Ұлылардың сарқыты

Ұлылардың сарқыты

Ғылымда жеке бастың қалыптасуына туған жері, өскен өлкесі, оның ерекшеліктері әсер ететіндігі айтылады. Және сол өңірде қалыптасқан тарихи тұлғалар, қоғамдық сананың да әсері анық. Осы тұрғыдан  75 жастың биігіне көтерілген Бекмағамбет Көпболсын Әбдікешұлына, оның азамат болып қалыптасуына туған жерінің, өскен ортасының, ұлы бабаларының ықпалы болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Осыған байланысты біраз жайларға шолу жасай кетсек. 

 

Ақтоғай – Әлихан, Шоқан, Әлімхан, Күләштардың мекені

 

Қазақ елінің байтақ жерінде киелі қасиетті топырақта ұрпағына өңірдің тарихы, ұлы адамдарының өнері, өмірі арқылы да тәрбие беріп, үлгі көрсетер мүмкіндіктері көп. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының жері қасиетті ұлы бабалардың мекені. Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі – Жидебай Қожаназарұлы. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан, Абылай ханның майдандағы ұрыс тағдырын шешетін, әрі қосымша тың күш ретінде дайын тұратын 5000 қолды басқарған екен. Шежірелердің айтуынша, Жидебай батырдың алғашқы үлкен жорыққа қатысуы – «Аңырақай шайқасы». Заманында Абылай хан қазіргі Балқаш-Ақмола өңіріне жауды кіргізбеу туралы тапсырмасын сақшы болып орындаған да осы Жидебай батыр.

Осы өңірде өмір сүрген қасиетті тұлғалардың бірі – Қараменді Шақаұлы. Бұл күндері ел аузындағы әулие Тобықтының атақты биі, шешені болған Абай өзінің әкесі Құнанбайдың аузынан Қараменде бидің шешендік, даналық сөздерін көкейіне түйіп өскен. Әсіресе, Қарқаралы өңіріне барып жүргенде естіген Қараменде бидің:

«Елі көшсе, бел жетім,

Үйрек-қаз кетсе, көл жетім,

Ері жоқ ел жетім,

Елі жоқ ер жетім,

Жоқтаусыз кетсе, қыз жетім,

Жасы жеткен қарт жетім,

Парықсыз болса сөз жетім», – деген өнегелі сөзін әрқашан үлгі тұтып, балаларына өнеге ретінде айтып отырған.

Осы өлке – озық ойлы Алаштың қайраткерлері Әлихан Бөкейхановтың, Жақып Ақбаевтың, Әлімхан Ермековтың дүние есігін ашқан өңірі. Олар байтақ Қазақ еліне үлгі болып, өле-өлгенше елдің мүддесіне жұмыс жасады. Ақтоғай елді мекенінде осы ұлыларға арналып ашылған мұражай, ескерткіштер олардың өмірінен мол мағлұмат береді. Талай ақтоғайлықтарға олар үлгі болды. 

Қазақ халқының мақтанышына айналған, өнер аспанының аққуы да, гәккуі де бола білген, 24 жасында Кеңестер Одағының халық әртісі болып  Мәскеуде Сталиннің алдында өнер көрсеткен сахна саңлағы Күләш Байсейітова еді. Осы жолды, яғни Қазақ халқының өнер жолын таңдаған Тобықты Даданнан тарайтын Мағауия Хамзин, Манарбек Ержанов сияқты өнер дүлдүлдеріне Күләш Байсейітованың әсері, ықпалы тиген де болар. Солардың жалғасы іспеттес бұл өңірден қаулап өскен өнерлі жастар көп шыққан. Күләшқа жұрағат болып келетін Көпболсын да осы топтың өкілі. 

Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданы ертеден елге әйгілі дәстүр-салтымен ерекшеленген қасиетті өңір болып саналады. Бүгінгі Сарытеректе теңселіп өсіп тұрған күміс теректер, Ақтоғайда жайқалып тұрған аққайыңдар, кезінде осы өңірдің қамын жеген, халыққа үлгі көрсеткен полковник Сұлтанғазының тұқымнан өсірген талдарынан бастау алған. Сол бір ойлы азаматтардың бастамасы бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Қарашоқы тауынан бастау алған Тоқырауын өзені осыншама малға да, жанға да, орман-тоғайға да нәр берген тіршілік бастауы.   

 

Бір отбасыдан  3 полковник және жазу машақаты

 

Жоғарыда айтылған осы қасиетті киелі жердің ерекшеліктерінің бәрі дерлік өңір жастарына ықпал ететіні анық. Сондай  тұлғаның бірі – Бекмағамбет Көпболсын Әбдікешұлы. Көпболсынның әкесі Әбдікеш заманында беделді азамат, ақсақал бола білген, тарихқа жүйрік, сөзге шешен ел сүйіктісі болған адам. Ол совхоздың бас бухгалтері, бас экономисі, партия ұйымының хатшысы болып, елдің бас көтерген тұлғасы ретінде танылған. 

«Төрдегі бесікті көрсе, төре де басын иеді» деген әңгіме бар. Сол айтпақшы, бұл отау төрінен бесік арылмаған жанұя болды. Әбдікеш ақсақал өзі жалғыз  болғанмен, әйелі Күлнар оған 6 ұл, 4 қыз – 10 баланы өмірге әкеліп, жапырағын жайды. Жақсы тілекпен, ұлдарының үлкенін Көпболсын деп атаған екен, сол армандары да қабыл болды. Әке-шешелері балалардың барлығына дерлік ұлттық дәстүрді сыйлаған, асыл адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстаған ұрпақ болуына күш салды. Бір отбасында үш – Көпболсын, Қуат, Болат есімді полковниктердің тәрбиеленіп шығуы да соның айғағы болар. Әке мен анадан көрген тәрбиесін бүкіл өмір бойы ту етіп биік ұстаған ұрпақ елдің сыйлы азаматтарына айналды.  

Көпболсынның курстасы және өмірлік сыңары, марқұм Бақытты Ғұбайдоллақызы екеуі үш баладан 8 немеренің ата-әжесі болды. Қазақ үйінде қариясы мен баласы бар отбасын бақытты санайды. Бабаларымыз «әйелдің бір бақытты сол емес пе, қасында ақ некелі жары болса, етегінен өнген бала болса» деп бекерге айтпаған. Перзент сүйіп, балалы болу өмірдің негізгі мәні, адамның басты міндеті екендігін жастардың жадына сіңіре беру қажет-ақ.

 Көбекең бос уақытында қолына қалам алып, шығармашылық жұмыстармен шұғылданады. Өлеңдері мен мақалалары аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. «Өсер елдің баласы...», «Отты жылдар әзілдері мен аңыздары», «Отты жыр, орамды әзіл», «Бата дарып, бақ қонсын» және «Перзентімін Тоқырауын, Ақтоғайдың» кітаптарының авторы. Және бір жыр кітап сәтті сағатын күтіп баспада жатыр.

Осы орайда менің ойыма Абаймен байланысты мына әңгіме оралып отыр. Туыстары жиналып отырған жиында Абайдан замандастары «Сізге ақындық қай жақтан келді деп ойлайсыз?» дегенде: ол маған «анамның төркіні – нағашы жағымнан келді ме екен деп ойлаймын», – деген. Төрде отырған әкесі Құнанбай қадалып қарап отыр екен. Сонан ол сөйлеп кетеді: «Шырағым, көп арғымақтар бәйгеге қатысып, алдымен қарақшыдан айналған дүлдүлді қай биеден туды деп сұрамайды, қай айғырдан туды деп сұрайды». Жиын шыбын ызыңы білінердей тынып қалыпты. 

Осыған ұқсас жағдай біздің кейіпкеріміздің де басында болды. Ақындық, сөз өнеріне әуестік сізге қалай және қай жағынан қонды деп Көпболсыннан сұрай қалсаңыз, ол: «Менің туыстарымның ішінде ақын көп емес. Әрбір қазақ баласының қара сөзден өлеңге жақын тұратыны әлмисақтан бері белгілі. Қазақ баласына өлең тән. Көпболсын да бабалардан қалған, әсіресе өз атасы Әбеудің Бекмағамбеті және нағашы атасы Әменнің Құтжанынан жұғысты болған ақындық өнер бар». 

 Оның өмір жолы халыққа қызмет жасаудың жолы болды. Жезқазған облысының ішкі істер органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарып, Астана қаласында тілдерді дамыту басқармасында заңгер, одан кейін Республикалық ардагерлер ұйымында ұйым басшысының орынбасары болып жұмыс жасап келеді. 

Ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, еліміздің орден, медальдарымен марапатталды. КСРО Ішкі Істер министрлігінің және ВЛКСМ Орталық комитетінің арнайы төс белгілерінің иегері, Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының «Құрмет кітабына» жазылған, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Парасат» орденімен, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған.

Немеренің дүниеге келуімен адамдар өмірінің жалғасып жатқанын, оның тегіне – есіміне ие болар жанның дүниеге келгеніне қуанып, Аллаға шүкіршілік айтып, жас ұрпаққа мейірін төгер шаққа жетеді. Өмірдің ақ жал толқындары өзгеріп жатқанмен, әкесінің баласы, атасының немересі, ұлы бабалардың ұрпағы болып өмірге қадам басады. Көпболсын да немере дегенде жанын қоярға жер таппай, өкпесін соғып, айналып-толғанып жүргені. Түрлі жағдайлармен көптен кездеспеген немересі Қаныштың атасының 75 жылдық мерейтойына, туған күніне келуіне ерекше қуанып, оның келуі маған жасаған ең үлкен сыйлығы деп шаттанды. 

Бұл немересінен үмітінің үлкен болғанын, сөйтіп оның атын да Қаныш қойғанын, ұлы тұлғаның аруағы жар болар ма екен деген арманы болғандығын да  жасырмайды.

Қайдан шыққан бұл бала демесін деп,

Ата-бабам мекені Дересін деп.

Ырым етіп ат қойдым немереме,

Әруағы Қаныштың жебесін деп.

Бір немере Италияда және бір немере Америка Құрама Штатында оқиды. Балалардың оқуы жақсы. Ақ батада айтылғандай «Балаларың қуаныш болсын, немерелерің жұбаныш болсын» деген тілек қабыл болып жатыр. Ал алты жасар Ажарлы атасының тойын видеоға түсіріп, шапқылап жүрді. Ерекше ілтипатпен, сүйсініп араласатын құдалары да бар. Олармен кездесу ерекше бір мереке.

Бір құдасы қырғыз елі Бішкекте тұратын, атақты манасшы, осы тақырыпта докторлық диссертация қорғаған белгілі ғалым. Сол татулықтың арқасы болар, жыл сайын АҚШ-та, Еуропада, Вьетнамда дем алып, ел танып қайтады. Және бір ерекшелігі осында сапарларға мүмкіндігінше балаларды алып кету дағдыға айналған.

Көпболсын екі тілде (қазақ, орыс) есіп сөйлейтін, көсіліп жазатын, сауатты азамат. Өлеңді де осы екі тілде бірдей жазады.

Тағы бір ерекшелігі өлең құрауда ассонанс және аллетерация формасын жиі қолдануында. Бірге оқыған достарын ұмытпайды. Марқұм болып кеткен жолдастарының отбасына қамқорлық жасап отыруы да оның дағдысы. Кісіден көрген иненің жасуындай жақсылығы болса, оның тігісін жатқызып айтып, оның мерейін көтеру мүмкіндігін де жібермейді. 

Өзімен бір курста оқыған Бақытты есімді қызға үйленіп, шын бақытты болған азамат. Екеуі ел алдында үйлесімді қатар жүрді. Еліміздің жақсы жәдігерлерін, демалыс аймақтарын бірге аралады, дем алды. Ақтау қаласындағы «Шағала» шипажайында екеуі бірге дем алған кездеріндегі бір көрініс есімнен кетпейді. Екеуі бірдей ақ киімдер киінген теңіз жағасын жағалап, желкендерін жел керіп желге қарата жүзіп бара жатқан қос аққудай, қатар жүрген кездері. Адамдармен ортақ тіл табуы үлгі аларлық жағдай. Біреудің көңіл қалдыратын кемшілігіне ұрынбайтын, жақсы жағын көріп, демеп отыратын қасиеті көп азаматтарға үлгі болары анық.

Күлнар, Бақытты есімді аналар Көпболсын үшін ең қымбат жандар. Өзінің анасы және жары. Бұл екі ана біреуі Балқаш қаласында, екіншісі Астана қаласында бір күнде аралары жарты сағаттай уақытта бақилыққа аттанғандар. Қимас келінінің бақилық хабарын естігенде енесі де тіршілігін тоқтатқан екен. Бұл азаматқа қиын жағдай еді. Халқымызда «ауырды нар көтереді, қайғыны ер көтереді» деген сөз бар. Көпболсын осы ауыр қайғыны ерлерше көтерді. 

Сан қызықта бірлесе сайрандаған,

Жаздар өтті жадырап жайраңдаған.

Бір-ақ сәтте тоқтатқан екі өмірді,

Құдыреті Құдайдың қайран маған.

 

Асыл жандар, жалғаннан дамылдасын,

Жұмақ төрі өздерін қабылдасын.

Ұрпақтары үздірмей дұғаларын,

Мейір-нұрға толтырар қабір басын...

Елдің белгілі азаматы Көпболсын Әбдікешұлы Бекмағанбет 75 жастың биігіне көтерілді. Халқына қадірлі, еліне елеулі азаматқа алда да талай биіктер бар, алға тарта беріңіз, тарта беріңіз деген тілектестігімізді білдіреміз. 

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ

 

Редакциядан: 

Көпболсын бауырымыз біздің газеттің жанашыры әрі әріптесіміз. Көпекеңді мерейтойымен құттықтаймыз. Ол кісінің алар асулары, жазатын шығармалары асқақ армандары көп деп білеміз. Олардың жүзеге асуына, бала-шағасының қызығын көруге бір Алла жар болсын!

 

28.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 1098
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 1348
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 16232
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14971
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 18306