Абай атындағы ҚазПИ-де 1930 жылдан бастап ұстаздық еткен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Абай туралы зерттеулерінен студенттерге арнайы дәрістер оқыды. Сол жылдары профессор Құдайберген Жұбановтың бастамасымен оқу орнында Абай кабинеті ашылып, алғашқы зерттеулер қолға алынды. Абайтанушы ғалымдардың бір шоғыры сөйтіп осы қара шаңырақта қалыптасты. Абайтанудың қазіргі замандағы жаңа кезеңі біздің университетімізде еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталды. 2008 жылы белгілі Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын Абайтану орталығы ашылды. Қазір ол Хәкім Абай орталығына айналып отыр. Бұл жерде содан бері көптеген зерттеулер жүргізіліп, ондаған монографиялар, жүздеген ғылыми мақалалар, студенттерге арналған Абайтану оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын кітап жарық көрді.
Ғалым Жабал Шойынбет – күрескер азамат. Ұлттық мүдде үшін аянбайтын Жабал біздің газетіміздің де тұрақты авторы. Газеттің 30 жылдық тігіндісін ақтарсақ, өткір тақырыптарда жазған материалдарын жиі кездестіреміз. Біздің оқу орындарында Қытайдың данагөй көсемінің атында соңғы жылдары орталықтар ашылып жатыр. Жабал мырза бұған қарсы пікір айтты, мақалалар жазды. Тек мақала ғана жазбай, «Қазақтың өзінің рухани көсемі бар. Ол – Абай» деп ұстазы, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет екеуі бірлесіп, Абайтану орталығын ашты. Жабал мырза біздің ғазетіміздің мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Біз бүгін Хәкім Абай орталығының директоры профессор Жабал Шойынбетке жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.
«Толық адам» ілімі деген не?
– Абай атындағы ҚазПУ-дегі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының республикадағы басқа «Абайтану» орталықтарынан айырмашылығы бар ма, әлде...
– Абайдың есімін алған университетте Абай ғылыми-зерттеу орталығының болуы заңдылық десек, ал оның «Хәкім Абай» аталуы бекер емес. Себебі 2008 жылы университет басшылығының бастамасымен орталық ашқан кезден бастап мақсатымыз көп зерттелген ақын Абайды ғана емес, сонымен қатар кезінде коммунистік қоғамның қысымымен зерттелмей, айтылмай қалған хәкім Абайды зерттеуді, насихаттауды қолға алдық.
– Оқырманға түсінікті болу үшін ақын Абай мен хакім Абайдың мән-мағынасына кеңірек тоқталсаңыз.
– Абайдың ақындығы дегенімізде оның өлеңдері жақсы зерттелді, ал ақынның даналық ойларының қайнар көзі – қарасөздері толық зерттелмеді. Басты кедергі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген діни көзқарасы еді.
Абайтанудың негізін қалаушы Мұхтар Әуезовтің білсе де айта алмаған мәселелерін Хәкім Абай даналығына өзінің бүкіл шығармашылық ғұмырын арнаған Мекемтас Мырзахметов терең ашып көрсетіп, Хәкімнің «Толық адам» ілімін жан-жақты зерттеп, көпшілікке ұсынды.
Міне біздің орталық Абайтанудағы осы жаңалықты көпшілікке насихаттауды, жас ұрпаққа оқытуды қолға алды. Орталықтың алғашқы ғылыми қызметкерлері Мақсат Әліпхан Абайдың адамгершілік ілімін, Марат Бекбосынов Дулат пен Абай шығармаларының үндестігін, мен Абайдың қарасөздерін, магистр Балжан Шойынбет Абайдың Шығысы туралы зерттеу жүргіздік. Бәріміз де Мекемтас ағайдың шәкірттері едік. 2010 жылдан бастап біздің университеттің барлық факультеттерінде Қазақстанда тұңғыш рет «Абайтану» пәні енгізілді. Біздің, абайтанушылардың бастамасымен мектептерге 2013 жылы «Абайтану» пәні таңдау пәні ретінде жүргізіле бастады.
Біз елге, ұлтқа Абайша өмір сүруді үйретуіміз керек
– ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Біз елге, ұлтқа Абайша өмір сүруді үйретуіміз керек» деген болатын. Сіздерде оқытылатын «Абайтану» пәнінде бұл мәселе қандай дәрежеде айшықталады?
– Сіз өте орынды сұрақ қойдыңыз, себебі ел Президенті Қ.Тоқаев осы мақаласында «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз қажет. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алу қажет. «Толық адам концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деген сөзін іске асыруда «Хакім Абай» орталығы нақты жұмыс жасап жатыр. Ғылыми жетекшіміз М.Мырзахметұлының тек Абайтануды, яғни «Толық адам» ілімін зерделеген еңбектерін біз, абайтанушы шәкірттері жас ұрпаққа насихаттаудамыз, ұстазымыздың өнегесімен өзіміз де зерттеу еңбектер жазып, Абай танымын жаңаша түсіндірудеміз.
Абайдың 175 жылдық мерейтойы кезінде бүкіл Қазақстанның аймақтарында өткен 50-ден аса онлайн конференцияға біздің орталықтың абайтанушылары қатысып, баяндама жасадық, республикалық және облыстық телеарналарда 20-дан аса онлайн-сұхбат бердік. Жақында Астанада «Абай» ТВ шақыруымен барып «Абайтанудың алыптары – М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы», «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері», «Абай және дін» тақырыбында дәріс оқып, «Сөз сарасы» бағдарламасына сұхбат бердім.
– Сіздердің «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы абайтану ғылымын дамытуда елімізге алдыңғы қатарда тұрсыздар. Әрине орталық көрсеткіші – оның өнімдері, яғни зерттеу еңбектеріңіз. Осыған мысал келтірсеңіз?
– Біздің орталық «Абайтану» циклымен 1909 жылы шыққан Зейнелғабиден әл-Жауһари әл-Омскаунның «Насихат Қазақия», 1916 жылы шыққан Самат Әбішұлының «Абай термесі» кітабын М.Мырзахметұлының түсіндірмесімен қайта шығарды. М.Мырзахметұлы шәкірт Нұрқанат Керімбеовпен бірге 5-9 сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» интелектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасын әлемнің ең үздік технологиясымен Жапонияның Токио қаласынан шығарды. Мақсат Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі», Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері», «Абайдың дана сөздері» кітаптарымен қатар, соңғы жылдары М.Мырзахметұлының «Абай лұғаты», «Абайдың Шығыстың әлемі», «Абайдың «Толық адам» ілімі» кітаптары жарық көрді. Мекемтас ағай «Абай лұғаты» сөздік кітабын ұзақ жыл жазды, себебі Абай шығармаларынды түсінікке ауыр терминдерді анықтау оңай болмады, ал «Абайдың «Толық адам» ілімі кітабы да көп жылдық зерттеуінің қорытындысы боларлық өте күрделі, қызықты дүние. Абайтанушы ағайдың тек қана Абай шығармашылығына байланысты еңбектері 10 том кітап болып «Қазығұрт» баспасынан шықты. Біздің мақсат – Абайдың «Толық адам» ілімін университет студенттеріне ғана емес бүкіл жоғары оқу орындары пайдаланатындай «Абайтану» пәніне арналған оқулық, хрестоматия, қосымша оқулықтарды қайта өңдеп, толықтырып ұсыну. Әрине жаңа бастаманың жаңа істің жолы ауыр болатынын түсінеміз, сондықтан да біздің абайтанушы-ғылымдарымыз ұрпақ үшін аса қажетті Хәкім Абай даналығын ұзақ жылдар зерттеп ғана қоймай, нақты іспен тәжірибе жинадық, бұл – «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы ұжымының басты артықшылығы деп білемін.
«Абайтану» пәнін физиктер мен математиктер де оқиды
– Сіздер университеттің барлық мамандықтарына «Абайтану» пәнін өткізгенде мектепте айтылған Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер қайталанып кетпей ме, студенттер қызығушылығын қалай арттырасыздар?
– «Абайтану» пәнін алғаш рет физика-математика мамандығын алатын студенттерге бергенде қатты қобалжыдым, себебі олардың көзінде «Абайдың математикаға қандай қатысы бар?» деген сұрақ тұрды. Біз өтетін «Абайтану» пәні-адамгершілік пәні, Абайтану пәні тек Абай шығармашылығын ғана емес, сонымен қатар қазақтың тілін, дінін, дәстүрін үйрететін Қазақтану пәні, себебі хәкім Абай қазақтың, адамзаттың рухани құндылықтарын бойына сіңіріп, оны қорытып, қайта ұсынып отыр. Хәкім Абайды таныту – адамзаттың бәріне қажетті даналықты таныту. Сондықтан қай мамандықтың студенттері болмасын қызығушылығы, ынтасы өте күшті. Жас келсе іске дегендей университеттің жаңа басшылары-ректор Дархан Билялов пен проректор Шыңғыс Нұрлановтың қолдауымен университет ұжымы білім мен тәрбиені тұтас дамытудың жаңа әдісі ретінде Абайдың «Толық адам» ілімі концепциясын ендіріп жүзеге асыруды көздеп, «Ұлттық тәрбие» орталығын ашуды қолға алуда.
– «Абайтану» музей-кабинетінің жұмысына да тоқталып өтсеңіз?
– Еліміздегі оқу орындарының арасында алғаш рет ашылған «Абайтану» музей-кабинетін безендіруді қазақ этнодизайнның негізін қалаушылардың бірі, профессор Аманжол Найманбай жасады. Бұл музей-кабинет студенттердің «Абайтану» пәнінде тыңдағандарын көзбен көріп, Абай өмірі мен даналығы туралы білімдерін одан әрі толықтыруға негізделіп жасалған әдістемелік қосымша оқу құралы міндетін атқарады. Қазіргі күні «Абайтану» музей-кабинеті бүкіл Алматы қаласы оқу орындары оқушылары мен студенттерінің қызықтап, тамашалайтын орынға айналды.