Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті.
«Аяла Дар» ЖШС өкілдері физика, химия, биология, лингафон кабинеттеріне арналған мультимедиялық, проекциялық жабдықтарды жеткізу жобасын таныстырды. Компания оқытушылар арасында осы жабдықты пайдалану бойынша оқыту жүргізеді. Сонымен қатар серіктестік «Электрондық кітапхана» жүйесін ұсынды.
Аймақ басшысы білім, мәдениет, цифрлық технологиялар басқармаларына жобаның маңыздылығы мен тиімділігін зерделеуді тапсырды.
– Бұл салада маңызды шешімдер қабылдау барысында білім сапасын арттыру – басты міндетіміз екенін естен шығармауымыз керек. Мектептегі құрал-жабдықтар бос тұрмауы тиіс, оны барынша пайдалану қажет. Барлық ұйымдастыру мәселелері алдын ала жан-жақты зерделенуі қажет, – деді облыс әкімі.
«Сантехцентр» компаниясы заманауи құрылыс технологияларын қолдана отырып, коммерциялық және әлеуметтік нысандарды жобалау және салу қызметтерін ұсынды.
Облыс әкімі серіктестік ұсынған жобаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес зерделеуді тапсырды.
Айта кетейік, жалпы бүгінге дейін инвестициялық штабтың отырыстарында жалпы құны 1,6 трлн теңгеден асатын 60-тан астам инвестициялық жоба қаралды. Бұл жобалар бойынша қазірдің өзінде 55 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.