«Үздік Web-портфолио» облыстық байқауы үздіктерді анықтады
Бүгінгі заманда мұғалімнің ақпараттық сауаттылығы айрықша маңызға ие болып отыр. Көз ілеспес жедел қарқынмен дамып бара жатқан ақпараттық технологияның жетістіктерінен сәл-пәл қалып қойған ұстаз уақыттан ұтылады, замана талабынан кейін қалып қояды. Сондықтан орта мектеп, кәсіптік орта білім беретін және жоғары оқу орындары мұғалімдерінің қай-қайсысы болсын ақпараттық және цифрлық даму үрдісінен қалыспай, үнемі ізденісте болуы тиіс. Әсіресе, осының ішінде, педагогтың оқу үдерісінде ақпараттық технологияны, электрондық техниканы кеңінен және сауатты қолдана білуінің маңызы зор. Ұстаздың шығармашылық ізденістері де ақпарат көздерінен өз орнын алып отырса құба-құп. Сол үшін оларға да үнемі әдістемелік көмек-қолдау аса қажет.
Алматы облыстық Білім басқармасы мемлекеттік мекемесіне қарасты «Облыстық әдістемелік орталығы» Алматы экономикалық колледжі базасында биыл екінші рет «Үздік Web-портфолио» байқауын өткізді. Мұның өзі бірыңғай ақпараттық-білім беру кеңістігінің маңызды элементтерінің бірі ретінде оқытушының Web-портфолиосын (электрондық портфолиосын) құруды, осы сала бойынша тәжірибе алмасуды жандандыру болатын. Байқаудың міндеті – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы педагогтердің қызметін белсендіру, бірыңғай білім беру кеңістігін құру мен дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы шығармашыл педагогтерді анықтау, қолдау, көтермелеу еді.
Жалпы мұғалім портфолиосы дегеніміз – мұғалімнің барлық жұмыстарын бір жүйеге біріктіретін, оның кәсіби қызметінің әртүрлі салаларын байланыстыратын жұмыстарының жиынтығы деп білеміз.
Иә, сонымен Алматы экономикалық колледжі базасында өткзілген «Үздік Web-портфолио» облыстық байқауына Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 16 оқытушысы қатысып, өздерінің Web-портфолиоларын қорғады.
Алматы экономикалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Даулетбаева Жадыра Тлеубайқызы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көз ілеспес шапшаңдықпен дамып отырған бүгінгі таңда оқу орындарының ұстаздары да осы үрдіске сай болуы керек екенін атап көрсетті.
Сондай-ақ Ж.Даулетбаева жаңа заман талабына сай жаңартылған білім бағдарламалары өмірге келіп жатқанын айта келіп, мұғалім портфолиосында осы жаңартылған білім бағдарламаларына байланысты мұғалімнің жеке көзқарастары мен ұсыныстары да көрініс табуы керек деп өз ойын тиянақтап, байқауға қатысушыларға табыс тіледі.
Алматы облыстық Білім басқармасының «Облыстық әдістемелік орталығы» коммуналдық мекемесінің техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Шынар Қабиқызы Исаханова өз сөзінде былай деді:
– Бүгінгі «Үздік Web-портфолио» байқауы оқытушылардың шығармашылығын шыңдауға септігін тигізеді деген ойдамыз. Байқау әділетті өтуі үшін қазылар алқасын Алматыдағы әр алуан оқу орындарынан іріктеп алып отырмыз. Ал енді әділ қазыларымызға да, байқауға қатысушыларымызға да сәттілік тілеймін!
Осылай деген Ш.Қ.Исаханованың сөзінен кейін қазылар алқасының мүшелері таныстырылды. Олар: Облыстық әдістемелік орталықтың техникалық және кәсіптік бөлім басшысы, Қазылар алқасының төрайымы Шынар Исханова, Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры Сәрсенбек Жүсіпбеков, осы университеттің IT-инженерия және жасанды интеллект кафедрасының аға оқытушысы Еркебұлан Аймаханов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті информатика және ақпараттандыру кафедрасының оқытушысы Нұрлыбек Хожанов, Алматы политехникалық колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Рахимжан Ержанов.
Міне, байқау да басталып кетті. Облыстық білім басқармасына қарасты орта кәсіптік білім беретін колледждердің ұстаздары өздерінің Web-портфолиоларын қорғауға кірісті. Талғар политехникалық колледжінің оқытушысы Ахметова Жанар Ермекқызы өзінің портфолиосы Сапа қосымшасымен жасалғанын атап көрсетті. Портфолио мынадай бөлімдерді қамтиды:
1 – Менің портретім, 2 – Менің педагогикалық қызметті жетістіктерім, 3 – Біліктілікті арттыру курстарын бітіргендігім туралы сертификаттар, 4 – Менің ізденістерім, тәжірибем және олардың нәтижелері (бейне-сабақтар және т.б. материалдар), 5 – Оқу жұмыс бағдарламалары, 6 – СПӨЖ орындаудағы оқыту платформалары, 7 – Жасанды интеллект мүмкіндіктері, 8 – Кері байланыс.
Оқытушы тәжірибе бөлімінде СПӨЖ DeepAi, Ranway, DID, Joyteka, WordWall қосымшаларымен студенттерге арналған практикалық жұмыстарын жинақтаған. Ұстаз аудиториямен Гугл платформасында кері байланысқа шығып отырады.
Алматы экономикалық колледжінің оқытушысы Гүлнауат Мырзақан Алматы облысындағы IT құзыреттілігі жобасының негізін қалаған талапкер. Сондай-ақ ол жасанды интеллекті бойынша өзінің жеке курсын жүргізеді.
Оның айтуынша, бұл веб-портфолио – веб-дизайн және оқытушылық саладағы кәсіби дағдылар мен жетістіктерді көрсетуге арналған кешенді цифрлық платформа. Портфолионың дизайны Figma құралында жасалып, интерфейске икемділік пен функционалдық берілді. Сонымен қатар, портфолионы дайындау барысында жасанды интеллект элементтері қолданылып, әр бөлімге ерекшелік пен интерактивтілік қосылды.
Портфолионың негізгі бөлімдері:
1. Өзім туралы – кәсіби тәжірибем мен веб-дизайнға деген ерекше көзқарасымды көрсететін бөлім.
2. Студенттердің жұмыстары – оқу барысында студенттердің алған практикалық дағдылары мен шығармашылық шешімдерін көрсететін жоба топтамасы.
3. Кері байланыс – студенттер мен әріптестерден алынған пікірлер мен ұсыныстар, табысты оқытушылық тәжірибені және сенімділікті айқындайды.
4. Студенттер мен түлектерге арналған бос орындар – білім алушылар мен түлектердің кәсіби дамуына ықпал ететін өзекті жұмыс және тағылымдама ұсыныстарының бөлімі.
5. Жеке жұмыстар – автордың кәсіби деңгейі мен стилін көрсететін жеке жобаларының галереясы.
Сайттың барлық құрылымы мен функционалдығы Tilda платформасында жүзеге асырылып, мазмұнды басқару ыңғайлылығы мен сайттың түрлі құрылғыларға бейімділігі қамтамасыз етілді.
«Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі» оқытушысы Досмағамбетов Мақсат Сағындықұлы Web- портфолионы Google портфолио сайты арқылы дайындаған.
Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің ағылшын тілі пәні оқытушысы Гульнара Төлендиева өз Web-портфолиосын Tilda платформасы арқылы дайындаған. Бұл қосымша интуитивті дизайн жасауға және ақпаратты көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік береді.
Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің оқытушысы Гулмариям Баймуханованың айтуынша, сайт беттерден тұрады, беттер блоктардан тұрады, соның ішінде мәзір, қақпақ және жертөле сияқты әр бет үшін бірдей блоктар бар. Блоктар элементтерден тұрады. Барлық беттердің дизайн тақырыбын бірден өзгерту мүмкіндігі бар, блоктардың әр түрінің вариациялары бар, анимациялары бар, бет дизайнын әртүрлі құрылғыларға бейімдеуге арналған құралдар бар... Бағдарлама көп платформалы – Windows, macOS, онлайн үшін. Nicepage-ді Artisteer командасы құрғанын тақырыпқа арналған.
Веб-элементтер, бұл – кез келген веб-сайттың бет құрылымын құру және мазмұн мен ақпаратты әртүрлі тәсілдермен ұсыну үшін қолданылатын маңызды компоненттері. Мысалы, веб-дизайныңызда мәтінді, суреттерді, түймелерді, еренсілтемелерді, торды, галереяны және ондаған басқа элементтерді бағдарламалаусыз пайдалануға болады.
Сонымен қатар, Ұзынағаш кәсіптік колледжінің жалпы білім беретін пәндер оқытушысы Гүлмира Абилханованың, Қонаев қаласындағы көпсалалы колледждің арнайы пәндер оқытушысы Галина Полищуктың, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ләззат Ибрагимованың, Алматы экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Нұрдаулет Абишовтың Web-портфолиолары өздерінің жаңашылдығымен ерекшеленді. Байқау қорытындысын әділ бағалаған қазылар алқасы 1-орынға Алматы экономикалық колледжінің оқытушысы Мырзақан Гүлнауат Берікқызының Web-портфолиосы лайық деп шешім шығарды. Екі екінші орынға Ұзынағаш кәсіптік колледжінің жалпы білім беретін пәндер оқытушысы Абилханова Гүлмира Нұрдәулетқызы мен Қонаев қаласындағы көпсалалы колледждің арнайы пәндер оқытушысы Полищук Галина Александровнаның еңбектері ие болды. Үш үшінші орынға Алматы экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Абишов Нұрдаулет Ерасылұлы, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ибрагимова Ләззат Ермекбайқызы, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Тлеуғазы Дастан Русланұлының Web-портфолиолары лайық деп табылды.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Байқауды қорытындылаған Алматы облыстық әдістемелік орталықтың техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Исаханова Шынар Қабиқызы биылғы бәсекелі байқаудың өткен жылға қарағанда техникалық және идеялық жағынан едәуір өсе түскенін атап көрсетті.
Мырзахан АХМЕТОВ