Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай Жамбыл облысының мәслихатының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қатысып, мәслихаттың өңір өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімі барлық шақырылымдағы депутаттардың еңбегін жоғары бағалап, жауапты жергілікті өкілді орган халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін жемісті атқарып келе жатқанын жеткізді. Бұдан соң бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижелеріне қысқаша тоқталды.
Жыл соңына дейін жамбылдықтарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға, табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 91,3 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Облыста 16,5 шақырым жаңа жол салынды, 3 шақырым жол қайта жаңартылып, 1 көпірдің құрылысы жүруде. 500 шақырымға жуық жол орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 99 пайызға, көше жолдары желісі 87 пайызға жетті.
Өңірде 36 білім беру нысанының құрылысы қарқын алған. Жыл соңына дейін 15 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бүгінге дейін 10 нысан балалар игілігіне берілді. Сонымен бірге 2 жайлы мектеп ашылып, 10 нысан күрделі жөндеуден өтті.
10 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылды (жоспар - 26 нысан). 33 санитариялық автокөлік сатып алынды.
69 спорт алаңы (жоспар - 74) ашылып, 4 дене-шынықтыру сауықтыру кешені іске қосылды.
16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілсе, оның үшеуі халық игілігіне тапсырылды.
577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 26 үйдің ауласына ойын алаңдары салынды.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бағлан Жүнісбеков мерейтойға орай ізгі тілектерін білдірді.
Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай бірқатар мәслихат ардагері мен халық қалаулысына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ түрлі мерекелік марапаттар салтанатты түрде табысталды.
Мерекелік кеш К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағарламасымен қорытындыланды.