Оралда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Әрбір тағылымды шара жастарды Отанын сүюге, патриот болуға, еліне адал қызмет етуге шақырды.
Орал қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекеге орай облыс орталығында көктемгі көпшілік жүгіру, ұлттық спорттық ойындардың ашық біріншілігі ұйымдастырылып, Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан азаматтарға арналған кіші архитектуралық нысан ашылды.
Шаған өзенінің оң жағалауында өткен мерекелік жүгіруге жиналған 300-ге жуық адамның қатарында спортшылар, әскерилер, арнайы жасақ сарбаздары, әуесқойлар мен балалар болды. Марафонға қатысушылар 2,5 шақырым қашықтықта жаппай, 5 шақырым қашықтықта әйелдер және 10 шақырым қашықтықта ерлер жүгірісіне қатысты. Спорттық шара соңында жеңімпаздар және түрлі аталым иелері марапатталды.
«Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты ұлттық спорт ойындардың ашық біріншілігі ұлттық спорт түрлерін дамыту, жастар мен жасөспірімдерді ұлттық спортқа тәрбиелеу мақсатын көздеді. Жарысқа Орал қаласы мен өңір аудандарынан қатысқан шабандоздар топ бәйге, құнан жарысы және жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен бақтарын сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Мерекедегі тағы бір айтулы оқиға – тәжік-ауған ардагерлерінің құрметіне қойылған шағын ескерткіш. Кіші архитектуралық нысан мен аталмыш ұрысқа қатысқан азаматтардың есімдері жазылған тақтаның ашылу салтанатында тәжік-ауған ардагерлері ұрыс қимылдарында қаза тапқан қаруластарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
1992-1993 жылдардағы Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына 350 батысқазақстандық қатысса, қазіргі уақытта Оралда 128 ардагер тұрады.