Ветеринариялық қауіпсіздік күшейтіліп, сала жүйелі жаңаруда

Ветеринариялық қауіпсіздік күшейтіліп,  сала жүйелі жаңаруда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының ветеринария саласында атқарылған жұмыстар аз емес. Осы орайда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жыл басынан бері қолға алынған іс-шаралар туралы БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады. 

– Ветеринария саласы – бұл тек мал шаруашылығының емес, тұтастай қоғамның денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде ветеринария жүйесін реформалау аясында ветеринар мамандардың жалақысын арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, процесстерді автоматтандыру, жаңа нысандар салу мен техникалық жарақтандыру бағытында кең көлемді шаралар іске асырылуда. Осы бағыттағы игі істер біздің өңірде де жүйелі түрде жүзеге асуда, – дейді басқарма басшысы Абзал Серікұлы. 

Биыл өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген 6,7 млрд теңге қаражат эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға, санитарлық малдардың тасымалына, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған сырғаларды сатып алуға, ветеринариялық препараттарды тасымалдауға, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Өңірімізде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қарастырылатын қаржы көлемі жыл сайын артып келеді.

Биылғы жылға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 39%-ға жоғары. Бүгінгі таңда облыс көлемінде ветеринариялық іс-шараларды Орал қалалық және 12 аудандық ветеринариялық станциялар жүзеге асыруда. Олардың құрамында 147 ауылдық ветеринариялық пункт бар. Олардағы 815 қызметкердің 604-і – ветеринар мамандар. Ветеринарлардың еңбекақысы 2022 жылдан бері кезең-кезеңімен өсіп келеді. Басқарма басшысы бұл өз кезегінде мамандардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және өз жұмысына деген ынтасын күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.  

Бұдан әрі сала басшысы облыс аумағында жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, бруцеллез, маңқа және тағы басқа індеттерді диагностикалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Осы жылы 11,9 млн астам малды вакцинациялау және 2,4 млн басты диагностикалық тексеруден өткізу жоспарланған.      

– Өңірімізге қажетті  8,8 млн доза ветеринариялық препарат жеткізіліп, ағымдағы жылдың 8 айында 5,5 млн бас малға екпе жасалды. Бұл жұмыстар жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермеуге бағытталған, – деді А.Бралиев.

Биыл ауылшаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы іс-шараларды жүргізуге 25 млн теңге қаражат бөлініп, 73,5 мың бас МІҚ малын өңдеу жоспарланған. Есептік кезең ішінде оның 46,1 мың басы тиісті ветеринариялық шаралармен қамтылды. Ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыруға 2026 жылы облыстық бюджеттен 56,8 млн теңге қаржы қарастырылған.

Өз баяндамасында ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарына тоқталған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Серікұлы:

– Ағымдағы жылы облыс бойынша 329 900 бас ірі қара,  476 150 бас қой-ешкі, 315 бас түйе, 13 970 бас шошқа және 64 460  бас жылқы малдарын бірдейлендіру жоспарланды.   Қазіргі таңда 264 856 бас МІҚ, 392 526 бас ҰМҚ, 187 бас түйе, 9 760 бас шошқа және 40 593 бас жылқы бірдейлендіріліп, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына енгізілді.

Облыста  бірдейлендіру іс-шараларын жүргізуге қажетті сырға бұйымдарының қоры жеткілікті, – деді. 

Облыстың ветеринария саласында материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 

– 2023-2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен ветеринариялық станцияларға, ауылдық округтердегі ветеринар дәрігерлерге 1,3 млрд теңгеге 149 жаңа қызметтік автокөлік сатып алынды. Сала бойынша инфрақұрылым да белсенді дамуда. Айталық, облыс бойынша 147 ветеринариялық пункттің 53-і ғимараттармен қамтылған. Өткен жылы жергілікті қазынадан қарастырылған 441 млн теңге қаржыға аудандарда 29 жаңа ветеринариялық пункт бой көтерген. Ауылдық елді мекендерді мал қорымдарымен қамтамасыз ету жұмыстары да – басты назарда.

2025 жылы облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жаңадан 29 мал қорымы салынған.

2026-2027 жылдары облыс бойынша ветеринария саласын материалдық- техникалық жабдықтауға республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Биыл жалпы трансферттік сипаттағы қаражатқа үш ветеринариялық станция, 31 ветеринариялық пункт және 40 мал қорымын сатып алу жоспарланса, келесі жылға 24 ветеринариялық пункт, 33 мал қорымын сатып алу көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл облыстық бюджет қаржысы есебінен Бөрлі ауданында бір ветеринариялық станция салынды. Жыл  соңына дейін аудандарда 10 ветеринариялық пункт салынып, 8 мал қорымы сатып алынатын болады. 

Елімізде кеңінен жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жұмыстары ветеринария саласында да жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл үрдіс біртіндеп зертханалық зерттеулерден бастап фермерлерге көмек көрсетуге дейінгі барлық бағытты қамтуда. Сала басшысының айтуынша, аталмыш жұмыстар процестерді жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтуға және деректердің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Абзал Серікұлы бұл салада «VetLab», «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулдері, сондай-ақ «ISZH MOBILE» және «Төрт түлік» мобильді қосымшалары жұмыс жасайтынын атап өтті. 

– Облыс аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік қолдау мен тұрақты қаржыландыру ветеринариялық қызмет сапасын арттырып, ауылшаруашылығының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізуде, – деп сөзін түйіндеді облыстың бас ветеринары Абзал Бралиев. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27588
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27093
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44435
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40176
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44778