Байзақ ауданы Түймекент ауылында Социалистік Еңбек Ері, ҰОС және Еңбек ардагері Александр Нахмановичтің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді.
Тағылымды іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, мерейтой иесінің қызы Галина Нахманович, сонымен бірге зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауданның белсенді жастары мен тұрғындары қатысты.
Қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне тағзым етіп, Халық Қаһарманы Ғ. Байтасовтың бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ Александр Львовичтің есімін ұлықтап, еселі еңбегін өскелең ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.
Бұдан соң қонақтар ақшаңқай киіз үйлердегі көрмені тамашалады. Онда ұлттық тағамдар мен бұйымдар, тарихи жәдігерлер таныстырылды.
Александр Нахмановичтің 100 жылдығына арналған мерейтой конференциямен жалғасты.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілікке Мемлекет және Үкімет басшысының құттықтау хаттарын оқып берді.
Облыс әкімі Александр Нахмановичті жамбылдықтар мақтан тұтатынын айтып, оның еткен еңбегі мен төккен терін жоғары бағалады.
- Халқымызда «Елдің атын ер шығарады» деген ұлағатты сөз бар.
Александр Львович өңірдің, оның ішінде Байзақ ауданының дамуына, өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты. Ол адал қызметімен абыройға бөленді. Қарапайым еңбек адамдарына көңіл бөліп, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру арқылы асыраушы саланың білікті маманы ретінде танылды.
Cоғыс ардагері, жоғары білімді агроном бір жыл ішінде «Трудовой пахарь» колхозын үздіктер қатарына қосып, нәтижелі табысқа жеткізе білді. Ел игілігі үшін мәдени нысандар мен білім ошақтарының бой көтеруіне зор үлес қосты.
Александр Нахмановичтің өнегелі өмірімен игіліктің бастауы - адал еңбекте екенін дәлелдеген тұлға. Оның қоғам өмірінде атқарған істері, туған жеріне деген жанашырлығы көпке үлгі, ұрпаққа өнеге, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ Александр Нахмановичтің қызы Галина Александровна ауқымды шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған азаматтарға алғыс білдіріп, ардақты әкесінің халқымен бірге мәңгі жасай беретінін айтты.
Конференция барысында тұлғаның көзін көрген мемлекеттік қызмет ардагерлері Анатолий Шупта мен Амангелді Кәрентаев, еңбек ардагері Хамидулла Байназаров, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әлиев, қоғам қайраткері Х. Бектұрғановтың ұлы Тастемір Хасанұлы сөз сөйледі.
Айта кетейік, Социалистік Еңбек Ері, ҰОС және Еңбек ардагері Александр Нахмановичтің 100 жылдық мерейтойы аясында мектеп оқушыларына оның өмірі мен еңбек жолы кеңінен насихатталды, сондай-ақ ардагерлер арасында волейболдан облыстық турнир өтті.