«Хромтау» жел электр стансасы – Қазақстандағы ірі «жасыл» энергетика жобаларының бірі. Сондай-ақ өңірдегі экологиялық тиімділік пен экономикалық әлеуетті қатар дамытатын энергетикалық тиімділігі өте жоғары жоба.
Eurasian Resources Group (ERG) қуаты – 150 мегаватт «Хромтау» жел электр стансасындағы 24 турбинаның барлығын орнатып, жұмысты толық аяқтады. Бұл – Ақтөбе облысындағы жаңартылатын энергетиканың көшбасшы жобасы және Топтың ESG стратегиясының маңызды тармағы.
Жел электр стансасын іске қосуға арналған салтанатты жиынға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров энергетикалық нысанның ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының өңірге инвестиция тарту тапсырмасы жүйелі түрде орындалып келе жатқанын жеткізді.
– Елімізге инвестиция тарту – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі. Ақтөбе облысы – инвестицияларға, инновацияларға және заманауи өндірістерге әрқашан ашық, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 590,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,7%-ға артты. Бұл көрсеткіштер өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және бизнес тарапынан сенімнің артып отырғанын айқын дәлелдейді. Ал «Хромтау» жел электр стансасы жобасын жүзеге асыру аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылады, – деп атап өтті өңір басшысы Асхат Шахаров.
Жел электр стансасы Хромтаудағы Дөң кен байыту комбинатының маңында салынды. Енді ERG Энергетика дивизионына кіретін болады. Өткен жылдың желтоқсанында алғашқы екі қондырғы электр қуатын өндіре бастады. Биыл 1 қаңтарда алғашқы млн киловатт-сағат өндірілді. Ал бүгінде барлық турбиналардың монтажы толық аяқталған.
Қуаты 150 мегаватт болатын «Хромтау» ЖЭС жылына 500 миллионнан астам киловатт-сағат «жасыл» энергия өндіреді. Жыл сайын станса 440 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газын атмосфераға шығарудан сақтап, 300 мың тоннадан астам көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді.
– «Хромтау» жел электр стансасы – жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру қамындағы ұлттық мақсатқа қосқан елеулі үлесіміз. Жобаны ERG Capital Projects компаниясы Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық қолдауымен іске асырды. Құрылысқа жұмсалған инвестиция көлемі – 74 млрд теңгеден асады. 150 мегаваттық Хромтау жел электр стансасы – еліміздің батысындағы алғашқы ірі ауқымды жел энергетикасы жобасы. 2023 жылы біз ERG-дің декарбонизация стратегиясын қабылдадық. Ол құжатты біз Дубайда өткен Бүкіләлемдік климат саммитінде таныстырдық. Бүгінгі жобамыз – сол стратегияның алғашқы нақты жемісі.
Бұл жоба – барлық командамыздың, серіктестеріміздің, қаржылық және технологиялық қолдаушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі, – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
ERG компаниясы «Энергетика» дивизионының директоры Дүйсен Мерғалиевтің айтуынша, бұл жел электр стансасы электр энергиясын өндіріп қана қоймай, өнімдерімізге «жасыл» сертификация береді. Ал бұл сертификат біздің алюминий, ферроқорытпа сияқты өнімдерімізді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті етеді. Яғни, бүгінде әлем нарығында саналы өнім ретінде мойындалған біздің өнімдеріміз ендігі жерде экологиялық таза өнім ретінде де танылатын болады.
– Хромтау жел электр стансасындағы 24 жел генераторының әрқайсысының қуаты – 6,25 МВт. Жалпы есептегенде, толық жүктемеде 150 МВт береді. Соңғы екі апта бойы жүйелі түрде сынақ (наладка) жұмыстары жүргізіліп жатыр, алдағы бір ай ішінде жоба толық қуатта тұрақты жұмысқа көшеді.
Бұл – біздің энергетика дивизионы үшін үлкен жетістік. Себебі бұған дейінгі барлық стансаларымыз көмірмен және газбен жұмыс істейтін-ді. Бұл – жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін алғашқы жоба.
Қазір бүкіл әлемде жасыл экономикаға, жасыл энергетикаға көшіп жатыр. Осындай бағытта жұмыс істейтін металлургтердің тауарлары әлем нарығында жоғары бағаланады және бәсекеге қабілетті болады, сонымен бірге көміртегі салығынан босатылуы мүмкін. Сондықтан бұл жел электр стансасының ашылуы өндіріс үшін үлкен жетістік, яғни біз осы жаһандық трендке сай өз үлесімізді қосып отырмыз.
Хромтау ЖЭС – экологиялық тиімділік пен экономикалық әлеуетті қатар дамытатын энергетикалық тиімділігі өте жоғары жоба. Қараңыз: станса жылына 500 млн кВт·сағ энергия өндіреді, 440 мың тонна CO₂ шығарылымының алдын алады, сонымен бірге 300 мың тонна көмір үнемделеді.
Алда басқа да жобаларымыз бар, Екібастұздың маңайында да желдің қуаты, күші зерттеліп, жел әлеуетін бағамдау жұмыстары жатыр. Егер зерттеулер оң нәтиже берсе, онда жаңа стансалар салу жоспарымызда бар, – дейді ол.
Еліміздегі ірі жасыл энергетика жобаларының бірі ретінде ашылған «Хромтау» жел электр стансасының толық іске қосылуы тек Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін тиімді болмақ.
М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы