Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасына енген елді мекендердегі мүйізді ірі қара малдарын қолдан ұрықтандыру мәселесі талқыланған жиын өтті.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мүйізді ірі қара малын асылдандыру ісінің маңыздылығына тоқталды.
Ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және «Асылдандыру-Тараз» ЖШС өкілдері, сондай-ақ Тараз қаласының және аудандардағы ветеринариялық станциясының өкілдері қатысқан шарада сала ғалымдары да өзекті әрі орамды ойларымен бөлісті.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде 560 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар екенін айта келе, аймақтағы 24 ауылдық округте мал басын асылдандыру бағытына тікелей облыс әкімінің қолдауымен 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отырғанын жеткізді.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдағы уақытта мал асылдандыру бойынша конкурстық жұмыстар ертерек жүргізілетінін жеткізді.
Шара соңында аграрлық сала мамандары ұрықтандыру ісімен тәжірибе жүзінде танысты.