Заманауи технология – онкологиялық дертті ерте анықтаудың кепілі

Заманауи  технология –  онкологиялық  дертті ерте  анықтаудың кепілі

Батыс Қазақстан облысында онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы өңірдің денсаулық сақтау саласының өкілдері мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің осы тақырыпқа арналған кезекті баспасөз конференциясына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Айнаш Губайдуллина мен облыстың штаттан тыс бас онкологы Тайман Аманов қатысып, төмендегі мәліметтерді баяндады.

 

– Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту. Қатерлі ісіктерді уақытылы анықтамай, бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес, өйткені дәл осы ерте диагностика емдеу тиімділігін едәуір арттырады, ағзаны сақтау әдістерін қолдануға мүмкіндік береді және пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасын едәуір арттырады, – дейді бас онколог Тайман Төлеуғалиұлы.

Облыста онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл ретте материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, заманауи диагностикалық технологияларды енгізуге, патологиялық қызметті цифрландыруға, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіруге басымдық берілуде.

Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында облыстық онкологиялық диспансер кезең-кезеңімен жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды.

Атап айтқанда, 2023 жылы жалпы құны 6,6 млн теңгені құрайтын 20 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алынса, 2024 жылы 125 млн теңгеге лапароскопияға арналған бейнеэндоскопиялық кешен алынды. Ал 2025 жылы жалпы құны 1,7 млрд теңгеге 18 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынған.

Онкологиялық ауруларды ерте анықтауда скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Осыған байланысты өткен жылы облыстық онкологиялық диспансерге құны 79 млн 15 мың теңге болатын сараптамалық деңгейдегі маммограф орнатылды. Сонымен қатар Шыңғырлау аудандық ауруханасы мен №6 қалалық емханаға екі цифрлық маммограф жеткізілді. Бүгінде сараптамалық маммографтың көмегімен 30 пациент тексерілсе, цифрлық маммографтарда 30 мыңнан астам тұрғын скринингтен өткен.

Әртүрлі ағзалардағы ісіктерді жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін құны 652 млн 500 мың теңгелік, қуаты 1,5 тесла магниттік-резонанстық томограф та пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта аталған аппаратта 70-тен астам адам тексеруден өткен.

Диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейткен тағы бір маңызды құрал – төрт датчикпен жабдықталған сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты. Оның көмегімен бүгінге дейін 200-ден астам адам кешенді тексеруден өтті.

Сондай-ақ эндоскопиялық орталыққа екі бейнеколоноскоппен жабдықталған заманауи бейнеэндоскопиялық жүйе сатып алынып, колоректальды обырды анықтауға арналған скринингтің екінші кезеңінде 810-нан астам тұрғынға зерттеу жүргізілді.

Бұдан бөлек, асқазан мен өңеш обырын ерте анықтауға арналған гастроскоппен жабдықталған бейнеэндоскопиялық жүйе және кеңірдек пен бронх ісіктерін бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін бронхоскопиялық бейнеэндоскопиялық жүйе қолданысқа енгізілді.

Заманауи медициналық жабдықтарды пайдалану тексеру сапасын арттырып, диагноз қою мерзімін қысқартуға әрі онкологиялық ауруларды I-II сатысында анықтау көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде өңірде онкологиялық аурулардың 0-I сатыдағы ерте диагностикасы 30,7 пайыздан 32,7 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2026 жылға жоспарланған 32,5 пайыздық межеден де жоғары.

Материалдық-техникалық базаны жаңғыртумен қатар, өңірде скринингтік бағдарламаларды жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағыттағы кешенді шаралар онкологиялық ауруларды ерте анықтау үлесін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жақсартуға ықпал етпек.

– Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстың басты мақсаты – ауруды клиникалық белгілері пайда болмай тұрып анықтау. Себебі дәл осы кезеңде толық сауығу мүмкіндігі барынша жоғары болады.

Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күрестің нәтижесі тек медициналық ұйымдардың жабдықталуына ғана байланысты емес. Әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Профилактикалық тексерулер мен мемлекеттік скринингтерден уақытылы өту ауруды ерте анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді, – дейді Айнаш Жұбанышқызы.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

08.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26454
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25884
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43280
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39080
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43677