Хантәңірінің етегі – Райымбек батыр мекені

Хантәңірінің етегі – Райымбек батыр мекені

Мемлекет басшысы Райымбек ауданы тұрғындарын мерейтоймен құттықтады

Алматы облысының Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, ағымдағы жылдың 9-11 шілде аралығында ауданда кең көлемде мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Үш күнге созылған салтанатты мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан тұрғындарына арнайы құттықтау хатын жолдады.

Президенттің құттықтауын Шалкөде жайлауында өткен «Хан Тәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалінің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Райымбек өңірінің терең тарихы мен берекелі болмысына тоқталып, бұл қасиетті өлкеден ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғалардың шыққанын атап өтті. Сонымен қатар бүгінде аудан тұрғындарының ауылшаруашылығы, туризм және басқа да салаларды дамытуға елеулі үлес қосып отырғанына жоғары баға берді.

Құттықтау хатта:

«Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев және өзге де көрнекті қаламгерлер шоқтығы биік шығармалар жазып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді.

Қазір аудан халқы ауылшаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі», – делінген.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген барша азаматқа ризашылығын білдіріп, аудан тұрғындарына бақ-береке, толағай табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым жетістік тіледі.

Үш күнге жалғасқан ұлан асыр тойға жиналған қауым өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттаған ғылыми-танымдық конференциялар, республикалық ақындар айтысы, мәдени-көпшілік және концерттік бағдарламаларды тамашалады. 

Атап айтқанда, Қарасаз ауылында ақын Оразалы Досбосыновтың рухына арналған «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты жас ақындар айтысы, Нарынқол ауылында «Руханият салтанат құрған 90 жыл» атты аудандық кітапхана мен «Хантәңірі» газетінің 90 жылдығына арналған журналистер форумы, 250 орындық аудандық аурухананың салтанатты ашылу рәсімі, «Тарландар туған топырақ» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы, өнер қайраткерлерінің гала-концерті, суретшілер пленэрі, Шалкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы – Халықаралық фестивалі» мәдени-көпшілік, спорттық іс-шарасы өткізілді.

Әсіресе, «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі халыққа ерекше әсер сыйлап, шара қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды.

«Жолан жүйрігінде» еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген таңдаулы шабандоздар бақ сынап, тартысты дода өткізді. Республикалық аламан бәйгеде Қордай ауданынан қатысқан «Ботагөз» тұлпары (иесі – Нұрберген Айсұлтан) мәреге бірінші болып жетті. Топ бәйгеде «Желсұлы» сәйгүлігі (иесі – Нұрсейіт Жылқышабай) топты жарып, нағыз жүйрік атанды. Құнан бәйгеде Қордай ауданынан келген «Қызғалдақ» тұлпары (иесі – Дүйсеғұл әулеті) жеңімпаз болды. Аталған үздіктер «CHANGAN» және «KIA» маркалы автокөліктері мен 2 млн теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алды.

Жергілікті шабандоздарға арналған аудандық бәйгелер де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Онда Райымбек пен Кеген аудандарының сәйгүліктері сынға түсіп, бұл бәйгенің де жеңімпаздары автокөлік иесі атанды. 

Додаға қатысқан шабандоздың бірі – Исламәлі Ертөс: «Бұл бәйгеге Ұзынағаш ауылынан арнайы келдім. Шалкөде жайлауын екінші мәрте көріп тұрмын. 4 жыл бұрын дәл осы жайлауда өткен «Жолан жүйрігіне» қатысқан болатынмын. Бәйгеде бәсекеге түсіп жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Талай мәрте жеңімпаз да атандық. Дегенмен бүгінгі жеңістің орны тым бөлек. Осындай дүбірлі тойда жүлделі болғаныма қуаныштымын», – деді.

 

Мерейтой аясында өткен іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына заманауи цифрлық технологиялардың да қосқан үлесі зор болды. Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы «Freedom Satellite» ЖШС-мен бірлесіп, Шалкөде жайлауында «Starlink» спутниктік интернет жүйесін іске қосты. Соның нәтижесінде халықаралық этнофестиваль қонақтары мен қатысушылары шалғай таулы аймақта жоғары жылдамдықты интернетті еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Батырлар мен ақындарды, өнер мен еңбек майталмандарын түлеткен Райымбек өңірі – елдік пен ерліктің өнегесі сақталған  қасиетті мекен. Бүгінде аудан агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлердің бірі саналады. Алдағы уақытта да бай тарихи мұрасы мен табиғи әлеуетін тиімді ұштастыра отырып, жаңа даму белестерін бағындыратынына сенім мол. Осы мақсатта облыс әкімдігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Ауданның агроөнеркәсіп саласына бөлінетін жылдық бюджет көлемі 46 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар соңғы жылдары туризм де тұрақты даму қарқынын көрсетуде. Өткен жылы Райымбек ауданына шамамен 25 мың турист келген. Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар мен өңірлерді кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанатында аудан әкімі Дастан Құдабаев өңірдің соңғы жылдардағы даму қарқынына тоқталды.

– «Мерейтойға орай спорттық, мәдени-көпшілік және туристік бағыттағы бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соңғы жеті жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді: инфрақұрылым дамып, мектептер мен ауруханалар салынуда, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Бұл туризмнің дамуына да оң әсерін тигізді. Ауданда бекітілген туристік маршруттар бар. Алматы облысының әкімі қолдауымен биыл сол бағыттарға асфальт жолдар төселеді. Қажетті бюджет толық бекітілді», – деді ол.

Мерейтойлық іс-шаралар «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жалпыхалықтық сенбілікпен қорытындыланды. Акцияға қатысушылар туған өлкенің табиғатын таза сақтауға өз үлестерін қосып, азаматтық жауапкершіліктерін танытты.

Тоқсан жылдық тарихында Райымбек ауданы әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани даму жолында толымды табыстарға қол жеткізді. Бүгінде өңірде агроөнеркәсіп кешені мен мал шаруашылығы қарқынды дамып, кәсіпкерлікке кеңінен қолдау көрсетілуде. Бұл аудан экономикасының нығаюына және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етуде.

Райымбек ауданы – ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, еңбекқорлығы мен ауызбіршілігінің арқасында өркендеп келе жатқан берекелі өңір. Оның әрбір жетістігінің негізінде туған жеріне жанашыр, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың адал еңбегі жатыр. Тоқсан жылдық мерейтой – өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістіктерді бағамдай отырып, болашаққа нық қадам басудың жарқын көрінісі болды.

Әсем ФАЗЫЛОВА, 

Алматы облысы

***

Жайлау деп жайлауын айт,

Шалкөденің, 

Еңсесі мыңғырған мал әр төбенің.

Су емес, суатынан қымыз аққан,

Па, шіркін! Қандай ғажап өлкем едің?! – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, әйгілі Шәлкөде жайлауында Райымбек ауданының  90 жылдық торқалы тойы шілде айының 9-11 аралығында жоғары дәрежеде өтті. 

Торқалы тойдың бастамасы  Еркін Ібітанов атындағы Қарасаз ауылының мәдениет үйінде ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты ІІ Республикалық оқушылар айтысымен басталды.

                                   

Жас ақындар шықты сайысқа

 Бұл дүбірлі дода – жас ақындардың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін шыңдап, ұлттық рухты дәріптейтін, бабалар мұрасын келер ұрпаққа жалғайтын тағылымды алаң. Еліміздің әр өңірінен келген жас айтыскерлер қасиетті Райымбек жерінде бас қосып, суырыпсалмалық өнердің көрігін қыздырды.

Айтыс – халқымыздың рухани қазынасы. Ал кешегі осы өңірдің тумасы дара ақын, марқұм Оразәлі Досбосыновтың жарқын мұрасы жас буынға әрдайым шабыт беріп, ұлттық өнердің шамшырағы болып қала береді.

Айтыскер ақын Нұрлан Мұсаевтың төрағалығымен құрылған Қанат Әбілқайыр, Алмас Қылышбек, Бағдат Сәрсенбаев сынды әдебиет, өнер майталмандары қазылық еткен сөз барымтасы жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасы жас ақындарды тақырыпты аша білу, сөз тапқырлығы мен сахна мәдениеті тұрғысынан бағалады.  Қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев пен жазушы Қанат Әбілқайыр жас ақындарды қолдау мақсатында мұндай айтыстардың маңызы зор екенін жеткізді.

     Күні бойына созылған жас ақындар айтысында қазылар алқасының шешімімен Несібелі Сәрсенбек (Алматы облысы) бас жүлде (бір млн теңге) иегері атанды. Жүлделі I орын Айша Бақтиярға (Шымкент қаласы), ІІ орын Анкен Ерден (Алматы облысы) мен Диана Қанайбекке (Алматы облысы) бұйырды. Жүлделі III орын үш ақынға – Әдемі Сыбанқұл (Алматы қаласы), Таңжарық Ниязбек (Қостанай облысы), Дастан Әкімханға (Қонаев қаласы) берілді. Сонымен қатар арнайы жүлделер Әли Ислам (Шымкент қаласы), Ернұр Қариполла (Абай облысы), Даниял Рахимов (Алматы облысы), Баян Бекзат (Батыс Қазақстан облысы), Ботакөз Рауанқызы (Алматы облысы), Жамалбек Мирас (Жамбыл облысы), Мұхтар Мұратханұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Жұмахан Абдолқадыр (Ақтөбе облысы), Аятулла Мәжитке (Түркістан облысы) бұйырды.

   Қасиетті Қарасаз төрінде өткен бұл дүбірлі дода ел есінде ұзақ сақталары анық. Ұлттық өнерімізді ұлықтаған аламан айтыс келешекте де дәстүрлі түрде жалғасып, қазақ сөз өнерінің мәртебесін көтере беретіні сөзсіз.

Одан соң ертесі Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік мұрасына арналған «Тарландар туған топырақ» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – Аспантаулы Райымбек ауданының тарихымен таныстыру, ел арасында сақталған тарихи деректерді ғылыми негізде дәлелдеп, болашақта зерттеулер жүргізу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау болды. Айтулы шараға Түрксой Халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев және алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, аудан тұрғындары қатысты. Конференцияны ақын Ержан Алаштуған ашып, жүргізіп отырды.

Шарада Райымбек ауданының  әкімі Дастан Құдабаев ауданның тарихына, әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

   Жиын барысында Әнуар Үмбеталиев ауданның мәдени және рухани мұрасы туралы сөз қозғап, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің алғысын жеткізді.

    Қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов, Ызғарбек Бектұрсынов, ақындар Бауыржан Жақып, Бақыт Жағыпарұлы, Түріксой Халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүл Қадырбайқызы Райымбек ауданы жайлы жаңашыл ой, тұшымды тұжырымдар жасады.

Конференция аясында ауданның 90 жылдығына көптеген құттықтаулар оқылып, бірқатар азаматтар және Райымбек аудандық кітапханасы, аудандық мәдениет үйі, аудандық «Хантәңірі» газетіне Түріксой ұйымының алтын медалі мен Құрмет грамотасы табысталды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Рашид Оразов Райымбек  ауданы тарихына тоқталып, әр ауылды бір-бір кітапқа арқау етіп, том-том қылып шығарса деген ұсынысын жеткізді.

   Мұнан соң мінбеге ғалымдар Анарбай Сағиұлы, Меңдігүл Ноғайбаева, Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Үміт Шахиндер сахна төріне көтеріліп, Райымбек батыр ерлігі, ел мен жер тарихы жайлы әсерлі әңгіме айтты. «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов аудан тарихынан сыр шертетін жаңа кітапты таныстырып, оның мазмұнына тоқталды.

     Сондай-ақ «Жетісудың жерұйығы – Нарынқол» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары осы күні анықталды. Маңғыстаулық Рахат Қосбармақтың Нарынқол жайлы өлеңі бас жүлдеге лайық деп танылып, жеңімпаз ақындарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Мың данамен жарыққа шыққан «Аспантауым – атамекенім!» атты жаңа кітаптың тұсаукесері рәсімі өтіп, көпшілікке үлестірілді.

Жайлаудағы той

Келесі күні тойдың жалғасы атақты Шалкөде жайлауында өтті.  Онда «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі өз мәресіне жетті. Сұлулығына көз тоймайтын, әсем табиғат аясында ұлттық құндылығымыз бүгінгі таңда қайта жаңғыруда. Райымбек ауданындағы Шалкөде жайлауында мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жайлау төрі  мереке шаттығына бөленді. Онда ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, халықтық өнері мен рухани құндылықтары дәріптеліп, Райымбек ауданының әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін таныстыру бағытында көрмелер ұйымдастырылды. Этно-фестивальге 150-ден аса қазақ үй тігіліп, 25 мыңға жуық адам қатысты.  Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятты. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді ақ жаулықты қыз-келіншектер қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды.

Жайлау төріндегі Ұлттық фестивальге көршілес қырғыз ағайындар, сондай-ақ Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қарақалпақстан халқы да ортақтасып, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын білдірді.

Мұндағы негізгі іс-шаралар аясы ежелгі қазақ дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған игі бастама жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуді басты назарға ұстады.

Жиналған көпшіліктің назары ашық аспан астындағы сахнаға ауды. Қонақтар жайғасқан соң, дала мәдениетін айшықтайтын, қазақ халқының қасиетті «Қарқаралы» жайлау көші көрерменді тарихтың терең қойнауына сапар шектірді. Мәні мен сәні келіскен салтанатты көш көшпелі елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертіп, береке мен бірліктің жаршысына айналды. «Жайлау көші» сахналық қойылымы қойылып, онда албан руының абыз ақсақалы Шоған абыз ақ батасын берді. Ел қорғаған Райымбек батыр жайлы қойылым көпшілікке рух сыйлап, көңілді тебірентті.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:  

– Бүгінгі басқосудың мәні ерекше. Тау тұлғаларды қалыптастырған өлке биік болып қала береді. 90 жыл – бір дәуір. Нарынқолдың еңбеккер халқына алғыс білдіремін. Райымбек ауданы – шекаралық аймақ. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, туризм саласы дамып келеді. Бүгінгі шара – Райымбек ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдениетін айшықтайтын шара. Осындай қасиетті өлкеде «Хантәңірі қазынасы» этнофестивалінің өтуі заңдылық, – дей келе, көпшілікті осынау қасиетті мекенді таза ұстауға шақырып, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталды.

Этноауылдың қонақжайлылығы

Бұл күні Райымбек ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Фестивальде отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің көрмесі, Халықаралық Han Tengri Fashion Week этно-сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, халықаралық суретшілер пленэрінің қорытындысы шығарылып, қылқалам шеберлерінің үздік туындыларынан арнайы көрме ұсынылды. Фестивальде ұлттық тағамдар мен ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылып, Тимур Сыпатаев бастаған «Алыптар сайысының» құрыш білекті жігіттері күш сайысын ұйымдастырды. Түйе палуан, 100 кг тас көтеру, бөрене көтеру, арба сүйреу және тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті.

Жайлау төрінің бір бөлігінде келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдымызға әкелді.

Қырмызыдай құлпырған Шәлкөде жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова, Диана Исмайыл, Ғазизхан Шекербек, Мөлдір Әуелбекова, Nurbullin сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөледі.

Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қалаларынан барлығы 20-дан аса спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.

Палуандар әрқайсысы 100 кг болатын екі тасты 60 метр қашықтыққа көтеріп апарса, 70 кг болатын кір тасын жоғары-төмен көтеруден, жүк тиелген арбаны сүйреуден сынаққа түсті. Жарысқа қатысқан басқа палуандарға түрлі дәрежеде ақшалай сыйлықтар мен кубоктар, дипломдар, алдағы кезеңдерге белгіленген жарыстардың жолдамалары тапсырылды.

Атақты Шалкөде жайлауы төрі  өзі қалай кең болса, елі де сондай кеңдігін, албан елінің өрлігін тағы бір мәрте өзінің 90 жылдық торқалы тойында көрсетті. Ондағы төрт түлікті өсіріп, қазақтың ырыс берекесін кіргізіп отырған малшы қауымы да, алыс-жақыннан келген қонақтар да, қазақ халқының әжелгі қанына сіңген салт-дәстүрін көзбен көріп марқайды. Сұлу табиғат аясында тыныстап, елдің алға жылжыған бүгінгі ұлы көшіне жоғары баға беріп жатты.

Жұман МАТАЙ, 

Асым СУЛАЙМАНОВ,

Алматы облысы,  Райымбек ауданы

 Шалкөде жайлауы

 

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25926
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43321
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43728