Ұзынбұлақта ұлықталған мереке

Ұзынбұлақта ұлықталған мереке

Тәуелсіздігіміздің 34 жылдығына орай Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы мәдениет үйінде тағылымы терең, рухы асқақ мерекелік кеш өтті. Ауылдың аяулы қызы, журналист Бакеева Салтанаттың ұйымдастыруымен өткен бұл шара «Желтоқсанның желі – Еркіндіктің үні» деп аталды. Кештің басты мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын терең түсіндіру, жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын көтеру, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру және оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.

Мерекелік кешке ауданның құрметті азаматы Тақабаев Марат Тақабайұлы, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Советов Нұрбай, Кеген ауданы Желтоқсан ұйымының төрағасы Ерғали Талипов, Желтоқсан оқиғасына қатысқан батыр аға-әпкелер, аудандық мәжіліс депутаты Нұргүл Иманәліқызы, ақын Шеризат Мекебаев, Аршын ағайларымыз, журналист Бакеева Салтанат, мектеп директоры Баймбетов Жанболат, мектеп ұжымы, ұстаздар, ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты.

Шара мәдениет үйінің әншісі Мамытқұлова Сымбаттың орындауындағы «Туған жер» әнімен басталып, Ахбаева Бейбітгүл жетекшілік ететін «Ертұран» күйімен жалғасты. Әуен мен күй мерекелік кештің ажарын ашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Тәуелсіздік күніне орай 5-сынып оқушылары Республикалық бірыңғай «Жас ұлан», ал 2-сынып оқушылары «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданды. Сынып жетекшілері – Әнәпияева Жаңыл мен Нәбиева Сандуғаш. Ұйымға қабылданған оқушыларға көк Туымыздың түсіндей галстук тағу рәсімін желтоқсаншы аға-әпкелердің өзі атқарды. Оқушылар ұйым гимндерін асқақ рухпен орындап шықты. Тақабаев Марат Тақабайұлы бүлдіршіндерге ақ батасын беріп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

Кеш барысында 7-сынып оқушыларының «Тәуелсіздікке апарар жол» атты сахналық әдеби көрінісі көрермен көңілінен шықты. Қойылымды ұйымдастырған Жақынбекова Торғын апайымыздың еңбегі ерекше атап өтуге лайық.

Мерекелік кештің шарықтау шегі – байқау жеңімпаздарын марапаттау сәті болды. Байқау 5-сыныптан жоғары оқушылар арасында екі бағытта өтті: эссе жазу және өлең-жыр мүшәйрасы. Шығармаларда Желтоқсан оқиғасының тарихи сипаты, тәуелсіздіктің құны, батырлардың ерлігі мен тұлғасы кеңінен көрініс тапты.

Оза шапқан оқушылардың артында әрдайым білікті ұстаздың тұрғаны анық. Осы орайда Кенжетай Оразгүл, Қашқынбаева Мамық, Омарова Айжан, Алишева Назира, Жақынбекова Торғын, Ұзақова Назира, Қоғамбева Әсем, Мапаева Ардақ, Түбекбаева Гүлжанат, Сыбанқұлова Разия сынды ұстаздарға зор алғыс білдіреміз.

Желтоқсан жаңғырығы – біз үшін жай ғана даталы күн емес. Бұл – қазақ халқының рухы оянған, намысы қайралған, еркіндікке ұмтылған сәттің мәңгілік символы. Тәуелсіздік бізге дайын күйінде келген сый емес, ол – мыңдаған қазақ жастарының жүрек жарасы мен өр рухының жемісі. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпаққа сол шындықты жеткізу – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Айжан ОМАРОВА, 

Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылы Ыдырыс 

Көшкінов атындағы орта 

мектептің мұғалімі, журналист

18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21355
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21138
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36357
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34736
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38709