Варшавада Түркі мәдениеті мен мұрасы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Варшавада Түркі мәдениеті мен мұрасы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті

2026 жылғы 2 маусымда Польшаның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Варшава университетінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қаржылық қолдауымен құрылған Түркі мәдениеті мен мұрасы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанаты Варшава университетінің Түркі, моңғол және тибеттану кафедрасының меңгерушісі, доктор Ян Рогаланың кіріспе сөзімен басталып, оның модераторлығымен өтті.

Іс-шара барысында Варшава университетінің Азия және Африка мәдениеттері факультетінің деканы, профессор Агата Барея-Стажиньска, Әзербайжан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Наргиз Гурбанова, Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Сауле Тұрғынбекова, Түркия Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Синем Тургут Бингёль және Өзбекстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Ровшанбек Джаббаров сөз сөйледі.

Өз баяндамаларында қатысушылар Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Орталықты құрудағы маңызды рөлін атап өтіп, Қордың қаржылық қолдауына жоғары баға берді. Сондай-ақ институционалдық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың ғылыми және мәдени-дипломатиялық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосатынын, ал болашақта Еуразия кеңістігіндегі өзара диалогтың кеңеюіне ықпал ететінін атап өтті.

Салтанатты рәсімге Польша Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас маманы Агнешка Береза, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттері де қатысты.

Құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Орталықтың ашылуын тарихи оқиға деп атап өтті. Ол бұл Орталықтың жай ғана білім беру кеңістігі емес, Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды мәдени көпір екенін ерекше атап көрсетті.

Профессор Ақтоты Райымқұлова Орталықтың құрылуы Қор мен Варшава университеті арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумның нақты нәтижесі әрі тараптардың өзара сенімге негізделген бірлескен жұмысының жемісі екенін айтты. Қор президенті жаңа Орталық студенттер үшін түркі халықтарының тілдері, тарихы, өнері мен дәстүрлерінің бай әлеміне жол ашатын маңызды мәдени-ағартушылық алаңға айналатынын жеткізді.

Сонымен қатар ол Варшава университетінің басшылығына жобаны қолдағаны үшін, сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Наргиз Гурбановаға және Әзербайжан Елшілігінің ұжымына бастаманың алғашқы күндерінен бастап көрсеткен айрықша ықыласы, жанашырлығы және жемісті ынтымақтастығы үшін шынайы алғысын білдірді.

Іс-шара аясында Орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, факультет деканы профессор Агата Барея-Стажиньска және Әзербайжан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Наргиз Гурбанова Орталықтың ресми ашылуын жариялады.

Одан кейін түркі мемлекеттерінің елшіліктері мен серіктес ұйымдар жаңадан ашылған Орталыққа естелік сыйлықтар, ғылыми басылымдар, мәдени жәдігерлер мен оқу-әдістемелік материалдарды табыстады.

Білім беру, көрме ұйымдастыру және шеберлік сабақтарын өткізу алаңы ретінде қызмет ететін бұл Орталық Польшада түркі халықтарының мәдени мұрасы мен мәдени әралуандығын насихаттаудың маңызды құралына айналып, ғылым мен мәдениет өкілдері арасындағы, сондай-ақ кең жұртшылықпен өзара диалогты нығайтуға қызмет ететіні атап өтілді.

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25816
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25270
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42677
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38514
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43074