КСРО халық әртісі, қазақ опера өнерінің майталманы, профессор, күміс көмей әнші, есімі елге мәшһүр Роза Жаманова хақында.
Атақоныс – алтын мекен
6 сәуір айында дүние есігін ашқан. Әке-шешесінен ерте айырылған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына қарасты Шалқар ауылдық округіне қарасты Сарыөмір ауылының тұрғыны, кейіпкеріміздің туысы Жантемір Тасқалиев (суретте) былай дейді: – Ата-анамыздың айтуынша, Роза апай – біздің өлкеміздің тумасы, кіндік қаны тамған жері Әлжан көлінен қашық емес, оңтүстікке қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан «Жаман» деген ел екен. Бұл өлке Роза апайдың атасы Жаманның атымен аталып кеткен. Біздер он екі ата Байұлының Байбақтысынан тараймыз. Ақберлі атамыздың үш баласының кенжесі Жылқыайдар ағайын болып келеді, Роза апамыз да осы рудан шыққан. Сонау алмағайып заманда Розаның әкесі Үмбет атамыз ХХ ғасырдағы дүрбелеңге ілініп, айдалып кеткеннен кейін сол жақта мерт болған. Үлкен кісілер мұны тарқатып көп айтпайтын. Ата-анасы о дүниелік болған соң Роза апамызды Ақтөбедегі, ал Болат деген бауырын Атыраудағы балалар үйіне тәрбиелеуге берген. Біздің туған жеріміз – Дуана ауылы. Ұмытпасам, 1963 жылы маусым айында осы ауылға Роза апамыз келді. Қасында әнші Ғарифолла Құрманғалиев, сол кездегі аудандық атқару комитетінде жұмыс атқарған жерлесіміз Әсетолла Алдыоңғарұлы бар. Ол уақытта мен 6-7 жасар баламын. Ата-анамыз құтты меймандарды шаңырағымызда қонақ қылды. Ол кісі елге келген сапарында ата-бабаларының жерін көру үшін «Жаман» деген қыстаққа барған. «Атасының зиратын таба алмай кетті» деп әкем айтып отырушы еді. Қазір «Жаман» деген елде тек төмпешіктер қалды, – дейді Жантемір Ғибатоллаұлы.
Роза апай 2008 жылы берген қысқа ғана сұхбатта «Әкем Орал жақтың тумасы, ал анам Тайпақтың қызы. Ел жақта «Жаман» деген ауыл бар. Сондағы құдықты «Жаманның құдығы» дейді екен тұрғындар. Бір жылдары еліме барғанда ауыл халқы бір топ болып құшақ жая қарсы алды. Балалар үйінде өстім. Алматыға оқуға түсу үшін Оралдан 5 қыз келдік» деп өмір жолынан сыр шерткен.
Айтпақшы, осы жылдың мамыр айында Алматыдан «Роза апай туралы деректі фильм түсіреміз» деп оператор, тілшілер келіп кеткен екен. Апайдың атақонысын аралап, тұрғындардан сұхбат алған. Түсіру тобының мүшесі Айнұр Ералыға хабарласқанымызда, «фильмді монтаждап дайындап қойдық, күз айында жарыққа шығып қалуы мүмкін» деген хабарды тілге тиек қылды. Иә, өмірі өнермен өрнектелген Роза Үмбетқызы туралы мәліметтердің көп болуы біз үшін, келер ұрпақ үшін керек-ақ!
Оралдағы музыкалық мектепте тәлім алған
Роза Жаманова музыкаға деген сүйіспеншілікпен ең әуелі габойда ойнауды үйрене бастаған. Алайда, оның ынтызарлығы фортепиано аспабын игеруге жетеледі. Талдырмаш келген, қуыршақтай Роза оқудан бос уақытын музыка аспаптарында ойнауға арнады. Тәрбиешілер, мектеп мұғалімдері Розаның музыкаға деген жоғары қабілетін байқап, Орал музыкалық училищесіне қабылдануына жол ашты. Оның вокалдық дарындылығын сольфеджио сабағына қатысқан ұстаз А.Муравьева танып, Розаға бір ән айтуды ұсынды. Табиғатынан биязы қыз қанша қысылса да, даусы айтарлықтай анық, жақсы шықты. Әрі қарай Роза Н.Дмитриева-Лещенкодан вокалдық тәжірибенің бастапқы сабағын ала бастайды. Одан әрі ұстаздықты Б.Горский жалғастырды. Училищені үздік бітірген Роза Алматыға аттанып, консерваторияға қабылданады. Мұнда ол профессор А.Курганованың класынан вокалдық сабақтар ала бастайды.
«Ғажайып құбылыс»
Консерваториядағы оқу мерзімі аяқталған соң ол дирижер Исидор Зактың ақылымен Алматы опера және балет театрының дайындық тобына қабылданды. Бір жыл өтер-өтпестен оған Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс партиясын орындау тапсырылды. Әрине, бұл өнердегі оған артылған үлкен сенім еді. Театр басшылары, әртістері, тыңдармандар бірден-ақ Роза Үмбетқызының сахналық қабілетінің пісіп-жетілгендігін, дауыс диапазонының мол мүмкіншілігін байқады. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» бас партияны орындағанда оның дарынды әншілігіне жаппай танымалдылық келіп жетті. Сөйтіп опера және балет театры сахнасында опералардың барлық басты рөлдерін атқара бастады. Солардың ішінде Джако-мо Пуччинидің «Чио-чио-сан» операсындағы «Мадам Баттерфляй» партиясының орны ерекше. Жалпы әншінің опералық репертуарының тізімі 45-ке жуық. Олардың қатарына Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтің, Л.Хренниковтың, М.Глинканың, А.Жұбановтың, Л.Хамидің, Гуноның, Моцарттың, Шебалиннің, Қ.Қожамияров пен Н.Тілендиевтің, Г. Жұбанованың және тағы басқалардың опералары кірді. Роза Жаманованың шетелдерге гастрөлдік сапарлары да жемісті өтті. Шебер әншінің орындауындағы ән тілмашты қажет етпей-ақ музыка тілінің құпиялығымен халық жүрегіне жете алды. Ол Канада, Үндістан, Италия, Швеция т.б. да елдерде қазақ музыка өнерін, классикалық операларында партияларды аса шеберлікпен танытты. Бір сөзбен айтқанда, опера өнерін дамытудағы рөлі, сіңірген еңбегі орасан. Кезекті өнер сапарында мәскеуліктер әншінің дарынын «ғажайып құбылыс» деп бағалады. Сол сапардан кейін Роза Жамановаға «КСРО халық әртісі» деген атақ беріледі. Міне, осындай жоғары атақты әнші Күләштан кейінгі алған, оның ізін басқан, қазақтың мақтанышы – Роза Үмбетқызы. Әйгілі әнші өзінің өнердегі жолы туралы «Мен консерваторияда Ахмет ағаның студенті болдым. Ол лекция оқыған кезде аудиторияда шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнайтын. Ол кісі бізді 1958 жылы Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігіне алып барды. Ахаң мен Латиф Хамидидың жазған «Абай» операсындағы Ажар партиясын орындадым. Сол Ажар рөлі арқылы «Халық артисі» атағын алдым. Тек мен ғана емес, қазақта биік атақ-дәрежеге жетіп, үлкен құрметке бөленген әншілердің, музыканттардың бәрі де ең алдымен Ахаңа қарыздармыз. Біз Ахмет Жұбанов салған өнердің даңғыл жолына түстік, сол жол арқылы талантымыздың бағы ашылды» деген екен сұхбаттарында.
ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ – ҰСТАЗДЫҒЫ
Роза Жаманованың тағы да бір елеулі еңбегі – оның ұстаздығы. 1987 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында профессор, вокал бойынша дәріс берді. Музыкалық жоғары оқу орындарында вокалдық әншілер үшін оқу бағдарламаларын құрастыруға қатысты. Әншінің театрдағы шығармашылығын консерваторияда педагогикалық жұмыспен ұштастыруы үлкен нәтиже берді. Атақты әншіден тәлім алған 40-тан астам шәкірттері Қазақстан, Ресей, Грекия, Қытай, Моңғолияда табысты еңбек етуде. Жиырмадан астам шәкірттері халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары. Біраз студенттері театрда өзінің ізін жалғастырды. КСРО халық әртісі Роза Үмбетқызы «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. СССР және Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты болды. «Тарлан» сыйлығының иегері. Сонымен қатар Моңғол мемлекетінің, Эстон республикасының, Шешен-Ингуш автономиялық республикасының «Құрмет грамоталары» берілді. Қазақ опера өнерінің шебері Роза Жаманова 2013 жылы 27 желтоқсанда 86 жасқа қараған шағында елімен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанды. Соңындағы ұрпаққа, еркелеткен еліне өшпес із қалдырған Роза Үмбетқызы халықтың жадында мәңгі сақталары хақ!
Ой-түйін: Ғаламторға үңілсек, «Роза Жаманова Ақтөбе қаласында дүниеге келген» дейді. Солай-ақ болсын, себебі Розадай біртуар әнші жалпақ жұртшылыққа ортақ жан ғой! Десек те көпшілік Жаманованың «Жаман» деген жұрты бар екенін біле жүрсе деген ниет еді біздікі.