Алматы қаласында орналасқан Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты – талай дарынды баланың қанатын қатайтып, өнер биігіне жетелеген қасиетті қара шаңырақ. Биылғы Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында аталмыш мектеп-интернет ұстаздарының еңбектері еленіп, кәсіби жетістіктері, көп жылғы еңбегі және болашақ мамандарды даярлауға қосқан үлестері үшін лайықты марапаттарға ие болды.
25 педагогке ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды. Атап айтқанда, 5 оқытушы «Еңбек ардагері» медалімен, 4 педагог Ы. Алтынсарин атындағы медальмен, 9 педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тағы 7 педагог «Құрмет грамотасына», 38 педагог ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградаларына ие болды. (ҚР Оқу-ағарту министрлігінен Айгүл Ғабдуллина, Гүлнара Жакеева, Гульнарям Рысдәулетовалар «Еңбек ардагері» медалімен, Саян Ақмолдаев «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Жанар Искакова, Гаухар Бейсембаева, Ақмарал Эмреевалар ҚР Оқу-ағарту минирлігінің Құрмет грамотасымен, Жұлдыз Нұрділдаева, Жанат Райымқұлова ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ермек Жанпейіс, Ләззат Кентыбаева Алғыс хатпен, сондай-ақ бірнеше ұстазымыз Алматы қаласы Білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды). Бұл – ұстаз еңбегінің мемлекет тарапынан берілген лайықты бағасы. Алайда өнер саласындағы білім беру ұйымдарында шәкірт жетістігінің артында тек музыка пәні мұғалімінің ғана емес, жалпы білім беретін пәндер ұстаздарының да орасан зор еңбегі жатқанын ерекше атап өткен жөн.
Балаға алғашқы әліппені үйреткен – мұғалім
Өнер ордасында кәсіби музыкант тәрбиелеу тек музыкалық аспапты меңгертумен шектелмейді. Бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен-ақ әліппені үйретіп, адамгершілік дәнін егіп, біліммен қатар тәрбие беріп, екінші анасына айналатын бастауыш сынып ұстаздарының орны ерекше. Кішкентай шәкірттің ортаға бейімделуі, оқу мен өнерді қатар алып жүруі – үлкен жауапкершілік. Осындай үлкен жауапкершілікті арқалап, шәкірттерін демеп, өнерге баулып, білім нәрімен сусындатып жүрген бастауыш сынып ұстаздарының еңбегі зор. Солардың қатарында бүгінде зейнеткер болса да, бізге әлі де ақыл-кеңесін үйретіп жүрген ардагер ұстаздарымыз Күлбибі Тұтқабекқызы мен Толғанай Мухиденқызы бар. Қаншама жылдық мол тәжірибесі бар қазыналы ардагер ұстаздардың өнегесі біз үшін әлі де аса бағалы. Сондай-ақ Гүлбараш Абжаппарқызы, Арзан Айтбайқызы, Жұлдыз Мұқанқызы сынды ұстаздарымыздың да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар талмай еңбек етіп, шәкірттеріне анасындай қамқорлық көрсетуден жалыққан емес. Ұстаздың ұлылығы да осында емес пе?! Ол баланың тек білім алуына емес, тұлға болып қалыптасуына қызмет етеді.
Жалпы пән ұстаздарының арасында адамгершілік пен имандылықты жоғары қоятын, өмірлік өнегесімен кейінгіге бағыт беретін жандар да бар. Осы ретте қасиетті Мекке-Мәдинаға барып, қажылық сапарынан оралған Дина Орынбайқызы мен Күнсұлу Батырбайқызынан алар үлгім ерекше. Олардан имандылық жолындағы ақыл-кеңес алып, үлкеннің батасын тыңдап, өмірлік тағылымын бойыма сіңіріп келемін. Кейде адамға қасында жүрген, қуанышыңа бірге қуанып, қажет кезде ақылын айтып, қиын сәтте демеу болатын жанның өзі үлкен медет. Мен үшін олар – жай ғана әріптес емес, жанымдағы досым, жанашырым, әрдайым қолдап жүретін аяулы жандар.

Қасиетті қара шаңырақ – талай таланттың алтын бесігі
Мектеп-интернатта бес жасынан музыкаға баулынып, баланың қолы мен саусақтары әр аспаптың қыр-сырын меңгеруге үйретіліп, оның бойына сахна мәдениеті сіңіріледі. Бала алғаш келгенде кішкентай ғана қолымен аспап ұстауды үйренсе, жылдар өте үлкен сахналарда шыңдалады. Талай шәкіртіміз халықаралық, республикалық байқауларда жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етіп жүр. Ал сол жеңістің артында – күн сайын шәкіртімен бірге жұмыс істеген, оның әр қателігін түзеп, әр жетістігіне қуанған ұстаз тұр. Бүгінде осы қара шаңырақтың қабырғасынан білім алып, еліміздің өнер көгінде жарқырап жүрген талай шәкірттің бастау бұлағын ашқан – ұстаздар. Осы орайда ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, «Парасат» орденінің иегері Ткишев Темір ағайымыз, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің үздігі Ғабдуллина Айгүл Қайыржанқызы апайымыз, ҚР мәдениет саласының үздігі Орынтаев Талғат ағайымыз секілді білікті де беделді ұстаздардың есімдерін мақтанышпен атауға болады. Олар – талай жыл бойы өнерге адал қызмет етіп, кәсіби шеберлігімен шәкірттеріне бағыт-бағдар берген, өнер мен ұстаздықты қатар алып келе жатқан абыройлы тұлғалар.
Ал А. Жұбанов атамыздың есімін әлемдік өнер кеңістігіне танытып, осы қара шаңырақтың мәртебесін биіктетіп жүрген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі музыкант-виолончелист Ернар Мыңтаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Жамбыл облысының «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медаль иегері Әлқуат Қазақбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Бисенғалиев, ҚР мәдениет саласының үздігі Саян Ақмолда сынды өнер майталмандарының еңбегі де ерекше. Олардың әрқайсысы өнердегі биік белестерді бағындырып қана қоймай, кейінгі буынға ұстаздық етіп, кәсіби тәжірибесін шәкірттеріне аманаттап келеді. Әсіресе композитор Әлқуат Қазақбаевтың жақында қасиетті Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеуі – оның өнер жолымен қатар рухани ізденісті де биік қоятын азамат екенін аңғартады. Бұл – өнер мен руханияттың, кәсіби шеберлік пен адамдық қасиеттің үндескен тұсы.
Ең үлкен марапаты – шәкіртінің жеңісі
Бүгінгі таңда сахна төрінде өнер көрсетіп, халықаралық және республикалық байқаулардан жүлде алып жүрген дарынды жастардың әрқайсысының артында маңдай терін төккен ұстазы тұр. Ал елге танылған әрбір өнерпаз – өзі білім алған қара шаңырақтың абыройы. Мұндай ұстаздар – өнердің ғана емес, адам тәрбиесінің мектебін қалыптастырып отырған тұлғалар. Олар шәкіртке нота мен аспапты үйретіп қана қоймай, еңбек етуді, ізденуді, сахна мәдениетін, елін сүюді және өнерге адал болуды үйретеді.
Бұл күні ардагер ұстаздарға көрсетілген құрметтің де мәні ерекше. 40 жылдан астам уақытын бала тәрбиесі мен ұстаздық қызметке арнаған Қарлығаш Алиясқарқызы – соның жарқын үлгісі. Ол саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ұзақ жылдар бойы интернат меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Талай шәкірттің тәрбиесі мен қалыптасуына үлес қосты. Ұстаздық жолдағы еселі еңбегі елеп-ескеріліп, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталуы – оның көп жылғы адал еңбегінің лайықты бағасы.
Мен үшін бұл марапаттың орны бөлек. Темірбекова Қарлығаш Алиясқарқызы – отбасымдағы ең үлкен жеңешем. Сондықтан оның осындай құрметке бөленіп, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленгенін көріп, мен де ерекше марқайып қалдым. Залға кіре берген сәтте шәкірттерінің ду қол шапалақтап, гүл шоқтарын ұсынып қарсы алуы – оның қаншама жыл бойы атқарған еңбегіне көрсетілген құрмет. Оның үстіне өзім де Алматы қаласы Білім басқармасының «Алғыс хатын» алып, бір марқайып қалдым. Бұл біздің еңбегіміздің еленгені. Отбасымыз үшін де үлкен қуаныш. Бір отбасында екі буынның ұстаздық еңбегінің осындай мерекеде тоғысуы – мен үшін үлкен мәртебе.

Жас басшылық – жарқын ізденістің бастауы
Бүгінде мектеп ұжымында ұстазға деген құрметті жоғары қойып, кәсіби ізденіске жол ашып отырған басшылықтың еңбегін де атап өткен жөн. Мектеп директоры Байжұманов Данияр Азатқалиұлы жас басшы бола тұра, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, мектеп-интернатты дамытуға, жас ұрпақтарды тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ұжымға деген мейірімі, ұстаздарға деген құрметі, мектептің дамуына деген жауапкершілігі оның басшылық қызметінен көрініс табуда. Ал жалпы пәндер бөлімін бес жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан Искакова Жанар Шамшиханқызы осы уақыт ішінде өзінің кәсіби біліктілігін, педагогикалық шеберлігін және жоғары ұйымдастырушылық қабілетін танытып келеді. Музыкалық біліммен қатар жалпы білім алып жүрген оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау – үлкен жауапкершілікті, біліктілікті және жүйелі еңбекті талап ететін маңызды міндет. Жанар Шамшиханқызы осы бағытта оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастырып, білім алушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға айрықша үлес қосып келеді.
Сондай-ақ тәрбие және оқу ісі бағытындағы директор орынбасары Абдуллаев Медет Тарлабекұлы ағайдың оқушы тәрбиесіне, тәртіп пен мәдениет қалыптастыруға, кітап оқуға баулуға ерекше мән беруі – мектеп өміріндегі маңызды бағыттардың бірі. Оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың тәртібі мен мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың бірнеше жыл бойы республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуі – ұжымдық еңбектің нақты жемісі. Бүгінгі мерекеде Медет ағайдың өз қаражатына ұстаздарға арнап дастарқан ұйымдастыруы да – үлкенге ізет, әріптеске құрмет, ұстаз еңбегіне деген шынайы ықыластың белгісі.
Ұстаз еңбегі – мәңгілік мұра. Ұстазға тағзым ету – өткенге тағзым ету ғана емес, болашаққа жол ашу. Себебі бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Бүгінгі өнерпаз – ертеңгі өнер мектебінің жалғастырушысы. Ал оның жүрегіне білім мен тәрбиенің алғашқы дәнін себетін – ұстаз. Сондықтан бүгінгі ұстаздар арасынан марапатқа ие болған әрбір әріптесімізге қарап, бір нәрсеге анық көз жеткіземіз: ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкіртінің жетістігі, ал оның ең үлкен марапаты – шәкірт жүрегінде қалдырған ізгі ізі.
Білім шаңырағында қалыптасқан осындай ұстаздық дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін. Аға буынның өнегесі кейінгі буынға шамшырақ болып, ұстаздықтың асыл жолын айқындай бергей. Білім мен тәрбиені қатар ұштаған осындай білікті де өнегелі ұстаздарымыздың еңбегі әрдайым елеп-ескеріліп, шәкірттерінің биік жетістіктерімен жалғасын тапсын! Ардагер ұстаздардың ақ батасы жас ұстаздарға демеу болсын. Қасиетті қара шаңырақ – А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының абыройы асқақтай берсін!
Ақлима ҚАЗАҚБАЕВА,
Алматы қаласы













