Президенттің тікелей тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін елімізде заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға берілуі жоспарланса, соның 18-і Шымкентте бой көтеруде. Бұл орын тапшылығы айқын сезілетін және оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан үшінші мегаполис үшін өте маңызды жоба саналады. Үкімет пен «Самұрық-Қазынаның» тікелей қадағалауындағы бұл нысандардың құрылыс сапасы мен өз уақытысында жүзеге асырылуына Шымкент қалалық әкімдігі де мүдделі. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ұлттық жоба аясында салынып жатқан мектеп ғимараттарына жиі барып, құрылыс барысын бір сәтке де назардан тыс қалдырмай, өз көзімен көріп жүр. Осы орайда жуырда Шымкент қаласының «Нұршуақ» ауданында 2 мың орындық және «Қарабастау» тұрғын алабында 1200 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілгенін айрықша айтып өтуге болады. Осылайша екі мыңнан астам оқушы екінші тоқсан сабақтарын жаңа мектепте бастады.
Бүгінде аталған білім ұясының алғашқысында 1130 оқушы білім алып жатса, екінші мектептің табалдырығын 950 бала аттады. Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған. Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары бар.
Жаңадан ашылған мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, Қарабастау тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылады. №55 автобус маршруты Нұршуақ шағынауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі арқылы ұйымдастырылады. Міне, осылайша, жаңа мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға мектепке оңай жетудің де жолдары қарастырылды.