсаңында «Егемен Қазақстанның»1992 жылғы  1 шілде  күнгі санында  «Алыстағы ағайын қайда оқиды?»  деген мақала жарияладым.  Осыдан кейін  Қаратау қаласынан шетелдегі қазақ  балаларына арналған 40 орындық дайындық бөлімі ашылды. Қауымдастық кейін  дайындық бөлімін  үлкен қалаларға ауыстырып, қабылданатындарды 1500-ге дейін жеткізуге қозғау салды.  Шетелдегі қазақ балаларының Қазақстандағы лагерьлерге келіп тынығуы да тұңғыш рет ұйымдастырылды. 

Құрылтай қарсаңында, яғни 1992 жылдың 23 қыркүйегі күні Қазақстан үкіметі «Ұлты қазақ шетел азаматтарын Қазақстанда болған кезінде  әлеуметтік-экономикалық   жеңілдіктермен қамтамасыз ету жөнінде» №791 қаулы  қабылдады.  Осы Қаулының негізінде шетелден келген қазақтарға бірден арнайы куәлік беріліп, Қазақстанның кез келген жерінде еркін жүріп жұмыс істеуіне,  кәсіпкерлікпен айналысуына рұқсат етілді. Бұл да ұлы жиынға келген қонақтар үшін ерекше сый-құрмет болды. Қауымдастық мемлекеттік мекемелермен   байланыс жасап,  ұсыныстар да беріп отырды. Соның нәтижесінде 1996 жылдан бастап  екі рет «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды... 

Қауымдастық жұмыстарының ең бастыларының бірі – Қазақстанның қол жеткізген табыстарын шетелдегі ағайындарға жеткізіп, насихаттап отыру болды.

Бұл жұмыстарды Қауымдастықтың жанынан жарық көрген «Алтын бесік» журналы, «Туған тіл» альманағы, «Атажұрт» баспасы «Қазақ әлемі»  сайты, Талдау орталығы жүзеге асырды. Бұл басылымдарда көрнекті ақын Гүлнар Салықбай, Жәди Шәкен,  Серік Расилов, Баян Хасанова, Ерлік Кебекбай және басқа да белгілі қаламгерлер жұмыс істеді.

Жұмыс ауқымы  кеңейіп, қызметкерлері көбейген соң, «Қазақстан» қоғамынан  алған шағын кеңсе  Қауымдастыққа  тарлық ете бастады. Енді не істеу керек? Құрылтай кезінде  «Алмагүл» мөлтек ауданынан «Дүниежүзі қазақтарының орталығы салынады» деп  жер бөлініп,  белгітас қойылған еді. Ол жерді кейін қалалық әкімшілік қайтарып алды. Содан арызданып жүріп «Көкбазарға» жақын жерден  Уәлиханов көшесіндегі  «Союзпечать» деп аталатын мекеменің  құлауға айналған ескі үйіне қол жеткіздік. Қалдарбек Найманбаевтың бұдан кейінгі екі-үш жылғы уақытының көбі  осы ескі үйдің орнына жаңа ғимарат салуға  кетті. Қазір бұл жерде ұзақ жылдар бойы әлемнің әр түкпірінен келген қазақтардың ат басын тірейтін қасиетті қара шаңырағы болған төрт қабатты ғимараты тұр.

90-жылдардың  соңына қарай қоғамдық ұйымдарды бюджеттен тікелей  қаржыландыру тоқтатыла бастады.  Соған орай, Қауымдастық та жаңа заманға бейімделіп,  қаржыны түрлі бағдарламалар жасап, конкурстарға қатысу арқылы алатын болды.

– Атажұртқа қарай қандастарымыздың көші ағылып келе бастағанын жақсы білеміз. Алдымен ол көш қай жерлерде басталды?

– Қауымдастық құрылғаннан бастап көші-қон мәселесіне де белсене  кіріскен. Осы орайда, ағайындардың атажұртқа қоныс аударуы алғашында еңбек шартымен жұмысқа шақыру бағдарламасы бойынша жүргізіліп,  этностық көш деп аталғанын да  айта кеткен жөн. Кейін  ол «оралман» деген атқа  ие болды. Ал қазір «қандас» деп жүрміз. Бұл көш  1991 жылдан бастап Моңғолиямен екі арада қызу жүрді. Баян-өлгий аймағынан Өскеменге күніне оралмандар отырған алты-жеті ұшақ келетін болды. Олардың  дүние-мүліктерін тиеген жүздеген жүк көлігі  Қазақстан шекарасынан күні-түні ағылып өтіп жатты. Ұшақтың кезегін күтуге шыдамағандар Моңғолиядан бірден Ресейге шығып, жермен келді.

1992  жылдан бастап Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстаннан атажұртқа  қайтқан қазақтардың жүгін тиеген көліктер шекарадан  ағылып өтіп жатты. 1993 жылдың  қараша айында  соғыс жүріп жатқан Тәжікстаннан бір  пойыз Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әкелінді. Бұдан кейін екі пойыз Ирандағы қазақтарға аттанып, Түркіменстан-Иран шекарасынан  бір жарым мың адамды Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізді. Пойызға сыймаған ирандық ағайындар арнайы кемемен Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан және  Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді. 

Көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы   Саят Бейсенов жетекшілік ететін Еңбек министрлігінің  Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне (кейін жеке комтитет болған) түсті. Бұл департаментте Памир Камалиев, Мұхит Ізбанов, Марат Тоқсанбаев сынды алыс-жақындағы ағайындарға шынайы жанашыр азаматтар жұмыс істеді. Олар шекараның арғы жағынан бастап, атажұртқа келгенге  дейін ағайындармен   бірге болды.  Арнайы құрылған штаб  көштің барысын күні-түні бақылап отырды.

ҚР Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары Бас  басқармасының бастығы Өмірбай Мұсаев та бұл  игілікті іске айрықша жанашырлық танытты.

Қалдарбек  Найманбаев бастаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлері де осы қызу істің бел ортасында жүрді. Біз қазақтар тұратын шетелдерге жиі шығып, ағайындарға атажұртқа оралудың жөн-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп тұрдық. 1993 жылы  Қауымдастыққа Түркияға Ауғанстаннан келген қазақтар қиындыққа ұшырап, атажұртқа жете алмай отыр деген төтенше хабар түсті. Осыған орай,  мен  Стамбул қаласына барып, 300-ден астам қазақ отбасын (бір мыңдай адам)  тізімге алдым.  Үлкендерінен «Қазақстанның қай  өңірлеріне барғыларыңыз келеді?» деп сұрағанымда олар «туған жеріміз Сыр бойына  апарыңдар» деп шу ете қалды. Мен  олардың тізімін  Көші-қон департаментіне әкеліп өткіздім. Арада көп уақыт өтпей, Стамбулға арнайы ұшақтар жіберіліп,  тізімдегі 300-ден астам  отбасы Сыр бойына жеткізілді. Қазіргі әлеуметтік желілерде ұшақтан түскен бойда жерді сүйіп, жылап отырған  қариялардың суреті жарияланып тұрады.  Қызылорданың атақты фототілшісі  Болат Омарәлиев түсірген бұл суреттегілер сол 1993 жылы Түркиядан атажұртқа оралған ағайындар.

Сонау 60-жылдардан бастап Қытайдағы қазақтармен байланыс  өте күрделі болды. 1992 жылғы  Құрылтайға  ол жақтан ешкім қатыспады, Қауымдастық  алғашқы күннен  бұл мәселеге айрықша назар аударды. Ең әуелі Қытайдың Қазақстандағы тиісті мекемелерімен байланыс орнатылды.  Қалдарбек Найманбаев бастаған Қауымдастық қызметкерлері Қытайдың Құлжа, Үрімжі қалаларынан бастап сонау Құмыл, Баркөл мен Ішкі Қытайдағы Ганьсу (Ақсай) өлкесіне дейін сан рет аралады. Бейжіңге де бірнеше рет  барды. Және бұл сапарларда  қандастармен ғана кездесіп қойған жоқпыз, сонымен бірге  Қытайдың мемлекеттік ресми орындарымен де кездесулер өткізіп,  көші-қон, оқу-білім, мәдениет саласында бірлесіп жұмыс жүргізудің мүмкіндіктерін талқыладық. Осының нәтижесінде Қытайдағы  ағайындардың   Қазақстанға біржола көшіп келуіне кең жол ашылды.

Осындай жан-жақты жұмыстардың  нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келіп, жыл сайынғы көші-қон квотасы алғашқы кезде 20 мың отбасына, яғни 100 мың  адамға   дейін жетті. Кейін бұл көрсеткіш 30-40  мың адам төңірегінде болды. Және бұл ағайындар  ешқандай қиындық көрмей, әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып,  тып-тыныш орналасып жатты. Қазіргідей сотталмағандығы, бұрынғы тұрған елінің азаматтығынан шыққандығы сияқты толып жатқан  анықтамалар талап етіп, әуре-сарсаңға салу ол кезде  мүлдем болған жоқ. Осындай қамқорлықтың  нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллиондай қандастарымыз оралып, Қазақстан халқының бүгінгідей 21 миллионға  жақындауына үлкен ықпал етті. Қандастар көші әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дәрежеміздің өсіп-өркендеуіне де үлкен көмегін тигізді. Мәдениетіміз, әдебиетіміз бен өнеріміз көптеген дарынды тұлғалармен толықты. Оралмандардың бәрі қаймағы бұзылмаған қазақ тілінде  сөйлейді, мұның өзі ана тіліміздің жағдайының жақсаруына барынша ықпал етті.

 

Көш неге саябыр тартты? Кім кінәлі?

 

– Соңғы онжылдықта көш саябыр тартты. Мұның себептері неде деп ойлайсыз? 

– Иә, дұрыс айтасыз, өкінішке қарай, 2010 жылдардан бастап қандастар көші азая бастады. Соған орай, оралмандар көшін көбейтудің жаңа әрі нақты жолдарын қарастыруымыз керек. Осыған орай  мына мәселені қадап айтуымыз керек. Қазіргі  таңда шетелдегі қазақтардың жалпы саны 6 миллонға жуықтайды. Олар – қай жерде, қай елде тұрса да  қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Яғни, шетелдегі отандастарымыз – Қазақстанның баға жетпес  қымбат байлықтарының бірі. Біз осы байлықты тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – өркениетті елдердің бәріне ортақ жағдай. Мысалы, Израиль мемлекетінің қазіргідей биік деңгейге көтерілуі  –   шетелдегі диаспорасымен жан-жақты әрі тиімді байланыс орната білуінде. Міне біз де өз еліміздің өсіп-өркендеуіне сырт жерлердегі ағайындарды тиімді пайдалана білуіміз керек.

Бұл ретте, дамыған мемлекеттерде шетелдегі отандастармен байланыс төмендегідей екі бағытта жүретінін айта кеткен жөн:      

Бірінші – сырт жерлердегі отандастарды атамекенге репатриант (оралман) мәртебесін беріп, көшіріп әкеліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатыстыру.

Екінші – сырт жерлерде тұрақты тұратын отандастарға  диаспора ретінде қолдау көрсетіп, олардың ұлттық ерекшелігін, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі болып дами беруіне қамқорлық жасау.

Осыған орай, өркениетті елдер репатрианттардың (біздіңше айтқанда, қандастардың) атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыруды ең алдымен шетелдерде қолға алатынын ескерген жөн. Мысалы, Германия, Израиль, Польша мемлекеттері этникалық көштің дайындық жұмыстарын шетелдегі елшіліктері арқылы жүзеге асырады.  Яғни, елшіліктер атажұртқа қоныс аударатындардың алдын ала тізімін жасайды;  ұлтын анықтап,  құжаттарын  мемлекеттік тілге аударады; атамекенге барғаннан кейін орналасатын жерін белгілеп, тұратын үйін, істейтін жұмысын анықтайды; әлеуметтік төлемақылар  төлеуді, тіл мен жазуды тегін үйретуді шешеді. Репатрианттар  осы  мәселелердің бәрі толық шешілгеннен кейін ғана көшеді. Ал біз осындай жұмыстарды тұрақты жүргізуге  бола ма? Әбден болады. Яғни біз  де Қазақстанға көшіп келетіндерге алдын ала жөн-жоба көрсетіп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп, Қазақстандағы орналасатын жеріне дейін бастап барып, бүкіл мәселесін реттеп отыруымыз керек. Бірақ Қазақстанда мұндай қызмет көрсету мәселесі әлі күнге шешілмеген. Атажұртқа қоныс аударатын ағайындар бала-шағасын шұбыртып, дүние-мүлкін қолға түскен көлікке тиеп, нар тәуекелмен шекарадан өтеді. Қазақстанға барып орналасатын жерді де, уақытша  тұратын баспананы да өзі табады. Сосын әркімге жалынып жүріп, біреудің үйіне тұрақты тіркеледі. Міне, осындай толып жатқан жұмыстарды бітіргеннен кейін ғана көші-қон мекемелеріне барып, оралман ретінде тіркелу құқына қол жеткізеді.

– Ал сонда оралманды осынша әуре-сарсаңға салмау үшін этникалық көшті кім, қандай мекеме ұйымдастыруы керек?  

– «Халықтың көші-қоны туралы заңда» этникалық көші-қон Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері арқылы  ұйымдастырылады деп көрсетілген. Бірақ ҚР Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі елшіліктеріміз бұл жөнінде нендей жұмыстар жүргізіп жатқаны туралы  бізге белгісіз. Қандастар көшінің жағдайы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен ҚР Ішкі істер министрліктеріне де байланысты. Бірақ    бұл салада жақсы жаңалықтар сирек естіледі. 

Қазір қандастар көшіне бөлінетін квота жылына екі-үш мың адам төңірегінде ғана. Бұл баяғы жылына 50 мыңнан  100 мың адамға дейін келетін көрсеткішпен салыстырғанда түкке тұрмайды. Бұрынғыдай шетелдерге барып,  ұйымдастырып әкелу мүлдем тоқталған. Қазіргі қандастар атажұртқа өз күштерімен оралуда. Бірақ оларды құшақ жайып қарсы алудың орнына неше түрлі сергелдеңге душар етеміз. Соңғы уақытта қандастар  өздерінің қазақ екенін дәлелдеу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру керек деген ереже шығыпты. Бұл  адам таңқалатын жағдай. Сол ережені ойлап тапқан  мекемелердегі қазақтардан қазақ тілінен емтихан алса,   біразының аяғы аспаннан келіп құлайтыны анық. Мысалы жақында ғана Құрылтайға  сайланған депутаттардың біразының қазақ тілінде дұрыстап ант беруге шамасы жетпей жатқаны осының айғағы. Тіпті басқаны былай қойғанда Астана мен Алматыдан бастап Қазақстанның кез келген жерінде қазақша екі ауыз сөздің басын құрап сөйлейтін қазақтар  толып жүрген жоқ па? Осындай жағдайда  шекарадан жаңа ғана аттаған қандастардан қазақ тілінен емтихан алудың қандай қисынға келетіні мүлдем түсініксіз.

Соңғы бесінші Құрылтайда Қауымдастықтың жанынан «Отандастар» дейтін қор құру туралы  шешім қабылданған. Құрылтай мәжілісін жүргізушілер бұл жаңа ұйым Қауымдастықпен бірлесіп шетелдегі  ағайындармен байланысты бұрынғыдан да нығайтып, олардың көшіп келуін көбейтуге үлес қосады деп  уәде  берген. Соған орай, «Отандастар қоры»  құрылып, мемлекеттен мол қаржы бөлінді, басшыларына жоғары мөлшерде жалақы белгіленді. Сыйақы мәселесі де шешілді.  Жеткілікті қызметкерлер де алынды. (Мұның бәрі Қор құрудағы құжаттарда   көрсетілген.) Шетел қазақтарымен жұмыс істейтін ұйымдардың ешқайсысы да бұған дейін мұндай керемет жағдай мен  мол қаржыға  қол жеткізген емес. Соған орай,  «Отандастар қоры» мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдауды дұрыс пайдаланып,  шетел қазақтарымен байланысты қазіргіден де жақсартып, оралмандар көшін барынша көбейтуге күш салады деп  үміттендік. Өкінішке қарай, уақыт өте  біздің қуанышымыз басылды, үмітіміз үзілуге айналды. «Отандастар қоры» жөнінде Құрылтайда айтылған  уәделердің бәрі босқа қалды.  «Отандастар қоры» бүгінге дейін  қандай шаруа тындырды,  қызметкерлері жалақыны не үшін алады, сыйақы кімге не үшін беріледі, мемлекеттен бөлінген мол қаржы қайда жұмсалуда –  оның бәрі    белгісіз. «Судың да сұрауы бар» деген,  мүмкін алдағы уақытта бұл жөнінде нақты мәліметтер де  жарыққа шығып қалар?!

Соңғы бесінші Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков сайланып, кеңсесі Астанаға қоныс аударған. Содан бергі уақытта Қауымдастық  қызметкерлері айында, жылында он шақты адамның басын қосып, бір жиналыс өткізіп, соған риза  көңілмен суреттерін әлеуметтік желіге жариялап қояды. Басқа төтенше  жұмыстары онша байқалмайды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қауымдастық қандастарға арнап керемет жақсы үйлер салып жатыр деген жақсы хабар желдей есіп тараған. Бірақ оның да аяғы немен біткені белгісіз.  Қауымдастық – қоғамдық ұйым, оның кезекті Құрылтайын өткізетін уақыт әлдеқашан болды.  Соған орай,  жақын уақытта осындай үлкен жиын  өтіп, біраз мәселе сол жиында анықталатын шығар.

Сөзімізді  түйіндей келе, болашақта алыс-жақындағы ағайындармен байланыс қазіргіден әлдеқайда жақсарып, қандастар көші барынша көбейеді деген  үлкен үмітіміз бар екендігін атап айтамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жылдары қандастар көшін көбейту мәселесін бірнеше рет күн тәртібіне қойып, нақты тапсырма бергені осы үмітімізге негіз болады.   Соған орай,  бұл мәселеге тікелей қатысы бар  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қоры» бірлесе отырып, Мемлекет басшысының  тапсырмаларын бұлжытпай орындауға кіріссе, алдағы уақытта  бәрі реттелетіні анық.

– Аға, шұрайлы сұхбатыңызға зор алғыс айтамыз. Сізді мерейтойыңызбен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз. 

                                               

Сұхбаттасқан – 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

16.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27716
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27218
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44567
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40284
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44892