2026 жылғы 27 маусым күні Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында «Көкмайса – даланың тірі тарихы» республикалық этномәдени фестивалі өтеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды шара қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін кеңінен насихаттауды көздейді.
Фестиваль аясында этноауылдар тігіліп, халқымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері таныстырылады. Сондай-ақ қымызмұрындық рәсімі өткізіліп, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. Қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, 500 бие сауылатын тарихи көрініс сахналанады. Мерекелік бағдарламаны еліміздің танымал өнер жұлдыздарының концерті түйіндейді.














